- Таным
- 20 Желтоқсан, 2021
Бүлінген банкноттарды айырбастауға бола ма?
Ұлттық валютадағы бүлінген банкноттарды айырбастауға қатысты Ұлттық Банктің банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы Асқат МҰҚАМАДИЕВ айтып берді.
– Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдарына сараптамадан өткізу үшін әртүрлі банкноттар – тозған, күйген, жыртылған ақшалар түсіп жатады. Бұл банкноттардың барлығы фрагменттері бойынша қайта құрастырылып, қалпына келтіріледі. Жыл басынан бері Ұлттық Банк жарамдылығы күмән тудыратын банкноттар мен монеталардың 3079-ын қабылдап, солардың арасынан 2542 банкнотты айырбастап берді. Олардың көбі жыртылған, күйген, ескіріп, жуылып кеткен.
Егер банкноттың 50 пайыздан көп бөлігі жақсы сақталған болса, оны Ұлттық Банктің филиалдарына жарамдылығы жағынан күмәнді банкнот ретінде сараптамаға тапсырып, шын ақша екенін тексертуге болады.
Ол үшін банкноттың қалған бөлігін ұқыптап жинап алу керек. Қандай жағдайға қарамастан, бүлінген банкнотты әмиянға, басқа да қатты нәрселерге салмаған дұрыс. Әйтпесе банкноттар одан бетер жыртылып, оның шын ақша екенін анықтау қиынға түседі. Бүлінген ақшаны жұмсақ затқа орап, үлкендеу қорапқа салып алу керек. Осыдан кейін оны сараптамадан өткізу үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өткізесіз. Тексеруге болатын, жалпы аумағы сақталған бүлінген банкноттар жаңа ақшаға айырбасталады. Оны тексеру біраз уақыт алуы мүмкін, бірақ сараптама тегін жасалады.
Егер банкнот көлемінің кемінде 70 пайызы сақталған болса және оның номиналын көрсететін (жазбаша және сан түріндегі) сандар қатты бүлінбеген болса (егер банкноттың шын ақша екенін растауға кедергі болмаса), ескіргеніне қарамастан, ол төлемге жарамды ақшаға айырбасталады. Ондай банкноттарды екінші деңгейлі банктерге, Ұлттық Банктің филиалдарына немесе «Қазпошта» АҚ-ға барып, айырбастап алуға болады.
Айта кетейік, екінші деңгейлі банктер өздерінің ішкі нормативтік құжаттарына сай қызмет көрсеткені үшін комиссиялық төлем алуға құқылы. Аумақтық филиалдардың мекен-жайы мен байланыс нөмірлері Ұлттық Банктің сайтында жазылған.
601 рет
көрсетілді0
пікір