Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Қазан, 2022

«Саясаттану» оқу құралы оқырманға жол тартты

Отандық ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми еңбектерін баспаға әзірлеп, зияткерлік туындыларды жарыққа шығарумен айналысатын «Дарын» баспасынан студенттер мен қалың оқырман қауымға жаңа «Саясаттану» оқу құралы жол тартты.
 
Кітап авторлары - белгілі саясаттанушы ғалымдар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұсатаев Сейілбек пен доцент Іңкәрбаев Есенай.

Жаңа оқу жылының жағымды жаңалығына айналып үлгерген бірегей оқу құралы - саясаттанушылардың  көпжылдық ғылыми және оқу-әдістемелік тәжірибесінің нәтижесі.
Аталмыш оқу құралы әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат үшін қажетті саяси шынайылықтар мен құндылықтар, саяси тәртіптердің қарапайым нормалары жайлы білім беруге бағытталған.

Саяси жүйесі жаңа  сапалық жаңартуларды бастан кешіп  жатқан біздің елімізде  келісім мен тұрақтылықты сақтау, қоғамды жан-жақты жаңғырту, жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту күн тәртібінде тұр. Бұл міндетке жету өз кезегінде өркениетті саяси білім мен саяси мәдениеттің жоғары деңгейі болуын қажет етеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Күшті мемлекет, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін  саяси-экономикалық реформаларды жалғастырып, қоғамдық сананы жаңғырту процесін жеделдетіп,  бүгінгі күннің қиындықтарына бейімделген жаңа сапалы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру қажет екендігін» айрықша атап өтті.
Олай болса, әлемдік саясаттағы халықаралық қатынастардың қайшылықты дамуы орын алып отырған кезеңде,  өркениет көшіне ілескен Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси басымдылықтарын  бағамдай білу, күнделікті жылдам өзгеріп жатқан әлеуметтік-саяси жағдайда  дұрыс бағдар ұстау  – барлық болашақ мамандық иелерінен ізденімпаздық пен білгірлікті, айтарлықтай саяси білімді талап етеді. Кез келген мамандық иелері үшін саяси білім алу – тұлғаның саяси әлеуметтенуі мен оның саяси мәдениетін қалыптастыруда  айтарлықтай маңызды рөл атқарып, саяси өмірдегі өз орнын айқындауға көмегін тигізеді. Сондықтан, бұл саяси салмақты “Саясаттану”- болашағын білім және ғылыммен байланыстыруға ұмтылған  жастар  үшін саясат әлеміне бастайтын баспалдақ. 

Жалпы «Дарын» баспасының қызметі ғылымның барлық бағыты бойынша оқу-әдістемелік, ғылыми әдебиеттерді, сонымен бірге полиграфия және жарнама өнімдерін шығаруға бағытталған. Баспаның тауар және қызмет түрлері кең ауқымды: кітап, журнал дайындау, кувертка, визитка, жарнамалық өнімдер, буклеттер мен блокноттар шығару сынды кешенді жұмыстар атқарып келеді. Үйлесімді жұмыстың негізінде «Дарын» баспасы қазіргі уақыттың жаңашыл талаптарына сай бірегей интеллектуалды өнім шығарып келеді.

1422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз