Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Тамыз, 2018

Ұлттың ұлы мұрасы

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында «Халық қазынасы» ҒЗИ-дің ұйымдастыруымен «Ұлттың ұлы мұрасын қадірлейік» атты іс-шара өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің Баспасөз бөлімі хабарлайды. 

Шараның мақсаты – бүгінде ұмыт болып, көптің көңілінен шыққан ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Ұрпақтан ұрпаққа аманат болған халық қазыналарының үлгісін көпке көрсету үшін аталған шараға Түркістан облысы Сарыағаш қаласының «Домалақ АНА» әжелер тобы арнайы келіп қатысты.

Аталған шараның модераторы ҚР Ұлттық музейі Ақпараттық имидждік жұмыстар қызметінің жетекшісі Дәулеткерей Атауұлы: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңғыру атаулының тарихтан өзін-өзі ақтап алып өткен дәстүрге шекесінен қарамай, соған арқа сүйеу керектігін, әйтпесе ол жаңғырудың адасуға әкеп соғатыны туралы атап айтқаны бар. Елбасымыздың сол пікірін қоғам болып қолдап, соның нәтижесінде бүгін міне киелі Сарыағаш өңірінен арнайы келген әжелеріміз Ұлттық музейде бас қосып отыр. Бұл кісілер ұлттың тәрбиесі үшін ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып, кешегі көнеріп, ұмытылуға айналған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуды көздейді. Өз немерелерін тәрбиелеуді місе тұтпай, қуатының барында халыққа қызмет етуді жөн көріп, алыстан ат терлетіп келген аналарымызға алғысымызды білдіреміз», - деп өз пікірін білдірді.

Далада өмір сүрген халықтардың мәдени сабақтастығы, оның ғасырдан ғасырға ауысқан бүгінгі көрінісі, түрленген салт-дәстүрдің озық үлгісі мен өзегі сақталған әдет-ғұрпы, дәстүрлі өнер мен табиғат пен ғаламға қатысты ілімі, қолөнер түрлері болмақ. Қазіргі таңда ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, қолданыстан шыққан шебер қолдардың бұйымдары мен бұрын соңды естілмеген халық әндері, сонымен қатар ырым-тиымдарды жаңғырту бүгінгі қоғамның басты міндеті.

Сарыағаш аудандық тарихи –өлкетану музейінің меңгерушісі Гүлжан Шегебаева: «Музейдің негізгі қызметі жәдігерлерді сақтаудан тұратын. Көнекөз қариялардан қалған түрлі дүниелерді барынша сақтап, көрсетіп, келешек ұрпаққа аманат етуді мақсат тұтатынбыз. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, жәдігерлерді сақтау ғана емес, апа, әжелеріміздің шеберлігін, тігу, кестелеу, ши тоқу әдістері мен өздері айтып жүретін дәстүрлі әндерді де қазіргі өскелең ұрпаққа кеңінен

танытуды жөн көрдік. Балаларымызға үйретіп, үлгі еткіміз келді. Осындай тәсілмен ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртуды қолға алған болатынбыз», -деді.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламасын негізге ала отырып, рухани мұраларымызды зерттеу, сақтау мен жаңғырту бойынша көрме, шеберлік сабақтар, «Ұмыт қалған әндер» концерттік бағдарламасы мен «Дәстүріңді сақтай біл» сахналық қойылым ұйымдастырылды.

5500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз