Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Наурыз, 2024

Оқулық терминдерін қалай біріздендіреміз?

Оқулық – жай оқу құралы  ғана емес. «Оқулық – даналыққа апаратын жолдың бастамасы» (А.Байтұрсынұлы). Термин ­­–­­ оқытылатын пәннің негізгі мазмұнын ашып, белгілі бір ғылыми ұғымды білдіретін тірек сөз. Ал  терминді біріздендіру – әртүрлі нұсқада жарыса қолданылатын, мағыналас, тұлғалас, кірме терминдерді бірыңғай стандарт жасау процесі. Оқулықтағы тақырыптарды меңгерту үшін оқушаға ұсынылатын әдіс-тәсілдер сан алуан болады, бірақ терминдердің бірізділікпен берілуі оқушы мен оқытушы үшін де аса маңызды.
 

Мектеп оқулықтарының басым көпшілігінде назардан тыс қалып келе жатқан мәселенің бірі – оқулықтардағы терминдердің берілу жағдайы. Атап айтқанда, «Оқулықтардағы мамандар тарапынан ұсынылып жүрген терминдер оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келе ме? Балама терминдерді беруде терминге қойылатын талаптарға мейлінше сәйкес келетін нұсқаны сұрыптап, таңдап алу үдерісі сақталған ба? Әр сынып оқулықтарындағы салааралық терминдердің, тіпті салалық терминдердің дефинициясы бірдей формаға немесе жүйеге келтірілген бе?» деген сұрақтар туындайды. Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары, п.ғ.к., Мәншүк Мұқаметқали былай дейді: «Мектеп оқулықтарында терминдердің жүйелі түрде берілуіне және оқушылардың оларды қабылдауына кедергі келтіретін негізгі терминологиялық мәселелер мыналар:
1. Терминдердің тұрақсыздығы. Терминдерді аудару бойынша мамандар пікірінің екіге бөлінуі бір терминнің әртүрлі сөздікте әртүрлі аударылуы (пайыз, процент, мұражай, музей т.б.). Аталған мәселе оқулықтарда, әсіресе әртүрлі баспалардың бір терминнің әртүрлі нұсқада беруі себеп болды.
2. Мектеп пәндері бойынша жалпы қабылданған ұғымдар мен терминдер тізбесінің немесе сөздігінің болмауы себепті, оқу әдебиетінің сарапшылары терминдерді қолданудың пәндер мен сыныптар арасындағы сабақтас­тығын қадағалай алмайды.
3. Оқушыларға терминдерді оқытудың педагогикалық аспектілері де нақтыланбаған. Сол себепті кейбір оқулықтарда терминдер шамадан тыс көп берілген.
4. Терминдерді қалыптастыру принциптерінің әлсіздігінен бір ұғымды беруде терминнің бірнеше нұсқасы қолданылып жүрген жағдайлар кездеседі». 
Мұндай мәселелерді шешу білім саласындағы мамандардың басты міндеттерінің бірі деп санаймыз. 
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері «Жаңа Қазақстан контексінде тілдік сананы жаңғыртудың лингвистикалық құралдары мен әзірлемелерін жасау» жобасы бойынша зерттеу жұмысын бастап кетті. Жоба міндеттері жоғарыда аталған мәселелерді шешуге қауқарлы. Жоба мақсатына сай: 
Терминдерді сұрыптау;
Әр пән бойынша терминдерді кестеге салу;
Анықтамасы бар терминдерді іріктеу;
Анықтамасы жоқ терминдерді анықтау;
Анықтамасы жоқ терминдерге анықтама жазу;
Бір сыныптағы барлық терминдерді біріктіру (кемінде 2–3 баспа бойынша);
Қайталанған терминдерді, анықтамасы ықшамды, түсінікті, оқушының жас ерекшелігі ескерілген терминдерді анықтау;
Әр сынып бойынша терминдердің жеңілден күрделіге қарай орналасу ретін анықтап, анализ жасау;
Оқулық авторлары мен сарапшыларына арналған терминдерді қолданылуы­ бойынша нұсқаулықтар әзірлеу; 
Мектепке, жалпы қолданысқа арналған терминологиялық электронды және қағаз нұсқадағы сөздік дайындау т.б. зерттеу нысандары анықталып, жоспар бойынша жұмыс атқарылып жатыр. 
 

Ахмет Байтұрсынұлының термин жасаудағы басты ұстанымдары:
• Терминнің түсініктілігі;
• Терминнің ана тілі негізінде жасалуы;
• Көпшілік түсінбейтін, бірақ қолданыста бар арабша, парсыша терминдерді қолданыстан тыс шығару;
• Қажеті мол жағдайда жат тілдің терминін де қолдану (Еуропа және араб, парсы тілдерінен). 
Терминдердің анықтамасын бағалау барысында осы ұстанымдар ескеріледі. Терминнің басты шарты – түсініктілік. 
Ғылым тілі, ең алдымен, ақпараттылық-танымдық қызмет атқаратынымен ерекшеленеді. Сондықтан ол адамның таным үдерісі нәтижесінде анықтаған ұғымдар мен олардың өзара байланысы жөнінде нақты ақпарат беріп, объективті білімді меңгеруге қызмет етеді. Біріздендірілген, стандартталған ұлттық терминқор, жетілдірілген терминжүйе – ғылым тілінің өзегі. Ғылым тілінің негізін ғылыми терминдер құрайды. Барлық негізгі ғылым салаларының терминдер қоры жасалып, ғылыми сараптан өтіп, біріздендіріліп, стандартталмайынша ұлттық ғылым тілі толық іске қосылып, өзінің қызметін мүлтіксіз атқара алмайды. Салалық терминжүйелер сапалы жасалмаса, ғалымдардың, мамандардың бірін-бірі қиындықсыз түсініп, ғылыми коммуникацияны жүзеге асыруы мүмкін болмайды. Сондықтан мектеп терминдері болсын, жалпы терминдерді біріздендіру аса қажет жұмыс. Нақты мақсат қойылып, бір орталықтандырылып, жоспар жасалса, жүзеге асатын жұмыс. 
Зерттеу барысында мектеп терминологиясындағы әралуандық жиі кездесті. Негізгі он екі пән бойынша, әр пәннен екі мен төрт баспа аралығында терминдер жиналып, салыстырылды. Берілген анықтамалар (дефиниция) лингвис­тикалық тұрғыдан, сынып бойынша баланың жас ерекшелігіне сай берілген-берілмегені тексеріліп, сарапталды. Бір ғана математика оқулығы бойынша статистиканы келтірсек, 1–11 сынып аралығындағы математика, алгеб­ра оқулықтары бойынша 1 020 термин жиналып, анықтамалары 2–3 баспа бойын­ша салыстырылып, лингвистикалық тұрғыдан сараланып ұсынылды. Төменде шағын мысал келтіреміз (кестеде).

 

Қазақ терминологиясы жайлы толық мәлімет беретін бірден-бір сайт – termincom.kz. Сайт Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді пайдалану үшін, салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру үшін пайдаланылады. Осы сайтта арнайы «мектеп терминологиясы» деген бөлім бар. Қажет ақпаратты іздейтін сөз арқылы және пән, сынып бойынша іздей аласыз. Қазіргі таңда 4 241мектеп терминінің анықтамасы берілген (02.03.2024 жылғы статистика бойынша). Ал математика бойынша 293 термин берілген екен. Өз кезегінде, институт істеп жатқан жұмыс­тар мектеп терминологиясының толық электронды базасы бола алады. 
Оқулықтарда қазақ тілінің фонетикадан бастап, прагматикалық деңгейдегі мүміндігін дұрыс қолданып, бірізді терминқор қалыптас­тыруға толық мүмкіндігіміз бар. Терминдерді жасау барысында тіл мамандары мен әр сала мамандары бірлікте тығыз жұмыс істеуі керек деп есептейміз.  Терминдерді біріздендіру қазақша ғылым тілін дамытуға, қалыптастыруға бірден-бір қажет шарт. 

Самал БЕЙСЕНХАН,
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының 
ғылыми қызметкері

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз