Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Наурыз, 2024

Алтын алған Айару

Айару Қожагелді Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен «Абу-Даби. Мәнерлеп сырғанаудан классикалық трофей – 2024» спорттық сайысында алтын жеңіп алды. Әлеуметтік желіде Айарудың алтын жеңіп қана қоймай, жеңімпаздар тұғырына көтерілер сәтте қарсыластарына құрмет көрсетіп, қол алысқан бейнесі елді сүйсінтті. 9 жасар талантпен әңгімелескен едік. Оның мұз айдынға келген оқиғасының өзі бір қызық. Бұл туралы бізге Айарудың анасы Гүлімжан Иманқұлова айтып берді:

«4 балам бар, Айару екіншісі. Бір күні әлеуметтік желіден  мәнерлеп сырғанау үйірмесіне іріктеу болатыны туралы хабарландыруды көрдім. Іріктеу үлкен ағасы хоккейге баратын Қазақстан спорт кешенінде өтеді екен. Жолдасыма: «Соғұрлым барып жүрген жеріміз ғой, қызымызды іріктеуге апарайық», – дедім. Іріктеуге қатысу үшін 5 жасқа толған болуы керек екен. Ал біздің Айарудың жасы 4 жасқа 4 ай жетпейтін. Айаруды қабылдамайтын шығар деп ойладық. Сонымен,  қатысқан 200 баланың 80-і іріктеуден өтіпті. Тізімнен қызымның аты-жөнін көріп қуанғанымыз сонша, апа-аталарына хабарластық. Кішкен-тай Айару оны түсініп те жатпады-ау».

– Өзі кішкентай болса, мұз айдынына үйрену біраз уақытты алған шығар? 

– Алғашында қуана барды. Бірақ коньки кәдімгі аяқкиім сияқты емес қой, ыңғайсыз болды. Мұзға шықса тайғанақ әрі суық, тұра алмады. Оның үстіне орыс тілін мүлде білмей-тін. Қатыспаймын, бармаймын деп жылап жүрді. «Жақсы, ендеше конькиді сатып жіберейік» десем, «жоқ» деп тағы жылап қалады. Бірде жаттықтырушы қазақша 1, 2, 3 деп көрсетіпті. Сол күні кешеннен көңілді шықты. Ертесіне өзі барамын деді. Шамамен жарты жылдан соң жаттықтырушыға бізде нәтиже жоқ екенін айтып, тізімнен қысқартасыз ба деп сұрадым. Жаттықтырушы тағы бір ай көрейік деді. Сол күннен бастап ол да бізді түсінгендей. Айару ақырындап жақсы нәтиже көрсете бастады. 

– Айару, енді өзің айтшы. Алғаш жарыстарға қашаннан бастап қатыстың? 

– Алғашқы жарыс 5 жасымда болды. Маған ең ұнағаны сол додада киген көйлегім мен бағдарламада қойылған әуен. Кейінірек Қарағандыға жарысқа бардым. Жарық маған түсіп, отырған жұрттың қол шапалақтағаны керемет болды. Үйде әкем мен анам мені жұлдыз ретінде хабарлайтын. Әдемі көйлекпен, қолыма микрофон ұстап шығатын едім. Әбден үйреншікті болған соң ба, мұз айдынында ел алдына шыққанда қорқыныш болмады. 

– Күн тәртібің қандай? Спорт пен сабақты қатар алып жүру қиын емес пе? 

– Күнім таңғы 05:15-те басталады. Ұйқыдан тұрып, тез киініп, таңғы асымды ішемін. Спорт кешеніне әкем немесе анам алып барады. Бір сағат дайындықтан соң, сабаққа шығамын. Мектепте 08:00-де болу керек. Ағылшын тілі, мате-матика, қазақ тілі пәндерін жақсы көремін. Түсінбеген мектеп бағдарламасын ағам түсіндіріп береді. Үлгеруге барынша тырысамын. 13:30 шамасында үйге келіп, түскі ас ішемін. Үлгерсем сабағымды оқып, үлгермесем көлікте оқып тағы жаттығуға барамыз. 15:30-да басталып,  19:30-да бітеді. Үйге келемін дегенше, кешкі 8-ден асып кетеді. Тамақтанып, сабағымды оқып болған соң,  22:00 кезінде ұйықтап қалуға тырысамын. Өйткені ертең де ерте тұру керек. Кейде қатты шаршасам, таңғы жаттығуға үлгермесем немесе сабақ орындамаған болсам бармаймын. Негізі дайындық 4 сағат. Хореография –1,5 сағат. Мұзда тағы 1,5 сағат және 1 сағат залда дайындаламыз. Кейде сенбі күндері қосымша жаттығулар болады. 

– Мәнерлеп сырғанаушы-лардан кімдер ұнайды, несімен ұнайды?

– Маған Элизабет Тұрсынбаева, Камила Уәлиева, Алина Загитова ұнайды. Техникасын, мұзда өзін ұстау этикасын қарап отырамын. Қолым босай қалса, осы спорт-шылардың видеоларын көремін. 

– Абу-Дабидегі жарыс туралы айтып берші. Айтпақшы, БАӘ-ге баратын мәнерлеп сырғанаушыны қалай іріктеді? 

– Абу-Дабиде өткен жарыс өзіме ұнады. Бірақ қатты қорықтым. Себебі үйренген жаңа трюкті секіре алмай қалдым. Жаттықтырушылармен бірге ол элементті биден алып тастаймыз деп шештік. Ол өте қымбат трюк еді. Өзге қатысу-шылардың қойылымында сол элемент болса, менде жеңіске мүмкіндік жоқ деген ой келді. Бірақ, сонда да өзімді жеңіске дайындадым. Мақсатым қолымнан келгенше жасау еді. Жарыстың алдында анам екеу-міз Абу-Дабидегі мешітке бардық. Іштей сүрелер оқып, өзімді бәрі жақсы болады деп сендірдім. Іріктеу разрядқа байланысты болды. Разрядым сәйкес келіп тұрды. Жарысқа әлемнің көптеген елінен түрлі додаларда жеңімпаз болған спортшылар келді. 

– Трюк демекші, мұз үстінде қандай қимыл-қозғалыстарды орындай аласың? 

– Мұз үстінде орындалу керек барлық элементті орындаймын. Бірақ бәрі жасыма лайық трюктер.

– Айару, кейбір сырғанау-шылар сырғанайтын кезде ұлттық әндерді қойып жатады. Болашақта мұздағы қойылымға байланысты жоспарларың бар ма? 

– Иә, біздің мектепте Батырхан Шүкеновтің орын-дауындағы «Отан Ана» атты шығармасына қойылған бағдарламамен Абай деген спортшы өнер көрсетеді. Ал мен болашақта Димаш Құдайбергеннің әнін қойып, сырғанағым келеді.

– Өскенде кім болғың келеді? 

– Болашақта актриса болғым келеді. Театрда ойнасам деймін. Спортты да тастағым келмейді. 

– Гүлімжан, енді өзіңізден сұрағым келеді. Спортпен айналысатын балаға ата-ана тарапынан қандай қолдау болу керек?

– Ата-анадан дисциплина, уақытында жеткізу, жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, психологиялық қолдау керек. Мұны, әрине, бірден біле қоймадық. Баламызбен бірге жүріп үйреніп келеміз. Кейде жаңа трюктерді орындай алмай, жылап шығатын кезі болады. Сондай сәтте ата-ананың жылы сөзі айтарлықтай әсер етеді екен. 

– Айару, Гүлімжан, әңгімелеріңізге көп рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2024 жыл

 

 

2056 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз