Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Наурыз, 2024

Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ, 

«Ana tili»
 

Жасқа жас қосылса, жанға жан қосылса – ол да бір қуаныш. Бұрнағы уақытта алты ай қыста айналасынан хабар ала алмай, «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» келгенде адамдар бір-бірін сағынышпен іздеген. Көктемнің алғашқы айының он төртінде, яғни жаңа Ай туған шақта, жердің тоңы жібіген тұста жасы кіші жасы үлкеннің амандығын біліп, саулығын сұрап, «Бір жасқа шығуымен» құттықтай отыра қос қолдап амандасқан, үлкен кішіні бауырына басқан, кіші үлкеннің сағынышына оранған. Яғни жасы кіші жасы үлкенді арнайылап іздеп барып, көрісіп кеткен. Демек, біздің айтып жүрген көрісуіміз – алты ай қысқы сағыныштан туған кездесудің басы. 

 

Осындайда Төлеген Айбергеновтің жыр жолдары еске түседі: 

«...Қажет жерінде қатыгездік пен 
қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен, 
сағынышымен есепте. 
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, 
қосыла алмайсың қатарға,
Әуелі әбден сағынып алмай, 
шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің 
тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, 
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң, таулар да сенің 
алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін, дүниені мынау 
кеткен екен деп тас қаптап...»
Демек, көрісу – сағыныш. Әбден сағынған, демек, бірінің қадіріне бірі жеткен, қадірін біле отырып тебіренген, тебірене отырып тұлғасы асқақтаған үлкендердің кішілерді және кішілердің үлкендерді сағынуынан туған ең ғажап күн. Көріскенде сағынышқа толған сезімдер менмұндалап, аяулы, құрметті жандарға деген тағзым да ерекше болып көрінбей ме? Бүгін, яғни 14 наурыз, сол сағынышты айтар, сағынышты басар күн. Тағы да Төлегенше айтсақ, «Сағыныштардың кеудесіндегі саз қандай!» 14 наурыз – сағыныштардың ғажап сазы арнасынан асылып, төгілер шақ. Осы күнгі сағыныштың әсем әуені көріскен қолдарда, құшаққа қысқан бауырларда, құстардың үнінде, енді-енді бүршік ата бастаған табиғаттың дыбысында байқалары хақ. Яғни көрісу дегеніміз – сағыныш... 
Көрісудің тағы бір қыры –  сыйлас­тық. Бұрындары алты ай қыстан аман шыққан адамдар қапылыста амандаса салмай, үлкендердің шаңырағына арнайы барып тұрып көрісіп, жағдайын білісіп қайтқан екен. Бұл – жасыңның кішілігін мойындай тұра, үлкенді құрметтейтініңді, бұрын туғанды сыйлайтыныңды көрсетудің бір жолы десек те болар. Үлкеннің алдына барып, қабағына қарап, көңілін тауып, амандығын біліп қайтудың жөні де – осы. Табиғаттың жаңарар, Ұлыстың ұлы күні келер мезгілдің қарсаңында үлкенді сыйлаудың дәстүрлі бір өнегесі. Алты ай хабар алыспай кеткен жандарға көрсетер сыйластықтың керемет бір үлгісі. Яғни көрісу дегеніміз – сыйластық.   
Ең негізгісі, кішіге үлкеннің саулығын сұрау, жаңа жасқа шығуымен құттықтау – міндет. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем бередіні» қоспағанда, әуел бастан солай: жасы кіші жасы үлкеннің амандығын сұрау, саулығын білу, әсіресе алты айғы қыста алысқа шыға алмай, бұйығып отырып қалған кезде кішінің үлкенді іздеп баруы, қандай да бір жағдайда жанына жалау болуы – азаматтық борышы, кішінің үлкен алдындағы міндеті ғой. Демек, көрісу дегеніміз – міндет болып шықпай ма? Сондықтан да жасы үлкеннің жасы кішіге «Көрісіп келмедің» деп кейде кінә артуы, өкпелеуі, осындайдағы зілсіз сөзі жарасымды болып тұрады. 
Кіші үлкенге көрісе барғанда үлкен де құр қарап қалмай, алты айғы сүрдің сыбағасын асып, кішінің алдына тосқан. Кіші кішілігін көрсетсе, үлкен ағалық жолынан айнымаған. Кішінің сұрағанын беріп, көңілін қалдырмаған, бауырына басып, құшағын ашқан. Яғни көрісу дегеніміз – екеуара құрмет.
Демек, көрісудің жолы – адам мен адамды жақындата түсу, татулығын арттыру, ағайындықты тереңдету. Сол үшін де көрісу көктемнің алғашқы айының он төртінен басталғанымен, келесі жылға дейін жалғаса беруі бек мүмкін. Наурыздың он төртінің мәні сол – үлкен мен кішіні ғана емес, ел мен елді жақындату, сағынышын басу, құрмет пен міндетті ұқтыру, сыйлас­тықты арттыру. 
Иә, қазір бұрынғының заманы емес. «Алты ай қыста хабарсыз қалдым» дейтіндердің қатары азайған. Дегенмен бұрынғының жолы өзгермек емес. Көктемнің алғашқы айының он төртінші күнінен бастап жылға-жыл қосылғанын, сол себептен жасқа-жас қосылғанын назарға алып, шүкіршілік етіп, кіші үлкенге қолын созсын, үлкен кішіні бауырға бассын. Жылылық, туыс­тық, бірлік, татулық жібі осындайда бекиді емес пе?!   

 

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз