Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Қаңтар, 2011

ІЗГІЛІКТІ ҚОҒАМҒА БАРАР ЖОЛДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ Оразбек Нұсқабаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, социология ғылымдарының докторы, профессор. Ізденуші: Скакова А.Ж.

Отбасы – некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты, әрі отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы.Бүгінгі таңда бір қоғамдық-экономикалық формациядан екіншісіне секіру, яғни, нарықтық қоғамға өту қиыншылықтары бүкіл ТМД кеңістігіндегі сияқты, Қазақстанда да аз балалы отбасылардың көбейіп кетуіне кәдімгідей әсер етіп отыр. Айталық, бұрындары қазақ отбасында 9-11 баланың дүниеге келуі үйреншікті қалып ретінде қабылданатын. Бертін келе, бұл көрсеткіш таяздана түсті. Егер, өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазақ отбасында, орта есеппен алғанда, 5-7 баланың дүниеге келуі қалыпты жағдай саналса, Қазақстан егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары әрбір шаңырақта, кем дегенде, 3-4 баланың болуы ондай отбасын көп балалы отбасы деп анықтауға мұрындық болды. Ал, бүгінгі таңда отбасында, кем дегенде, 2-3 бала болса, ондай отбасын орташа, 1-2 баласы бар отбасын "нуклеарлы", яғни, ата-анасыз, туыс-бауырластарсыз өз алдына жеке (автономно), тек "ері-әйелі – балалары" ғана тұратын отбасы деп белгілейді. Жоғарыда нақтыланған мәліметтерді одан әрі тарқата өзектеген жағдайда, қазақстандық отбасыларын өзіндік өзгеше бір сипаттамалық белгілеріне қарай ажыратып, төмендегіше де типтеуге болады: 1. бала санына қарай: көп балалы отбасы, аз балалы отбасы, бір балалы отбасы, баласыз отбасы; 2. құрылымына қарай: ірі, бірнеше ұрпақ бір шаңырақтың аясына біріктірілген отбасы, толық емес отбасы, нуклеарлы отбасы, ерісіз аналы-балалы отбасы, екіншілей некелескен отбасы, ерлі-зайыпты балалы-шағалы, ата-анасымен және бауырлас туыстарымен бірге тұратын отбасы, ата-анасы, ері-әйелі, баласы-келіні, немере-шөбересі бірге тұратын отбасы. 3. ерлі-зайыптылардың бірінің отбасындағы үстем өкілеттігіне қарай: эгалитарлы (тепе-теңдік сақталған) отбасы немесе авторитарлы отбасы деп те бөлуге болады. 4. өмір сүру салтына қарай отбасыларын көңілдері жарқын отбасы, балаларына қамқоршыл отбасы, қонақжайлы отбасы, үй тұрғындары денсаулығына тым қатты көңіл аударатын отбасы, тәртіптілікті қатаң бағалайтын отбасы, үйде жайлы, ыңғайлы жағдай жасап алуды қалайтын отбасы деп те бөледі. 5. әлеуметтік құрамының біртектілігіне қарай гомогенді (біртектілі) отбасы немесе гетерогенді (әртектілі) отбасы делінеді. 6. бірге тұрған мерзіміне қарай: жаңадан үйленгендер (үйлі болғандар), жас отбасы, бала күтуші отбасы, орта жастағы ерлі-зайыптылар, орта жастан асқан ерлі-зайыптылар, кексе тартқан ерлі-зайыптылар қосағы деп бөледі. 7. Отбасында орныққан әлеуметтік-психологиялық қалыпқа қарай отбасын жайлы немесе жайсыз отбасы деп бөле білген жөн. 8. тұрғылықты ортасына қарай отбасыларын: қалалық немесе ауылдық отбасылар деп бөлуге болады. 9. отбасылық өмірдің өзгеше бір жағдайларына қарап отбасыларын «студенттік отбасы», «некесіз отбасы», «кітапқұмар отбасы», « ой қызметімен айналысатын отбасы», «өз қажеттіліктерін өтеуге бейімделген отбасы», «бос уақыттарын дұрыс ұйымдастырып, қызықты өткізуге бейім отбасы», т.т. деп те бөле білген жөн. 10. әлеуметтік мобильділігіне қарай отбасын реактивті (ұшқыр, уақыт талабына тез бейімделетін) отбасы, орта ағымды отбасы, белсенді отбасы деп бөлуге болады. 11. отбасын, сонымен бірге, әдет-ғұрыпты, үлгілі-өнегелі, ауызбірлігі мығым, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі құрметтеуі жоғары, кездескен қиындықтарды бірлесіп жеңе білетін қадірменді отбасы деп те атауға болады. Әрине, әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру салты әртүрлі. Осыған орай, олардың өмір сүру салттарын сипаттауға негіз қалайтын жағдаяттар да сан алуан. Дегенмен, отбасының белгілі бір типінің белгілі бір отбасыларында берік қалыптасуы сол отбасылардың өмір сүру салттарына, тұрмыстық және әл-ауқаттық деңгейлеріне тікелей байланысты. Сондай-ақ, белгілі бір отбасында өмір сүрудің белгілі бір типінің қалыптасуы көптеген сыртқы, мысалы, белгілі бір қоғамның саяси құрылысына, әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени, моральдық және құқықтық жағдайларына, әрі ішкі, яғни, некеге тұрып, отбасын құрған ерлі-зайыптылардың адамшыл бітім-болмыстарына, қадір-қасиеттеріне, білім деңгейлеріне, мәдениетіне, бұрыннан қалыптасқан өмір сүру қалыптарына, құндылықтық ұстанымдарына байланысты болып келеді. Дегенмен, ақиқатын айтқан жөн, еліміздің нарықтық қоғамға тән қоғамдық қатынастарға өту кезеңінде орын алған дағдарыс зардаптары бұрыннан-ақ тұрмысы төмен отбасыларына ғана емес, кешегі кеңестік кезеңде де бақуатты өмір сүрген отбасыларының өздеріне де үлкен ауыртпалықтар түсірді. Әсіресе, ауылдық отбасылардың басына түскен ауыртпалықтардың зардабының әсері жойқын болды. Жоқшылыққа ұшыраған көптеген ауыл тұрғындары жұмыс іздеп, қалаларға босты. Ауыл мұғалімдері мен дәрігерлерінің біраз бөлігі, ауыл интеллигенциясының ұйтқысы саналатын ауыл шаруашылығы (ветеринар – мал дәрігерлері, зоотехниктер, инженерлер, техниктер, құрылыс прорабтары, бухгалтерлер, т.т.) мамандықтарының керексіз болып қалуына қарай лауазымы төмен, еңбек ақысы аз қызмет іздеп, кеңсе жағалап кетті. Жұмыс табылмаған жағдайда, басқа аймақтарға үдере көшті. Жұмыссыздықтан туындаған жоқшылық қайсы бір отбасыларын шарасыздықтан, ішімдікке бой алдырды. Ауылдық жерлерде өзіне-өзі қол салушылар (суицид) көбейді. Өзіне өзі қол салушылық көбіне-көп отбасындағы келеңсіздіктерден, әлеуметтік әділетсіздіктен, жетіспеушіліктен туындайтын тұрмыстық жанжалдардан, шарасыздықтан туындайды. Ең қасіреттісі сол, осындай өлімге мойынұсынатындар жасының жасарып бара жатқандығы. Өрімдей жас адамдардың көптігі. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2006-2008 жылдар аралығында 132 жас азамат өзіне өзі қол жұмсаса, оның 117-сі қайтыс болған [2]. Сондай-ақ, отбасы бюджетінің жетімсіздігі, сонымен қатар, қайсы бір отбасыларында қордаланып қалған жағымсыз факторлар көптеген ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне де септігін тигізуде. Әрбір үшінші, қайсы бір аймақтарда тіптен әрбір екінші ерлі-зайыптылар ажырасып кетуде. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, Қазақстан Республикасында отбасылардың 25 пайызы заңды түрде ажырасқандар. Ең сорақылығы сол, ажырасып кеткендердің 60 пайызы астамы нағыз репродуктивтік (бала табу) жасындағылар. Ерлі-зайыптылардың ең көп ажырасушылығы бірлесіп өмір сүре бастағандарына небәрі 3-10 жыл толмағандар (68,4 пайыз) арасында көп. Ал, мұндай отбасылардың балалары әлі жас, ата-ана сүйіспеншілігі мен қамқорлығына зәру. Демек, ерлі-зайыптылардың ажырасуларынан ең көп зардап шегетіндер көбіне көп балалар [3. 131б.]. Ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне себепші болатын бүлдіруші факторлар көп-ақ. Солардың алдыңғы қатарында отбасы бюджетінің жетіспеушілігін, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке салынып кетуін, үй шаруасын бөліп жүргізудегі өзара келісімсіздікті, ерінің жұбайына күш көрсетуін, ұрып-соғуын, жезөкшелікке салынып кетушілікті, мәдени және рухани жетіспеушіліктерге байланысты, өзара түсініспеушіліктерді, жыныстық немесе психологиялық үйлесімсіздікті, ақпарат құралдарының жыныстық және қатыгездік ықпалын, азғындық көріністерді атауға болады. Ерлі-зайыптылардың ажырасып кетушілігінің көбейгені соншалық, бұл құбылыс тек отбасыларына ғана емес, қоғамға да салмақ түсіруде, берекесіздік әкелуде. Ресми дерек көздеріне қарағанда, жасөспірімдер арасында қылмыс жасаушылық жылдан жылға өрши түсуде. Айталық, 2007 жылы жасөспірімдердің жасаған қылмыстарының жалпы үлесі 24 пайыз болса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 32,6 пайыз көрсеткен. Аса ауыр қылмыстар талдамасы жасөспірімдер қылмысының өсіп келе жатқандығын көрсетіп отыр. Мысалы, 2007-2008 жылдары 14-15 жастағылар жасаған қылмыстардың өсу қарқыны 16-17 жастағылар жасаған қылмыстарға қарағанда 5,7 пайызға жоғары болған. Криминологиялық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, 14-15 және 16-17 жастағылардың қылмыстық үлесінің өсуіне олардың адам өмірі мен денсаулығын құндылық деп санамайтындығы, басқаларға зорлық жасағанда, қатыгездікке барып, қасақана адам өлтіруді, қасақана дене жарақатын салуды, әйел зорлауды, тонауды, қарақшылықты, ұрлықты, бұзақылықты өштестікпен жасайтындықтары анықталған [4]. Мұның – себебі балалар тәрбиесінің нашарлауы, жетімдіктен, жоқшылықтан туындаған ызақорлық, ашыныс, дөрекілік, өштестік, көпшілік мойындаған тәртіп нормаларын әдейілеп бұзып, көшеде балағат сөздер айтып жүру, біреулермен ілінісу, қоғамдық мүлікті бүлдіру, ішімдікке, есірткіге үйір болу, құмар ойындар ойнау, ұрлық жасау, тонау, зорлау, т.т. Демек, отбасына материалдық, мәдени, педагогикалық, психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ, әке мен ананың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға жағдай тудыру – аса маңызды мемлекеттік іс. Сондықтан да, Қазақстанда ана мен баланы қорғау, отбасы туралы қабылданған заңдар одан әрі жетілдіріле түсуі тиіс. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында жан-жақты тоқталып, оны шешу жолдарын нақты көрсетіп беруде. Себебі ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқатын барынша көтеру, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін күшейту қажеттілігі туралы осы уақытқа дейін қабылданған әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, моральдық бағдарламалар мен заңнамалардың бұл бағытта қордаланған өткір мәселелерді шешудегі қауқарсыздығы, тетіктік механизмдерінің жетімсіздігі байқалып жүр. Демек, мемлекеттік отбасылық саясатты негіздеуде, оның мәні мен мазмұнын анықтауда Қазақстан халықтарының этностық өзгешеліктерін, үй шаруашылығын жүргізудегі өзіндік қолтаңбаларын, бала тәрбиелеудегі ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғыларын, салт-дәстүрлерін, рухани ұстанымдарын, мәдени артықшылықтарын, т.с.с. қатаң ескере білу қажет. Отбасының нақты тұтыну бюджетін де есепке ала білу керек. Айталық, отбасының нақты кірісі мен шығысының көлемі мен құрылымы, түрлі отбасылық топтардың тұрмыс деңгейлерінің айырмашылықты өзгешеліктері, кірістердің толық көлемі, жалақы мен басқада кіріс көздері, еңбек ақы нысандары, кәсіпкерлік қызметтен, фермерлік шаруашылықтан, өзіндік қосалқы шаруашылықтан түскен табыстар, меншіктен түскен табыс (үйді жалға беруден алынған), сыйақы, қарыз бен несие, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, алимент, жұмысқа уақытша жарамсыздығы үшін төленетін жәрдемақы, демалу немесе емделу үшін жолдамалар алуға берілетін жеңілдіктер, т.с.с. Отбасының шығысы – баспана салығы, коммуникациялық төлемдер, ішіп-жем азық-түлігі, киім-кешек, басқалай төлемдер, ерікті жарналар төлеуге шығарылатын шығындар, кітап, газет-журнал, т.т. сатып алулар, немесе баспасөзге жазылу төлемдері, салықтардың төленуі, несие төлемдері, т.т. Жалпы отбасылық деректер – экономикалық есептерде, сондай-ақ, әлеуметтік саясатты негіздегенде, қамсыздандыру бағдарламаларын түзгенде пайдалануы тиіс. Отбасылық экономикалық есептік факторларға қоса, демографиялық факторлар да есепке алынуы (отбасы саны – ата-ана, әке-шеше, балалар, бауырлас туыстар, күйеу, келін, немере-шөбере, т.т.) тиіс. Мұндай есептер балалы отбасыларға әртүрлі жәрдемақылар тағайындау, зейнетақының ең төменгі мөлшерін көтеру шараларын белгілеу үшін негіз қалайды. Ана мен баланың денсаулығын қорғау – мемлекеттің, денсаулық сақтау мекемелерінің, жұртшылықтың тікелей назарында болуы тиіс. Елбасы айқындап бергендей, қаржы дағдарысы өтіп, қазынаға кіріс кіргесін, ең алдымен, үкімет аналар мен балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуді одан әрі арттыра түсуге тиісті. «Біздің мемлекетіміз бұрыннан да қандай қиындықтарға қарамастан аналар мен балаларға айтарлықтай көмек көрсетіп келді. Алдағы уақытта да көмек көрсете береді. Мен балалы болғысы келмейтіндерге салық енгізу туралы ұсынысты көпшілік талқысына саламын. Одан түскен қаржыны көпбалалы отбасыларды қолдауға жұмсаған орынды. Бізге жергілікті деңгейлерде де отбасын, әйелдің жүкті кезін және балаларды тәрбиелеуді қолдаудың жаңа жолдарын мұқият талдау, жалғыз бастылар проблемасын шешу керек. Егер, біз адамгершілігі жоғары қоғам орнатқымыз келсе, алдымен, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз. Ата-аналар балаларына, ал, балалары қартайған ата-аналарына қамқор болса, олардың барлығы да қоғамда үлкен құрметке ие болады. Мұндай ұсыныстар Қазақстан халқына қашан да жақын, сондықтан менің осы ұсыныстарымның отбасы туралы заңда бейнеленуін қалаймын...[5]. ...Осылай дей келіп, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан әйелдерінің 5-форумында сөйлеген сөзінде еліміздегі отбасылардың тұрмыс деңгейін одан әрі жақсарту шараларын белгілеп, оның іске асырылуының бес бағытын айқындап берді. Жасыратындығы жоқ, базарлы қоғамға өту кезеңінде, ол аз дегендей, одан бері дүниежүзілік қаржы дағдарысынан пайда болған уақытша қиындықтарға байланысты, туындаған жетіспеушілікке, сондай-ақ жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің төмендігіне қарай, Қазақстанда туылым, дүниеге жаңа ұрпақтың келуі көп төмендеп кетті. Айталық, нағыз туым жасындағы әйелдердің арасында дүниеге жаңа ұрпақты әкелу үрдісі жалпылама алғанда бар-жоғы 37-39% құраса, 20-25 жас аралығындағылар арасында бұл көрсеткіш 53-55% асып жығылады. Біз жүргізген нақты – социологиялық зерттеулер сауалнамасындағы «Отбасыңызда қанша бала болғандығын қалайсыз?» деген сұраққа жауап қайтарған респонденттердің 27% - 1 балалы, 37% - 2 балалы, 19% - 3 балалы, 13% - төрт және оданда көп болғаны жақсы деп есептесе, ал қалған 4% - тіпті болмағандығын қалайтындығын белгілеген. Пайдаланған әдебиеттер 1. Оңтүстік Қазақстан 2009, 13 маусым. 2. Жаназарова З.Ж. Социология семьи. Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 192с. 3. Айқын – 2009, 13 маусым. 4. Назарбаев Н. Дағдарыстан – жаңару мен дамуға. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауы. – Егемен Қазақстан, 2009. 12 наурыз.

834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз