Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 05 Наурыз, 2024

ДСҰ сауда министрлері кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін арнайы қор ашты

ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясы (МК-13) шеңберінде Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Халықаралық сауда орталығы (ХСО) бюджеті 50 млн АҚШ долларын құрайтын «Цифрлық экономикадағы экспортер әйелдер» арнайы қорын құру жөнінде жария етті, - деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

 Ол әйелдер басқаратын бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа нарықтар ашу үшін цифрлық технологияларды пайдалануға бағытталған. Аталған қор экспортер әйелдерден өтінімдерді қабылдауын 2024 жылдың екінші тоқсанында ашады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі МК-13 төрағасы ретінде қорға 5 млн АҚШ долларын аударып, кәсіпкер әйелдерді қолдайтын алғашқы донор болды.

ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Айтжан Жанар өз сөзінде әйелдер Қазақстан экономикасының дамуы мен әртараптандырылуына баға жетпес үлес қосып, түрлі секторларға, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, сауда және шағын және орта кәсіпкерлік салаларына белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Қазақстанда 4,3 миллион жұмыспен қамтылған әйел бар, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48% құрайды, оның ішінде әйелдердің 35%-ы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Осыған байланысты Тұрақты өкіл Ж. Айтжан Қазақстанда өңірішілік және халықаралық сауданы ынталандыруға бағытталған «Ready4Trade-Central Asia» ХСО жобасының іске асырылуы туралы хабардар етті. Мұндай пайдалы және әлеуметтік маңызды жоба әйелдер басқаратын шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға, олардың онлайн-сауда саласындағы білімдері мен дағдыларын нығайтуға және халықаралық нарықтарға шығаруға бағытталған.

Жоба аясында Қазақстанның кәсіпкер әйелдері электрондық сауда бойынша оқудан өтіп, жеке консультациялар алды. Әсіресе жоба Қазақстанның тоқыма және тігін қолөнершілерін eBay, Alibaba, Etsy, NOVICA және т.б. сияқты түрлі халықаралық сауда алаңдарында ілгерілетеді.

ХСО жобасы Қазақстанның 30 кәсіпорнын нарықтар мен клиенттерді анықтаудан бастап құндылық ұсынысын әзірлеу, онлайн-платформаларда тіркеу, төлемдер мен логистика жеткізушілеріне қосылу, клиенттерді қолдау мен цифрлық маркетингке дейінгі электрондық коммерцияның барлық процесіне үйретуге мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, Қазақстанның белсенді қатысуымен әйелдер мен шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық саудаға қатысуын қолдау МК-13 қорытынды министрлік декларациясында ДСҰ жұмысының басым бағыты ретінде айқындалғанын атап өткен жөн.

742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз