Бізге 1 850 мектеп инспекторы қажет – Ішкі істер министрі

286

Елімізде соңғы жылдары мектеп инспекторы институты даму үстінде десек те, қазірдің өзінде 1 850 мектеп инспекторы қажет. Мұндай мәлімдемені Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов айтты, — деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме  жасаған Kazgazeta.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында соңғы жылдары мектеп инспекторы институты белсенді даму үстінде екен. Десек те, игі істің ілгерілеуі үшін әлі де болса сала мамандары жеткіліксіз көрінеді.

«Қоғамдық тәртіпті сақтаудың қайнар бұлағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайтып, олардың алдын алуда білім ошақтарымен тығыз қарым-қатынас жасау зор нәтиже беретіні сөзсіз. Сондықтан да, қалалық және ірі елді мекендердегі әрбір мектепте инспекторлар институтын енгізу маңызды. Қазіргі уақытта бұл үшін әлі де 1 850 мектеп инспекторлары қажет» — дейді министр.

Сондай-ақ министрдің мәліметінше, еліміздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін арнайы жалпы білім беретін мектептер тапшылығы айқын сезіле бастаған. «Бізде ауыр қылмыстар жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға жасы толмаған жасөспірімдерді қайта тәрбиелеуге арналған тек бір ғана жабық типтегі арнайы мектеп бар. Сондықтан да, қазіргі күні екі мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскерлерді қоғамнан оқшау тәрбиелеуге мүмкіндік жоқ», — дейді ол.
 

ФОТО:astana-bilim.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *