Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 16 Қаңтар, 2024

Қонаевта модульдік казарма ашылды

Қонаев қаласында орналасқан 58012 әскери бөлімінде 100 орындық модульдік казарманың ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

21 қаңтар – Инженерлік әскерлер күні. Осы күнге орай ашылған Қонаевтағы жаңа модульдік казарма әскерилердің кәсіби мерекесіне тарту болды.

Модульдік казармада әскер қатарына шақырылғандар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда жылы да, жайлы жатын бөлмелері, тұрмыстық және жуыну, кір жуу және оны кептіру бөлмелері орналасқан. Әскери бөлімнің оқу сыныптары мен жаттығу орындары бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

«Инженерлік әскерлердің басты міндеті – әскердің тиімді ілгерілеуін қамтамасыз ету. Бұл – дала жағдайында бөгеттер салып, көпірлер орнату, мина алаңдарынан өту жолын төсеп, әскерлер үшін қозғалыс бағытын дайындау жұмыстарынан тұрады. Бір ғана жіберіп алған мина сарбаздар қатарын шығынға ұшыратып, құрамды бұзып, жауға орналасқан жерін береді. Сондықтан әскери инженерлерде қателікке жол жоқ», - деді 58012 әскери бөлімінің командирі, подполковник Төлеген Назаров.

Инженерлік әскерлер – ұрыс жағдайында да, бейбіт уақытта да қолданылатын қос мақсатты әскерлер. Инженерлік әскерлердің жеке құрамы елдегі табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысуда. Инженерлік әскерлердің жеке құрамы техногендік сипаттағы табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды жоюға да тартылады. Әскери қызметшілер сел мен тасқыннан оқшаулау міндеттерін орындайды. Адамдарды қар құрсауынан құтқарумен айналысады.

БАҚ өкілдері мен мектеп оқуышларына қатар ұйымдастырылған ашық есік күнінде 58012 әскери бөлімінің инженерлік әскерлері өздерінің әскери-техникалық мүмкіншіліктері мен оны әскерде қолдану жұмыстарын көрсетті. Әскери бөлім алдағы уақытта тағы да модульдік казармаларды құру жоспарда бар екенін айтты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Қонаев қаласы, Алматы облысы

5897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз