Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Наурыз, 2024

Еркебұлан ТОҚТАР: Спорттың арқасында өнердегі жолым ашылды

Кейіпкеріміз Еркебұлан Тоқтарды сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің қатарына қосуға болады. Өнермен бірге спортты қатар алып жүрген ол спортшы ретінде де танымал бола бастады. Аралас жекпежек спортында тасы өрге домалаған актердің өнерін миллиондаған жанкүйерлер тамашалайды. Кәсіпқой спортшы болмаса да, кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген Еркебұланды кезекті жарысына дайындалып жүрген жерінен көріп қалып, аз-кем сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Еркебұлан, спортқа, соның ішінде ММА-ға қалай келдің? Кім түрткі болды? Осы спортқа келгенде жоғары дәрежеге жетем деп ойладың ба?

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын құмар ойынның құлқынына түсіп, «қораға» кіре бастадым. Тапқан табысымның бәрін букмекерлерге бәс тігіп, ұтылып жүрдім. Тіпті мик ронесиелер алып «қадалған» кездерім көп болды. Қарызға да белшемнен баттым. Анамның туған күніне төрт күн қалғанда сыйлық алуға қалтамда көк тиын жоқтығын көріп, өзімнің қаншалықты «сорлы» бала екенімді түсіндім. Не әкешешенің үмітін ақтамағаныма, не іні-қарындастарыма үлгі бола алмағаныма налыдым. Сол сәттен бастап өз-өзімді қолға алып, жақсы жаққа өзгере бастадым. Спортқа да жаман әдеттен арылу мақсатында келдім. Шыны керек, жаттығуға төлейтін ақшамыз болмай, тегін зал іздедік. Сырым Бектұрсын бауырым тегін жаттығатын зал тауып беріп, қол ұшын созды. Үш айдан соң медиа бокс кешіне шақырту алып, украиналық боксшымен жұдырықтастым. Қарсыласымды екі рет нокдаунға жіберіп, жарқын жеңіске жеткен соң «Октагон» тұжырымының басшысы Нұраддин ағамыз ұсыныс жасады. Сөйтіп, «Октагон» тұжырымында жекпе-жекке шығып, жеңіске жете бастадым. Осылайша танымалдығым артып, жан-жақтан келісімшарттар келе бастады. Қарыздарымнан құтылып, адам қатарына қосылдым.

– ММА спортына келудегі басты мақсатың қандай? Ақша табу ма, әлде елдің абыройын шығару ма?

– Шыны керек, елдің абыройын ойлайтындай үлкен азамат емеспін. Маған әуелі отбасымның жағдайы маңызды. Елдің қамы сияқты ауқымды дүниені емес, әуелі отбасыңды ойлап, жағдайын жасауың керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, еліңнің өркендегенін қаласаң, отбасыңның жайын ретте деп кеңес айтқым келеді.

– Танымалдығыңның артуына спорттың тікелей қатысы бар деп ойлайсың ба? Және осы спорт өнер жолындағы мансабыңның өрге домалауына септігін тигізді ме?

– Әрине, танымалдығымның артуына спорттың тікелей қатысы бар. Осы спорттық сайыстардың арқасында өнердегі жолым да ашылды деп айтсам болады. Жалпы адамдар өнер емес, спорт арқылы тани бастады деп ойлаймын. Спорт көп нәрсеге көмектесті. Жаңа киноларға түсуіме, жаңа рөлдерді сомдауыма да спорттың тигізген септігі жоқ емес.

– Спортшы болған оңай ма, әлде актер болған оңай ма? Қайсысынан көбірек табыс табасың? Бір жылда кинодан қанша, спорттан қанша ақша таптың?

– Актерлік жаныма жақын. Спортшы болу өте қиын. Спортта бір рет жеңіліске ұшырасаң жолың тұжырылуы мүмкін. Жылдар бойы жеңілмей жүріп, бір ғана жеңілістен кейін халықтың ызасына тиген спортшыларды көрдім. Спортшы физикалық қана емес, психологиялық жағынан да мықты болу керек. Кинода спорттағыдай жеңіс пен жеңіліс жоқ. Тек сомдаған рөлің халыққа я ұнайды, я ұнамайды. Ал ақшаны кинодан да, спорттан да емес, жарнамадан көп табамын.

– Кәсіпқой спортшы болмасаң да сол спортшылардан екі есе танымалсың әрі олардан қаламақың көп. Мұның сыры неде?

– Мұның бәрі өзіңді қымбат «сата білуіңе» байланысты. Спортшыларымыздың көпшілігі өздеріне PR жасай алмайды. Шаршы алаңдағы өнеріңнен бөлек, PR да жақсы болу керек. Мен спорт жағынан нашарлау болсам да, PR жағынан мықты болып тұрмын. Егер екеуі де мықты болса, біразға дейін құлаш сілтеуге болады.

– Сен түскен ең үздік үш кино және ең үздік үш сайыс қандай және олар несімен ерекше?

– Өзіме ұнаған фильмдер арасында Ақан Сатаевтың «Маған өмір сүруді үйретші» киносын ерекше айтар едім. Ақан Сатаевтың киносына түсу, бірге жұмыс істеу бала кездегі арманымның бірі болатын. «Байдың қызын аламын» – мән-мағынасы қатты ұнамаса да, ең көп қаржы жинаған кино. «Отыздан асып барамын» фильмінің төртбес эпизодына ғана түссем де, мағынасы жағынан қатты ұнады. Ал жекпе-жекке келер болсақ, әрқайсысының орны бөлек, барлығы ерекше деуге болады.

– Өнер саласында және спортта үлгі тұтар тұлғаларың кім?

– Шыны керек, өнерде де, спортта да үлгі тұтар ағаларымыз өте көп. Ешқайсысын бөліп-жарып атағым келмейді. Қазақтың туын әлемдік деңгейде көтеріп жүрген спортшылардың әрқайсысы үлгі тұтарлық тұлғалар ғой. Негізі болашақта өзімді қандай адам ретінде көргім келеді, сол – ең басты үлгі тұтатын тұлғам.

– Өнердегі және спорттағы мақсатың қандай? Екеуінде де атыңды тарихта жазып қалдыратындай дүние жасау ма? Әлде...

– Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, тарих жазатындай арман-мақсатым жоқ. Спортта да, өнерде де тек отбасымның жағдайын жасау үшін еңбектеніп жүрмін. Сондықтан тарихта қалатындай дүние жасауға ұмтылмаймын. Ең бастысы, отбасым ешнәрсеге мұқтаж болмай ғұмыр кешсе болғаны.

– Еркебұлан, сен сайысқа шыққанда міндетті түрде артыңнан сөз ереді. Ұтсаң, көре алмайтындар бар, жеңілсең, жерден алып, жерге салатындар да жетерлік…

– Иә, бәлкім танымал болғаннан кейін шығар артымнан сөз жүретіні. Ұтсам да, ұтылсам да, даттайтындар да, жақтайтындар да жетерлік. Әрине, ондай сөздерге мән бермеймін. Артымнан сөз ерген сайын шаруам алға басады. Әрине, артыңнан жақсы сөз жүргенін қалайсың ғой. Бірақ бәріне жақсы болып көріну, ұнау мүмкін емес.

– Белгілі UFC жауынгері Хорхе Масвидаль сенің секіріп барып тіземен тепкен нокаутыңа ерекше тамсанып пікір білдірді. Бұл жайт сені қанаттандыра түсті ме? Болашақта АҚШтағы атақты блогерлермен жұдырықтасу ойыңда бар ма?

– UFC жауынгері Хорхе Масвидаль «керемет төбелестің» деп инстапарақшама кіріп, пікір жазыпты. Жекпе-жегімді көргеніне іштей риза болсам да, қатты қуанған жоқпын. Сол әдісті негізі Масвидальдің өзінен көріп жасағанмын. Дегенмен оның жазған пікірі керемет рух берді дей алмаймын. Шыны керек, Америкада жұдырықтасатындай дәрежеде емеспіз. Ол жақтың деңгейі өте жоғары, мүлде бөлек. Мұхиттың арғы жағына бару үшін бүкіл жұмысымды ысырып қойып, дайындалуым керек. Әрине, егер жақсы ұсыныстар түссе, барып өнер көрсетуге болады.

– Біздің жас оқырмандарымызға айтар ақыл-кеңесің қандай?

– Жастарға Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзін өмірлік қағида ретінде ұстаңдар дегім келеді. Еңбек еткен адам ғана үлкен жетістікке, дәрежеге жетеді. Сондықтан еңбек етуден, жұмыс істеуден шаршамаңдар. Шынайы еңбек қана арман-мақсаттарға жеткізеді.

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

1584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз