Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Тамыз, 2018

«ҚАЗАҚ ДЕП МҰҢҒА БАТТЫМ МЕН...»

Талантты ақын, қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты, көпшілік сүйіп тыңдайтын ғажайып әндердің сөзін жазған, «Дәстүр» этнографиялық ІV томдық кітаптың, «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановпен арадағы әңгімеміз ақындық жолдың шиырлы сүрлеуі және Мұстафа Шоқайдың өмірі жайында өрбіді.

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ПЕРЗЕНТТІК БОРЫШ

– Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан оралған бетіңіз екен. Ол жақтан алған әсеріңіз қалай? – Бұл менің Моңғолияға бұл алғашқы баруым емес. Бұған дейін де түрлі-түрлі жағдаятпен 4-5 рет болдым. Былтыр ақын жігіттер: Ұлықбек Есдәулет, Қазыбек Иса, Жүкел Қамай, Ғалым Қалибектермен дүниежүзі поэзия конгресіне қатысқан едік. Онда Бішкек арқылы ұшақпен Ұланбатырға барған болатынбыз. Оның алдында да Есенғали Раушановпен бірге барған кезім болған. Ол кезде Баян-Өлгийге аптасына бір рет ұшақ қатынап тұрған еді. Әуелі Баян-Өлгийге ұшып, сосын Ұланбатырға сапар шегіп едік. Осы жолғы сапарымызда о дүниелік сапарға аттанып кетті, тарихшы ғалым Ислам Қабышұлы ағамыз бізді Күлтегіннің, Тоныкөктің басына апарып қайтқан болатын. Ақын Мұрат Пұшатайұлы секілді аймаңдай азаматтардың бар кезі болатын. Ел тұтас отырған заман еді, қазір басқа Баян-Өлгий, өзгерген Баян-Өлгий. Кітапханада менің мерейтойыма арналған кездесу өтті. Сол жердегі зиялы қауым өкілдерінің біразының басы қосылды. Қазір ондағы ел су тасқынының астында қалды. 583 үйді су алып кеткен. Десе де, жалпы халықтың көңіл-күйі, жағдайы жаман емес екен. Мен таулы аймақтарды біраз араладым. Ценгэл деген ауданның 80 жылдық мерейтойына қатыстым. Жалпы, ондағы барлық аудандардың 90-80 жылдық мерейтойлары аталып өтіп жатыр екен. Бір апта машинаның ішінде жүрдім. Қатты әсерлендім. Жалпы мен өзім қатты әсерленгіш адаммын. Күнделікті күйбең тірлік-тен бір уақ алыс кетіп, өзіңмен өзің оңаша қалғанның өзі адамды бір серпілтіп тастайды. Жол адамды тәрбиелейді. Өзіңе өзің есеп бересің. Осы сапарымда сонау замандағы қазақтың тазалығын, адалдығын алып оралдым. Биік шың-құздардың ортасында отырған Жаубай ақсақал мен оның қойдай қоңыр тірлігінің тұтқасы – бәйбішесімен әңгімелестім. Өте білімді, даланың дарқан, бекзат жандары екен. Оқымаған кітабы жоқ, білмейтін білімі жоқ. Бірақ осы қазақы тірліктен өзге бақты іздемеген, іздеуді мұрат та тұтпаған. Сонау бала кезіме қайта оралғандай күй кештім. – Мұқағали Мақатаевтың «Алпысқа келдіңіздер, Бәрін де көрдіңіздер, Бәріне көндіңіздер, Алпысқа келсек екен енді біздер...» деген өлең жолы бар ғой... Сол секілді алпыс жастың белесінде өмірден не түйдіңіз? – Бала кезімде алпыс деген сондай бір ұзақ жас деп ойлаушы едім. Намаздыгер, намазшамда сап етіп алпысқа келе қалғанымызға аң-таңбыз. Дегенмен, өмірдің соңғы 20 жылын спирттік ішімдіксіз, саналы түрде өткіздім. Ойлануға уақыт болды. Өмірімді сараптауға, ұлтқа қызмет етуге талпындым. Мемлекетшіл болуға, жастарымызды мемлекетшіл рухта тәрбиелеуге атсалыстым. Өмір бойы өзімді өзім түзетіп келе жатырмын. Түрлі қызметтерге талаптанған да жоқпын, ешкім тартқан да жоқ. Сол себепті де өз бетіммен журнал шығардым. Сегіз жылдан бері үздіксіз этнографиялық «Дәстүр» журналын шығарып келемін. – Этнографиялық журнал шығаруға не түрткі болды? – Ақпарат саласын зерттеп көрдім, сонда байқағаным салт-дәстүр туралы әңгімелер өте аз айтылады екен. Сол себепті де осы саламен түбегейлі айналысуды мақсат еттім. «Дәстүр» атты 4 томдық этнографиялық кітабымды шығардым. Осы этнография мәселесімен 10 жыл бойы айналыстым. Арасында өлең жаздым өлеңді ешуақытта тастамадым. Әдеби майданның ортасынан өттім. Өлеңге келу тарихым да қызық. Бір қызға өлердей ғашық болдым. Ол поэзияны сүйеді екен. Сол қызға ұнау үшін өлеңге мойын бұрдым. Сөйтсем, қызға ғашық болу ештеңе емес екен, жылдар өте келе бұл махаббат елге, Отанға деген махаббатқа ұласты. Алғашқы жыр жинағым студент кезімде жарық көрді. Айтпақшы, осы жолғы Баян-Өлгийден тапқан үлкен олжамның бірі – сол алғашқы жыр жинағым «Бастау» атты кітабым. Бұл кітапты Қазақстанның кітап дүкендерінен таппай жүр едім. Сондағы бір кездесуде бір ақсақал әкеп берді. Өлеңдерімді жатқа оқиды екен. Бұл да менің көңілімді бір серпілтіп тастады. Мұқағалиша айтсақ: «Сен менің көтерілген еңсем бе едің?» деп тағы бір жасап қалдым. – Жаңа бір сөзіңізде «ұлтқа қызмет ету» туралы айтып қалдыңыз ғой. Жалпы сіздің түсінігіңізде «ұлтқа қызмет ету» дегеніміз не? Мысалы, қарапайым еңбек адамы бар, «ұлтқа қызмет ету» туралы ойланбайды да. Бірақ ол да белгілі бір деңгейде ұлттың дамуына үлес қосып жатыр... – Жасаған еңбегін ешкімге бұлдамай, қарапайым ғана еңбек еткендердің барлығының ұлттың дамуына қосатын үлесі бар. Бір отбасы дені сау, жаны сау бір сәбиді тәрбиелеп өсірсе, ол да ұлтты дамытуға қосып жатқан ерен еңбек. Марқұм Мақаш Тәтімовтің демография жайлы жарғақ құлағы жастыққа тимей, зар қаққанын құлаққа ілген ешкім болмады. Шын мәнісінде ол кісінің шырылдауы бекер емес. Мына ұлан-ғайыр даланы игеру үшін адам керек. Әйтпесе, асхана мен дәретхананың ортасында, қамсыз, жайлы өмірді әркім сүре алады. Бірақ Отан алдындағы перзенттік парызды ойлау – ұлтқа қызмет етудің негізгі бастауы болар еді. – Ғашықтық ақындыққа бастады дейсіз, бірақ Политехникалық инситутта білім алыпсыз. Инженерлік білімді әдейі таңдадыңыз ба, жоқ кездейсоқтық па? – 1975 жылы ауылдан білім іздеп Алматыға келгенімдегі алғашқы мақсатым Журналистика маманды-ғына оқуға түсу еді. Бірақ жазған-сызғандарымның болмағаны себепті мені журфак қабылдамай қойды. Ауылға қайтқым келмеді. Бірге келген бес-алты баланың барлығы политехқа тапсырып жатты. Сонда оқып жүріп алғашқы кітабым жарық көрді. Дегенмен, сол политехті бітіргенім көп жағдайда алдымнан шығып қалады. Жұрт журналистік білімім жоқ екенін бетіме жиі басады.

МҰСТАФАТАНУДА ӘНУАР ӘЛІМЖАНОВТЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

– Бір кездері «Мұстафа Шоқай жолымен» деген ғылыми экспедиция ұйымдастырдыңыз... Бұл экспедиция­ны ұйымдастыруға не түрткі болды? – Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыдан бастап, Берлинге дейін жүріп өткен жолы бойынша жүріп өттік. Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мені қатты қайран қалдырды. Оның жеке тұлғасына Совет Үкіметі кезінде қара күйе көбірек жағылды. Оны тануға ұмтылып көріп едім, қайраткердің басты мақсаты, сол қазаққа, ұлтқа қызмет етуден бас­талыпты. «Үлкен Түркістан» идеясының жетегінде құрған «Қоқан хандығының» тарихы да әлі терең зерттеліп болған жоқ. Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабында Мұстафа Шоқай туралы деректер бар. Бірақ онда автор Мұстафа Шоқайды оқырманға сатқын, фашистердің қол шоқпары ретінде көрсетеді. Аталған романдағы деректер кеңестік идеология тұрғысынан жазылғандықтан ба, көбінде жалған әрі берілген баға әдейі қолдан ұйымдастырылған. Қазақстанда Михаил Горбачевтің қайта құруы кезінде алашордашылар мен Алаш қайраткерлерін ақтап алу үрдісі жүріп жатқан тұста, Мұстафа Шоқайды ақтап алуға және оның тұлғасына терең үңілуге көп ешкімнің батылы бармайды. Серік Шәкібаевтан кейін Мұстафа Шоқай тақырыбына қалам тербеген жазушы Бейбіт Қойшыбаев ағамыз болды. Оның мақаласы «Ана тілі» газетіне 1990 жылы басылды. Бейбіт Қойшыбаев бұл мақаласында Мұстафа Шоқай тұлғасын ақтауға тырыспайды әрі өте сақтықпен қалам тербейді. Десе де, тоңның жібіп, сеңнің қозғалуына осы мақаланың өзі көп септік тигізді. Бейбіт Қойшыбаевтың Мұстафа Шоқай туралы екінші мақаласы осыдан алты ай өткеннен кейін, 1990 жылдың қарашасында «Қазақ әдебиетінде» басылды. Одан кейін 1991 жылы Қазақ елінің тәуелсіздігін жариялауға аз қалған уақытта Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай, ол кім?» деген көлемді мақаласы тағы да «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Әнуар Әлімжанов бұл мақаласында Мұстафа Шоқайды толық ақтауға және деректерді еш бұрмалаусыз нақты беруге тырысады. Бұдан кейін оның тұлғасы шын халықтық қаһарман ретінде қалыптаса бастайды.

[caption id="attachment_49039" align="aligncenter" width="960"]Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлымен сұхбаттасып тұрған сәт Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлымен сұхбаттасып тұрған сәт[/caption]

– Әнуар Әлімжановтың мақаласына қатысты Серік Шәкібаевтың қарсы уәждері болған екен. «Қазақ әдебиеті» газеті екі жазушының да пікірлерін қатар беріп, Мұстафа Шоқай туралы қайшылықты пікірлерді өрбіткен екен. Серік Шәкібаев өмірінің соңына дейін өз дегенінен қайтпаған екен. Оның романының кейіпкерлері жайында не айтасыз? – Мысалы, Батыс Қазақстанда туған Тілеумағамбет деген адамды обер лейтенант Әлихан Ағаев деп алды. Мақсат Тәжімұратов «Алашорда отряды» деген керемет мақала жазды. Осы мақаласында Тілеумағамбеттің кім екендігі толығымен баяндалады. Сол Тәжімұратты Баку сапарына қостым. Сонда екеуіміз бір апта бойы Бакуды аралап, мұсылманнан шыққан тұңғыш генерал Зейнел-Ғабиден Тағаевтың (Тагиевтің) үйінде болдық. Сол Тагиевтің дүние-мүлкін тәркілеп, фабрикасын алып жатып, қызылдардың «Сіздің фабрикаңыз енді В.И.Лениннің атымен аталады» деп айтатыны бар. Сонда ол ұзақ ойланып тұрып, «Менің компаньондарымның арасында ондай адам жоқ еді» депті. Зейнел-Ғабиден Тагиев Әзірбайжанның жетім балаларына меценаттық жасап, 20-дай баласын оқытып-тоқытқан екен. Сол балалардың бірі Әзірбайжанның І хатшысы болып келіп, әлгі Тагиевті өз ауылына аттандырып, репрессиядан аман алып қалған екен. Сол қария ұзақ жасап, бақытты өмір кешіпті. Біздің Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетін шығарғанда, демеушілік жасаған адам. Осы мақалалардан бастап, Мұстафа Шоқай туралы қаншама еңбекті қарадым. Оның тұлғасын тану үшін терең сүңгіген сайын, қаншама сауал туындады десеңізші. Сол сауалдардың көбі жауапсыз қалды. Кейбір тарихшыларымыз Мұстафа Шоқайдың жары Мариям Шоқайды мұсылман дінін қабылдаған деп сипаттайды. Мен Мариям Шоқайдың бейіті жатқан Францияның Шелль қаласында болдым. Мария Шоқай қайтыс боларынан бұрын басына қоятын құлпытасты өзі тапсырған екен. Сонда оның туған жылы бар, қайтыс болған жылы жазылмаған. Құлпытасында крест белгісі таңбаланған. Осы деректің өзі Мариям Шоқайдың мұсылман дінін қабылдамағандығынан хабар береді. Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейін оның қырқында Мариям Шоқай Париждегі мұсылмандар мешітінде арнайы жиын өткізген. Мен экспедиция мүшелерімен бірге Мариям Шоқай естелігінде айтатын осы мешітке бардым. Парижде 1922-1926 жылдар іргетасы қаланған екі мешіттің үлкені осы мешіт екен. Қысқасы, Мариям Шоқайдың күнделігінде айтылатын жерлердің бәрін көрдім. Мұстафа Шоқайдың бейітінің басында бір бағаннан басқа ештеңе жоқ. «Үлкен Түркістан» мемлекетін құрушының осылай елеусіз ғана жатқаны жанымды қынжылтты. – Мұстафа Шоқай экспедициясын ұйымдастыруда алға қойған мақсатыңыз қаншалықты орындалды, қаншалықты өзін-өзі ақтады? – Ең бірінші, мәселе сотқа дейін жетті. Мен Мұстафа Шоқай экспедициясының аясында деректі фильм түсірдім. Білім және ғылым министрлігі бұл фильмді тарих пәнінен қосымша электронды оқулық ретінде мақұлдады. Қазір Мұстафа Шоқайды танимын, білемін деген адамдарға ол ашық ресурс арқылы қолжетімді. Онда туған жері Наршоқыдан бастап Берлинге дейін жүріп өткен жолын сипаттайды. Ортадағы Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Баку – Мұстафа Шоқай тоқтаған жерлердің бәріндегі тарихты сөйлетуге тырыстық. Бірінші мақсаттың орындалғаны осы. Жас ұрпақтың бойына мемлекетшілдік сананы осылай дарытпасақ, қалай дарытамыз? Мен мектеп қабырғасындағы балаларға өмірді осылай сүруге де болады дегенді үлгі ретінде ұсындым. Отанды, ұлтты сүюдің үлгісі. – Мұстафа Шоқайға қатысты сот процесіне дейін жеттім дедіңіз.... – Жоғарыдағы деректі фильмнің тұсаукесерін Өскеменде өткізген едім. Осы тұсаукесерді өткізген соң он күннен кейін «Флеш» деген газетте Сергей Михеев, Данилевский дегендердің «Как черное становится белым» деген тақырыппен мақалалары жарық көрді. Осы мақалада «Қасымхан Бегманов атты біреу фашист, сатқын Мұстафа Шоқай туралы «Мұстафа Шоқай жолымен» деген деректі фильм түсірген екен. Окоптың бір жағында Гитлердің жандайшабы Мұстафа Шоқай тұрғанда, екінші жағында біздің ата-бабаларымыз тұрды» деген мәтіндер болды. Осы мәтін менің қытығыма тиді. Сөйтіп, соттасуға мәжбүр болдым. «Күреңбел» деген кітабымда Мұстафа Шоқайға арналған «Шерлі Түркістан» деген поэмам бар. Осы поэмамда Өскемен қалалық Төленді Қасымов деген соттың Мұстафа Шоқайды «фашист, сатқын» деген шешім шығарғаны жайлы да баяндаймын. Кейін облыстық сотта жеңіске жетіп, 100 мың теңге моральдық шығын өндіріп алғаным бар. Ал жоғарыда аты аталған журналистер қазақ халқынан кешірім сұрауға мәжбүр болды. – Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жыл болса да, тарихқа КСРО-ның көзімен қарау әлі өзгерген жоқ. Алаш қайраткерлерін бағалау, Мұстафа Шоқайдың тұлғасына деген өзгеше көзқарас әлі қалыптасқан жоқ. Мен Франциядан келген Яшар Дініш деген кісімен осы Мұстафа Шоқай туралы бір әңгіме өткізген едім. Сонда осы Алматыда бір мектептің Мұстафа Шоқайдың атына беріліп, бірақ әлі күнге бекітілмегендігін айтып еді. Дегенмен, Мұстафа Шоқайдың әдемі ескерткіші Қызылорда қаласында бой көтерді. Сатыпалды Нарымбетов Мұстафа Шоқай туралы көркем фильм түсірді. Басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Десе де, сіздің ойыңызша, тарихқа өзгеше көзқарас, тәуелсіз көзқарас бізде қалыптасып үлгерді ме? – Мен жалпы пышақтың жүзінде жүрген адаммын. Сол себепті де, тарихқа деген тәуелсіз көзқарас қалыптаспады десем, тағы да қателесіп кетермін. Бұл тақырыпқа тереңдеп бармай-ақ қояйын. Мұстафа Шоқай туралы деректі фильмімнің тұсаукесерінде Қабдеш Жұмаділовтің айтқан бір сөзі бар еді: «Мұндай жұмысты ақындар атқаруы керек екен. Олар жанын салады» деген. Мен өзімнің алған объектімді зерттедім. Кейбір тарихшылармен айтыстым. Қазір солардың кейбірі дүниеден өтіп кетті. Тарих ғылымының докторының соңынан екі ай жүріп сұхбат алуға әрең көндіріп, камераға жазып алған едім. Сол кісі маған звондап тұр: «Қасымхан, ана сұхбатты деректі фильміңе пайдаланатын болсаң, мен сені сотқа беремін» дейді. Амал жоқ, пайдаланбауға тура келді. Ең соңғы сәтте сөйтіп сатып кеткендігі бар. Мұстафа Шоқайға қарсылар әлі бар. Оның тұлғасын тану, оған жағылған жала мен күйе толық аршылды деп айта алмаймын.

БЕСІК ПЕН БЕЙІТ АРАСЫНДА ӨМІРДІ БАҒАМДАЙ АЛДЫҚ ПА?

– Бізде шығармашылық адамдарының басын қосатын Жазушылар одағы деген киелі мекен бар. Одақ тұсында бұл мекеннің атағынан ат үркетін, жазушылардың беделі сұмдық еді. Жақында сол Одақта кезекті құрылтай болды. Осы құрылтай тұсында елдіктің, ұлттың сөзін сөйлейді деген зиялыларымыздың шынайы бет-бейнесі көрінді. Меніңше, біздің жазушыларымыз елдің, ұлттың сөзін айтар тұста бұғып қалады да, пендеуи, рулық мәселелер көтерілгенде өре түрегеледі. Біздің зиялы қауым өзінің ел алдындағы миссиясын қалай атқарып жүр? – Көп адамдар жазушылық дегенді атақ алумен шатастырады. Ақындық деген – қасірет, ақындық деген – бақытсыздық. Мен өте бақытсыз адаммын. Себебі халықтың жағдайын, зиялы қауымның бүгінгі бет-бейнесін көріп отырып, өзімді қалай бақыттымын дей аламын. Біз өте қиын кезеңде, жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Осыны көп адамдар түсіне бермейді. Шаханов бекер шырылдап жүрген жоқ. Менің ағаларымның бойында бекзаттық бар еді. Олар Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков секілді көше ақындары еді. Менің «Көше ақындары» деген өлеңім бар. Мен де көше ақынымын, аудитория көрмегенмін. Ақынның баянсыз бақ пен жалған атақтан гөрі бесік пен бейіт арасындағы өмірді бағамдай білуі дұрыс болар еді. Бірақ оны көп жастар түсіне бермейді. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

1710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз