Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Наурыз, 2024

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

Жүрегі шыны сияқты мөлдір адамдар болады, сөзі жаныңа жібектей жа­ғады. Оларды «жүрек қаламгері» дейді. Сол қаламгердің бірегейі Бейсен аға­мыз, қазақтың Бейсен Құранбегі еді. Ағамыздың ел алдында жарқырып жү­руіне тікелей септігін тигізген аяулы да ардақты жары – Гүлмира Қадырқызы бүгінгі «Қаламгер жары» айдарында... Сұқбаттаспақ болып телефон шалғанымда тұтқаның арғы жағындағы жанға жағымды дауыс көңіл күмбезімде күн шыққандай әсерге қалдырды. Ағамыздың ел алдында жарқырап, күліп жүруінің бір себебін түсінгендей болдым әрі қатты қуандым...

 

– Отбасы институтының мызғымас­тығы – бүгінгі қоғам ең көп қажет ететін құндылық. Отбасының берік болуы үшін Бейсен Құранбек екеуіңіз сыйластықтың, жарасымдылықтың, түсіністіктің формуласын қалай жасадыңыздар? 
– Бейсекең атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен. Біз танысқанда ол кісі 26 жаста болатын. Бірақ ой өрісі, сөз саптауы көпті көрген үлкен кісідей болды. Сол себептен болар, мен Бейсекеңнің әрбір сөзін мұқият тыңдайтынмын. «Екеуміз үйленеміз» деген шешімге келгеннен Бейсекең отбасылық ережелер керегін айта бастады. Мен бастапқыда қалжың деп ойладым, бірақ байқап қарасам, ол шындап кірісті. Кездескен сайын «үйленген соң арадағы сыйластықты жоғалтып алмау үшін не істейміз?» деген ойды өрбітетін. Ол кісі айтқан әр ойы орынды, одан басқаша болуы да мүмкін емес секілді көрініп тұратын. Бейсекең құдды бір бұрын үйленіп көрген кісідей «ертең үйленген кезден бастап билікке талас болады, сондықтан осы бастан шешіп алайық. Еркек – басшы, әйел – қосшы, бекер таласып, бетіміз ашылып кетпесін» дегенін ұмытқаным жоқ. Мен келістім.
– Екеуіңіз қалай танысып едіңіздер? Жастықтың, ең бір ғажап кезеңіне оралайықшы?
– Мен 1997 жылы «Алматыға аспирантураға оқуға түсемін» деп, Абылай хан атындағы университетте жұмыс тәжірибесінде жүргенмін. Қосымша «Спорт» газетіне корректор болып жұмысқа орналас­тым. Сол жерде Сайын аға Тұрсынов жауапты хатшы қызметін атқарды. Бейсекең де бұрын сол газетте жұмыс істеп, Сайын ағаның баласындай болып кеткен екен. Бірақ өзін «телевизия саласында байқап көремін» деген оймен газеттегі жұмыстан шығады. Мен жұмысқа орналасқаннан кейін көп ұзамай ол кісі ағаларына амандасуға келіпті. Сонда Сайын аға Бейсекеңнен «Үйленетін ойың бар ма? Қызың бар ма?» деп сұрапты. Бейсекең үйленгісі келетінін, бірақ қалыңдығы жоқ екенін айтады. Сонда Сайын аға «Сенің кәрі шешең бар, оған жақсы келін болатын қыз бар бізде» депті. Сөйтіп, мен отырған кабинетке ертіп келді де, «Гулечка, мынау Бейсенжан, менің балам, танысып қой. Жақсы жігіт, жаман әдеттері жоқ», – деді де, өзі шығып кетті. Екеуміз де біраз үн-түнсіз отырдық. Сәлден соң Бейсекең «қайдан келдіңіз, не істейсіз» деген бір-екі сұрақ қойды. Мен қысқа жауап қайырдым да, алдымдағы газетке шұқшиып, қатесін теріп отыра бердім. Сонымен, алғашқы әңгімеміз аяқталды. Бірақ одан кейін Сайын аға жарнаманы жақсы жасаған сияқты, Бейсекең газетке келуін жиілетті.
– «Жақсымен өткен жарты сағат…» деген жақсы сөз бар. Бейсен ағамызбен өткен ғұмырыңызды қалай сипаттар едіңіз?
– Өмірді сипаттау деген оңай шаруа емес... Жеткізе алар ма екенмін... Бір ауыз сөзбен айтсам, Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды.
– «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бір-біріңізге өкпелеп қалған шақтарда жағдайды ушықтыр­маудың жолы қандай болды?
– Әрине, адам баласы болған соң сезімдерге бой алдырасың, ұсақ-түйекке өкпелеп қалатын кездер болады. Бірақ Бейсекең мұны алдын ала ойластырып, жолын айтып қойған. Қазақта жақсы сөз бар ғой «Жақсы адамның ашуы шайы орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» деген. Бейсекең «осы мақалды ереже қылып аламыз» деді. Арадағы келісім бойынша бір-бірімізге өкпелесек, бес минуттан артық ашуға берілмейміз, бұртиып, сөйлеспей 
қоюымыз мүмкін, бірақ ол бес минуттан аспауы қажет. Одан әрі қарай ашусыз, айғайсыз неге ренжігенімізді түсіндіріп, сабырмен талдап, сосын татуласатынбыз.
– Бейсен ағамыздың жұрт біле бермейтін қылық, дағдысы болды ма?
– Рас, жұрт біле бермейтін бір жақсы дағдысы болатын. Балалар сабаққа шығып бара жатқанда міндетті түрде «бес те бес» деген тілекпен шығарып салатын. Бейсекеңнің сол әдетін байқаған бір жолдасымыздың баласы үйіне барған соң әке-шешесін ұялтыпты. «Сіздер мені сабаққа тез-тездің астына алып шығарып жібересіздер, ал Бейсен аға болса, Іңкәр мен Жауһарды маңдайынан иіскеп, «бес те бес» деп шығарып салады» деген көрінеді.
– Қазіргі көп жастарға үлгі болған әйгілі отбасының 7 қағидасын қаншалықты қатаң ұстандыңыздар?
– Әйгілі жеті қағиданы үйленбей тұрып қабылдап тастағанбыз. Жаңа айтып өткенімдей, отбасылық өмірде орынсыз ұрыс-керіспен өзіміздің берекемізді қашыр­мау үшін Бейсекең шындап ойланды, мен тек сол кісінің айтқанының барлығын жөн көріп, дайын үлгіні қабылдай салдым десем де болады. Қаншалықты қатаң ұстанғанымызды білмеймін, бірақ екеуміз де уәдемізде тұруға тырысып бақтық.
– Бейсен Құранбек бір сөзінде сол жеті қағиданың жалғасы барын айтып қалып еді... Құпия болмаса, ол қандай қағидалар?
– Жарияланған жеті қағидадан артығын айта алмаймын, себебі ерлі-зайыптының арасында ғана айтылатын әңгімелер болады.
– Үлкен әулетке келін болып түстіңіз. Әже, ата, ене институтының үлгі-өнегесін көрдіңіз. Ол үлгіні кейінгіге қалай жеткізер едіңіз?
– Жас келінге жаңа ортаға еніп, сол жердің тәртібіне үйрену үлкен бір сынақ. Себебі әр үйдің тәртібі, тыныс-тіршілігі әртүрлі болады. Оның үстіне төркініңде еркелеп өссең, келін бола салысымен етек-жеңіңді жинап, тап-тұйнақтай бола қалу оңай шаруа емес. Менің бағыма орай апам да, көкем де, тәтем де өте мейірімді кісілер болды. Менің білмегеніме кешіріммен қарап, керек жерінде үйретіп жіберетін. Егер мен жақсы келін бола алсам, ол менің жақсылығымның ғана арқасында емес, маған жылы шырай танытып, жатырқамай-жатсынбай, өз орталарына тартқан енелерімнің арқасы. «Сіз сондай жақсы мектептен өттіңіз, келіндер курсын жүргізсеңіз болады ғой» деген ұсыныстар болды. Бірақ біреуге ақыл айтудан аулақпын. Меніңше, әркімнің өз мектебі бар, әже, туған ана, жеңгелер, енелер – осылардың әрқайсысынан жақсы нәрсе алуға болады.
– Бейсен Құранбек – жастардың, жалпы қазақ құрметтеген тұлға. Ол кісі туралы айтылар естелік те көп, жа­­зыл­­­ған кітаптар да жаппай оқылымда. Белгілі журналистің жасырын, арман-аңсарын бәрінен де тереңірек білетін жан есебінде тағы қандай тұлғалық болмысы, мұрат-мақсаты толық ашылмай тұр деген ойдасыз?
– Бейсекеңнің өмірден өткеніне төртінші жыл болып қалды, содан бері мақалалар да, кітаптар да жазылды, сайыстар ұйымдастырылып жатыр. «Бейсен ағадай болсақ» деп талпынған жастар қаншама. Аз ғұмырында бойындағы бар күш-қуатын елге қызмет етуге жұмсаған Бейсекеңнің орындалмаған арманы жастарға арналған кітап жазу болатын. Сол кітабында «жастарды үлкен істерге қайраймын, жөн сілтеймін» дейтін. Енді сондай кітаптарды жазу Бейсекеңе ұқсағысы келетін жастардың еншісінде деп ойлаймын.
–Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Элеонора ӘЗІРЖАНОВА 

 

2240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз