Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 26 Қараша, 2015

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, «Мұқағали» журналы» ЖШС-ның директоры:Мұқағалиді ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз керек

Nurgozhaev_01Биыл ақиық ақын, қазақ поэзия­сының дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың есімімен аталатын «Мұқағали» журналына 10 жыл толып отыр. Ақынның шалқар мұрасын зерттеп, мұқағалитану мәселелеріне кеңінен жол ашқан айтулы басылымның қазақ руханиятында алар орны айрықша екені сөзсіз. Басылымның 10 жылдық мерейтойы айтарлықтай үлкен белес. Осы орайда біз «Мұқағали» журналы» ЖШС-ның директоры, белгілі қаламгер, журналист Жақыпжан Нұрғожаевты әңгімеге тартып, басылымның жалпы құрылу тарихы, бағыт-бағдары, алдағы уақыттағы жоспарлары жөнінде сұрап білген едік. – Жақа, алдымен «Мұқағали» жур­налының мерейтойы құтты болсын! Әңгімеміздің басында осы журнал қалай құрылды, алғашқы нөмірі қалай жарық көрді, басы-қасында кімдер болды. Сол туралы айтып берсеңіз. – Мұқағалиға арналған журнал шығару идеясын көптен бері ойластырып жүрдім. Елімізде Абай, Жамбыл аталарымыздың есімімен аталатын арнайы басылымдар бар. Бұл журналдар ақын мұраларын зерттеуде бірден-бір құрал болып табылатыны сөзсіз. Осы ойдың жетегінде жүріп, халқының сүйікті ақынына айналған Мұқағали есімімен аталатын бір журнал ашсақ, бұл журналды да ақын шығармашылығын зерттеудің бағыт-бағдарына айналдырсақ деген идея болды. Содан Мұқағали поэзиясының жанашырларымен, әдебиеттің айналасында жүрген жігіттермен ақылдаса келе осындай журнал ашу туралы шешім қабылдадық. Басылымның пилотты нөмірін Райымбек атамыздың 300 жылдығына арнап шығардық. Баспасөз саласында қызмет етіп жүргендіктен өзіңіз де жақсы білесіз, жаңадан журнал ашудың қиындығы мен қызығы да қатар жүреді. Нөмір сайын Мұқағалиға арнап қызықты материалдар ұйымдастырып тұру – түсінген адамға өте қиын жұмыс. Бірақ біз Алтай мен Атыраудың аралығындағы Мұқағалидың жүздеген мың оқырмандарына сенім арттық. Осы бір ой санамда найзағайдай жарқ еткенде бұл іске тас түйін бекіндім. Мұқағалидың рухы да дәтке қуат бер-гені анық. Осылайша «Мұқағали» журналы әдеби-журналистикалық өмірімдегі ең маңызды жобама айналды. – Басылымды шығаруды ұйым­дастыру, баспаға әзірлеу шаралары қалай жүрді? – Үлкен журналды жалғыз адамның шығаруы мүмкін емес. Сондықтан бұл іске қаламдас әріптестерді қатыстырдық. Талдықорғандағы үйге Кәдірбек Құныпияұлы, Рысбек Сәрсенбай, Батық Мәжитұлы және Сағатбек Медеубек сынды қазақ журналистикасының қабырғалы қаламгерлерін жинап, үш күн бойы «Мұқағали» журналын қалай шығарудың жай-жапсарын ақылдастық. «Мұқағали» журналының негізін қалап, идеялық бағдарын айқындауда, мазмұнын айшықтауда аталған азаматтар үлкен үлес қосты. «Райымбек батыр» қорының төрағасы, Алматы облысы білім басқармасының сол кездегі басшысы Тоққожа Естенов қаржылай көмек жасады. Мұқағали поэ­зиясының жанашырлары, қазақ­тың белгілі азаматтары Амангелді ­Ермегияев, Кеңес Үшбаев, Стахан Белғожаевтар жан-жақты қолдау көрсетті. Кеңес Үшбаев редакцияны бөлмемен, компьютерлік техникамен қамтамасыз етсе, Амангелді Ермегияев редакциямызға көлік алып берді. Стахан Белғожаев журналдың баспаханалық мәселелерін өз мойнына алды.Райымбек ауданында әкім­нің орынбасары болып қызмет ат­қарған Бағашар Тоқмолдаев жур­налдың 3 мың данасын жаздырып берді. Осы ретте журналдың халық арасында кең тарауына Алматы облысын басқарған Серік Үмбетов, Шалбай Құлмаханов сынды азаматтардың ерекше үлес қосқанын айтуға тиіспін. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та қолдау-көмегін аяп отырған жоқ. Журналдың таралымы кейде он мыңға жетті. Бұл әдеби журнал үшін өте жақсы көрсеткіш. «Мұқағали» жур­налының мұндай таны­малдыққа ие болуын ақын шығармашылығына қызығатын оқырмандардың көп болуы­мен байланыстырған жөн шығар. Міне, осындай азаматтардың қол­дауы мен жанашырлықтарының арқа­сында журнал оқырмандарға жол тартып, танымал бола бастады. Сөйтіп, 2005 жылы журналдың алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты. Содан бері аттай 10 жыл уақыт өтіпті.Осы жылдар бойына үзбей журнал шығарудың қаншалықты мехнат тірлік екенін екінің бірі жақсы түсінері анық. Тәуелсіздік жылдары көптеген газет-журналдар пайда болып, бес жыл болмай жұмысын тоқтатқанын көзіміз көрді. Сондықтан 10 жыл бойы «Мұқағали» журналын үзбей шығарып, халықтың сүйіп оқитын басылымына айналдыру үшін маңдай терімізді моншақтатып төктік десек артық айтқандық болмас еді. Журналдың аяғынан тік тұрып, мазмұнды болуына редакторы Батық Мәжитұлының сіңірген еңбегін ерекше бағалаймын. Ол журналдың әрі қарай да сапалы әрі мазмұнды шығуына көп үлес қосып келе жатыр. – «Мұқағали» журналы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі бірден-бір негізгі құрал ғой? – Иә, дұрыс айтасыз, журналды Мұқағалитанудың, сонымен қатар ақын шығармашылығын зерттеудің әрі насихаттаудың да бірегей құралы деп айтуымызға болады. Басылымды дер кезінде шығару арқылы ұтқан бір тұсымыз, ақынның көзін көрген, бірге жүрген замандастарының айтқандары болды. «Өмір – өзен». Қазір олардың қатары сиреді. Небір асыл дүниелерді тасқа басып үлгердік. Мұның бәрі мұқағалитануға септігін тигізетін себептер. – Бүгінде тұлға шығармашылығын зерттеу қалай жүріп жатыр? Қандай мәсе­лелер бар? – Жалпы мұқағалитану бойынша да, ақын мұрасын зерттеу бойынша да біраз жұмыстар жасалып жатыр. Дегенмен, түбегейлі зерттеп болдық деп айту әлі ерте. Ол іргелі ғылыми-зерттеу еңбектерді қажет ететін мәселе. Сондықтан Мұқағали өлеңдерінде ашылмай жатқан қазына өте көп. Мысалы, философия ғылымының докторы, академик Ғарифолла Есім Мұқағалиға арналған бір жиында ақынның «Дін – ғылымның анасы» деген бір ғана сөзіне тоқталып, бір сағатқа жуық әңгіме өрбітті. Қаншама өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Мұқағалидың аудармалары да терең зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, Дантенің «Құдыретті комедиясының» ақын тәржімалаған «Тамұқ» бөлімі ғажайып астарлы сырларға, құпия-жұмбақтарға толы. Ғалымдардың назарын осындай мәселелерге бұрсақ деген ниетіміз бар. Мұқағали жырлары «тілге жеңіл, жүрекке жылы тигенмен» түбі өте терең, мұқағалитану ісі жаңадан басталды. Ұлы ақынды жарқыратып көрсететін ұлы сыншысының дүниеге келуіне мұрындық болсақ, журнал мақсатының орындалғаны шығар деп ойлаймын. MuhagaliБүгінде «Мұқағали» журналының оқырмандарынан үзбей хат алып тұрамыз. Олардың арасында ақынның көзі тірісінде кездесіп, кісілік келбетіне қаныққан адамдардың естеліктері де кездеседі.Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, бүгінде Мұқағалидың жырларын зерттеп, ондағы айтылған ойларды ғылыми тұрғыдан зерттеп жүргендер жоқтың қасы. Журнал жарыққа шыққалы он жыл өтсе де, әлі мықты зерттеушілер қалыптаса қойған жоқ. Бұл орайда белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Мұқағалиды зерттеуге үлкен үлес қосты деп айтуымызға болады. Әрине, ақын өлеңдерін талдап, ой-пікірлерімен бөлісіп, көзқарастарын білдіріп жүрген жандар аз емес. Ал бұл мәселелерге түпкілікті ден қойып, ғылыми-зерттеу еңбектердің өмірге келуі – уақыттың еншісінде деп білемін. Ал зерттеу жолына түсемін дейтіндер болса, Мұқағали поэзиясымен қатар ақын есімімен аталатын журналда да көп жақсы дүниелер, ізденіске идея беретін тақырыптар жазылып, көтеріліп жүр. Қазақтың маңдайалды ақын-жазушыларының Мұқағали туралы сұхбаттарын ұйымдастырдық. Сол сұхбаттарда да көп құнды пікірлер айтылды. Басылымның рөлі осы тұрғыдан маңызды деп білемін.Тарихқа айналған 10 жыл ішінде біздер Мұқағалидың құпиясын толықтай ашып, көпшілік қауымға таныстырдық десек астамшылық болар еді. Ақын мұрасына қатысты қозғалмаған тақырыптар әлі де көп. Сондықтан алдағы уақытта Мұқағали мұрасын зерттеп жүрген азаматтарды журналдың мазмұнды шығуына қатыстыруға күш салатын боламыз. Қалың жұрт журналмен байланысын нығайтса, нұр үстіне нұр. – Журналдың Мұқағалидың туған ауылымен, мұражайымен байланысы қандай? – Мұқаңның туған ауылы Қара­сазбен, отбасымен, мұражайымен шығармашылық байланыстарымыз үзілген емес. Мұқағали мұражайында журналдарымыз бар. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев редакциямызға атбасын бұрып тұрады. Журналдың бағыт-бағдарына байланысты ой-пікірлерімізбен бөлісіп отырамыз. Жалпы, қазір Мұқағали мұрасын ұлықтауда ауыл мен қалалардағы мектептердің ұстаздары көп еңбектенуде. Ақынның туған жері Райымбек ауданында жыл сайын Мұқағали оқулары өтетіні белгілі. Бұл шараға жылда барып қатысып, ақиық ақынның өлеңдерін жатқа оқыған жастарды көргенде бір серпіліп қаламын.Ақынның туған жері Қарасазға барып, көшеде кетіп бара жатып бірінші кездескен қара сирақ баладан Мұқағалидың кез келген өлеңін сұрай қалсаң, сол заматта мүдірместен жатқа айтып береді. Бұл жастардың Мұқағалиға деген құрметі деп есептеймін. – Алдағы уақыттағы шығармашылық жоба-жоспарларыңызбен бөліссеңіз. – Ойды – ой табады. Жұмысты ши­ратқан сайын жаңа идеялар туын­дай береді. Біз соны аңғардық. Мұнай елу жылда таусылады екен. Ал Мұқағали 100 жылда да таусылмайды. Оның рухани кенішін ақтара алатын ұрпақ жалғаса береді деген ойдамын. Жоспарға келетін болсақ, «Мұқағали» энциклопедиясын шығарсақ деген жоспар бар. Бірақ соның орындалуы қалай болады? «Қазақ энциклопедиясы» қолына алса деп үміттенеміз. Осыған орай әңгімелер қозғауды ойлас­тырып отырмыз. Ал жалпы түйіндей айтқанда, журналдың шығармашылық ұжымы алдағы уақытта да ақын поэзия­сын құрметтейтін оқырмандарының талғамынан шығып, мазмұнды ете түсу үшін еңбектене беретін болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Жұмажанұлы Алматы облысы

2861 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз