Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Желтоқсан, 2019

ОТАРЛЫҚ САНАНЫҢ САЛМАҒЫН СЕЗІНДІРГЕН – КҮЙ!

Ержан ЖӘМЕҢКЕ, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультетінің деканы:

Күй десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Қазіргі таңда күйшілік өнердің жүгін өрге сүйреп, алыс-жақын елдерге қазақтың өнерін танытып жүрген Ержан ЖӘМЕҢКЕНІҢ айтары аз емес. Ол жетекшілік ететін «Хассақ» ансамблі 30-дан аса аспапты арқалап, әлемнің Англия, Чехия, Ресей, Қытай, БАӘ, Корея, Түркия сынды түрлі елдерінде концерт өткізіп, қазақтың төл өнерімен жүрген жерін күйге бөлеп келеді. Ансамбль биыл наурызда Сауд Арабиясында өткен әлемдік «World Folk.vision» аламанында «Этно музыка» аталымы бойынша жүзден аса елден келген өнерпаздар арасынан бас жүлдені жеңіп алды. Жақында ғана Ержан Ерболатұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультетінің деканы болып тағайындалды. Біз шебер ұйымдастырушы, дәулескер күйші, Тәуелсіздік дәуірімен бірге қалыптасып келе жатқан тұлғамен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Ержан, адамның эмоционалдық жағ­дайын білдіретін сөз де күй, көңіл күй деп аталады, түрлі аспаптарда орындалатын ­музыка да күй деп аталады. Екеуінің арасында байланыс бар ма? – Байланыс бар. Құдайберген Жұбанов Махмұд Қашқариға сілтеме жасап, көне түріктер күйді күк деп айтқан, күк – көк, көк тәңірі деген сеніммен байланыстырады, оларда и деген әріп болмаған ғой. Көңілді, мұңды, назды, сазды дегендей, адамның көңілінің құбылуын да күй дейді. Тыңдаушысын көбейту үшін күй­шілер сахнада әрқандай жағдайға түседі. Қанша күйші бар, сонша күйді (состояние) көреміз. Қазақта тіркелген 5000 күй бар екенін кезінде Ақселеу Сейдімбек жазды, яғни күйшілер 5000 күйге түскен ғой. Психологтар: «Психологияда адамның 1500-ге тарта көңіл күйін тіркедік. Ал қазақта 5000 күй бар дейсіздер, сонда, қалған 3500 күйге қандай ат береміз?» деп таңғалады екен. Күйдің құдіреті ­керемет! Күй – хабаршы, төреші, сыншы,­ жоқтаушы, мысқылдаушы, әзілдеуші, идіруші, жігерлендіруші, т.б. көптеген қызметін көруге болады. Күй күйшінің көңіл күйіне қарай да құбылып отырады. Мәселен, бүгін көңілді болса, тартқан күйі де соған лайық өзгеше реңк алады. Келесі күні ­немесе басқа ортада, өнерді өте қатты сүйіп, бағалайтын жерде сол күйді сұрасаң, ол тіпті көркейіп, импровизациялық өнерін қосып, дамытып тартуы мүмкін. Тіпті бұрынғы күйші композиторлардан жеткен күйді бүгінгі ұрпақ орындаған кезде, өзіміздің темпераментімізге, жаратылысымызға, сол кездегі көңіл күйімізге салып орындаймыз. Ахмет Жұбанов «Әркім өзінің мінезін тартады» дейді. Расында, күй – түсінгенге жыр, түсінбегенге дыр. – Әркім өзінің мінезін тартса, Ержан қандай күй тартып жүр? – Сіз өзіңіз Жетісудың адамы боп, сізге анау батыстың жігерлі, алып ұшқан дауыл күйлерін әкелсе, яки Арқаның шертпе күйін шерт десе, сіз бәрібір Жетісудың биязы, әуезді мінезіне салып тартасыз. Мен Жетісу өңірінің тумасымын. Бір өкініштісі, Жетісу күйлерінің артта қалып қойғанына соңғы 3-4 жылда ғана көзім жетті. Басында «Неге мен осыған көңіл бөлмедім? Неге алдыңғы буын күйші ағаларымыз бізге үйретпеген?» деген назым болды. Дегенмен,­ қол қусырып «неге» деп отыра беруге болмайды, қазір осы мәселені қолға алып жатырмыз, ілгерілеу де бар. Қожекенің, Сыбанқұлдың, Мергенбайдың күйлерін сахнаға шығарып жатырмыз. Қазақтың әр өңірінің өзіне тән күйшілік мектебі бар. Сол әр мектеп өз деңгейінде, өз биігінде зерттеліп, орындалса, қазақ өседі, қазақтың күй өнері өседі. Барлық өлке өзінше бір ерекше, солардың бәрін қамтуымыз ­керек деп ойлаймын. Ол ғылымға да пайдалы, ол тәрбиеге де жақсы. Докторлық жұмысымда қазақтың батысы, шығысы, солтүстік, оңтүстігіндегі әзіл күйлердің бәрін ­жинастырдым. Ал енді қазір кемшін қалған Жетісу күйшілік дәстүрін біртіндеп қолға алып жатырмын. Жетісу күйшілері дегенде Тілендиевпен бітіп қалады. Оның ар жағында Құрманғазымен тағдырлас, замандас Қожеке Назарұлы деген күйші өткен. Ол кісі Жетісу мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Дәл Құрманғазы сияқты түрмеге түскен, айдауда­ болған. Ең соңында түрмеде көмірдің шоғына қинап өлтірілген. Бұл мына Ресей патшалығына бағынбай, артынан Қытай билігіне бағынбай, осы екі ортада жиырма бес үйімен көшіп, әрлі-бері жүріп, жан тапсырған. Күйші ғана емес, ел бастаған батыр, қоғам қайраткері. Міне, осыларды айтуымыз керек. Жалпы, басымыз айдауда, бармағы­мыз шайнауда жүрген отарлық дәуірлердің үнін жеткізген негізгі ұлы өнер – күй! Басы Кетбұға бабамыздан бастап, әр дәуірдегі Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Қожеке, Нұрғиса сынды ұлы тұлғалар «тіл байланған» кезеңдердегі ұлтымыздың мұң-зарын күймен жеткізгені баршаға мәлім. – Былтыр сіздің концертіңізге барып, қазақта әзіл күйлердің өте көп екеніне таңғалдым… – Ым-ишара адам жаратылғаннан бар. Көнеден келе жатқан тіл деуге болады. Кейін сөз қосылды, ым-ишара қосымша тіл ретінде қолданыста қалды. Олар аспаптық музыкаға да қосылып, өзгеше деңгейге көтерді. Біреуді келемеждеп, мазақтап, әжуалап немесе шеберлігін көрсету мақсатында да «қолымның тартысын қара, саусақтарымның қозғалысы қандай, әрқайсымен жеке-жеке тартам» дегендей, қол ойнатып тартқан күйлер бар. Ым-ишараның аспаптық ­му­зыкаға кіруі – музыканың дамуының бір сатысы. Ауыр, терең, философиялық, ойланып отырып тартатын күйлер немесе көңілге жақсы жағатын жайдарлы күйлер бар, сондай-ақ әзіл күйлер де жетерлік. ­Ондай күйлер цензураға ұшырап, сахнадан түсіп қалды, КСРО әзіл күйлердің жолын байлады.­ Жетекшім «Әзіл күйлерді зерттеп көресің бе?» деген ой тастағанда, қуана келістім. Ізіне түссем, ойбай-оу, әзіл күйлеріміз жетіп жатыр екен ғой. Оны көпке қайта танытып, ғылыми негіздеп, қай жері әзіл, қай жері әзіл емес деп түсіндіріп беру ғана екен. Бұл мүлде ешкім қол тигізбеген, зерттелмеген тақырып. Қиындығы да, қызығы да сонда. Қазақстанда ғана емес, жалпы түркі халқында да зерттелмеген екен. Ол аз десеңіз, Еуропа халықтары да онша назар аудармапты. Сөз өнеріндегі, опера өнеріндегі әзіл туралы бар да, мына аспаптық өнердегі, тілсіз, сөзсіз, музыка­ тіліндегі әзіл деген зерттеу жоқ. Бірақ бұл тақырып – қызық, өміршең тақырып. Үш жыл зерттеген соң, Ғылым ордасында осыны­ іс жүзінде, практика жүзінде көрсету керек болды. Теориялық жағынан негіздей отырып,­ әр өңірден мысалдар келтіре отырып, концерт бердік. Халық та, осы саланың басы-қасында жүрген мамандар да өте жылы қабылдады. – Әзіл күйлердің КСРО-ға несі жақпады? Неге цензураға ұшырады? – Ол жерде қолды олай-былай ойнататын жерлер бар, келемеж, астарлы сатира, бір емеурін танытатын ым-ишаралар бар. Оны билікке бағытталғандай қабылдады. Ондай күй тартқан күйшілерді айдауға жіберіп, артынан адамдар түсті, сондықтан оны тарта бермейтін. Әзіл күйлердің ерекшелігі – айтыстың күй нұсқасы, екі адам тартыспаса, мәні болмайды. Айтысқа бұғау салынған соң, бұл жанрдағы күйлердің де жолы байланды. Ол бар және біздің орындаушы зерттеушілеріміз де аз болды. – Сіз еліміздегі PhD қорғаған тұңғыш орындаушы-зерттеуші екенсіз? – Қазір музыкатану ғылымының маман­дары бар. Олар көбіне орындау­шының тартқанына сүйеніп, соған қарап отырып жазады, талдау жасайды. Бірақ ол өзі орындаушы емес қой. Ал егер ол сол күйлердің нақ орындаушысы болса, онда тіпті тереңірек талдар ма еді деп ойлаймын. Қазір орындаушылар ғылымға бет бұрып жатыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген ғой. Күй зерттеушілері де орындаушы болса, оның ішкі иірімдерін: қайткенде қылт ете қалады, қайткенде сылқ ете қалады – бүге-шігесіне дейін түгел біліп отырады. Ал теориямен ғана айналысқан адам оны байқамай қалуы мүмкін немесе жеткізе алмауы мүмкін. ­Теориясын да зерттеп, күйді де тарту арқылы өзге орындаушылардың зерттеушілікке келуіне түрткі болдым деп ойлаймын. Қазіргі ұрпақты ғалымдар Z-ұрпақ деп жүр ғой, сол Z-ұрпақ жан-жақты болмаса, заман талабына сай болмайды. Білім мен өнер тізгінін қатар ұстағанда ғана, алысқа шабасың. – Әзіл күйлерді зерттегенде қандай ­қы­зықты деректер таптыңыз? – Әзіл күйлерді: салиқалы әзіл күйлер, емеурін әзіл күйлер және бейәдеп күйлер деп үш деңгейге бөлдім. Мүйізі ­қа­рағайдай мықтылар: Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Ақселеу Сейдімбек аталарымыздың жазбаларында мұны фольклор ретінде қарастыру керек деп жазған. Ауызекі, тұрмыстағы болатын кәдімгі адами іс-қимылдар, қылықтардың бәрі аспаптық музыкамен де үндесіп отырған. Әсіресе, қыз бен жігіттің арасындағы тартыс. Қазақ үшін жігіт қыздан жеңілсе, ұят болған. Сол себепті барынша қыздан жеңілмеуге тырысқан. Тіпті шеберлік деңгейі тең түсіп бара жатса, қыз қайталауға ұялатын қимылдар жасап, қитұрқы тәсілдерге де барған. Тартыстың шарты бойынша бір күйші жаңа күй тартса, екінші күйші соны қайталап беру керек те, өзі бір жаңа бір күй ұсыну керек. Оны бірінші күйші қайталау керек. Енді сондай кезде жігіт бір анайы қимылдар көрсетеді. Біздің шариғатымыз бар, дәстүріміздегі қыз балаға қойылған тыйымдар бар, қыз бала қарсыласының қимылын қайталамай, орнынан тұрып кетіп қалған. Ата-анасы отыр, көрермендер бар, қайтіп қайталасын? Солай қыз жеңіледі. Қыз жеңілді дегенмен, оның мәртебесі де көтеріледі. Өз орнын білетін, әдебі әдемі қыз ретінде әспеттелген. Анайы, қитұрқы, ұятсыздау қимылдарды тек тартыс үстінде көрсетеді. Ал одан басқа жерде көрсетсе, ол әдепсіздік саналады. Тартыс үсті деген – соғыс сияқты. Соңғы нүкте – жеңіс болуы керек. Ол жерде көрермен отыр. Көрермен жоқ жерде солай жасаса, ол басқаша көрінуі мүмкін. Көрермендер алдында бұл өнер ретінде бағаланады, фольклор болып саналады. Ақселеу Сейдімбек «Бейпіл сөздер» кітабында осы жайында ­жазады. Қазақта айтыс өнерімен қатар тартыс өнері бар. Айтыс өнеріндегі үлгілер, аналогтар тартыс өнерінде де бар, мәселен айтыста лақпа айтыс болса, тартыста есер тартыс, қайым айтыстың аналогы – түре тартыс. ­Солай кете береді, бір-бірімен байланысып жатқан қазақтың үлкен мәдениеті. Бұл тақырып, өз елімізде ғана емес, шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын тудырып, «Тездетіп ағылшын тіліне аударту керек. Біз де осыған сүйене отырып, өз музыкамызды зерттеуіміз керек» деген ұсыныстар түсті. Монографиям­ қазақ тілінде кітап болып шықты, 20 желтоқсанда жеке концертімде тұсаукесері болды. – Әзіл күйлер деп отырсыз, өзіңізге ерекше әсер еткен, қатты күлдірген немесе ой салған қандай күй болды? – «Қасқа-ау, ана арада, қасқа-ау, мына арада» деген Сыр өңірінің бір күйі бар. Қазанғаптың күйлерін жеткізуші Кәдірәлі Ержанов деген күйшінің авторлық күйі. Ол кісі бір ауылдың екі күйшісімен тартыспақ болады. Сол екі күйші шыққан ауылда үлкен бір бай тұрады екен. Сол бай біреудің кенже қызын бесінші әйел қылып алады. Ол қыздың өзінің сүйіктісі, көңіл қосқан жігіті бар екен. Сонда жігіт қызды қимай, кәрі байға кетіп бара жатқаны әділетсіз деп, қызды байдың үйінен ұрлап алып кетеді. Жігіт қызды алып қашқанда, жігіттің достары­ байға көмектескендей сыңай ­танытып, алдайды. Қыз бен жігіт оңға қарай қашса, «Жас қалыңдығыңызды алып қашты, Ана жаққа қашты!» деп, басқа жаққа бұрады, екінші бір тобы: «Жо-жоқ, ол жаққа емес, мына жаққа қашты» деп, былай бұрады. Алай бір-бұлай бір бұрып, байдың басын қатырып, жастардың қашып кетуіне жағдай жасайды. Бұнда әрі достықтың үлгісі болса, әрі ақымақ кәрі шалдың алданған кейпі көз алдыңа келеді. Кәдірәлі Ержанов осыны­ күйге түсіріп, сол ауылдан шыққан екі күйшіге: «Сендердің байларыңды кезінде осылай алдап, мазақ қылғанбыз. Сендер сол бай­ларыңмен мақтанасыңдар ғой, не демек­шісіңдер?» дейді. Сонда ана екі күйші «мына шалдың оқиғасы басымызға бәле болды ғой» деп, тұрып кетіп қалған екен. Осы тақырыпты зерттей жүріп, мен өмірдің түрлі қайшылығы, бөгетіне күле қарауды үйрендім. Абай да «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» дейді ғой. Қазақтың күлкісі, әзілінің өзі астарлы, мағыналы. Әзіл, қалжың деп екі категорияға бөлеміз ғой. Әз деген – игі деген сөз, зіл деген – айтылайын деп тұрған ауыр сын немесе реніш. Соны әз ғып, игі ғып, жұмсартып, тәрбиелік мәнде, астарлап жеткізуді әзіл деп айтады. Күлдіре отырып, ой тастау. Қалжың деген айтылған жерде қалатын, аса бір мақсаты жоқ, күлдіру үшін ғана айтылатын, құрдастар арасындағы, замандастар арасындағы қағытпа сөзді айтамыз. Біздің ұлттық күй өнерімізде әзіл күйлердің болғанына таңғалдым, қуандым. Әзіл домбырада ғана емес, басқа аспаптарда­ да бар. Кезінде бір жігіт шаңқобыздың тілшесін тартып: «Сыртқа шықшы, мен сені күтіп тұрмын» деп тартады екен, сонда­ қыз: «Апам жібермей жатыр, мен бара алмаймын» деп жауап береді екен дейді. Қалай түсініскен, ә? Таңданбасқа шараң жоқ. Бұл жанр түркітектес халықтардың бәрінде болған, тек ол зерттеушісін күтіп, әлі қойнауда жатыр.

– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясы халық музыкасы факуль­тетінің деканы болдыңыз, қандай жоспарларыңыз бар? – Өзіміз оқыған кей маңызды пәндерді алып тастаған, соларды қайтаруға ұсыныс жасап жатырмын. Домбыра деген аспап тек қазақта емес, өзбекте де бар, башқұртта да бар. Қадыр Мырзалиев: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деуінің үлкен мәні бар: домбыра аспабын шырқау шыңына шығарған қазақ қана. Сол себепті біз ауыз толтырып «домбыра біздікі» деп айтамыз. Ал мына сыбызғы аспабы башқұрттарда керемет дамыған. Бесіктегі баласы да керемет шебер ойнайды! Дегенмен, бізде де сыбызғы жақсы дамыған. Қытайдағы, шығыс, батыс өлкедегі қазақтар арасында кең тараған. Бірақ башқұрттардың деңгейі басқа! Қылқобыз да бізде жақсы дамыған. Әлемдегі бар түркі халқы Қорқытты иеленгісі келеді. Біз де «өз бабамыз» дейміз. Басқаларда бірде-бір күйі сақталмаған, бізде онға тарта күйі бар. Бұған не дейсіз? Осындай мәселелерді зерттеу үшін «Түркі халқының музыкасы» деген пәнді жүйелегім келеді. Ол бізде қысқа уақыт қана оқытылады екен. Өнер саласында жүрген жандар үшін бұл пән маңызды. Қазақтың жаңғырмай жатқан көне музыкалық аспаптары бар ғой, соларды қатарға қосқым келеді. Ол ертең қатарға қосылып, мамандық болып кетуі мүмкін. Өйткені Болат Сарыбаев кезінде шертерді, жетігенді тапқанда, «бұл біздің аспап емес» деп дау шығарған адамдар да болған. Қазір қарап отырсаңыз, шертер, жетіген дегендер консерваторияда өзінше бір мамандық. Ол аспаптар өздерін дәлелдеу үшін 30-40 жыл керек болды. Сол сияқты қазір саз сырнай аспабы дамып келе жатыр. Шаңқобызды қайтаруымыз керек, репертуарын жасақтап. Оларды «Түркі халқының музыкасы» аясында ғана жаңғырта аласыз. Әйтпесе, жаңғырта алмайсыз. Кезінде жетігеннің репертуарын жасақтаған кезде, хакас, кәріс халқының ойнау тәсіліне қарап отырып, қалпына келтіріп, қазақы бояуын қанықтап, орнына қойдық. Сосын «Қазақ музыкасының тарихы», «Әлем музыкасының тарихы» деген сабақтар өте актуалды. Қазіргі таңда менеджмент саласы, өзінің талантын өзі ұсына білу, ерекшелігін айта білу, оны сата білу, әлеуметтік желіде жұмыс істеуді үйрену ұлттық өнерде жүрген адамдарға өте керек екенін білем. Бұрынғы түсініктен арылатын уақыт жетті. Соған көңіл бөлгім келеді. – Ержан, сіз бастаған ісіңізді кешенді түрде жан-жақты қылып атқарады екенсіз. Бірнеше аспапты қайта жаңғыртсам дейсіз, өзіңіз жетекшілік ететін «Хассақ» ансамблі осы істі бастап та кетті десе болады. Қанша аспапта ойнайсыздар? – 30-дан аса ұлттық аспапта ойнаймыз. Әр аспап өзінің қызметін атқаруы керек деген ұстанымымыз бар. Домбыра күй тартып жатқанда, басқа аспаптар өзіне тән, өзіне жарасатын, табиғатына сай қазақы дыбыспен ғана сүйемелдейді. Оған қоса тақырыбын ашатын табиғи дауыстар, аң, құстың, адамзаттың, табиғаттың дыбыстарын қосуды ойладық та, іздене бастадық. ­Содан аспаптарды зерттей бастадық, қайсысы қоңыр дауысты, қайсысы жоғары нотаны алады деген сияқты. Іздегенде, небір аспап түрлері шықты. Оны жасату керек деп, шеберлер іздедік, соларға тапсырыс бердік. Солай ең бірінші аспаптарды жаңғыртудан бастадық. Алдыңда небір аспап болса, түрлі эксперимент жасауға болады. Оларды кәсіби дамыту үшін арнайы мамандарға бардық, өзіміз іздендік. Талап қылсаң, ашылмайтын есік жоқ қой. Қазір әр өнерпаз он шақты аспапта ойнайды. Жақында концертімізді өткіздік. Екінші үнтаспамызды жарыққа шығардық. «Хассақ» ансамблінің репертуа­рында қысқа күй жоқ, бәрі күрделі, айтар ойы бар, театрландырылған шығармалар. Біздің қыз-жігіттердің бәрі де қазір магис­тратурада оқып жатыр. Кәсібилік – біз үшін бірінші орында. – Бұрын қалай болғанын білмеймін, қазір бүкіл қазақ домбыра тарта алмайды. Кез келген адамға, көлденең көк аттыға домбыраны үйретуге бола ма? – Кез келген қазақ домбыра тарта алмайды. Бірақ бізде тыңдау мәдениеті деген үлкен өнер бар. Мысалы, мықты шебер күйші келіп, тыңдарманның талғамын қалыптастырса, бір күйді керемет қып тартса, тыңдарман сол күйді жаттап қалады. Келесі жолы сол деңгейден сіз төмен ойнасаңыз, сіз сынға қаласыз. Одан мықты тарттыңыз ба, тыңдау мәдениетінің деңгейін тағы көтеріп кетесіз. Қазақ күй тарта алмаса да, керемет тыңдай алады. Бірде пойызда­ Атырауға кетіп бара ­жатып, сол жердің бір кісісі мені тыңдап отырып, «Динаның Байжұмасының ана нұсқасын тартшы,­ мына нұсқасын тартшы» деп, бірнеше нұсқасын жатқа айтып отыр. «Сіз домбыра­ тарта аласыз ба?» десем: «Жооқ, бала кезімізден тыңдап өстік қой» дейді. Тыңдарманың осындай білімді болса, ол үлкен жауапкершілік артады. Халық сондай болса, сіз дамымай қайда барасыз. Дамымасаңыз, сүзгіден өтпей қаласыз. Осындай бір табиғи ережелер бар. – Өзіңіз күй шығарасыз ба? – «Дәулеткерей Шығайұлы қырық­тан кейін күй шығарған» деп әзілдеп қоям. Мүмкін сол жасқа жеткенде шығаратын шығармыз. Бір күйім бар «Ана толғауы» ­деген, өз анама арнап шығарған күйім. – Әзіл күйлер туралы монографияның тұсаукесерінде әзіл күйлер көп пе? Концер­тіңізде тағы қандай жаңалық­тар ­болады? – Кітабымның құрметіне ондай 1-2 тартылды. Негізінен, тартылмай жүрген күйлер, сосын Жетісу күйлері орындалды. «Хассақ» ансамблінің жаңа туындылары тартылды. Әзілге байланысты кешімді бердім ғой. Оған маңдайалды күйшілер, елімізден ғана емес, шетелден де қонақтар келіп қатысты. Оны қайталай бергенді жөн санамаймын. Осы жолы қырғыздарды шақырғым келді. Домбырашылар мен қомызшылардың тартысын ұйымдастырсам деймін. Баяғыда өзім қырғыздармен ­жиырмадан аса тартыс өткіздім ғой. Енді шәкірттерімді де араластырғым келеді. – Қырғыздармен күй тартысыңыз керемет болды. Ютубта да көрілім саны жоғары болды.­ Қос елдің де арқасы қозып, бір желпінген ­мереке болды десе болады. – Иә, өте бір әсерлі тартыс болды. Әлі күнге қай фестивальға барсақ та, түркі халықтары келіп, сол видеоны көрсетеді. Қазақстанның әр елдегі елшіліктері де осы күйді жиі қояды екен. Қырғыз халқының бүкіл өнерпаздары біледі. Кең таралды. Бағымды ашқан тартыс болды. Соның арқасында танымалдығым артты. – Осы тартыстан кейін сізге қырғыздар «Құрманжан датқа» фильмінен рөл берді? – Иә, сол фильмде Ниязалы деген қырғыздың атақты Құрманғазы сияқты күйшісі өткен. Ниязалы рөлінде марқұм Руслан Жұмабаев болды, қырғыздың мықты күйшісі, менімен күй тартысқан жігіттің ұстазы болды. Ол бір қазақтың күйшісімен тартысу керек болды да, мені шақырды. Екі минуттық эпизодқа түстім, бірақ үлкен тарих боп қалды. Қырғыз ағайындардағы бюджеті ең көп фильм сол. – Тағы да киноға түсу ойыңызда жоқ па? – Жоқ. Театрға барғанды ұнатам. ­Поэ­зияға жақынмын, өлең оқимын. Актер­лықты өзінің мамандары істеген дұрыс. Біз театрға бір жағынан ғана көмектесе аламыз: музыка жазып бере аламыз. – Оңашада тартатын күйіңіз? – Оңаша тартып, қиялға батып кету деген менде жоқ. Көңілді жүргенді ұнатам. Кез келген қызықты автор, кітап, күй, ғылыми еңбек көрсем, оған қарайламай өтпеймін, міндетті түрде оқимын. Қазірше «Хассақ» ансамблінің шығармаларын жасау, өңдеу, жетілдіру жайын көп ойлаймын. Әр шығармаға арнайы материалдар оқимын. Жұмысым сол. – Баяғыда күй аңыздарына арналған бір кітап оқып едім. Сонда байқағаным, күйдің аңызын, шығу тегін білген соң, күйді түсіну де, оның сіңуі де сондай жеңіл болады екен. Былтыр концертіңізде мен күйге де қанып, күй жайлы айтқан аңыз әңгімелеріңізге де қанып, рахаттанып шықтым. Күйді тарихынсыз түсіну мүмкін бе? – Ол біздің дәстүрімізде бар. Өзіңіз айтқандай, бір адам күйді түсінеді, бір адам сәл түсінбеуі мүмкін. Мәселен, жайлау жайлы күй тартып жатырсыз. Бірақ ол жайлаудағы басқа жайт, оқиға дейік. Бірақ жайлауға қатысты. Оны нақтылау үшін тарихын айтқаныңыз абзал. Бұрын солай болған. Күйшілер сөзге шебер еді. Күй тартпай тұрып, сөйлейтін әдеті болған. 2018 жылы қараша айында сол үлгіде консерватория студенттерімен тәжірибе жасадық. Өзімнің класымның балалары, 14 студент «Тарихи күйлер» деген тақырып алып, сол бойынша әр кезеңдегі тарихи оқиғаларды жүйелеп, аңдатпасын айта отырып, күй тарттық. Яғни әр күйші, әр студент өзінің күйі жайлы қысқа да, нұсқа, бірақ жан-жақты ақпарат береді, көрерменнің уақытын алмай, ішін пыстырмай, дәмді-дәмді деген жерлерінен айтып, халықтың көңілін күйге бұрып алады, сосын барып күйін тартады. Толық сіңімді болады сол кезде. Консерватория шаңырағында баяғыда болған шығар. Бірақ мен соңғы 10-15 жылда болмады-ау деп ойлаймын. Мүмкін қателесермін. Бірақ өз басым көрген жоқпын. «Үлкен бір бастама болды» деп басшылық риза болды. Биылдан бастап, бізде семестр аралық бақылау болады, 2 бақылау, соның біреуінде шығарма күйлер тартса, екіншісінде шығарма тартылмайды, орнына 4 күй тартылады. Оның төртеуінің де тарихы, аңызы айтылып тартылуы керек деген талап енді сынақтарда. Азды-көпті ықпалым болды, студенттерім де әсер етті деп ойлаймын. Бұл менің тапқан жаңалығым емес, бұрын болған, тек ұмыт бола бастаған тарих еді, біз соны жаңғырттық. Кез келген күй аңызымен тартылуы керек. Аңызсыз шала-шарпы болып қалады. Онсыз тек күйшінің қолының шеберлігіне, тартысына ғана таңғалып кетуіңіз мүмкін, күйден түк түсінбей. Адамның қабілеті әрқалай ғой, біреу түсінеді, біреу түсінбейді дегендей. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмшәт ӘБІЛҚЫЗЫ

1575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз