Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Қазан, 2021

Журналист оратор болуы міндетті ме?

Ардақ Құлтай – Tengrinews.kz порталы қазақ бөлімі-нің редакторы. Сауатты журналистердің бірі. Aqultay Youtube жобасын жүргізеді. Telegram желісінде журналист боламын деген жастарға ақыл-кеңес айтып, қызық мәліметтер жариялайтын «Жорналшы күнделігі» арнасын жүргізеді. «Ұлан» оқырмандарының көбі журналист болғысы келетіндіктен, Ардақ Құлтаймен осы жайында әңгіме өрбіткен едік.

– Әлемдік журналистика мен қазақ журналистикасының айырмашылығы бар ма?

– Оқуға, жаңалыққа, жаңа технологияға қызықпайтынымыздан қыз-қыз қайнап жататын журналистикамыз бүгінде саябырсып қалған. Аға буын кәсібилікпен, шеберлікпен, дәл әрі нақты ақпарат таратумен емес, оның орнына жанашырлықпен, халықшылдығымен, қайраткерлігімен атақ-абырой жинап жүр. Бұл адамдығы, бірақ кәсібилігі емес. Осы кәсібиліктен ада жолда жүріп, теңшелмеген, салмақталмаған орашолақ мәліметпен ел көзіне түскісі келетін жастардан мектеп қалыптастыруға құмар. Амал не, өздері сияқты айғайшыл, ұраншыл журналистер заманы, солардың үні басым, солардың сөзі елге бірінші жетеді. Айырмашылық – кәсібилік жоғында.

– Журналист оратор болуы міндетті ме?

– Әр адам шешен болса, майын тамызып тұрып сөйлей алса, әрине, пайдасын көреді. Бірақ шешендік өнер журналистиканың барлық саласында қажет десек, артық айтқаным болар. Шешен, оратор болу – қанатты сөзі таусылмайтын, дерегі аз қызыл сөз емес. Мәліметті дәл әрі нақты беру – міне, өнер. Әйтпесе бала кезімізден шешендік өнер деп, архаизм мен көнерген сөздерді, түрлі теңеу мен гиперболаны айтып, оны бір әріптен бастап сөйлейтін қасиет деп ұғып келдік. Ес білген соң ол нақты дерек келтірілген, эмоция араласпаған, айтары ап-анық мәтін екенін ұқтым. Мысалы, шешендік өнерге баулитын мұғалімдер бірінші кезекте тарихтағы шешендерден бастайды, балаға оның әуезді, ерекше, эмоция шақыратын, әсерлі формасы ғана дариды. Ал айтып отырған мазмұны жас шамасына байланысты балаға түсініксіз. Міне, осы тұста оқытушы терең тоқталып, түсіндірсе құба-құп.

– Қазіргі жас журналистердің басты қатесі қандай?

– Жастардың қатесі деген ұғым жоқ. Жас шамасына қарай, тәжірибесіздігіне байланысты қателессе, мұны қате емес, тәжірибе алу процесіндегі жас маман деуге болады. Сондықтан да жап-жас редакторды қазір көп көрмейсіз. Қанша жерден мықты, білімді адам болса да, тәжірибенің маман болып қалыптасудағы маңызы зор. Сондықтан жас маман қателесемін деп қорықпай, бар ынта-жігерін шыңдалуға, шебер болуға, кәсіби маман болуға арнағаны жөн. Ал сол жастарға мүлт кеткені үшін жекіп, сынап, ел көзіне көнектей көрсету – құндылығы дұрыс қалыптаспаған ересектердің ісі. Жастарды сыйлап, құрметтеп, жараса арқасынан қағып, қателессе, қолдап, қатарға қосу орынды. Сондықтан жастарда қате жоқ, тәжірибе жинау, жетілу процесі бар.

– Журналистикада жемқорлық бар ма?

– Жемқорлық барлық салада бар. Бұл салада жазарманның жемқорлығы емес, сол журналисті басқарып отырған медиажобалардың жемқорлығы туралы айтса жөн болар. Бұл мәселеде орныққан, толысқан пікірім болмағандықтан, жазарман жайын айтқаным орынды шығар.

– Ұжымда достық маңызды ма?

– Журналист – кеңсе жұмыс-шысы. Ал кеңсе жұмысында төрт қабырғадағы өмірің – сол айналаңдағыларға тікелей байланысты. Әрбір редакция бір идеяға ұйысып, құндылықтары жақын адамдардан құралады. Сондықтан достық, жақсы пейіл, ұжымдық рух сияқты командалық қасиеттер бұл салада да өте маңызды. Тимбилдингтер өткізіп, әлде оқиға орнына ақпарат таратуға барғанда үзеңгілес мықты достарың (әріптестерің) болса, әрине, еңбегің өнеді.

– Журналистің сезімтал болуы жұмысына кедергі келтіре ме?

– Сезімталдық – адамға тән қасиет. Кейде кейіпкеріңнің ойын, құндылығын, мақсатын дұрыс түсініп қана қоймай, оның көкейтесті сұрақтарына жауап тауып беруге журналистің дәл осы қасиеті керек. Ақпарат жазуда сезімтал болудың кемшін тұстары да бар. Мысалы, брифингте өз аудиторияңның қалауын, білгісі келетінін сұрап білу үшін қасқыр болуға тура келеді. Ал кейде міңгірлей сөйлеп, мәліметін бергісі келмей отырған шенеуніктен, баспасөз хатшысынан талап ете отырып, мысың басқаны керек.

– Мамандығыңыздың ұнайтын жақтары...

– Мамандығымның ұнайтын тұсы көп. Тұрып жатқан қалаңның, араласатын қоғамыңның қайнаған тіршілігіне қарап, бақылап, баяндап, шолу жасау ұнайды. Ақпаратты әділ, өз уағында, сауатты, салмақтап жеткізу – халыққа қызмет көрсетудің өзі. Бірақ бұл басқа мамандықтан ілгері я кейін деп жарыстыру үшін айтып отырған жоқпын. Әр мамандықтың қиындығы мен жағымды тұсы болады.

– Оқырманға айтарыңыз болса... 

– Бұл басылымның оқырманы – жастар. Соларға айтарым, таңдаған ісіңнің перфекционисі болуға ұмтылыңыздар. Журналист боламын деген әрбір жастың құндылығы дұрыс қалыптасуы маңызды. Бұл дегеніміз – ес білген шақтан әділ, адал, жауапты, ізгі ойлы, сабырлы болуға ұмтылу. Ойың түзу болса, тәртіпті болсаң, қай мамандықты таңдасаң да, өз ісіңнің шебері болуға жол ашық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақжол МАМҰТҚЫЗЫ
Алматы облысы

«Ұлан» газеті, №39
28 қыркүйек 2021 жыл

2519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз