Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Желтоқсан, 2022

Қазақстан және Корея: білім саласындағы белсенді ынтымақтастықтың берері мол

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1992 жылы мемлекетіміздің егемендігін алғашқы болып таныған, елімізбен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің бірі – Корея Республикасы. Екі елдің отыз  жылдық   ынтымақтастығы барысында үлкен нәтижелерге қол жетті. 2019 жылы Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанда, 2020 жылы Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаев ресми сапармен Кореяда болған еді. Жоғарғы деңгейде өткен осы кездесулер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық серіктестігін дамытуға бағытталған келісімдер жасалды.  Өзара ынтымақтастықтың отыз жылдығына  орай   екі ел үкіметі 2022-жылды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп белгілеп, түрлі мерейтойлық іс-шараларды өткізуге келісті.  

Кореяның Орталық Азияда экономикалық ынтымақтастық орнатқан елдерінің ішінде Қазақстан жетекші орында тұр. Соның ішінде Қазақстан білім мен ғылым саласындағы тығыз қарым-қатынастың дамуын басты орынға қойды. Қазақстан экономикасы тек шикізатқа тәуелді болып қоймай, дәл Корея елі сияқты жоғары технология жетістіктерін еркін игеру арқылы сапалы өнім шығаратын елге айналуды мақсат тұтатыны белгілі. Оны жүзеге асыру үшін Қазақстан осындай елдермен білім мен ғылым, инженерлік технология, ІТ сияқты салалар бойынша өзара байланысты барынша жандандырып, біріккен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Оңтүстік Корея сапалы білім беру деңгейі бойынша әлем елдерінің арасында алдыңғы орынға ие мемлекет. Сонымен қоса АҚШ, Англия, Жапонияға қарағанда Кореяда білім алу мен өмір сүру әлдеқайда арзан, әрі шетелдік студенттерді оқытуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Мәселен, Global Korea Scholarship (GKS) – Оңтүстік Корея үкіметінің шәкіртақылық бағдарламасы. 2019 жылға дейін ол «Корея үкіметінің шәкіртақылық бағдарламасы» (KGSP) деп аталған еді. Бағдарламаны Халықаралық білім беру ұлттық институты (NIIIED) басқарады. Жыл сайын қаржыландыруға байланысты әлемнің түкпір-түкпірінен бакалавриат студенттері,  магистранттар мен докторанттарға арнап, шәкіртақысы бар 2000   грант беріледі. Алайда бұл шәкіртақының саны әр елге бөлгенде азаяды, мысалы бұрын Қазақстан үшін жылына екі студентке орын бөлініп келген.

Бұл  бағдарламадан басқа Корея қоры (Korea Foundtion), Кореялық зерттеу қоры (Korea Research Foundation), Корейтану академиясы (Academy of Korean Studies) және Шетелдік зерттеулер қоры (Foreign Research Foundation) сияқты қорлардың немесе университеттердің шәкіртақылары мен жеңілдіктеріне қол жеткізуге болады. Корея университеттерінің шетелдік оқу орындарымен студент алма­су бағдарламалары жақсы жолға қойылған. Қазақстандықтар Кореяның  жоғарғы оқу орындарын жоғарғы деңгейде білім бере алатын, әлеуеті мол мекеме деп санайды. Сондықтан Кореяда білім алуға талпынушылар саны жылдан-жылға өсіп отыр.  

Жоғарыда айтылғандай, екі мемлекет басшыларының кездесуінде алдағы уақытта білім беру саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге баса  мән берілген еді. 2019 жылғы кездесу кезінде екі елдің білім министрліктері арасында жоғары білім саласындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес, жыл сайын Қазақстаннан 20 студент және Оңтүстік Кореядан 20 студент екі елдің үздік университеттерінде шәкіртақысы тағайындалған екі жақты студент алмасу бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ бұл келісім пандемияға байланысты тек 2022-жылы ғана жүзеге асырылды.   

Корея Республикасының университеттерімен студент алмасуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің өзіндік тәжірибесі бар. 2022-2023 оқу жылында Қиыр Шығыс кафедрасы бакалавриат студенттерінің академиялық ұтқырлығы бойынша халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Сукмён, Донгук, Кукмин университеттерімен, Пусан және Каннам университеттерімен студент алмасу бойынша 24 студентті білім алуға жіберді. Олардың ішінде Корея Республикасы Үкіметінің шәкіртақылық бағдарламасы (GKS) нәтижесінде 70000 АҚШ долларын құрайтын 10 грантын алғандар бар. Бұл студенттер ҚазҰУ-де оқуда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген шәкірттер. Жалпы студенттердің барлығы Кореяда  алты ай бойы тегін білім алып қайтады және келесі көктемгі семестрде басқаларға орын береді.

Сондай-ақ, Каннам университетімен де бірлескен қос дипломдық оқу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы оқуын ары қарай Каннамда жалғастырып жатқан қос диплом үміткері Әлия Жұбаныш Кореяда білім алу өзі үшін үлкен мүмкіндіктің бірі болғанын ризашылықпен жеткізді. Қазақстанға оралған студенттер Кореяда оқу күрделі, талап күшті екенін, бірақ білім алуға деген ынтасын жоғалтпай, керісінше шыңдалып, корейлерден өмірлік тәжірибеге татитын көп дүние үйреніп қайтатындарын айтады.

Сонымен қоса, Корея қоры соңғы жылдары Ұлттық университеттегі «Корейтану» мамандығына түскен магистранттар мен докторанттарға да үлкен қолдау көрсетуде, атап айтқанда, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржылай көмектесіп отыр.   

Қазақстанда корей тілі мен мәдениетіне деген қызығушылық жылдан-жылға өсіп келеді. Кореяның жұмсақ саясаты мен әлемге әйгілі корей толқынының әсері арқасында бұл тілді оқуға деген қызығушылық артуда. Оның көрінісін соңғы жылдары корей тілі тобына түсетін студенттердің саны өскенінен байқауға болады. Оқу барысында Корея тарапынан түрлі іс-шаралар, шешендік өнер  сияқты тілдік жарыстар мен «Корей тарихы мен мәдениетін білу» атты студенттерге арналған байқаулар ұйымдастырылып, студенттерге бағалы сыйлықтармен қоса Кореяға бару мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ Кореяның халықаралық қорлары арқылы оқытушыларға арналған бағдарлама бойынша ғылыми гранттар бөлініп, корей тілі оқытушыларына  тілдік тағылымдамалар ұйымдастырылады.

Биылғы жылы пандемиядан кейін онлайн оқытудың мүмкіндіктерін пайдаланып, Сукмён университеті Корея Қоры (Korea Foundtion) қолдауымен Қиыр Шығыс кафедрасының корей бөлімінің оқытушыларына озық үлгідегі корей тілі мен әдебиетін оқытушылардың кәсіби біліктілігін көтеруге арналған ауқымды онлайн курстар ұсынды. Оқытушылар корей тілін оқытудың соңғы әдістерімен танысып, аудиториялар мен семинарларда қолдану үшін көптеген пайдалы оқу материалдарын алды. Жалпы Корея Республикасы корей тілін басқа мемлекеттерде оқытуда барынша көмек көрсету саясатын белсенді жүргізеді. Осы мақсатта Қазақстандағы Корея Республикасының елшілігіне қарасты Алматы білім беру орталығында 1994 жылдан бері еліміздің барлық өңіріндегі корей тілі оқытушылары мен мұғалімдеріне арналған екі апталық  жазғы семинар өткізіп келе жатқанын  айтып өтуге болады.   

Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығын  атап өту үшін Кореяның үкіметтік ұйымдары мен университеттері тарапынан Орталық Азия елдерінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Биылғы мерейлі отыз жылдық тарихтан кейін екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңіне қадам басып, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық одан әрі жандана түседі деген сенімдеміз. Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея университеттерінде өзімізге қажет мамандарды даярлап қана қоймай, Қазақстанда осы елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу мәселесі қарастырылуда. Білім мен ғылымға негізделген екі ел достығының болашағынан тек ізгілік пен жақсылық күтеміз.  

 

                                                                            Бақытгүл Ташкенбаева,

                                                                             Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

                                                                             Шығыстану факультетінің

                                                                              аға оқытушысы

                                                        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз