Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Наурыз, 2024

Мағира Қожахметова, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Бірте-бірте кітап оқитын ұлтқа айналармыз

1. Ұлттық кітап күнін белгілеу керек пе?
2. Жастарды кітап оқуға қалай баулимыз? 
3. Қалай кітап оқитын ұлтқа айнала аламыз?

 

1. Иә, Президентіміз айтқандай, «кітап­құмарлық – жақсы қасиет». Басқасын айтпағанда, өзіміз осы кітапқа деген құмарлық арқылы қатарға қосылып, адам болдық. Саналы жанға әр күн – кітап күні. Бертінге шейін көпшілік үшін де солай болғаны рас, шопан, жұмысшы, жылқышы, мұғалім бе – бір күні де газет, журнал, кітапсыз өтпейтін, оқу – баршаның мүддесі, атқарар тірлігінің ажырамас бөлшегі еді. Бұған әуелде тұрғындарды республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға жаппай мәжбүрлеп жаздырудың да оң ықпалы тисе керек.  Ежелден ауыз әдебиетінің уызына жарып өскен ел ұрпағының кітап оқудың бұқаралық сипат алуынан моральдық бет-бейнесі біркелкі шуақты қалыптасып, заманына сай сауаты артты, жан дүниесі байыды. Кітап бүгін интернет, компьютер, әлеуметтік желі, тех­нологияның жылдамдықпен дамыған жетіс­тіктерінің көлеңкесінде қалғандай көрінетіні рас. Соның салдарынан ой өресі тар, ақылы кемшін, екі сөздің басын құрауға қауқарсыз, пікірін жеткізе алмайтындар көбейді. 
Қазір мән, мазмұнынан гөрі пафостық ыңғайға бейімделген атаулы даталардың көптігіне қарамастан, Ұлттық кітап күнін белгілеудің жағымды тұстары жетерлік. Қызықты өтуін былай қойғанда, жыл – он екі айда оқып-тоқығанына әркімнің іштей есеп беретіндей жауапкершілігін арттыруға назар аударылуға тиіс. Яғни, жоғарыда айтқанымдай, кітапсыз, газет, журналсыз елестету мүмкін емес әр күніміздің жинақталған көрінісінің мерекесіне айналуын көздеген дұрыс шығар. Адамдарды рухани байытқан кітап қасиетін қалай асқақтатсақ та жарасымды. Соған лайық оқырман мәртебесі де көтеріліп, бәлкім, Президентіміздің «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген талабының орындалуына да жол ашылар.
Бұл орайда кітапханалардың да жұмысы жанданып, атқарылар маңызды шаралармен бірге, қай оқырманның қанша кітап оқығанына, қандай тақырыптың өтімділігіне шейін анықтаудың мүмкіндігі бар. Мемлекеттік деңгейде көтерілген бұл мәселеде кітапханашылардың еңбегі зор. Жемқорлықтың былығына батқан, түсімізге кірмеген ашқарақтық, ұрлық, тонаудың құрбанына айналғанына қарамастан, қаламгерлер ауыр дертке шалдыққан бүгінгі қоғамның ұлттық идеологиясының бағыт-бағдарын жанкештілікпен айқындап отырса, кітапханашылар соны ыждаһатпен жүзеге асырып келеді. Несін жасырамыз, айналып келгенде, кітап оқудан мақұрым қалған бірнеше толқын өкілдері де әлгіндегідей жайттардың аянышты құрбаны. Ендеше, Ұлттық кітап күнін белгілеумен шектелмей, психологиялық тәрбиенің астарын қалыңдатып, жастарды рухани құндылықтармен сусындату үшін аурудың азабына батқан қоғамды емдеу қажет ең алдымен. Бұл үшін билік басындағылардың туған халқына, мемлекет мүлкіне қамқорлығы, жанашырлығы қазіргідей декоративті түрде емес, мейлінше шынайы болуы шарт. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деген сөзін ең алдымен айналасында жүргендер, ірілі-ұсақты әкім, қаралардың жүрегіне бойлатуы қажет.
2. «Жастарды кітап оқымайды» деп кінәлау оңай, себебін табу қиын. Бүлдіршін кезінен әсемдікті сезінуге, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш айтып жаттатқызуға баулыса, бірте-бірте кітап оқуға талпынатыны анық.
Балаларға арнап, 22 жылдан бері «Балбұлақ» журналын шығарумен айналысқандықтан, бұлардың көрген түстеріне шейін сұрап, мәтін жазғызып, сурет салғыз­ғанымда, қабілеттерінің кәдімгідей дамып, әлденені жасауға, дайындауға, білуге ынталы екенін байқаймын. Оқушылардың өздері ұсынған тақырыпқа жиірек ден қойып, кез келген ұсыныс, пікірлерімен санасамын. Жасөспірімдердің арасында кітапты көп оқитындары – біздің негізгі авторларымыз. Олар көбінесе өздерінің сүйікті кейіпкерлері туралы сыр шертіп, оқитын кітаптарын талдайды, әсерін бөліседі. 
Балабақшадан басталған тақпақ, жұмбақ айтуға деген ынта мектеп қабырғасында кітап­қа деген құрметпен жалғасып, оқуға, білімге ын­таландырады. Бұған ата-ана, тәрбиеші, ұс­таздардың қалтқысыз мейірімі, ізденісі, талап қойғыштығы қосылса, нұр үстіне нұр. Балғын шақта неге әдеттенсе, соған дағдыла­нып, өмірлік ұстанымына айналатынын ұмыт­пайық. Осы кезге аса қажет нәзік пси­хо­логиялық қолдауды жіберіп алмасақ қой, шіркін. 
Заман талабы жасөспірімдерді тәр­биелеу­дегі таптаурындықты көтермейді. Ең қиыны көзі ашық деген өзіміз де қоғамдық даму өзгерістеріне сай ізденіп, белсенділік таныта алмай отырмыз. Кешегі үрдіске, әдебиетіміздегі, басылымдардағы, эфирдегі, әлеуметтік желілердегі жаппай ақыл айту, жалаң патетика, құрғақ баяндауға енді қатыгездікті, жауыздықты аяусыз әшкерелеу, буынсыз жерге пышақ ұру, жыртық, тесігін көрсету, әлсіздікті, бейшаралықты, ағайын арасындағы ұрыс-керіс, араздықты дәріптеу қосылып, дарақылықпен белең алып жатыр. Балалар не болса, соның бәрін көруге мүмкіндігі бар, титтей бөгет жоқ. Көзі небір масқараны көріп, құлағы балдыр-батпақ былапыт естіп, ағзасы бүлініп жатыр. Мұндай жағдайда қалай ұрпағымызды кітап оқуға баулып, логикалық ойлау қабілетін шыңдаймыз?
Осы арада атап өткен жөн, жылдың басында  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей араласуымен кітап және газет, журналдардың балалар үшін маңызды екеніне ерекше назар аударылып, Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ықпалымен ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Балалар басылымдарын мектеп кітап­ханаларына жүйелі түрде тарату тәртібін енгізуі жастардың оқуға қызығушылығын оятып, кітапқа деген ықыласын қалыптастыратыны анық. Біздің талай жылғы ұсыныс, өтінішімізден нәтиже болады деп үміттенеміз.
3. Бірте-бірте кітап оқитын ұлтқа айналармыз. Бірақ қалай? Осыдан отыз, қырық жыл бұрын кітапты көп оқыған ел едік қой. Мұншалық өзгерерміз деп кім ойлаған? Қайталауға мәжбүрмін, бүгінгі ұлттық идеологияның қайнар көзі –ақын, жазушылар мен кітапханашылар қоғамды қалың тұманнан арылтып, түнекті жарып шыққан сәуледей үміт ұялатуда көпшіліктің көкейіне. Аудандық, қалалық, облыстық, республикалық  кітапханалардың күн сайын ұйымдастырар іс-шараларынан жүздеген, мыңдаған оқырман нәр алып жатыр. Кітап­ханаларымыз ойын-сауда орындарының жалт-жұлт салтанатына төтеп берерліктей деңгейге жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен Құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек». 
Иә, осы тәжірибенің жаппай жүзеге асуына бәріміз де жауапты екенімізді түсініп, әрқайсымыз жеке мүмкіндігіміздің аясында адал қызмет етейік. Тасқындаған ақпараттан, эфирден, кітап, газет, журнал нөпірінен жастардың қажеттісін, пайдалысын таңдап, жоғары нәтижеге жетуіне, талғамының жан-жақты қалыптасуына көмектесейік.

Әзірлеген Бағдагүл Балаубаева 

 

934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз