Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Мамыр, 2023

Аңсаған Мұстафа: Сурет пен қазіргі әлем ұқсас

Әлеуметтік желілерде әлеуметтік мәселелерді иллюстрация арқылы бейнелеп танылған суретші Аңсаған Мұстафаның суреттері бүгінде елімізде ғана емес, шет елдерде де танымал. Туындылары Америка, Италия, Корея, Франция мемлекеттерінде зор бағаға ие болған иллюстратор болашақта суретін қымбатқа бағалайтынына үмітті. Бір мақалаға арқау болатын тақырыпты бір ғана суретпен сөйлететін суретшіні аз-кем әңгімеге тарттық.

 

 

– Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік иллюстра­цияның маңызы қандай?

– Жалпы иллюстрациясыз да өмір сүруге болады деп ойлаймын. Бірақ қолымнан келгені сол, сурет салу. Сурет арқылы кейбір адамдарға, кейбір проблемаларға қатысты ой салғым келеді. Осындай қателік жасамасыншы, ойлансыншы деп әр детальға көңілін аударғым келеді. Менің әр суретім бір мақала сияқты. Маған «Мынадай суреттермен бір нәрсе өзгерте аламын деп ойлайсың ба?» дегендей сұрақтар қоятындар да бар. Иә, өзгерте аламын деп ойлаймын. Қазақта «тамшы тас теседі» деген мақал бар. Мысалы, «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретіме қатысты екі оқиғаны жеке өзіме келіп айтты. Бірінші оқиға: бір қыз түсік жасатқалы жүрген жерінен, менің суретімді көріп, құрсақтағы сәбиінен кешірім сұрап, өмірге әкелген. Екінші оқиғаны бір жігіт баяндап беріп еді. Ол екі жаққа кеткен қос ғашыққа менің сол суретімді көрсетіп, баланың аман-есен өмірге келуіне, қазаққа тағы бір отбасы қосылуына ықпал еткен. Ал мен білмейтін оқиғалар қаншама. «Қорқам, әке, ұрмашы» деген суретті көрген екі азамат хабарласты. Өздері өкініп, «енді ешқашан балама қол көтермеймін» деген жігіттер де болды. Менде әлеуметтік тақырыпта 200-дей сурет бар. Көбін әлеуметтік желіге саламын. Ал көрмеге оның барлығы барып жатқан жоқ.

 

– Суреттерді қаншалықты жаңартып тұрасыз?

– Барлық идеям керемет болып кетіп жатыр деп айта алмаймын. Мысалы, әлеуметтік тақырыпта 200 сурет болса, оның 50 шақтысын 10 шақты жыл бұрын көрмеге алып шықтым. Одан бері 10 жыл өтті, ол көрме әлі әр жерде қойылып жүр. Қостанайда өтті, Павлодар көрмемді күтіп отыр. Кейбір идеялар ескіреді, мағынасы азаяды. Оның орнына қазіргі күнге басқа тақырыптар қосылады. Сөйтіп, «Сөйле, сурет» топтамасына біреуін қосамын, екіншісін алып тастаймын. Жақында Қостанайға жіберерде суреттеріме қарасам, ең алғашқы көрмеден 20-сы қалып, 35-і өзгерген екен. Әлеуметтік тақырып деген ұдайы өзекті екенін соңғы уақытта жете түсініп жүрмін. – Әлеуметтік мәселелер арқылы суреттерге жан бітіріп, бейнелеу өнерін тірілттіңіз. Елімізде өнеріңіз қай деңгейде бағаланып отыр? – Халықаралық байқауларға жиі қатысамын. Жақында ғана әлемнің 750 суретшісі сайысқа түскен байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көріндім. Тіпті, мені Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағы мүшелікке қабылдады. Осыған дейін де Кореядағы сурет көрмесіне қатысқанмын. Бұл елде ондай көрмелерде Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағының мүшелері міндетті түрде барып, галереяны тамашалайды екен. Қай жерде қандай көрме бар, соған арнайы барып, суретшілерге қолдау көрсетіп, олардың өздеріне ұсыныс жасайды. Маған да хабарласып, сондай ұсыныс тастады. Ол үшін ешқандай ақша сұраған жоқ. Осылайша, Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қабылдандым. Алайда өзіміздің Қазақстандағы Суретшілер одағына мүше емеспін.

 

– Жалпы шетелдегі көрмелерге қалай қатыса бастадыңыз?

– Негізі әлеуметтік иллюстрацияға қатысты көрмелер көп өте бермейді. Өйткені осы тақырыпта сурет салып жатқан адамдар аз. Алғаш әлеуметтік желілерге шығара бастаған кезде әртүрлі суреттер салдым. Мысалы шауып бара жатқан ат, отырған бала, әдемі келіншек деген сияқты стандартты суреттер. Солардың ішіндегі ең көп талқыға түскен, адамдар көп пікір жазып, бөліскен суреттер әлеуметтік тақырыпқа арналған еді. Сондықтан осы тақырыпқа қызыға түстім. Осы бағытта ізденіп, ойланып, зерттей бастадым. Өзіме кәдімгі жұмыс сияқты кесте жасап, аптасына бір сурет шығару, қай тақырыптан кейін қай тақырыпты салу керегін ойластырып жүрдім. Кейінірек журналистер көтеріп жатқан мақалаларды суретпен сөйлете бастадым. Шетелдегі көрмелердің басталуына коронавирус әсер етті. Індет кезінде біз не істерімізді білмей қалғанда, шетелдегі галереялар өз жұмыстарын онлайн көрсете бастады. Сосын суретшілерге ұсыныс тастап, онлайн көрме өткізейік деп, суретшілерді қатты іздеді. Олар суретшілердің барлығына жаппай ұсыныс жасады. Сол кездерде менде таныстық көбейді. Әлеуметтік тақырыптағы суреттер шетелдіктерге де әсер етті. Дегенмен суреттерді жіберудің өзі қымбат, 50-60 евро тұрады. Сондықтан суреттерді ары-бері жіберу қаржы болғандықтан, мен дубликаттарын жіберіп жатырмын.

 

 

– Өз картиналарыңызды сатылымға қоясыз ба? Жалпы оған сұраныс бар ма?

– Картиналарымды сатылымға қойып жатқан жоқпын. Кейін өте қымбат бағаға сатқым келеді. Бүгінге дейін 45-тей шетелдік көрмеге қатысқан шығар. Енді 100-ден аса көрмеге қойылса, қымбат бағаланатын шығар деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

"Ана тілі" газеті

11 Мамыр, 2023

1364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз