Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Қаңтар, 2011

ЕҚЫҰ тарихындағы Батыс пен Шығыстың арасындағы диалогтың жаңаша дамуы С.Ш. Мұсатаев - саяси ғылымдарының докторы

Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа субъектілер – түрлі халықаралық ұйымдар, көпжақты дипломатиялық форумдар, трансұлттық корпорациялар, ірі қалалар, трансшекаралық аймақтар мен өзендер мәселесі жаңа қырынан танылып, күннен күнге әлемдік саясаттағы белсенділігін арттыруда. Осылардың ішіндегі халықаралық ұйымдарға тоқталатын болсақ, өзінің қатысушыларының ауқымына қарай олар әмбебап, яғни барлық мемлекеттер үшін ашық және аймақтық – жер шарының белгілі бір өңірінің мемлекеттері қатысатын болып жітеледі. Сонымен қатар мұндай ұйымдар өкілеттілігі жағынан жалпы және арнайы болып бөлінеді. Біздің мақаламымызға арқау болып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (бұдан әрі – ЕҚЫҰ) басында аймақтық әрі арнайы халықаралық ұйым болып құрылғанымен, уақыт өте келе өзінің ғаламдық ауқымдағы белсенділігінің арқасында ашық әрі жалпы сипаттағы халықаралық ұйымға айналып бара жатқаны байқалады. Оған ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия аймақтарын өзінің қызмет ауқымымен кеңінен қамтуы, яғни миссияларының желісі жүйелі қызмет атқаруы, тіптен Қазақстан Республикасы сияқты азиялық әрі мұсылмандық болып есептелетін жас мемлекеттің аталған ұйымға биыл төрағалық етуі айғақ бола алады.Әрине, мұндай биік сенімге біз тек тәуелсіздігіміздің, дербес мемлекеттігіміздің арқасында ғана жетіп отырғанымыз һақ. Сөз жоқ, қандай мемлекет үшін де ерекше мәртебе, айрықша абырой. Сонымен бірге аса зор жауапкершілік. Жауапкершілік салмағы кейбір өңірлердегі қайшылықтар мен қақтығыстардың, әлемдік экономикалық дағдарыс пен көрші елдегі төңкеріс салдарынан ауыр болары да белгілі. Төрағалық мерзімі бір жыл. Осы бір жылда не істедік? Осы уақытқа дейінгі халықаралық мәртебелі ұйымның бұрынғы ағысымен кете бардық па, жоқ әлде оның жұмысын жандандыруға, ықпалдылығын күшейтуге ықпал еттік пе? Ол ең алдымен төраға болған мемлекеттің санасы мен сапасына, ниеті мен қабілетіне, беделі мен әлеуетіне, келіссөздер жүргізетін мәмілегерлерінің білімі мен біліктілігіне, елдің қуатына, саяси ахуалына байланысты болары да белгілі. Ең бастысы - төрағалық етуші елдің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымына көп мәселе байланысты. Бұл аталған ерекше сапалар Қазақстан үшін таңсық емес. Соған қарамастан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы бүкіл Еуропа елдері үшін ғана емес, әлем үшін де үлкен жаңалық, тіптен айрықша оқиға болды. Осылайша, қалыптасқан өзімшіл стереотип тұңғыш рет бұзылды. Бұл – Батыс пен Шығыс арасындағы диалогтың, етене тығыз үнқатысудың жарқын көрінісі. Кезінде АҚШ бастаған капиталистік мемлекеттер мен КСРО ұйытқы болған социалистік елдердің теке тіресіне айналған “қырғи-қабақ соғыс” кезеңі аяқталғанда Ф. Факуяма деген шетел ғалымы либерализм идеологиясы жеңіске жетті, басқа идеологиялар өзінің дәрменсіздігін дәлелдеді, бұл тарихтың соңы деп сәуегейлік айтса , С. Хантингтон жаңа дәуірде саяси идеологиялық теке-тірестің орнына өркениеттердің қақтығысы, яғни Батыс пен Шығыстың арасындағы, дін мен діннің, мәдениеттердің арасындағы мүдделік қайшылықтар тереңдейтін болады деген болатын . Адамзат бақытына орай, бүгінгі күні ол айтқандай өркениеттер қақтығысы емес, өркениеттердің үнқатысуы, бір-бірімен тіл табысуы тереңдеп келе жатқаны қуантады. Батыс пен Шығыс өркениеттерінің қақ ортасында, Европа мен Азия құрлығының жалғасқан жерінде, түрлі діндер мен мәдениеттердің түйіскен нүктесінде орналасқан Қазақстан Республикасы осындай жалпы адамзаттық маңызы бар береке-бірліктің ұлы ісін дамытуда ерен үлес қосып отыр. Тәуелсіздігімізді ала салысымен Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз бейбіт әлем құруға әлем жұртшылығын шақырып, Қазақстан КСРО-дан мұраға қалған ядролық қаруынан тарихта бірінші болып өз еркімен бас тартты. Еліміз Батыс пен Шығысты байланыстырушы геосасяси жағдайын ескере отырып, көпвекторлы сыртқы саясатты таңдады. Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатын ұстануы еліміздің бейбіт диалогқа ашық екенін көрсетеді. Биыл жаңадан әзірленген “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында” бұл туралы: “Қазақстанның саясаты Шығыс пен Батыстың, Солтүс¬тік пен Оңтүстіктің, ислам және христиан әлемдерімен көпір ретіндегі өз рөлін нығайтуға бағытталған өркениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайту бойынша күш-жігерін жалғастыратын болады. Төзімділіктің қазақстандық үлгісі халықаралық аренада кеңінен танылатын болады және басқа да елдердің практикасында қолда¬нылатын болады” – деп тұжырымдалған . Қазақстан өркениеттерді табыстыруға барынша күш салып келеді: ғаламдық қауіпсіздік пен аймақтық ықпалдасуға, ынтымақтастық пен өзара сенім шараларына бағытталған түрлі ұйымдардың құрылуына бастама жасап, ондаған іс-шаралардың өтуіне мұрындық болды. Олардың қатарында еліміздің биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына басшылық жасауы, НАТО-ның “Бейбітшілік үшін серіктестік” бағдарламасына, Старатегиялық шабуылдау қарулануы туралы келісім ұйымына (СНВ), Ядролық қаруларды таратпау туралы келісімге (ДНЯО), Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы сенім мен ынтымақтастық шаралары жөніндегі кеңеске, ТМД, ҰҚКҰ (ОДКБ), Кедендік Одақ, Дүниежүзілік Банкпен және басқа да көптеген халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық қарым-қатынастарды ойдағыдай дамытуда. Басқасын айтпағанның өзінде Астанада үш мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қандай маңызды! Оның саяси маңызы адамдар арасындағы толеранттықты, өзара көмек пен түсіністік, обал-сауап сияқты құндылықтарды дамытып, нәсілшілдік пен ұлтшылдық, діни дүрдараздық сияқты кесапаттарға жол бермей, бүкіл әлемдегі бейбіт өмір сүрудің негізіне айналды. Ежелден бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан саудалық керуен жолы мен мәдени-рухани аралас-құраластық арқылы Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Еліміз қазір де көптеген ұлттар мен діни сенім өкілдері үшін атажұрт болып табылады. Қазақстанның сыртқы саяси векторлары елдің тұрақты дамуына нақты бағыттала отырып, сонымен бір мезгілде осы мәселе ауқымында өзімен көршілес Орталық Азиялық елдердің, ТМД мемлекеттерінің, Еуро Одақтың және жалпы әлемдік қауымдастықтың мүдделерін органикалық тұрғыда қамтитыны белгілі. Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы, аталған іс-шараны 2003 жылдан бері үш жылда бір рет, қатарынан үш мәрте ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізуі, дүниежүзінің ондаған діни ағымдарының көшбасшылары мен саяси қайраткерлер бас қосқан форумға Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуінің негізінде өркениеттердің өзара тиімді мүдделердің тоқайласуы жатыр. Қазақстан халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, биыл ЕҚЫҰ төрағалық етуде. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалыққа ТМД елдерінен ұжымдық ұсынылуы Ұйымның Орталық Азия мен ТМД-да беделінің артуына ықпал етті. Мұны ЕҚЫҰ тарихындағы Батыс пен Шығыстың арасындағы диалогтың жаңаша дамуы десек артық айтқандық емес. Қазақстанның төрағалығына орай ЕҚЫҰ "еуразиялық кескін-келбетке" ие болып, осының нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттерімен диалог тереңдейді. Осылайша Еуразия кеңістігінде ортақ құндылықтарды дамыту міндеті теориялық және идеологиялық талас-тартыстар деңгейінен тәжірибелік іске асуға қарай ойысады. Қысқасы, ЕҚЫҰ төрағалық ету Қазақстанға көрсетілген құрмет пен сеніммен қатар Еуро Одақтың Шығыспен диалогты нығайтуға бағытталған күш-жігері байқалады. Шығыс пен Батыс арасындағы диалогтың екі жақты тиімділігі зор. Мысалы, энергетикалық ресурстардың ірі тұтынушысы ретінде Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы мүдделілігі үлкен. Болашақта энергоресурстарды тұтынудың болжамдық өсімін ескере отырып, Еуро Одақ энергия көздерін өндіруге, мұнай-газ құбырлары желілерін құруға байланысты инвестициялық жобаларға қатысуға ерекше көңіл бөлуде. Шығыс пен Батыс арасындағы техникалық ынтымақтастық сондай-ақ басқа да бірқатар бағдарламалардың шеңберінде жүзеге асуда, мәселен, ИНТАС (ТМД елдерінің ғалымдарын қолдау жөніндегі халықаралық қауымдастық), КОПЕРНИКУС, ТЕМПУС, Европартенариат және т.б. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсыруымен әзірленген “Еуропаға жол” арнайы бағдарламасы бұл ынтымақтастықты жаңа қырынан дамытуға өз ықпалын тигізуде. Ал ТАСИС бағдарламасын 1991 жылы Еуро Одақ Министрлер кеңесі бекітті және бағдарлама мемлекеттік, сондай-ақ жекеше мекемелермен байланыстар орнату арқылы тәжірибе әрі арнайы білімдер алмасуға көмек көрсету үшін жәрдем ақша беріп, қолдауға бағытталған. Бағдарлама консультативтік қызмет көрсетуді, кейбір жобаларды қаржыландыруды көздейді. Бағдарлама бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады, олар еуропалық тараптың пікірі бойынша қайта құру процесін жеделдету: жекеше секторды дамыту, әлеуметтік қызмет пен білім жүйелерін реформалау және басқалары үшін айрықша маңызды. ТАСИС бағдарламасы, мәселен, Қазақстан кәсіпкерлері конгресіне қолдау көрсетті, шағын және орта кәсіпорындарды, банк секторын дамыту жөніндегі бағдарламаларды жасауды жүзеге асырды. ТАСИС Экономика министрлігінің шеңберінде болжамдау мен жоспарлаудың макроэкономикалық үлгісін әзірледі және соңғы макроэкономикалық амалдар бойынша министрлік қызметкерлерін даярлаудың бағдарламасын өткізді. ТАСИС бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау, жекешелендіру және құрылымдық қайта құру, адам ресурстарына инвестициялар салу жобаларын жүзеге асыруға үлкен қайтарымсыз көмек көрсетілді, мүның өзі біздің елімізге көрсетілген барлық батыстық техникалық көмектің жартысынан астамын құрайды. 1992 жылдан бастап ТАСИС біздің елімізге 120 млн. евро астам сомада қолдау көрсетті. Ұлттық бағдарламамен қатар ТАСИС шеңберіндегі ынтымақтастық бірқатар аймақтық бағдарламалар бойынша да жүзеге асырылды, олар экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге, сауда-саттықты дамытуға, көліктік және энергетикалық желілерді кеңейтуге бағытталған. Олардың бірі Орталық Азия және Закавказье елдерінің сауда-саттық және коммуникациялық мүмкіндіктерін дамытуға қызмет ететін ТРАСЕКА (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) жобасы. Осы жобамен талшықтық-оптикалық кабель төсеу жоспары да байланысты, аталған жоспар Еуропа-Азия желісінде байланысты қамтамасыз етеді. ТРАСЕКА біздің еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыру жөнінде қолға алынып жатқан күш-жігер тұрғысында, сөз жоқ, Қазақстанның мүдделілігін туғызады. Бұған Қазақстан тарапынан “Еуропаға жол” бағдарламасының жүзеге асырылуы, Елбасымыз ұсынған “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” транзиттік көлік дәлізінің салына бастауы дәлел. 1995 жылы басталған мұнай мен газды тасымалдаудың ИНОГЕЙТ мемлекетаралық бағдарламасы Энергетика саласында инфрақұрылымды қалыптастыруға көмек көрсетуге бағытталған. Бағдарлама энергоресурстарды Каспий және Қара теңіз арқылы Еуропаға тиімді түрде шығаруды қамтамасыз етеді. Бүл бағдарламаны іске асыру - аймақ елдерінің тәуелсіздігін нығайтуға және энергоресурстарды тасымалдауға арналған экспорттық жолдарды дамытуға мүмкіндік береді. Көп жақты ынтымақтастық негізінде энергия көздерін тасымалдау проблемасын Қазақстанның шешуінің маңыздылығын ескертетін болсақ, бұл жобаның тиімділігі еселеп өсе түседі. Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету және оның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мәселелерінде халықаралық қаржылық ұйымдармен ынтымақтастық Еуро Одақтың маңызды міндеті болып табылады. Осы бағытта Еуропалық Одақ Еуропалық қайта құру және даму банкісімен анағұрлым белсенді түрде жүмыс істеуде. Еуропалық Одақпен ынтымақтастық БҰҰ-ны, ЕҚЫҰ-ны, Энергетикалық хартия жөніндегі конференцияны қоса алғанда, халықаралық форумдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды да қамтиды. Сондай-ақ, Еуропалық тарап Арал теңізі мен Семей полигоны аймақтарының проблемаларын шешу үшін ТАСИС желісі бойынша бөлінетін техникалық көмек көлемін ұлғайту туралы Қазақстанның ұсынысымен келісті. Есірткі тасымалдаудың ғаламдық ауқымдағы проблемасы - есірткілердің заңсыз айналымына бақылау жасау жөнінде Еуро Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылдың жоспары қолданысқа енгізілілді. Сол сияқты Еуропалық тарап демократия, адам құқығы және нарықтық эконо¬мика принциптерінің негізінде азиялық мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын сезінеді. Бірлескен жер серігін жасау және ұшыру, Байқоңыр ғарыш айлағынан басқа да жер серіктерін ұшыруды қамтамасыз ету мақсатында Еуропалық ғарыштық агенттіктің кәсіпорыңдарымен байланысты дамыту - Еуроодақпен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаға бағыты. Қазақстан белсенді қатысушысы болып табылатын Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) және Еуро Одақ мақсаттарының ортақтығы - тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, еңбектің және капиталдың ортақ рыногын құру мақсаты - көп жақты үлгіде өзара тиімді экономикалық өзара іс-қимылды дамыту үшін берік негіз қалайды. Қазақстан үшін Еуропалық Одақтың ізашары болған Еуропалық көмір мен болат бірлестігінің, Еуроатомның және басқа да еуропалық экономикалық қоғамдастықтардың үлгісі бойынша Орталық Азияда салалық бірлестіктерді қалыптастыру басшылыққа алатын тәжірибе. Бұл орайда Қазақстанның бастамасы бойынша қабылданған СПЕКА бағдарламасы Еуразиялық әріптестікті нығайтудың маңызды элементі болып табылатындығын ескеру қажет. Қазіргі кезде ЕҚЫҰ-да мұсылмандарға қатысты төзбеушілік және кемсітушілікпен күрес мөселелері жөніндегі жеке өкіл мандатымен қатар, христиандарға және өзге де дінді ұстанушыларға қатысты төзбеушілік пен кемсітушілікті қоса алғанда, нәсілшілдікпен, ксенофобиямен күрес жөніндегі жөне антисемитизммен күрес мәселелері жөніндегі жеке өкілдің мандаты жұмыс істейді. Осы қызмет мүше елдердің ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітушілік көрсетпеу жөніндегі шешімдерін орындау бойынша күш-жігерін барынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған. Ал маңдатқа сәйкес, ЕҚЫҰ-ның мұсылмандарға қатысты төзбеушілік және кемсітушілікпен күрес меселелері жөніндегі жеке өкілінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: - мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесі мен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің тиісті шешімдерін тиімді орындауға бағытталған күш-жігерін барынша үйлестіруді, сондай-ақ төрағалықпен ЕҚЫҰ шеңберінде мұсылмандарға қатысты төзбеушілік және кемсітушілікпен күрес мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылды дамыту; - өзінің міндеттемелерін толыққанды орындау мақсатында қазіргі төрағаның өзге де жеке өкілдерімен өзара іс-қимыл таныту; - өзара күш-жігерді нығайту үшін ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқы жөніндегі бюросымен ықпалдасу; - ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілін, Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарды, ЕҚЫҰ хатшылығын, сонымен қатар, тиісті халықаралық ұйымдар мен Үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, ұйымның бас¬қа да институттарымен өзара іс-қимыл таныту; - өзінің қызметін жоспарлау бойынша аддын ала консультациялар өткізіп, ЕҚЫҰ-ның төрағасы мен Тұрақты кеңесі алдында ұдайы есеп беріп тұру . Елбасымыз атап өткендей, Еуропалық Одақ және АСЕАН сияқты беделді аймақтық бірлестіктердің диалогы негізіндегі "Еуропа-Азия" саммитінің жұмысына біздің еліміздің қатысу мүмкіндігі көкейкесті екені рас. Сол сияқты биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ саммиті өтеді. Бұл іс-шара төрағалық етуші елдің атынан жасалған Елбасымыздың бастамасымен өтпекші. 1999 жылғы 18-19 қарашада Стамбулда өткен ЕҚЫҰ саммитіңде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзі ЕҚЫҰ қызметінің еуразиялық векторын дамытуға елеулі үлес қосқан еді. Ол демократия процесін дамытудағы Қазақстанның жетістіктерін, Орталық Азия елдері мен ЕҚЫҰ арасындағы диалогты жалғастырудың, аймақтық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын, соңғы уақытта аймақта пайда болған жаңа құбылыстардың қауіптілігін атап көрсетті және ЕҚЫҰ рөлі күшейтілуі тиіс басымдық берілетін салаларды белгіледі. Осы мәлімдеменің нәтижесінде Орталық Азия аймағы рөлінің маңыздылығын тану Саммиттің ресми құжаттарында - Еуропа қауіпсіздігінің хартиясында және Жоғары деңгейдегі Стамбул кездесуінің декларациясында белгіленді. Одан бері көптеген толғақты мәселелер туындады, шешімін табуын тосып жатқаны қаншама. Міне, осылардың барлығы Астана саммитінің күн тәртібне қойылмақшы. Қорыта айтқанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен “Еуропаға жол” бағдарламасының орындалуы Қазақстан Республикасына әлемге шындап танылудың мол мүмкіндігін берді. Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ басшылығында болуымен қатар жүзеге асып, мемлекетіміз қолға алған реформаларды тездете түседі, біздің қоғамымызды қазіргіден де ашық ете түседі. Басшылықта жүретін үш жыл, әсіресе, төрағалық ететін бір жыл отандық дипломатияны бұрын-соңды болып көрмеген сынаққа салады, сол тұста біз отқа да түсіп, суға да түсіп, пісіп-шираймыз, қақтығыстар жағдайында да жұмыс істеудің мықты мектебінен өтеміз. Жалпы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын әлемдік қауымдастық жоғары бағалауда. Еуразия төсінде орын тепкен Астана адамзат өркениетінің де кіндігіне айналды деген асқақ пікірлерге куә болып, көңіліміз марқайып жатқаны да мақтанарлық шындық. Төраға ретінде Қазақстанның бір жыл бойы атқарған істері алда өткелі отырған ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде қортындыланып, өзінің тиісті бағасын алары сөзсіз. Ал “Еуропаға жол” бағдарламасы мен Қазақстанның төрағалығы ЕҚЫҰ-ға не береді? Алдымен ұлтаралық, дінаралық, тіларалық келісімнің үздік үлгісін береді. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі үш мәрте Қазақстанда ғана өтті. Ұлтаралық қақтығыстарға жол берілмей келе жатқан санаулы елдің бірі. Осы тәжірибенің бәрі әлемдік кауымдастық үшін пайдалы. Қазақстанның төрағалығы Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да игі ықпал жасайтыны анық. Ең бастысы - ЕҚЫҰ-ға төрағалық Елбасымыздың Қазақстан халқының алдына қойған асқақ мақсатына - әлeмдегi бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу идеясын жүзеге асыруға игі ықпалын тигізері ақиқат. ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізу арқылы қазақстандық дипломатия өзінің икемді ұстанымы мен үйлесімділігін дәлелдеді, бұл батыстық елдермен тұрақты және конструктивті әріптестік қарым-қатынас қалыптастырған ресми Астананың теңдестірілген сыртқы саясатының арқасы. Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың жаңаша тануы елдегі экономикалық табыстардың, қоғамдағы тұрақтылықтың, жалпыұлттық келісімнің жемісі. Ал жалпы адамзаттық ауқымда, яғни, ғаламдық деңгейде қарасақ Еуропа мен Азияның арасындағы ынтымақтастықтың, Батыс пен Шығыстың арасындағы бейбіт өркениеттік диалогтың жарқын көрінісі.

3334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз