Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Желтоқсан, 2018

Амангелді Сейітхан, спорт комментаторы: Футболды қазақша жүргізуге қарсылар болған...

Амангелді Сейітхан. 2000-жылдары «Хабар» арнасы бастап, әлем чемпионаттары мен дүбірлі додаларды тікелей эфирде тарата бастағанда қазақ көрермені осы есіммен етене танысқан еді. Оның «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деп аяқталатын репортаждары байрақты бәсекелерді қалт жібермейтін көрерменнің есінде. Бүгінде көк жәшіктен көп көрінбей кеткен әріптесімізді арнайы іздеп, сұхбаттасқан едік. 

– Кейінгі жылдары көрермен Сізден көз жазып қалды. Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз? – Өкінетін Мәжнүн деп едің не мені? Сәтсіздікке кез келген Ештеңе де керек емес, себебі Ештеңе жоқ өзгерген Сөйлейді аспан қара жаңбыр тілімен Сол Алматы, сол өзен Ағыл-тегіл жылайды рас түнімен Жылайды рас терезем… Әсел, білуің керек, білесің ғой, бұл Табылдың әні. Біз университетке келгенде Табыл жүр екен. Туындыларының туы желбіреп тұрған кез еді ғой. Алғашқы сұрағыңа екі ауыз сөзбен жауап бере салуға болар еді. Бірақ бүгін өзгеше қорғаныс түрін таңдадым. Шахмат тіліне салсақ, мысалы Михаил Таль жиі қолданатын «Бенони қорғанысын» таңдадым. Енді сақ бол, жүрісім кез келген сәтте өзгеріп сала беруі мүмкін. Айтпақшы әуелі бөлмелі дос, кейін сырлас ағам әрі ұстазыма айналған Мұхтар Анарбек «Ақ желкенде» жұмыс істеп жүрді. Бір бөлмеде тұрған соң, бізге де тапсырма береді. Бірде қос «К» арасындағы тайталас, яғни Анатолий Карпов пен Гарри Каспаров арасындағы кездесулер жайында мақала жаздық. Журналдың бас редакторы ­Фариза апайға қатты ұнапты. Тіпті жұмысқа алғысы келіпті. Еске түсіп жатыр ғой. «Бенони қорғанысы» өте күрделі тактикалық таңдау, сондықтан сценарийден ауытқу жиі болатыны ескертейік. – Әңгімені Табылдан бастадыңыз... – Ұмытқан жоқпыз. Иә, көрермен іздейді. Тірі адам болған соң оны сезінесің, жанармай құю бекеттерінде, базарда. Тіпті айтулы басқосуларда... Сұрайды. Жауап жоқ. Жауап болмайтыны – неге біздің қызметтен бас тартқанын білмейміз. Мүмкін, білеміз. – «Бенони қорғанысы» тым қарапайым емес дедіңіз ғой... – Бірде Қасым Қайсенов іздепті. Жұ­мысқа келсек, Бейбіт Құсанбеков ша­қырады. Барсақ, телефон тұтқасын ұс­тата салды. Арғы жақтан қарлыққан, бірақ сардар дауысы шығады. Әуелі түсін­бе­дік. Сосын ұқтық, қаһарман парти­занның дәл өзі. Айтып жатыр, тыңдап отырмыз. Түсіндірді. Түсіндік. Түсін­генде, мына комментаторлыққа дұрыс келіп­піз, өзімізше соқа салыппыз. Жыртып жатқан жеріміз жұртқа пайдалы екен. Сосын Тұрсынбек ұстаз Кәкішевтің сөзін естідік. Қолдың бұлшық етін ұстап көріп, «әй, шыныға бер, сен дұрыс шаруа жасап жүрсің, мына Күләш екеуміз тыңдаймыз. Бағытың дұрыс» деді. Екеуі де елеулі тұлға, шындықтың шынары секілденгендер. Сендік. Шыңдала түстік. Содан шытынады. Бізге деген көзқарас. Кімнің тарапынан? Түсініксіз... Табылды еске алғанымыз сол, Мәжнүн емеспіз. Терезенің буланатыны болмаса... – 1998 жылғы әлем чемпионатының Қазақстандағы трансляциясы әуелде тек орыс тілінде жоспарланған екен. Қазақ тілінің қосылуында біраз тарих бар сияқты. Таратып айтып бересіз бе? – Әуелде қай тілде жоспарланғанын тап басып айту қиын. Себебі жиынның соңына таман шақырды. «Хабардың» сол кездегі басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы өткізген. Біз есік түбіне таяғанда, сұрады. «Амангелді, футболды, қазақша жүргізуге бола ма?». «Әрине!». «Мына отырғандар қиын деп жатыр ғой». «Бізге оңай...». Сосын көпшілікке қарата сөйледі, «Менің түсі­нігімде әлем чемпионаты енді қазақ­ша сөйлеуі тиіс. Өзгеше шешім мүлде қанағаттандырмайды. Не жобаны сатып алып, қазақ тілінде жүргіземіз, немесе әлем чемпионатынан бас тартайық». Оларда не дәрмен бар, төрайым сөзі пәр­­менді болып, отандық арна тұңғыш рет дүниежүзілік доп додасын тікелей эфирден заңды тарату мүмкіндігін сатып алды. Және 1998 жылғы мундиалдан қазақ тілінде де репортаж тарады. Кейін естідік, жиында отырғандар, өзімізде тәжірибе жоқ екенін алға тартып, Ресейден маман шақыру қажеттілігін айтыпты. Дариға Нұрсұлтанқызы келіспеген, қайта қазақ тілінде тарату дұрыс деп тауып, бізді әлгі жиынға шақырған. Франция жеріндегі әлем біріншілігі әлі есте. Ол кезде интернет деген жоқ. Ақпарат ала алмайсың, матч бас­талар алдында командалардың жаттығуын көрсетеді, алаңға кімдер шығатынын сол кезде білеміз. Диас ағам да футболшы болған, ойыншыларды жете таниды. Ақылдасып отырып, негізгі құрамға кімдердің шығатынын болжайтынбыз. Арна басшысы сенім артқан соң, қазақ тілі жарысқа қосылғанын түсініп, шаруаға жауапкершілікпен қарадық. – Комментаторларға сын көп айтылады. Орындысы да, орынсызы да бар. 2000 жылдардың басында тіпті көп болды. Қазір сол сындарды қалай еске аласыз, өсірді ме, кері тартты ма? – «Сын – шын, шын сын болса» деді ме, Мұхтар аға. Сынды тыңдадық. Керегін алдық. Керексізін ұмыттық. Бірақ сын дейсіз бе, пікір дейсіз бе, тіпті сөз, өсек-аяң дейсіз бе, оның болғаны жақсы. Әжуа болса, жүдә тамаша. Тез әсер етеді. Ес жинағанға жақсы. Ес жинау демекші, сол іске бел шеше кіріскеніміз соншалықты, үйге кейде түн ортасында, кейде таң ата киім ауыстыру үшін ғана келетінбіз. Себебі бізді негізгі жұмыстан ешкім босатқан жоқ. Сол әлгі жалақы беретін жаңалықтарымызда жұмыс істей жүріп, мына комментаторлықты қоғамдық шаруа ретінде атқардық. Рас, Диас ағаның жөні бөлек. Омаров көкені жалдады, арна. Жастық жалын ба, табыс таба қойғым келді ме, күн сайын жиырма минуттық шолу бар, соны да мойынға алғанмын. Үмітжан апай радионың директоры. Ол кісі ұсыныс жасады, ақыры осында жүрсің, күнде таңертең радио шолу жасап тұрсаң қалай болады деп. Келіске кеттік. Бір ай тыным көрмедік. Сол кездегі шопырлар Керімбек бар, Бірлік аға бар, айтатыны ғой. «Қанды ішіп біттің, үйіңе апарамыз, шай ішкеніңді күтіп, қайта әкелеміз. Бір күні шықпайсың, аулаңа барсаң, кішкентай балалармен доп теуіп жүрсің» деп. Айттық қой, ай бойы үйге қонбадым. Ал енді, банкоматқа барсам, үйреншікті жалақы, қалғаны қоғамдық жұмыс екен... – Олимпиаданың, әлем чемпионат­та­рының, ірілі-ұсақты жарыстардың неше атасын көрдіңіз. Сіз көрген ең үлкен әділетсіздік қайсы? Қай спортшының бағы кенет жанып кеткенін көрдіңіз? – 1996 жылдың көктемінде егер біреу биыл Александр Парыгин олимпиада чемпионы атанады десе, оның есі дұ­рыс­тығына талайлар күмәнмен қарар еді. Бірақ Парыгин топ жарды. Немесе Елена Хрусталеваның Ванкувердегі күміс жүлдесі. Тіпті Теннің Сочидегі қола медалі да кісі ойына кіріп, шықпаған теңдессіз табыс. Бақтары жанып тұр ғой енді. Әділетсіздік? Қазақстан тәуелсіздік алғалы біздің қыз-жігіттердің жолын кесетін «қара мысық» жоқ болып кетті. Спорт саласындағы қайраткерлердің мықтылығы шығар. Көз алдымда керемет бір қараулық көрінген жоқ. Рас, баптары келмей жатты. Жарыс кезінде өздерін игере алмай, «жанып» кеткендер болды. Ал «осыны шалып түсті» деп айту қиын болар. Ал Рио олим­пиадасындағы Тищенконы қуалап жүріп сабаған Василий Левиттің жеңісін ұрла­ғандар әлемнің алдында масқара болды... – Айтыс ақыны мен спорт журналисі бір адамның бойына қалай сыйды? Спорт жур­налисінің таразысы қашан толық басып кетті? – Кейде ойланам... Өзім туралы, кешкен өмір, өскен орта дегендей. Сосын іздеймін... Нені? Өзім де аса аңғармаймын. Ауылым еске түседі. Ауылдың қарттары, менің бала кезімдегі. Апам Бибіжамал бірде поштаға барған ғой, пошташы қыз қолқалапты. «Апа, ала салыңызшы. Мынау пластинканы» деп. Ол не күйтабақ? Оқытса «Қабанбай батыр» жыры. «Аруағыңнан айналайын бабамның аты жазылған екен, тастап кету обал болады, әкел» деп дереу сатып алады. Үйге алып келді. Ойнатты. Тыңдадық. Бәріміз. Сосын көршілер естіді. Олар келіп тыңдады. Сәл жоғары тұратын Шайғапас деген момын кісі бар еді. Бірде далаға шығайын десем, сыртқы есіктен бері аттай сала, малдас құрыпты. Ішке кіруге батпаған. Сол жерде тыңдап отыр. Не деген тәтті сол кез! Жұрттың бәрі бауырмал. «Қабанбай ба­тырды» жаздырған Қыдырмолда Әділбеков екен. Кейін көрдім. Апаммен еріп, тойға барам. Төрге шығарады. Бірде әлгі Қыдырмолдамен қатар отырдық. Қы­дырмол­даның жатталып қалғаны «...Ұра­нын батырлардың айтып өттім, аруағы сол батырлар өзің қолда, тарихтан естідің бе-ау, атын оның, сөйлеген-ау Әділбеков Қыдырмолда» деп аяқталады әлгі дастан. Біз жаттап алғанбыз. Апам соны айтты. «Бабамыздың дастанын жаздырыпсыз, балам жаттап алды» деді. Ақын риза болды. Қолындағы қойдың басынан құлақ кесіп алып, ұсынды. Жетіге толмаған кезім. Тойдың бәрі тұнған фольк­лор. Діни қиссаларды таңға айтатындар бар. Айта­йын дегенім, әдебиет ерте сіңді. Ауыз әдебиеті. Негізі біздің буын мықты ғой. Оқып келгендер, түгел. Еске түседі. Осындайда. Тұстастарым туралы ойланам. Үш-төрт жас әрірек, екі-үш жас беріректерді. Байқаймын, «Романтика» магнитафонын ғана емес. Романтиканың өзінде өмір сүргендердің соңы біз секілдіміз. Досым Федор Курепиннің айтатыны бар, «романтика футболда өлді. Ендеше оның өмірде болуы мүмкін емес қой» деп. Екеуміз өмірмен футболды үнемі байланыстырамыз. Әйелім ұрсады, «футболды өміріңнен бөліп қарашы» деп. Ұрсатыны, өмірге футболдан үңілемін... Мысалы, «Астана» мен «Байқоңырды» алайықшы. Бірі бай, бірі кедей команда. Екеуінің де шаруасы доп тебу ғой. Тіпті қатар асыраса, бір-бірінен қалыспауы да мүмкін. Айтуға болады, Григорий Бабаяннан ­Ерлан Шойтымов әлдеқайды мықты болуы да ғажап емес. Ойыншы ретінде он орап алды. Бапкерлік сауаттылықта да озық тұр. Бірақ. Өмірдің өзі секілді. Асығы алшысынан түскендер алшаң басады. Әңгіме тіпті де Бабаян туралы емес. Әйелімнің ұрсатыны жайын­да еді ғой. Осыны оқыса, тағы ұрсады. ­«Бабаянда нең бар» деп. Мен оны түсіндіре алмаймын. Шынында да айдаладағы Григорийда нем бар екен? Алып отырған ақшасын қызғанам ба? Жоқ! Қоғамдағы орнын? Ойламаңыз! «Астанаға» кіріп алғанын? Бабаян болмаса, басқа біреу жүрер еді. Сонда не? Шойтымовтарға сенімнің аз болатыны. Ерландар кез келген істі еңсеріп тастайтын еді. Бірінші лигада доп тебеді, «Байқоңыр» ойынын көрдіңіз бе? Жоқ. Көрген жоқсыз. Сенімді түрде айта аламын. Тіпті Қызылорданың өзі көре бермейді. Егер бар ғой, біз футбол маманы болып, сол «Байқоңырды» зерттесек, талай кенді игеретін едік. Талант іздеудің және оны табудың тың әдісін меңгеруші едік. Не деген талантты балалар анау, оқу-жаттығу жиынын көп көрмеді, жолдастық кездесу қайдан болсын, сонда да маусымға дайын. Мықты дегендердің апшысын қуырады. Бірақ олар өгей. Футболға өгей. Өзінің балаларынша қарамайды. Өзінің балалары – сырттан келгендер. Оларға орын бар, футбол-өмірде. Өзімізге жоқ. Александр Москаленко деген бар. Нағыз бапкер! Орыстың бір сөз тіркесін, тікесінен аударайыншы, өзіме ерік беріп, қолда өскен. А, ия, ол қазақы қисын. Қолымызда өскен Москаленко ғой! Алайда қазақтың айтатыны бар, ауылдағының аузы сасық. Москаленко да тісін уағында тазалайды. Бірақ ауылда өскен деп есептеледі. ­Талантты бапкер. Оның таланты қай кезде танылады? Неге Боранбаев көкем анау Беларустан отыздағы жігітті елге әкелді? Немесе Андрей Ферапоновты алайық. Бауыржан Сәлімбаев екеуі Өтеген батыр ауылындағы «Іле-Сәуелтті» премьер лигаға шығарды ғой. Андрейді кім керек етсін? Өйткені ол – футбол. Футбол – Өмір! Мана айттым ба, тұстастарымды ойлаймын деп. Олардың арасында Әділ Ботпанов та бар. Баяғыда «Жұлдызды» оқимыз. Бала кезді айтам. Сондағы бір өлең, шамасы Ибрагим Исаев көкеміздікі болу керек, ұмытпасам. «Тағдыр біздің ошақпенен, шамасы, жақсылап бір спортлото ойнаған» деген сөздер бар. Анасының он үш құрсақ көтергенін, соның үшеуі ғана тірі жүргенін суреттейтін өлең. «Үшеуміз ғана ұтыс болып қалғанбыз» дейді. «Соның бәрі тұтас тірі болғанда, қандай жақсы болар еді, қоғамға, қандай жақсы болар еді маған да» деп мұң кешеді. Әділ жүргенде ше? Қазақ әдебиетіне өзінше рең берер еді. Бірақ... Тағдыр-талайы солай болды. Бесінші жатақхананың фойесінде қара гитарасын тартып, Табылды Досымов отыратын... Ол отырған соң белгілі ғой, қалың топ қоршап, ән тыңдайды. Қазір білмедім, біздің кезімізде журфак бүкіл өнер ­театрын бір өзіне жинады ғой. Қалжың қарша борайды, сәт сайын мини спектакльдер, комедиясы басым, трагедия­сы да бар. Ақындар келеді. Олармен кездесу. Сыншымен де, ғалыммен де. ­Тарих факультетінің жатақханасында әпкем Нұргүл тұратын. Бір күні барсам, аузы ашылып отыр. «Жаңа ғана бір жігіт келді. Түрінен адам ­шошиды. Сені іздеді. Көзі қып-қызыл ма, шашының дода-додасы шыққан, ұйқыдан тұрған ба? Сені сұрады. Жоқ дедім. Сосын үстелдің үстінен үш құрт алды. Мұны жеу керек деді. Ақысына өлең оқиын деді. Аса қаламап едім, бастап кетті. Масқара! Мықты, ей! Өзі жап-жас, өлеңі ересек. Көзін жұмып алып оқиды екен. Ұзақ оқыды. Өзінің көрмегені жоқ қой деймін, ә. Өлеңдері тұтас трагедия. Әпке, көңілді өлеңім жоқ, бары осы деді, шығып кете берді». Езу тарттық. Сол ­Маралтай бір күні топ ақындардың ортасында отырып, бізге бұрылды. «Мынау – нағыз ақын!». Бірнеше жанар бізге қадалып, тоқталар түк таппай, жөн-жөнімен кетті. Маралтай қоймайды. «Оқығам. Оқыдым да таңғалдым. Сосын іздедім». Анық адасып отыр. Басқа біреумен шатастырды. «Менің қателесуім мүмкін емес. Есіңде ме, есіңде ғой, иә. «Пионерге» шықты ғой. Сонда мына шумақ қатты әсер етті». Оқыды. Еміс-еміс есте. Өзіміз ұмыта жаздағанбыз. Маралтай айтып отыр. «Сен ғой?». Үндемедік. «Үндемейсің, ә? Үндемесең өзің біл. Бірақ әдемі жаздың». Біз тұрақтылық дегенмен бала кезден дос емес едік. Басында жазуын, жаздық. Сосын, тоқтадық. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Ағам Қыдырбек Рысбекұлы айтады, «Озеровтен әулие емессің, оның артында не қалды? Жазсаңшы, жазу керек. Сен әбден сұйылып, біттің. Қамшы керек. Еркім болса ат бауырына алып, сабар едім. Жаза аласың ғой, неге жазбайсың, а?» Сол сәтте ыңғайсызынып қалам, артынша ұмытып кетем. Мойын жар бермейді. Әмірхан Балқыбек қандай еді?! Құрдасым ғой. Құрдас деп өтті. Бір-біріміздің атымызды атамадық. Құрдас деуші едік. Білімнің шыңына найза шаншыған жігіт! Абитуриент кезінде танысып, бірден тіл табыстық. Біздің өмір – футбол дедік. Түс ауа құрдасты іздеймін. Әлі көз алдымда. Триконың балағын нәскиіне тығып, кедысын киіп жататыны. Бөлмесінің есігін ашып, күтіп тұрамын. Тұла бойың шандыр деймін. Онысы несі тағы деп күледі. «Ол жақсы» деймін. «Кемсітіп тұрсың ба, ей, құрдас?». «Кемсіткен несі, артық тұсыңды айтып тұрмын. Шандыры көп өзгені шаң қаптырады. Тарамыс тектім-ай, темір аяқ...». «Немене теңеу сенікі осы?». Кекілін бір қайырып алып, жөнеп береді. Допты алса болды, ешкімге жеткізбейді. Гол соқпай, оралмайды. Қорғанысты да сеніп, тапсыруға болады. Ел қозғалса да, қойған орныңнан ол қозғалмайды. Кейде барғысы келмейді. Құрдас қой, бәрібір ертіп шығамын. Тактикалық таңдау осы қорғанысқа түскен соң, жоқ жерден жүріс жасауым мүмкін екенін ескердік қой. «Жан жүрегімді жібітер бір жан, Жетпей жүрді ғой демесем Мен саған ғашық емес ем». Өзіме қатысты тәпсірін айтсам, комментатор­лыққа «ғашық» болмағам. Қажеттілік еді. Бастық өтінді. Тіл үшін барды салдық. Сосын, қолдан келген шығар, Алла тағала қолдады. Әйтпесе біз «жан жүректі жібіткен бір сала» ретінде ғана қарадық. Айтыс? Айтыс әлі түсіме кіреді. Булығып жатып, оянып кетемін. Түсімде сахнадамын, төгіп айтып жатамын, бірақ үнім жұртқа естілмейді. Айтыс – мүмкін менің кредом болған шығар. – Белгілі тележүргізуші екеніңізді ел біледі. Қолға алып жүрген тележобаларыңыз да бар шығар... – Ми туралы анекдот бар ма? Әлгі әлі істелмеген бастың қамын ойлайтын. Сол анекдотқа мен күлмеймін. Өзімді айтып жатқан сияқты болады. Қиялда жүз жоспар бар. Жүздеген тележобалар. Елу шақтысын ұсындық. Бірі қабыл болмады. Үміт те қартаяды екен... Бір нәрсені түсінбеймін. Елбасы айтудай-ақ айтып жатыр. Не дейді сонда? Тамырыңды үзіп алма дейді. Осы тұста екі дерек. Қазақ хандығының мерейтойындағы қорытынды концерт. Оркестр. Күй шалқыды. Елбасы орнынан тұрып кетті. Неге? Күй құдіреті. Өзімен ілестіріп барады. «Рухани жаңғыру» дедік. Не еді ол? «Ұлы даланың жеті қырын» түсіндір дегенде, сол мақаланың қалай жазылғаны ма? Жоқ! Неге жазылғаны. Талай айттық. Ақселеуді көзі тірісінде жазып алайықшы. Өтежан Нұрғалиевті де. Немесе Фарида Шарипованы. Қаршыға Ахмедьяровті. Тұрсынбек Кәкішевті. Рулон, рулон жазып алайықшы. Өзіміге қажет болмаса, келер ұрпаққа. Жазып алдық па? Жоқ. Неге? Әбіш қайда, архивтегі, қайдан табамыз енді? Неге самарқау болдық? Немесе. Қазір балалармен алысамыз. Алысқанда, оларды сынаймыз келіп. Өзіміз не үйреттік? Ұры көп дейміз. Ұрлық түбі қорлық екенін түсіндіре алдық па? Түсіндірсек, неге ұрлайды? Демек, түсіндіре алмай жүрміз. Қалай түсіндіреміз? Насихат арқылы. «Алпамыс батырдан» үзінді оқып ұлыңнын тәрбиесін түпкілікті шешіп тас­тай алмайсыз. Мықты хабарлар керек. Біз ендігі буынмен шұғылданайықшы. Отыз жыл кешіктік. Құндақта жатқандарды құтқарайықшы, тым болмаса. Өткенде біреу жазыпты. «Шаңға көмілген мұраны қайтейін деп едіңдер, елдің балалары Марсқа көлік қондырып жүр. Айфонның әлденешіншісін ойлап тапты» деп. Біз жігіт өндіретін қоғам болайық. Мықты жігіттер. Білекті әрі жүректі. Әрине, білімді. – Спортшылардың тіл білмейтіні туралы жазбаңызды оқыдық. Олар неге қазақ тілін білуге мүдделі емес? – Қазақ тілін кім біледі қазір? Екеуміз бе? Мен нашар білемін. Қайнар көкем радиода айтып жатыр. «Олжайдың сөздік қорының жиырма бес пайызы әкем Қалиақпарға жетпей қалды. Қалиақпар қорының жиырма бес пайызын мен меңгерген жоқпын» деп. Не болдық сонда? Тілді ұмытпауымыз керек. Ол үшін «Ана тілі» қажет. «Ана тілі» газеті ашылғанда әлдекімдер тіксініп қалды. Қимасын алдырғандай, жоспарын дал қылғандай күй кешті олар. «Шынымен, қазақ тілі күш алып кете ме?» деп күбірлескендер көбейіп, талайлардың тауы шағылды. Біраз жұртқа жолайырық секілденді. Орыс тілділер кәдімгідей ойланып қалды. Қазақы ортаға бейімделуді жөн көргендер жергілікті тілді меңгеруге кірісе жаздады. «Ананы не дейді, мынаны не дейді?». Сұрайтындар пайда болды. Көпшілік қуанды, әрине. Көпшілік дегенде, мемлекеттік тілге алаңдайтындар. Тілге тағы бір пәрмен берілгендей, арман бағынғандай әсерде болды. Тұсауды бырт-бырт үзіп, өзекті өртеп келген өткір мәселе түпкілікті шешіле ме дегенді байқатып, жан-жақтарына қарады. Газет беттерінде салмақты материалдар болды. Ғалымдар да атсалысты. Ізі көмескі тартқан ізгі дүниелерді жаппай жариялауға кірісті. Өшкеннің қайта тұтанған кезі еді ол. Оқырман ықыласына бөленген басылым талайға кеткен есені қайтаруға бел шешіп кірісті де. Авторлары қандай! Ел оқи бас­тады. «Ана тілін» оқи бас­тады. Екі-үш адамның басы қосыла қалса жарияланған материалдарды тал­қылайды. Ол кезде қоғам әлдеқайда сауатты еді ғой. Қазір де қараңғы болып тұрғаны шамалы. Бірақ ізденістері ілгерілеп кеткен бе, бітпес бір даудың соңы­нан сабылғандардың сыңарына ұқсайды да тұрады. «Жеті күннің» ше, «Хабардағы» апталық бағдарлама, кезекті бір шығарылымын талқылар сәтте ­Владимир Рерих ойланып отырды. Талайға дейін тіс жарған жоқ. Сосын айтты. «Америка ғой, тұрмысын баяғыда түзеп алған ел. Несін айтасыз, дамып кетті. Десе де, солар бар ғой, қиыншылықты қасірет деп қабылдауы мүмкін. Мысалы, электр қуатынсыз қалсыншы. Бірер аптада жағдайы белгілі болады. Әбіржіп, жүнжіп, аштан қата жаздауы да мүмкін. Біз ше? Біз ештеңеге мұңая қоймаспыз. Тезек теріп, ошақ тұтатып, ағын судан арамдық іздемей, барды пісіріп, жеп күнелте береміз. Сонда, деймін де, өркениеттің өз мәселесі болып тұр ғой, ә?». Ойын ешкім түсінбеді білем, қай қиялдың қайығында отыр екен, оны өзі де аса аңғармады. Бірақ біздің ойды ұштап берді. Жұбан ағам тегін айтты дейсіз бе, мың өліп, мың тірілгенімізді. «Мен қазақпын, биікпін байтақ елмін, Қайта тудым өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске, Айта бергім келеді, айта бергім!». Қазақ­тың баласы қалай сөйлейді, иә! ­Демек, адамзат барда, қазақ бар. Қазақ барда, тіл жоғалмайды. Жұтаң тартуы мүмкін. Бірақ түпкілікті жоғалмайды. Бізден гөрі саналы ұрпақ келгенде архивтен аршып, Қалиақпар ғана емес, Олжай қорындағы сөздерді түгел қайтарады. Бірақ біз сол саналы ұрпаққа шама келгенше жол ашайық. Ал әлгі сөйлемейді деп жүргенім, интервью алайын десең, мыңқ-мыңқ ететіндерге ­аздап ашуланған сәт шығар. – Биыл қазақ спорты үшін қаралы жыл болды. Денис Тен, Жасұлан Әбиев, ­Викто­рия Шестополова кісі қолынан қаза тапты. Мәселен, Дениске қол көтергендер «Оның спортшы екенін білмедік» деді. Неге көрер­мендер спортшыларды танымайды? Бұл спортқа деген қызығушылықтың төмен­де­гені ме? Әлде  қоғам қатыгезденіп кетті ме? – Қоғам деген не? Біз өмір сүретін орта. Қатыгезді тәрбиелейтін кім? Тағы да сол өзіміз. Осыдан он бес жыл бұрын айттық. Арна басқарғандардың біріне: «Егер эфирді түземесек, келешектегі ұрыға, болашақтағы баукеспеге ренжімейік» деп. Нені меңзедік сонда? Біздің ТВ балаларды экран алдында ұстай ала ма? Олардың жігерін жанитын, намысын ұштайтын бағдарлама неге жасалмайды? Тіпті осы менде күдік те бар. Әдейі жасатпауы мүмкін, белгісіз бір күш. Оларға бұзақы қоғам қажет шығар. Әйтпесе, неге жақсы жобалар тартпаларда қалып қояды? Үкіметте кінә жоқ. Қаржыны бөлудей бөліп жатыр. Оны ұқсатуда ғой, әңгіме. Қандай бағдарламаларға шығындап жатырмыз сол мемлекет бөлген қаржыны? Спорт арнасын ашып берді. Оның сапасы қандай? Сұраған біреу бар ма? Мемлекет басқа не істей алады, ашып берді ғой салалық арна. Қаржы да бөлінді, тәп-тәуір. Неге салмақты да сауатты контент аз? Демек, ұйымдастыруда бір шикілік бар. Тенді танымады дейсің, Жасұланды білмеген... Демек, насихатта кем тұс бар. Спорт арнасы ашылғалы жібі түзу дүниелер жасалды ма? Рейтинг дейсіз бе, анау бағдарлама тоқтап қалыпты деп, жанкүйер дүрліккен бағ­дарлама болды ма? Жұртты баураған, жанкүйерлер көңілінен шыққаны қайсы? Жоқ болса, оған кім кінәлі? Ақша бөлген Үкімет емес, жасай алмай отырған өзіміз кінәлі. Біз әлі Жақсылық пен Дәулет туралы тұшымды ештеңе түсіре алмай жатырмыз. Қонақбаевты бүгінгі буын танымай жатса таңғалмайтын дәрежеге жеттік. Айттық. Оларға да жиырма шақты жоба ұсындық. Спорт арнасын айтамыз. Күлге аунатып, күл-паршасын шығарды-ау деймін. Жауап болмады. – Қазақ спортының болашағы туралы не айтасыз? Үлкен-үлкен додаларда елдің мерейін өсіріп жүрген спортшылар бар. Солардың ізін жалғаушы жастардан кім ерекше көзге түсіп жүр? Кімдерден үміт күтесіз?  – Қазақ спортының болашағы Қазақ елінің болашағына байланысты ғой. Бұл салада да ақсап тұрған іс көп. Тіпті шамадан тыс десе де болады. Оны мамандар да біледі деп ойлаймыз. Шешімін табатын шығар деп сенеміз. Ал қазақ аналары аман болса, таланттар туылады. Сыр елінің спортын көтерген Садық Мұстафаеев: «Бұл далада тегін еңбектенуге дайын бірнеше бапкер бәрібір жүреді. Олардың арманы чемпион тәрбиелеу. Олар түбі мақсаттарына жетеді. Демек, қазақ жерінде топ жаратын қыз-жігіттер сарқылмайды» дейді. Толық келісеміз!

Сұхбаттасқан  Әсел САРҚЫТ

2706 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз