Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Қаңтар, 2011

Жақсығұлов С. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушысы Омар Шораяқұлы шығармаларының көне дастандармен байланысы

Сыр бойы ақын-шайырларының бірі «Омар Шораяқұлы бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезіндегі Аққыр болысына, қарасты 12-ауылда (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) 1878 жылдың 22 қазанында дүниеге келіп, 1924 жылдың 12 маусымында өмірден өтеді»/1.411/. Омар ақынның «Жарлы Тәліп», «Қара шекпен», «Әбу Шаһыма», «Һақ Сүлеймен», «Мағауия», «Мұхаммад», «Үш күлше» атты хикая, дастандары бар. «Һақ Сүлеймен» дастаны жетпіс тоғыз (79) бөлімнен тұрады. Бұл шығарма өте көлемді шығармалардың бірі. Діни сауатты Омар Шораяқұлы «кітаби ақындар» қатарына осы терең фәлсафалық туындыларымен енген.

«Һақ Сүлеймен» дастанында Омар ақын шариғат жолын ұлықтай келе имандылықты уағыздайды. Мысалы:

Сүлеймен өткен сұлтан заты қалыс, Зор дәулет бақытына болған бағыш. Қараған бүтін дүние мемлекеті, Ешкімге берілмеген ондай дабыс. Патшалық, пайғамбарлық ырсалаты - Жаһанға екі аты да бірдей таныс. Жарандар, һақ шариғат үкімімен Жолынан қадам түгіл, шықпа қарыс/2.113/. Діни уағыз сарынында айтылатын бұл шығармалар – ХІХ-ХХ ғасырдағы ақын-жыраулардың өзекті тақырыбы. Пайғамбарлардың өмірі, олардың ұлағатты істері, ғибраттық сөздері бұлардың барлығы дерлік үнемі дастандарда кездесіп отырады. Осындай дастанның бірі «Жарлы Тәліп» дастаны. Дастанның көлемі жағынан шағын болғанымен өзіндік айтар ойымен, ғибраттық сөздері жайлы сөз қозғаймыз. «Жарлы Тәліп» дастанында әдеттегідей, кіріспе алдында қолданатын философиялық ой-орамдар толғанбайды, бірден дастанның кіріспесінен басталады. Олай болса дастанға назар аударайық; Өтіпті ілгеріде жарлы Тәліп, Кітабын көрді бір күн қолына алып. Әр пәнде бір мақсатқа етсе талап, «Ақыры, - деген екен,- жетуі анық!» «Онда мен, патша қызын аламын!» - деп, Көңіліне біразырақ тұрды ойланып/3.41/. Дастандағы «тәліп» сөзі шәкірт мағынасын береді. Жарлы тәліп шаһардың сұлтанына барып, басқа жағдай немесе мәселе айтпай, тура сөзден жалтармай қызын сұрайды. Бұған сұлтан тіпті шамданбай, «бұл сөзді айтқызып тұрған Сұбһан Алла шығар» деп оған: «Менің мейірбан перзентімнің мейірі үшін, мүмкіндігің болса, бір қап гауһар алып кел. Бір қап гауһар әкел, саған басқа қоятын талабым жоқ, құпиям да жоқ – дейді. Ал, сонда әлгі жарлы тәліп «бұл бір қап гауһарды қайдан табам», – деп сұрайды. Алайда, гауһардың қайда болатынын білмеймін дегенде, оған сұлтан: Құдайдың «гәніш махфи» қазынасы бар, Астында ағып жатқан дария Нілдің. Наздында ділдасы бар тау мысалдас, Саны жоқ, інжу, гауһар, лағылы, дүрдің/3.42/. Омар ақын дастанда ғылым дария секілді, інжу, маржан асыл тастарды «білімің болса алуға болады», – деп тұспалдайды. Дастан кейіпкері еш нәрсеге мойымайды. Алға қойған мақсатына жеткенше тынбайды. Базарға барып бір мес сатып алады. Сондағы меске дарияның суын тасып, тауыспақ ойы болады. Автор бұл іске күле қарайтындарды кейіп кетеді. Бұл ғаріп Алланы жадынан шығармай меспен суды таси бастайды. Күні бойына суды тасып шаршап, біраз тынығып алған соң, түннің бір уағында тағы жалғастырады. Ойының бәрі дария суын тасып, уәж қылған сұлтан қызын алмақ. Тәліптің ғылымға туралығы сонша, осы кітапта айтылған сөз қате болуы мүмкін деп шүбә келтірмейді. Нұр сипат ханның қызы Гүлайымша, Сыр мінез, сынық дерттің мұнайынша. Сол кезде: «Суды ірік!» деп періштеге, Бұйырды қадір мәулен бұлайынша: «Месіне Нілдің суын сыйғыз, - деді, - Тәліптің талап қылған райынша!»/3.43/ Дастан қазақтың «талапты ерге нұр жауады» деген мақалды нықтай түсіп, қайтпас қажырлықты көрсеткен кейіпкер, қалайда Алла пәрмен етсе, бәріде орындалады деп сенеді. Жаратқанның құдіретімен меске дарияның суы сыйып, дария кеуіп, ішіндегі бақа-балығы шуылдасады. Күллі табиғат, жан-жануарлар аң-таң қалады. Сарайдың жендеттері сол жерден өтіп бара жатып, әлгі таңғаларлық істі көзбен көріп оны патшаға баян етеді. Патша сол жерде болған жәйтті көріп, ол пақырға қызын береді. Местің ішіндегі суды дарияға ағызғанда, дария арнасынан тасып, қайта толады. Дастанның қорытындысында бойынша Омар Шораяқұлы жарлылыққа қарамай ғылым іздеген, талаптанған адам мақсатына жетеді деген оймен тұжырымдайды. Діннің ықпалы зор әрі дидактикалық маңызымен күрделі болып келетін дастанның басты ерекшеліктері де осында. Ғылым мен білімді жырлаған соң, дастанның ағартушылық ролі, өзіндік нақышымен бояуы қаныға әрі арта түскен. Омар шығармаларының негізі ғылымға, дінге, адамгершілікке шақырады. Діни уағыз сарындас дастандары Ерімбет ақынның шығармаларымен үндеседі. Ерімбет Көлдейбекұлында кездесетін шығармасы халифа Омар патшаның ұлы Әбу Шаһмаға байланысты. Бірақ, Ерімбетте «Әбу Шашма» деп аталған, дастан ішіндегі мазмұнда бір-бірінен сәйкестік болғанымен, сюжеттік желіде айырмашылық бар. Олай болса, Омар ақынның «Әбу Шаһма» дастанына назар салайық: Бастайын бісмілла деп тәңірім атын, Ғаріптің қабыл айла мінажатын. Пайғамбар, Шәдиярдан медет тілеп, Айтайын Әбу Шаһманың хикаятын. Омардай патша қайда әділетті, Жүргізген әділдік пен салтанатты. Өзінің патша болған заманында, Бар екен жалғыз ұғлы Шаһма атты/2.166/. Ал, Ерімбетте дастанның басталуы былай: Өтіпті неше мың жыл бізден бұрын, Ойға алсаң түрлі-түрлі заман түрін. Қолға алып қалам ұстап, қағаз жазып, Айтайын тыңдағанға соның бірін. Омардың Әбу Шашма ұлы жайлы, Жазайын жамиғатқа дастан-жырын/4.260/. Екі шайырда да, Омардың ұлы Әбу Шаһма жайлы сөз қозғайды. Біз зерттеуімізде, Шораяқұлы Омардың «Әбу Шаһма» деген атауына жүгінеміз. Себебі, «Шашма» сөзі түрік тілінен аударғанда «бұлақ» мағынасын берсе, ал «Шаһма» шаһ сөзінің негізінде, Омар патша болғаннан соң оның баласы шаһ сөзімен байланысты болып табылады. Омар Шораяқұлының көптеген дастандарын ғылыми тұрғыда талдап, саралаған М.Қаржауов «Әбу Шаһма» дастаны тағы да сол әділ патша Омар және оның сүйікті жалғыз ұлы Әбу Шаһма туралы»/5.33/. Сонымен, дастанның өрбитін кезеңіне өтеміз. Әбу Шаһма ән-әуезі пайғамбарға ұқсайтынын, оны сахабалар сағынып жұма сайын қырағаттап оқуын өтініп сұрайтыны жайында екі шайырда айтады. Әр ақын өзіндік өрнекпен ақындық толғаныс және шақ шабытпен жырлайды. Дастан желісі Омар ақында: Өнері Әбу Шаһманың кеткен асып, Қайғысын сахабалардың жүрген басып. Әуезін пайғамбардың сағынғандар, Оқы деп жылаушы еді шуылдасып/2.166/. Ал, Ерімбетте: Хош әуез Әбу Шашма молла екен, Шығатын лебізінен түрлі ауаздар. Оқыса Әбу Шашма кітап, Құран, Келгендей болады екен ақ пайғамбар. Дауысын пайғамбардың сағынғанда, Құранды оқытатын оған сахабалар/4.261/. Дастан бір ізділікпен монорифмалық ұйқаспен жырланған. Дастан он бір буынмен жазылған. Бұндай буындар қазақ жырларында жиі кездесіп отырады. Омар Шораяқұлының «Әбу Шаһма» дастаны эмоциялық, шытырман, бірте-бірте градациялық түрде көтеріледі. Көне дастандар ізімен жырланған, әдеби байланысы, әдеби тілі, әдеби шырайы бар шығарма. Пайданылған әдебиеттер тізімі 1. Бес ғасыр жырлайды. ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Екі томдық/ҚазССР Ғылым академ. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер ин-ты, Құраст., М.Байділдаев, М.Мағауин. Алматы. -«Жазушы».1989ж, 496с 2. Шораяқұлы.О «Сөйле тілім жосылып». Құраст., Ә.Айсауытов. Алматы. -«Рауан». -1995ж, 294б 3. Шораяқұлы.О «Шайыр». Өлеңдер, дастандар, айтыстар.- Құраст., М.Байділдаев. Алматы. -«Жазушы». -1984ж, 176с 4. Көлдейбекұлы.Е «Ұлағат сөзім ұрпаққа». Алматы. -«Маржан» жеке семьялық шағын кәсіпорын. -1995ж, 320б 5. Қаржауов.М «О.Шораяқұлының әдеби мұрасы». канд. дис. Алматы. -1999ж, 148б

1372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз