Талас Омарбеков: «Ашаршылық құрбандарына – аза тұту күнін, ал қуғын-сүргін құрбандарына еске алу күнін белгілеу керек»

628

Ұлттық кітапханада Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна «ұлттық-этнографиялық бірлесігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Алаш арыстары және ашаршылық» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

1920-30 жылдары қазақ даласына келген «Ұлы жұт» халықтың демографияcына кері әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық рухтың әлсіреуіне әкеп соқты. Бұл жайында бүгінгі дөңгелек үстел басына жиналған жұртшылық кеңінен талқылады. Тарих ғылымының докторы Ханкелді Әбжанов: «Ашаршылық – бұл табиғаттың әкелген қасіреті емес. Жұт емес оны әкелген. Оны әкелген саяси, идеологиялық адасуымыз, асыра сілтеуіміз және жалған қағидаттарымыз. Бұл қазаққа сор болып тиді айналып келгенде» — деді дөңгелек үстелдің шымылдығын аша отырып. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихтың ақтаңдақтары нақтыланып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміздің қайта жанғаны қуантады. Алайда, көптеген тарихи оқиғалар өзінің әділ бағасын ала алмай келеді дейді тарихшыларымыз. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бірінші орынбасары Бейбіт Қойшыбаев: «Геноцид деген мәселені дұрыстап қолдау, жеріне жеткізуіміз керек. Мына оқиғаға тарихи баға, заңи құқықтық баға, саяси баға беру керек. Тәуелсіздікке 30 шақты жыл болып қалды ғой. Осыны орындап, халқымыздың алдында өзіміздің үлкен парызымызды өтеуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені халықты біріктіруге, сол қырылған қазақтың сүйегінің үстіне социализм орнатуға келген халықтың трагедиясына жанама түрде болса да қарсылығын сезінсе, ол халықтың бірлігін сөз жоқ арттырады» — деді. Ғалымдар мен тарихшылардың ерекше назар аударған мәселелерінің бірі – ашаршылық жылдарындағы қырылған халық саны жайлы келтірілген деректердің әр алуандығы болды. Әсіресе, бұл шетел тарихшыларына қатысты. Мәселен, американдық тарихшы Роберт Конквест, саясаттанушы Марта Олккот, Стивен Уиткрофт деген зерттеушілер Қазақстанда бұл жылдары бір милионнан астам қазақ қырылды, ал өзге ұлттарды қосқанда бір жарым миллион шамасында деген деректер айтады. Анығында, бұл одан әлдеқайда көп екендігін бүгінгі тарихи деректер дәлелдеп отыр.

Елімізде 31-мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы атаулы күнге қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков өзінің ойын ортаға салды: «31-мамыр еске алу күні деп отырмыз. Шын мәнінде өздеріңіз білесіздер, ашаршылықтың өзі қуғын-сүргіннен мүлде басқа нәрселер. Бұл әлеуметтік саяси мәселе. Тіптен екі ашаршылықтың айырмашылығы бар. Егер 31-мамырды ашаршылық құрбандарының күні дейтін болсақ, онда бұл еске алу күні емес, халықтың жартысынан көбі қырылды ғой. Бұл аза тұту күні болу керек. Жалауды төмен түсіріп, бүкіл ұлт болып аза тұтуымыз керек. Ал, енді қуғын-сүргін күні ше? Меніңше қуғын-сүргін күнін басқа күнге белгілеп, аза тұту күні емес, еске алу күні деп белгілеу керек» — деп өз ұсынысын ортаға салды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым: «Біріншіден, ең басты мәселенің бірі – ол әрине, біздің ғалымдарымызға байланысты. Біз егер ары қарай саяси қадамдарға, саяси шешімдерге, саяси баға деген сияқты мәселелерге келгіміз келетін болса, ең алдымен тарихшылардың арасындағы нақты бір консенсус болса. Әсіресе, өзіміздің қазақ ғалымдарының, өйткені, әртүрлі дерек көріп қаламыз. Тарихшыларымыз институтына, университетіне қарай бөлісіп, бір-бірін жоққа шығарып жатады. Менің ойымша алдағы уақытта қазақ тарихшылары нақты бір шешімге келіп, имани сенімге келсе деген үлкен өтініш бар» — деді, сондай-ақ, саяссаттанушы алдағы уақытта архивтердің ашық болуын, геноцид деген пайымды әрі қарай жалғастыру керектігін атап өтті.
Конференцияға Қайым Мұхамедханов, Жұмат Шанин және өзге де саяси қуғын-сүргін көрген қайраткерлердің ұрпақтары мен көрнекті ғалым, қоғам қайраткерлері қатысып, тарихи оқиғалар жайлы талдауларға ой-пікірлерін қосып, ұсыныстарымен бөлісті.

Гауhар ТҮСТІКБАЕВА

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *