Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Ақпан, 2022

Қажет болса, амалсыз үйренеді екенсің...

Жансая Биқұрман Түркияның Анкара қаласындағы бұрынғы Гази, қазіргі Анкара Хаджы Байрам Вели университетінде оқиды. Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде журналистика маман-дығы бойынша бакалавр оқыған. Қазір магистратурада білімін жалғастырып жатыр.

Жансаядан шетелде білім алудағы мақсатын сұрадық. Тәжірибе жинау, Қазақстан мен Түркиядағы білім беру сапасын салыстыру дейді. Оған қоса, өзге елде еркінсуге мұрсат жоқ, барынша тырысып оқисың дегенді айтады. Жансая туған тілінен бөлек, орыс және түрік тілдерін біледі. Ағылшын тілін дамытып жүр. Түрікшені Томер тіл үйрену курсынан үйренген. «Түркияға оқуға баратын болған соң, интернеттен тіл үйрену жөнінде іздей бастадым. Көңілімнен шығатындай ақпарат таппадым. Кейін ұстаздар күніне 50 сөз жаттауды ұсынды. Күнделікті қарайтын жерге үйренем деп жүрген тілде сөздердің аудармасын жазып қою керек екен. Мысалы, пердеге оның түрік не ағылшын тіліндегі атауын жазып, іліп қою керек. Бұл көру арқылы есте сақтауды жаттықтырады», – дейді Жансая. Әрі қажеттілік туындаса, амалсыз үйренесің дегенді қосып қойды.

Жансая «Түркия бурслары» бағдарламасында бақ сынап, грант ұтып алған. Бұл бағдарламаның шарттары қандай? Стипендиясы қандай шығындарды жабады? Сол туралы сұрап білдік. Жансаяның айтуы бойынша, «Түркия бурслары» бағдарламасы бойынша дәл қазір құжаттарды жинау жүріп жатыр. Қаңтар айының 10-ында басталған, ақпанның 20-сына дейін жалғасады. Бағдарламаға бакалавр үшін 21 жасқа дейін, магистратура үшін 30 жасқа дейін, ал докторантура үшін 35 жасқа дейін өтініш беруге болады. Оқу көрсеткіші де өте маңызды. Бакалавр үшін мектеп табелінде 4-тен гөрі 5 көбірек болғаны дұрыс. Магистратура үшін GPA 4 балдан 3,75-тен кем болмауы үлкен рөл атқарады. Ал медициналық мамандықтарда оқу үлгерімі 90% жоғары болуы керек.

«Түркия бурслары» бағдарламасы бойынша бірінші кезеңге қажет құжаттар тізімі: шетел төлқұжаты, 3×4 сурет, аттестат немесе диплом. Егер университетте оқып жатқан болсаңыз, университетке қабылданғаныңыз жайлы құжат пен транскрипт қажет.Оқушылар үшін 5–11-сынып арасындағы табельдің сканерлеген нұсқасы керек. Біліктілікті көрсететін халық-аралық, республикалық диплом, сертификат, мақтау қағаздары. Егер жасыңыз 18-ге толмаса, ата-анаңыздың сенімхаты керек. Сонымен қатар, TOEFL, İELTS, SAT сияқты тіл білу деңгейін көрсететін сертификаттарыңыз болса, қосуыңызға болады.

Ең маңыздысы: ұсыным хат, мотивациялық хат. Ұсыным хаттың жазылуы, оны кім бергені де ескеріледі. Стипендия төленеді. Тегін жатақхана беріледі. Оған таңғы және кешкі ас кіреді. Магистранттар мен докторанттар пәтер жалдап тұрғысы келсе, 750 түрік лирасы көлемінде жәрдемақы ала алады. Медициналық сақтандыру ақысы төленеді. Жансая журналистикада оқу туралы: «Журналистикада диплом маңызды емес. Бірақ негізгі білім, түп тамыры қажет. Мақала қалай жазы-латынын, халыққа нені қалай айту керегін білуіңіз керек. Телерадио саласында жұмыс істейтін адамға дикция да маңызды», – дейді.

Кімдерден тәлім алғаны, өмірдегі және журналистикадағы ұстазы туралы да сұрадық.

– Негізгі ұстазым – анам. Анам – журналист. Негізгі тәрбиені, білімді берген адам. Адам қандай болуы керек дегеннен бастап, қандай мінез дұрыс екеніне дейін үйретті. Анам журналист болғаннан кейін мен де осы салаға қызықтым. Қазір кем-кетігімді түзеп, сөйлеу мәдениетіне қатысты кеңесін беріп отырады. Ұстаз дегенде Бейсен Құранбек ағамызды айрықша атап айтқым келеді. Бірде бірнеше қызметкерді кабинетіне шақырды. «Шәкіртім болыңдар! Мен сендерді жақсы, мықты журналист етіп тәрбиелеп  шығарамын», – деді. Бір жылдай тәлім алдық. Бейсен ағадан өмірлік сабақ алдым. Жақсы адам болуды, мейірімді, қайырымды, қамқор жан болуды үйретті. Жазуға баулыды.

Бейсен ағаның бірдеңені тым әсірелеп жіберетін әдеті жоқ еді, мақтанға үйір болмады. Барынша қарапайым болды. «Сендердің жазғандарыңды ғалым емес, қарапайым адам оқиды», – дейтін. Соған сай барынша қарапайым тілде жазыңдар дейтін. Ағайдың айтуымен журналистикада бірнеше жаттығу бар екенін білдік. «Соқыр жаңбыр» әдісін үйретті. Ол бойынша ойыңда не тұрса, соны жазып шығу керек. Жазғаның үш-төрт бет болуы мүмкін. Алдымен тоқтамастан жазып шығасың. Содан кейін ғана өңдеуге болады. Егер ойланып барып жазатын болсаң, кей сәттер елеусіз қалуы мүмкін. Осындай бірнеше әдісті үйретті. Мысалы, «70/30» әдісі бойынша, көрерменнің 70 пайызының қызығушылығын ояту керек.

Қазақстанда халықтың санына қарай газет-журналдардың саны да азырақ. Түркияда газет көп. Соған орай оқырман да көп пе? Оларда газет-журналға оқырман тарту жолы қандай? Жансаядан мұны да сұрадық.

– Расында да, халық санына байланысты оқырман өте көп. Айталық, әлеуметтік желіде дүкеніңіз бар, жарнама жасағыңыз келеді. Мұндайда көрінген сайтқа жарнама беруге болмайды. Тікелей газет арқылы ғана жарнамалай аласыз. Егер интернеттен газет іздесеңіз, оған деген сенім аз болады. Газет-журналда тексерілген, стандартқа сай ақпарат жарияланады. Кез келген дүниені газеттен іздейді. Университетте сабақта  міндетті түрде журналды талдаймыз. Мысалы, бір газетті қадағалау керек болса, мен сол газетті аламын, бір апталық нөмірлерін қарап, жарияланған материалдарды оқып, талдаймын. Саясат, ауыл шаруашылығы сынды салалар бойынша жазылған мақалаларды талдап, жағымды не жағымсыз екенін, барлығын талдаймыз.

– Қазақ журналистикасында не нәрсені дамытқы-ңыз келеді? Түрік журна-листикасынан не үйрене алдыңыз?

– Түрік журналистикасынан алатын нәрсе көп. Журналистика саласын оқып жатқан жандар шет тілдерін де үйренуі қажет деп есептеймін. Журналист жан-жақты маман болуы керек дейміз. Егер ол шет тілін білмесе, басқа елде не болып жатқанын түсінбейді. Тек аудармашының жазғанынан ғана түсінеді. Журналистика мамандығын оқып жатқандарға түрлі тілдерді үйретсе, арнайы қосымша сабақтар болса, бұл ақпаратты тез алу мен жеткізуге көптеген мүмкіндікке жол ашар еді. Біз қанша жақсы білім алсақ та, тіл білмесек, Қазақстанның төңірегінде ғана қаламыз. Әлемдік деңгейге шығу үшін шет тілін білуіміз қажет.

Түркияда сабақты қызығуы-мызға қарай таңдаймыз. Зерттейтін тақырыпты студент өзі таңдайды. Әр студентке бір апта уақыт беріледі. Сабақты түсіндіру үшін кітапханаға барып, презентация жасаймыз. Тақырыпты жақсы түсінген студент өзгелерге де солай түсіндіреді. Бұл ізденістің пайда болуына әсер етеді. Сессия кезінде,  мақала жазуда шарттары бар. Осындай дүниелер бізде де болса деймін. 

– Әңгімеңе рақмет!

Перизат ШАДЕН, 
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтының 
3-курс студенті.

«Ұлан» газеті

1298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз