Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Мамыр, 2015

Рафис Абазовпен: Ортағасырлық картадағы Қазақ елі

Қазақ елі ежелден ұлан-ғайыр, кең-байтақ жерді мекендеген. Бұған дәлел ретінде әлемдегі ең танымал ортағасырлық карталардың бірі Венецияда сақталған Фра-Мауро картасын айтуға болады. Бұл картада да Қазақ елі ойып тұрып орын тепкен. Осы орайда Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов пен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ғылыми экспедиция құрып, Венецияға аттанған болатын. Зерттеу нәтижелерін білу үшін  профессор Рафис Абазовпен тілдесудің сәті түсті. Абазов – Фра Мауро картасы туралы тереңірек айтып берсеңіз. – Фра Мауро картасы 1450-1460 жылдар аралығында португалдық корольдің тапсырысымен Сан Джиовани шіркеуінде жасалған танымал ортағасырлық карталардың бірі. Бұл картаны сол шіркеудің монахы, картограф Фра Мауро сызған. Бүгіндері сол картаның көшірмесі Венецияда сақталған. Ал түпнұсқасы жоғалып кеткен. Ел басқаратын билеушілер үшін керуен жолын білетін картаны сызатын адамдар қажет болды. Оқығаны көп болмағанымен, көпті білетін Фра Мауро атақты картаны дайындауда көп еңбектенді. Біздің ғылыми топ осы картаны зерттеген белгілі ғалым және Марчиано Др.Мауризио Мессина кітапханасының директоры Др.Пиеро Фальчеттамен жүздесіп, Қазақстан мен Италия тарихы, екі ел арасындағы мәдени-рухани, ғылыми байланыстар жайында талқыладық. Мұндағы мақсатымыз барша әлем үшін қызығушылық тудырған ортағасырлық карта арқылы ежелгі байланыстар жайлы тереңірек білу. – Сонда бұл карта барша әлемді несімен қызықтырып отыр? – Картада жаңа географиялық ашылулар орын тепкен: Үнді мұхиты, Птоломейдің картасымен салыстыр­ғанда жабық емес, Ресейдің оңтүстік жағында Қара теңіз бен Азов теңіздері көрсетілген. Ал картаның басты ерекшелігіне келсек, ол ортағасырлардағы ең сауатты дайындалған карталардың бірі. Біріншіден, карта ортағасырлық жазбалар, еңбектер және саяхатшылармен әңгімелесу негізінде дайындалған. Тағы бір айта кетерлігі, Фра Мауро картаны дайындауда орта ғасырлардағы Қазақ жерінде мекендеген тайпалардан шыққан саяхатшылармен, көпестермен де әңгімелесіп, Орталық Азияны мекендеген халықтар жайлы мағлұмат алғаны анық. Осыдан-ақ, ежелгі мәдени, сауда байланыстардың болғанын ұғынуға болады. Сол дәуірде дүниеге келген түркі ескерткіштерінің бірі «Кодекс Куманикус» латын-қыпшақ-парсы сөздігі де Италиямен ежелден мәдени жақындастықтың бар болғанын көрсете алады. Екіншіден, бұл картада 3 мыңнан астам таңба мен белгілер, жер атаулары да бар. Картада бейнеленген таңбаларда сол заманның құпия сырлары сақталуы ғажап емес. Соның ішінде ежелгі Қазақ елін мекендеген мемлекеттер мен Венеция арасындағы елшілік, әскери қарым-қатынас тарихы хақында маңызы бар деректер екені анық. Үшіншіден, белгілі зерттеуші Др. Пиеро Фальчетта картаның түпнұсқасы тап­сырыс беруші Португалия королі V Афон­со мырзаға жетпегеніне сенімді. Оның пайымдауынша, бұл картаның Ве­нецияда қалуына, яғни сол заманның құпия сырларын ашпауға Венеция да  мүдделі болған. – Бұл картаның қандай құпия-сырлары болуы мүмкін? – Бұл картада сол дәуірдің талай тарихы мен сыры бар. Алайда картограф Фра Мауроның мұрағаты мен барлық қолжазбалары оның өлімінен кейін жоғалып кеткен. Бұл қолжазбаларда Қазақ елінен шыққан елшілермен әңгіме барысында жазылып алынған сұхбаттардың бары анық. Фра Мауро тек қана картог­раф емес, ол жиналған ақпараттарды сұрыптап, Қазақ елінің сол дәуірдегі саяси, әскери және мәдени жағдайын дәл анықтай білген саясаткер. Сонымен бірге Фра Мауродан Қазақ жерін мекендеген мемлекеттердің билеушілері де ақыл-кеңес алып отырған деген болжам бар. – Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл. Бұл орайда картада тың деректер бар ма? – Бұл жерде картаның өзіндік ерекшелігі онда меридиандар мен экватор сызықтары көрсетілмеген. Бұл картада мемлекеттер теріс, яғни айнадай шағылысып орналасқан. Бұл сол дәуірдегі венециялықтардың саясаты деуге толық негіз бар. Біріншіден, венециялықтар Қазақ жерін тек дала деп емес, онда түрлі қоныстар бар болған деп есептегені таңғалдырады. Сонымен қатар картадағы белгілерден Қазақ жері арқылы Ұлы Жібек жолы өтетінін және бұл аймақта сауда-саттық қарқынды жүріп жатқанын ұғынуға болады. – Қазақ мемлекеттілігінің ерте құрылуы Еуропаның, соның ішінде Венецияның назарында болды ма? – Қазақ хандығы әу бастан Венеция­ны сауда-саттық қарым-қатынастарды жақсарту мақсатында қызығушылық тудырды. Венециялықтар Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытын, яғни Қазақ жері арқылы Каспийдің солтүстігінен өтетін керуен жолды қалпына келтіруді көздеді. Әмір Темір әулетіндегі соғыс және Осман империясының 1453 жылы Константинопольді жаулап алуы венециялықтардың сауда керуендеріне кері ықпалын тигізді. Сондықтан венециялық саудагерлер мен көпестер Қазақ мемлекетінің құрылуына мүдделі болды. Бұндағы басты мақсат Батыстан Шығысқа бағытталған сауда керуен жолдарын қалыптастыру. – Сол дәуірдегі Қазақ мемлекеті мен Венеция арасындағы ежелгі дип­ломатиялық қарым-қатынас болды деп айта аламыз ба? – Иә, осындай болжам бар. Бұл гипотезаны дәлелдейтін нақты деректеріміз жоқ болғанымен, картадан осыны аңғаруға болады. Сонымен бірге бұған дәлел бола алатын айғақтар да баршылық. Біріншіден, венециялықтар Еуразия кеңістігіндегі Қазақ мем­лекетімен тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға мүдделі болған. Екіншіден, қолжазба деректер Осман империясының саудагерлері мен саяхатшылары Венеция­да және Италияның басқа қалаларын­да тұр­ғанына дәлел. Соның ішінде, қып­шақтар мен түркі тайпаларынан шық­қандар да Италияда өмір сүрген. Үшін­шіден, дәл осы кезеңде Орта Азияны саяхаттаған венециялық саяхатшылар нақты деректермен көп қолжазба қал­дырған. Мәселен, Николо Конти, Себастиан Кабот, Джон Кабот сынды саяхатшыларды атап өтуге болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота ИСЛӘМБЕК

1710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз