Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Ақпан, 2024

Кинодағы қаһарман

Берік Бейсенұлы, 

«Ana tili»

Халық батыр-баһадүрлерін іздейді

Соңғы бір аптадан бері әлеуметтік желіде айтыс-тартыс жүріп жатыр. Мәселе мынада: көрші өзбек режиссерінің Жалаңтөс баһадүрге қатысты түсірген тарихи киносы қазақтың намысына қозғау салғандай. Шын мәнінде киноның трейлері мықты. Әсері зор.
Ал біздің айтпағымыз не? Жалаңтөс өзбекке де, қазаққа да ортақ тұлға. Бірақ мәселе көршіміздің тарихи тұлғаны  бізден ертерек түсіруінде болып тұр. Шығу тегі қазаққа жақын болғанымен, Жалаңтөс баһадүрдің өмірінің басым бөлігі Бұхарада өтті.  Оның өзбек тарихындағы алатын орны орасан. «Жалаңтөс би Сейітқұлұлы  (1576-1656 жыл) Самарқандтағы Бұхара хандарының қолбасшысы, саясаткері, әмірі. Сырдарияның  саға-жағалауын мекен еткен алшын  елінің Әлімұлы рулық бірлестігінен тарайтын Төртқара  руынан шыққан.

Жалаңтөс Сейітқұлұлы – ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің  атасы. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұқараға жақын Нұрата тауларына қоныс аударады. Жалаңтөс батыр жас кезінен-ақ халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілді. 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскермен көмекке келіп,  басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты», – дейді дерек көздері.
Әрине, өзбектер түсірген киноның мазмұны қандай? Оны бір­жола өзбек баһадүрі етіп шығара ма? Жоқ әлде, көрші жатқан қос елге ортақ тұлға екендігін анық көрсете ме? Уақыты келгенде ол киноны да көре жатармыз. Тарихты қозғасақ,  бір нәрсені ашық айта кетуіміз керек: түркі халықтарына көп нәрсе ортақ. Батыр да, тұлға да, хан, қара да. Бірақ мәселе мынада: бізге де  қазір дұрыс тарихи кино түсіру керек. Ұланғайыр жерін қорғап қалған, аты аңызға айналған батыр-баһадүрлерінің образын кинодан көрсе, жастардың елдік, патриоттық сезімі оянбай ма? 
Бір ғана мысал, «Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ!» киносы жарыққа шыққанда дүр сілкіндік. Қазаққа осындай кино керек екенін ұқтық. Халық қызыға көрді. Кинотеатрға ағылды. Көрерменнің сұрауы бойын­ша тағы да бір аптаға уақытты создық. Халық көрді. Ел рухани тұрғыдан ағартушы, күрескер тарихи тұлғаның образына қанықты. «Оян  қазақ» аз ғана уақыттың ішінде бұрын-соңды болмаған касса жинады. Әңгіме ақшада емес. Ақиқаты, дұрыс киноға көрермен барады, көреді. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Халық тарихи тұлғаға зәру. Ел өткеннен тарихын іздейді. Біз де орасан зор қаржыға кезінде «Көшпенділерді» түсірдік. Бірақ көрер­меннің көңілінен шыққан халықтық киноға айнала алды ма? Мәселе сонда. Әйтпесе, қазақта елін, жерін қорғаған батырлар мен қолбасшылар көп қой. Біз ел аузынан, тарих, әдебиеттен ғана олар туралы оқып, білсек те, кинода олардың қаһармандық образына әлі қаныға алмай келеміз. 
Бір нәрсе айқын. Кино – ұлттық идеология. Біз әлі күнге дейін «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады» атты «Қазақфильмнің» алтын дәуірінде түсірілген фильмдерді қайта-қайта сөз етеміз, тілге тиек ете береміз. Бірақ өткен уақытпен өмір сүре беруге болмайды. Қуанайық, қазір «Қазақфильмнің» даңқын қайтару жолында іргелі істер бастал­ды. ­Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева «кино – ұлттық идеологиямыз бен рухани келбетімізді әлемге әйгілеудің айнымас құралы. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін «Қазақфильмнің» елімізде ғана емес, халықаралық киноиндустриядағы даңқын қайтару қас­терлі міндет және жауапты іс», – деді. 
Енді дерекке жүгінейік, 2019-2023 жылдар аралығында бірыңғай оператор арқылы мемлекет 100 киножобаны қаржыландырды. 100 фильмнің жартысы әлі де стриминг-платформаларда және шетелдерде қаражат жинап жатыр.
Министр Балаева «мемлекеттің басты мақсаты – өз идеологиямызды, тарихымызды дәріптеу болғандықтан мемлекет қаражатты тарихи патриот­тық және имидждік фильмдерді шығаруға бөлетінін» айтты. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды «алдағы маусым – киноиндустрия үшін Қазақстанның кинематография өнерін өрістетудегі даму тенденцияларын, жаңа есімдер мен креативті тәсілдерді анықтайтын  есеп беру кезеңі», —  деп мәлімдеді. Демек, біздің кинода қайтадан даму кезеңі басталды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына да жаңа жас, жігерлі жігіт келді. Тек енді ұлттық тарихымызға қатысты мықты сценарий, үздік жобалар қажет. 
Ашығын айтайық, қазір қазақ кинотеатры комедия жанрымен халықты жинап жатыр. Бұл кезеңнен де өтерміз. Арзан күлкі – бір күндік нәрсе. Ал тарих мәңгілік. Демек, бізге халықтық кино қажет. Ел кинодан қаһарманын, батыр-баһадүрлерін іздейді. Ол күн де алыс емес шығар.  Бірақ әрқашан да кино ұлттық идеология екенін ұмытпауымыз қажет. 
Біздің айтпағымыз осы еді.

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз