- Таным
- 16 Ақпан, 2024
«Үшінші толқын»: Үміт пен үрей
Әлемде ковид қайта өршіді. Дәрігерлер «бұл ауқымды үшінші толқын» дегенді сан мәрте қайталайды. АҚШ, Еуропа, Португалия, Нидерланд, Финляндия мемлекеттерінде науқастар саны күн сайын артып, тіпті өлім-жітім де тіркеле бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы төрт апта ішінде әлемде вирус жұқтырудың 1 113 726 жағдайы және одан болған 8 700 өлім саны тіркелді. Ауруханаға жатқызылғандар саны 40 пайызға өсіп, 28 күнде 173 мыңнан асты, жансақтау бөлімшелеріне түскен науқастар саны 13 пайызға (барлығы 1,9 мыңға жуық) артты. Ең өкініштісі, аталған дерт Қазақстанды да айналып өтпеді.
Еліміздің Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті «2024 жылғы қаңтарда 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда індетпен сырқаттанғандардың саны 2,5 есе өсті», – деп ақпарат таратты. 2024 жылғы 26 қаңтардан 1 ақпанға дейінгі аралықта республикада 144 жағдай КВИ тіркелді. Сырқаттанушылардың саны 26 адамға өскен. Індетке ұшырағандардың ең көбі Алматы (37) және Астана қаласына (21) тиесілі.
Әйтсе де министрлік тарапынан шектеу шараларын енгізу жоспарланып отырған жоқ. Тек адамдар легі көп жиналатын үй жайларда, қоғамдық көлікте, медициналық ұйымдарға барған кезде, науқаспен байланыста болса, бетперде тағу ұсынылады.
Осы орайда (жаман айтпай, жақсы жоқ) санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің бетперде тағу, сақтанып жүру жөнінде ескертпесіне селқостық танытып, баяғы «таз» қалпымызға қайта келсек, қайтпекпіз деген сауал мазаламай қоймайды. Ендеше, түйткілді сауалдың түйінін тарқату мақсатында бірқатар мамандардан пікір алып көрдік.
Серік Наметкүл, дәрігер: Сұйықтықты көп ішкен тиімді
– Денсаулық сақтау министрлігі алдын-ала келер қауіпті ескертті, бетперде режімін енгізді. Ендеше, «сақтансаң сақтайды» ұстанымын берік ұстанып, өз-өзімізді дерттен қорғап жүргеніміз ләзім. Алда көктем келе жатыр. Көктем мезгілінде адамдардың иммунитеті төмендеп, ағзадағы дәрумендер сарқыла бастайды. Сәйкесінше, дерттің ағзаға бойлауына жол ашуымыз мүмкін. Сондықтан бұл мезгілге ертерек қамданған жөн. Ағзаға керекті дәрумендерді толықтыру керек.
Қазір ковидке қарсы вирусқа қарсы дәрілерге ацикловир, гроприносин, қан сұйылтатын препараттардан клексан,фраксипарин, антибиотиктен цефжатады. Цеф4. цефамед секілді уколдар, витаминнен аскарбинка+ натрий хлорид 0.9, учетта тұратындарға милдронат, қосымша ауруларына байланысты қосымша дәрілерді, системаларды саламыз.
Сондай-ақ сұйықтықты көп ішсе, ауру тері арқылы, зәр арқылы тез шығып кетеді. Ал 2-3 күнде денсаулық жағдайы өзгермесе, дереу жедел-жәрдем шақырған жөн. Себебі біз «өз бетімізбен емделеміз» деп тыраштанып жүргенде дерт өкпені жалмап, вирустық пневмония, жіті респираторлық дистресс-синдромға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы ықтимал.
Орынбасар Нұрланбекұлы, интерн дәрігер: Немқұрайдылық танытуға болмайды
– Коронавирус өткен уақытта қалғандықтан, біздің санамызға енсеріп тастағандай сезім орнауы мүмкін. Десе де, бұл дерт қайта айналып келе береді. Қазір қыс мезгілі, қар жауып, вирустар өліп жатқан жайы бар. Бірақ қауіптенетін мезгіл әлі алда. Егер бойыңыздан әлсіздік, тамақтың ауруы, температураның көтерілуі, құрғақ жөтел белгілерін байқасаңыз, немқұрайлық танытуға болмайды. Дереу ауруханаға баруыңыз керек. Егер тіпті қыстығып жөтеліп, күннен-күнге жағдайыңыз нашарлай берсе, магниттік резонанстық томографияға да түсіп көру қажет. Вирус ауада 3 сағатқа дейін өміршеңдігін сақтау қабілетіне ие. «Бұл үшінші толқын» деп жатыр. Ғалымдар төртінші толқынның да болу ықтималдылығы жоғары екенін айтқан. Әйткенмен COVID бұрынғыдай жұмбақ вирус емес. Емделу жолдары бар. Дәрігерлердің бұл дертпен күресу жолында тәжірибесі жетерлік. Ең бастысы, ауруды өршітіп алмай, уақытында дәрігерге көрінуі керек.
Аяжан Досжан, терапевт: Дұрысы – саумал мен шұбат
– COVID ауа арқылы жұғады. Бір үлкен аудиторияда COVID-ке шалдыққан бір адам болса, басқалары да ауруы әбден мүмкін. Бірақ бәрі иммунитетке байланысты. Жалпы бұл дертке шалдыққан жағдайда адамдар «қарапайым тұмау екен» деп өз-өздеріне ем тағайындап, антибиотик қолданып жатады. Бұл – дұрыс емес. Антибиотиктер ағзадағы вирустарды өлтіргенімен оған қосымша дөп келетін басқа да емдерді бірге қабылдау керек. COVID екені анықталса, күштірек антибиотиктер керек болуы мүмкін. Және оның арнайы дозасы болады. Ол үшін әрине, дәрігердің кеңесі керек. Алайда «ауырым ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн». Бетперде режимін қатаң ұстанып, тіпті оны медициналық спиртке шылап алып, тағуды ұсынамын. Және COVID қанды қоюландырады. Менің тәжірибемде коронавирус болып басталып, жүрегі тоқтап қалатын жағдайлар көп кездесті. Сондықтан қанды сұйылтатын дәрілерді ішіп жүру керек. Сондай-ақ мүмкіндік болса, саумал мен шұбатты жиі ішіп тұруға да кеңес берер едім.
Мақпал Елібаева, гирудо терапевт: Дереу дәрігерге жүгінген жөн
–Адамдар суық су ішіп, балмұздақ жеп, салқындатылған душ қабылдап, не суық жерде отырып қалса, тамағы ауырып, ыстығы көтерілуі мүмкін. Ағзаға осылайша суық түсу – қазіргі COVID-тің өршіп тұрған шағында өміріңді қатерге тігумен пара-пар дүние. Сондықтан суықтап қалмай, үйдегі инфекцияларды адыраспан секілді киелі өсімдікті тұтату арқылы өлтіріп, терезені жиі ашып тұру керек. Антисептиктерді қайтадан қолдана бастау қажет. Алдын алу үшін саумал ішіп тұрған да пайдалы. Бірақ саумалды қан қысымы төмен адамдарға ішуге тыйым салынады. Ал алғашқы белгілерін байқаған жағдайда дереу дәрігерге жүгінген жөн. Не болмаса, дәруменге бай сорпа, күніне 2 литрдей су, ыстық сүтке сарымсақты үккіштен өткізіп, бал қосып ішу белгілі бір деңгейде нәтижесін береді. Алайда ДДСҰ өз-өзін емдеу толық нәтиже бермейтінін айтқан. Ең дұрысы, бәрі кеш болмағанда ауруханаға жату. Осы орайда COVID-тің асқынған белгілерін де қоса кетейін, ол– ентігу, қақырықтың көбейуі, қан түкіру, жөтелдің жиілеуі.
Ақгүл Айдарбекқызы, «Ana tili»
962 рет
көрсетілді0
пікір