Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 04 Желтоқсан, 2023

Түркітілдес журналистер медиадағы өзекті мәселелерді талқылады

Алматыда «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атты ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтті.

Түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқа және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі. Бұл туралы ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы айтты.

Оның айтуынша, медиа форумының атауын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атауының бірнеше себебі бар. 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.

«Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», - деді қор басшысы.

Айта кетейік, форум аясында 3 желтоқсанда «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ, қаржы тақырыбындағы «Еркін сөз»-2023 және   «Әлеумет – қоғам айнасы»-2023 байқауларының жеңімпаздары анықталды.

«Бүгінгі медиа форумда біз Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолдарын қарастыра отырып, ортақ жобалар жасауды кеңсеміз. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау, оларды бір біріне жақындастыру. Өкінішке қарай, 70 жылға жуық үстемдік құрған Кеңестер одағы бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт, қарақалпақ тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқа және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз», - деп қосты Нәзия Жоямергенқызы.

Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр.

«Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистердің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Қазақтың «бөлінгенді бөрі жейді» деуі тегін емес. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын. Біз, қазақ журналистер, түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға күш салайық», - деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Шараның алғашқы отырысына «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы модераторлық жасады. Жиында «Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы» отырысында Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін  www.brukselturk.be сайтының  Бас редакторы Юсуф Джинал «Түркі журналистерінің еуропалық БАҚ-тағы ортақ жобалары», Элтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова «Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясы» тақырыптарында баяндама жасады.

Ал «Кәсіби этика. Құқық және ақпараттық қауіпсіздік» отырысында «Alatau-Aqparat» медиа холдингінің Бас директоры Ержан Төлек модераторлық етті. Отырыста түркиялық журналист Ахмет Түзүн  «Журналистикадағы этикалық қағидалар және тәжірибедегі кедергілер» тақырыбындағы баяндамасында: «Қоғамның ақпарат алу құқығын ескеруіміз керек. Журналист ақпарат алғанда бұрмаламай, эмоцияға берілмей, өзінің жеке көзқарас, пікір қоспай, дереккөздерін анықтап, дұрыс беру керек. Журналист медиаға ақпарат таратқан кезде ол міндетті түрде дереккөз көрсетуі керек. Біреуден естідім, біреуден көрдім деген жүрмейді»,-деп негізгі этикалық, құқықтық мәселелерді еске салды. Ал«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы «Медиа этика» тақырыбындағы баяндамасында отандық медиа кеңістіктіктегі ақпарат таратушылардың кейде өзі жариялаған ақпарттарына жауап бере алмайтындығын сынға алды.

Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи»-«Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов журналистердің материал жазудағы жауапкершілігін баяндап, оның халыққа, қоғамға әсер ету құбылыстарын сараптады.

«Контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар» отырысын «Qazaq gazetteri» ЖШС Бас директордың орынбасары-Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш модераторлық етті. Думан Анаш  қазақ баспасөзінің қаржыландырылуы, қаржы табуы үлкен мәселе екенін, оның жаңа нарыққа бейімделу жолдарын атап өтті. Отырыста сөз алған «Turkistan Meida Holding» Бас редакторы Жанахмет Ағыбаев «Телеарнадағы сапалы виедоконтент» туралы әңгімеледі.

Жанахмет Ағыбаев өзі басшылық ететін медиа қазіргі уақытта ең бірінші ақпарат таратуда әлеуметтік желімен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Өйткені, жедел ақпарат таратуда-әлеуметтік желімен жұмыс істеу уақыт талабы дейді. 

Шараның соңын «Медиадағы жасанды интеллект: 2024 жылдың трендтері» отырысы қорытынылады. Онда журналист, ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы модераторлық етті. PR маманы Айбар Олжаев «Бизнес журналистикадағы АІ» тақырыбындағы баяндамсында жасанды интеллектің енді ғана даму жолына түскенін, әрі оның журналистердің жұмысын толық алмастыра алмайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, жасанды интеллект белгілі алгоритмдерді ғана орындаса, адам ол жұмысты оймен қорытып, жасалған жұмыстардағы қатені көре алатындығымен артықшылыққа ие екендігін айтты. Ал журналист Думан Бықай «Жасанды интеллект және қазақ журналистер», маркетолог Айдын Мауытханғ «Маркетинг саласындағы жасанды интеллект» тақырыптарында қызықты соңғы деректерімен бөлісті.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

6238 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз