Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Қараша, 2021

Әмзебек Рысбекұлы: Егемендік қадамдары көз алдымызда

Отыз жылдық белес тұғырынан қарағанда еліміздің жеткен жетістігі орасан зор. Қазақстанды  дүниежүзілік қауымдастық мойындады.  Мемлекеттік шекарамызды заңдастырдық. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Ресеймен құрлықтағы ең ұзақ шекара біздікі. Атом қару-жарағынан құтылып, Семей полигонын жаптық. Мемлекеттің барлық белгілерін қалыптастырдық. Өзіміздің қарулы күштеріміз, төл теңгеміз бар. Астанамызды еліміздің дәл ортасында жаңадан салдық. Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін, ЕҚЫҰ Саммитін өткіздік. Оған барлық мүше мемлекеттің басшылары қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық. Бұл өте үлкен сенім. Жастарымызды шет мемлекеттердің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқытып жатырмыз. Осының барлығы халқымыздың көз алдында. Осы орайда мемлекеттік деңгейдегі істерге тікелей араласқан атпал азаматтардың бірі, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, «Парасат», «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері Әмзебек Жолшыбековпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Әмзебек Рысбекұлы, биыл ел Тәу­елсіздігіне 30 жыл. Осы жылдар ішіндегі мемлекетіміздің қадамдары сіздің көз алдыңызда. Халық қалаулысы да болдыңыз. 2004 жылы біздің өңірден ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болғаныңызды біле­міз. Сол кезде аудандарды аралап, сай­лаушылардың мәселелеріне құлақ түрдіңіз. Олар сізге аманат артты. Сол аманатқа адал болдыңыз ба?

– Еркін елдегі жағдайларды қалыптастыру үшін мемлекетіміз орасан зор жұмыс жүргізді, ол – ақиқат. Оны араласып жүрген соң, көп жағдайды көзім көрген соң, мен бір кісідей білемін. Осындай Тәуелсіз мемлекет, бүгінгі жетістіктеріміз аспаннан өзінен-өзі түсе қалған жоқ. 

2004 жылы осы өңірдің Талас, Сарысу және бірқатар аудандары бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа түстім. Ол кезде барлық деңгейдегі депутаттарды халық тікелей сайлайтын. Бірнеше ауданды аралап, тұрғындармен ашық әңгімелестік. Мақсатымызды, еліміздің дамуындағы жағдайларды түсіндірдік. Халық түсініп, сайлау кезінде сенім артты. Халық дауысымен өткен мандатыммен 2007 жылдың тамызына дейін отырдым. Қолымнан келгенінше ел аманатын орындаған секілдімін. Онан соң басқа жұмыстарға кетіп, 2011 жылы партиялық тізіммен ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа өттім. Сондай-ақ, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы болдым. Міне, осындай сәттің бір күнінде маған Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаев қоңырау шалды. «Әзеке, Парламентте келесі жылдың бюджетін қарағалы жатыр екенсіздер. Біз­дің өңірге қаржының көбірек бөлінуіне ықпал етсеңіз. Біраз жобаларымыз бар еді» деді. Мен: «Облыстық мәслихаттың бір топ депутаты атынан сұраныс хат беріңіздер. Мен кірісіп көрейін» – дедім. Ертеңіне Жамбыл облыстық мәслихатының бір топ депутатынан сұраныс хат та келіп түсті. Мен осы құжат негізінде сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке кірдім. Сол уақытта өңіріміздің сыйлы адамы, марқұм Әлмұхан Исақов бір жиында: «Қанат балам, сен ұзақ терең ұйқыда жатқан Әулиеата өңірін ояттың ғой» депті. Мен Мәсімовке осы бағалауды айтып, жаңа басшыны қолдаудың мәні ерекше екенін түсіндірдім. Мәсімов мырза қолдау көрсетуге уәдесін берді. Нәтижесінде Жамбыл облысына сол жылы 29 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы нарықпен салыстырғанда әжептеуір көлемді қаражат. Бұл депутаттық жұмысымның бір бөлігі ғана. Аманатқа адалдық жайлы сөз қозғалып кеткен соң айтып отырмын. Еліміздің шекарасын бекіту туралы заң шығару жұмысына халық қалаулысы ретінде белсене қатыстым.

– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жақында өткен бір жиында: «Балаларды жаз кезінде ата-әжелеріне жіберу керек» деді. Шынында да ата-әже мектебіне ешқандай тәрбие жетпейді. Байқауымша, сіз де ата мен әженің қолында өскен екенсіз. Сол күндерді қазір көз алдыңызға қалай елестетер едіңіз?

– Оныңыз рас. Әкем Рысбек мен ес білгелі әскери және кұқық қорғау саласында қызметте жүрді. Бір жерде тұрақтап қалуға жұмыс жағдайы мүмкіндік бермеді. Мен ата-әженің қолында өстім. Атам – Жолшыбек, апам –Алтынай өмірден көргендері көп, өте сабырлы, жанашыр, мейірімді адамдар еді. Әуелі Ақшұқыр деген елді мекенде тұрдық. Содан соң Тамды ауылындағы жеті жылдық мектепке бірінші сыныпқа бардым. Теміржолдың бойындағы мектеп әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Атам көк есегіне мінгестіріп апарған. Сөйтіп, мұғалімімізге табыстады. Мұғалім апай біздерге білім ордасының тәртібін түсіндіріп жатыр. Бір жаққа бару үшін сұрануымыз керек екен. Мен атама алаңдап тұрмын. Әлден уақытта: «Апай, сыртқа шығып келуге бола ма?» – деп тұңғыш рет сұрандым. Апай маған күлімдеп қарап тұрды да, рұқсат етті. Сыртқа жүгіріп шығып, атамды іздедім. Атам мектеп маңында көк есегінің қасында қоржынын қолына ұстап мені күтіп жүр екен. Жүгіріп келе жатқан мені көріп абдырап қалды. «Не болды, балам? Неге жүгірдің сонша? Мұғалімің жіберді ме?» – деп жатыр. Мен сонда: «Ата, сізді сағынып кеттім» – деппін. Атам айналып, толғанып жатыр. Кейіннен түрлі белестерде, үлкен қызметтерде жүргенде осы бір аяулы сәтті жиі есіме алып жүрдім. Ата-әже мектебі – немере үшін өмірлік тәрбие мектебі. Өңір басшысы Бердібек Машбекұлының да бұл тұрғыдағы ескертуі бекер емес. Немере үшін ата-әжеден артық ештеңе жоқ. Ешқандай қамқорлық олардың жанашырлығындай бола алмайды. Тамдыда елге есімі белгілі Шәріп Омаровтың әжесінің үйінде, бір бөлмесінде тұрып, екінші сыныпты сонда бітірдім.

– Тамдының мектебін түгел тауыстыңыз ба?

– Оқыған мектептерім туралы айтылғанда менің үлкен ойға шоматыным бар. Өңір басшысының бастамасымен «Жомарт жүрек» деген акция жүріп жатыр ғой. Өте жақсы бастама. Бірде Бердібек Машбекұлы менен: «Әзеке, сіз өзіңіз оқыған мектепке соңғы рет қашан бардыңыз?» деп сұрады. Мен қапелімде нақты жауап бере алмадым. Себебі, мен ата-анамыздың қызмет жағдайымен бірнеше мектепте ауысып жүріп оқыған адаммын. Қайта-қайта ауыса берудің де өз қиындықтары болды. Оны таратып айтудың қажеті жоқ. Айтпақшы, мен Тамды ауылында бірінші сыныпқа барғанда ол жақта үйіміз жоқ еді. Бір ағайынымыз өз үйінің бір бөлмесін берді. Сол бөлмеде атам-әжем үшеуміз тұрдық. Осындай қолайсыздықтардан соң, екінші сыныпты бітірген соң атам мені өзімнің әке-шешеме берді. Үшінші сыныпты әкемнің жұмыс жағдайына байланысты Красногор ауданында оқыдым. Онан соң асқар тауым Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып ауысып, Тараздағы К.Маркс орта мектебінде (қазіргі Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы) төртінші сыныпты оқуыма тура келді. Бұл мектепте Айтбек Байқоразовпен бірге оқыдым. Ал кейіннен Шу ауданындағы Новотроицкі қазақ орта мектебінде оқып, бітіріп шықтым. Бұл мектепте әр жылдары Жапар Түйебеков, Әнуарбек Жүнісәлиев секілді есімі өңірімізге кеңінен таныс кісілер білім алғанын айта кеткенім жөн. Бірақ, қазір ол жерде мен оқыған мектептің орны жоқ. Сол маңайда М.Әуезов атындағы орта мектеп тұр. Мен енді Мұхтар Әуезов атындағы мектепте оқыған едім деп қалай айта аламын? Бірақ, білім алған мектептерімнің бәрі де маған ыстық.

– Байқауымша, әкеңіз жұмысбасты болған кісі. Уақыт тауып, бала тәрбиесіне көңіл бөлетін кезі бар ма еді?

  • Әкеміздің балажанды қасиетінен болар, көп балалы болғанды қалапты. Ата-ана қамқорлығында 7 перзент тәрбиелендік. Бірақ, асқар тау әкемнің ғұмыры ұзақ болмады. Мен Жамбыл жеңіл тамақ және тамақ өнеркәсібі институтының 1 курсын бітірген жылы 1966 жылы әкем ауыр науқастанып, өмірден озды. 46 жаста болатын. Артында анам, 18 жасар тұңғышы мен, үш қарындасым мен үш інім қалды. Біздерге өте қиын болды. Әлі жетілмеген едік.

– Салмақтың бәрі сізге түскен болар?

– Оныңыз рас. Жұмысбасты болса да, әкеңнің бары медеу, керемет күш екен. Асқар тауымыздан айырылған соң, абдырап қалдық. 2-курсты сырттай оқып, отбасыма көмек бергім де келді. Бірақ, әкемнің жолдастары ол жағдайға жеткізген жоқ. Олар мені үйдің тұңғышы болған соң «Капитан» деп атап кеткен. Әкемнің жолдастары мен құрдастары өздері қамқор болып, біздің отбасына қол ұшын беріп тұрды. «Капитан, сен оқуыңды күндізгі бөлімде жалғастыра бер» деп ақылдарын да айтты. Анамның жалғыз інісі Сұран Омаров Қаратау қаласында білім бөлімін басқарушы еді. Ол да біздің отбасына қарайласып тұрды. Мектеп оқушысы кезімнен футболға құмар едім. Кейіннен институтта да көзге түсіп ойнап жүрдім. Шәріп Омаров екеуміз бірге доп тептік. Бірақ, жанашыр үлкендер менің футбол ойнауыма қарсы болды. Сондықтан, біраз жарыстарға бара алмай қалдым. Дегенмен, футболды тастамадым. Кейіннен комсомол қатарында жүріп, біраз аяқдоп додаларында бақ сынадық. «Қайрат» ауылдық спорт клубының Бүкілодақтық жарысына жолдама алып, бұрынғы Одақтың біраз ірі қалаларында футбол ойнап қайтқан кезіміз де болды. Футболды серік етсем де, анам мен бауырларыма әрқашан қамқор болдым.

Әкемнің көзін көрген тілеулестердің қолдауының арқасында, анамның көмегімен 5 жыл күндізгі бөлімде оқып, диплом алдым. Мені Қостанайға жолдамамен жіберетін болды. Бұл жолы да шаруаға әкемнің достары араласып: «Бір үйдің үміт күткен үлкен перзенті. Әкесі өмірден озған. Жеті баласы бар отбасы. Баланың бәрі жас. Соларға Әмзебек қамқор болмағанда, кім қамқор болады» деп облыстық астық өңдеу басқармасына жағдайды түсіндіріп, өтініш хат жазды. Ондағылар министрлікке түсіндіріп, министрдің шешімімен Шудағы «Бірлік» астық қабылдау кәсіпорнына цех басшысы болып жіберілдім. Жалақы алып, шешем мен бауырларымды қуанттым. Екі жылдан кейін «Бірлік» астық қабылдау кәсіпорны директорының орынбасары болып жоғарыладым. Ол кезде Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Жүнісәлиев деген кісі еді. Бір жолы демалыс күні ұлымның шашын қысқартайын деп, үй киіміммен «Райком» кеңсесінің жанындағы шаштаразға жақындап қалып едім. Аталған кеңсенің алдында Жүнісәлиев бір топ кісімен тұр екен. Мен үй киіміммен баруға ыңғайсызданып қалдым. Бір кезде: «Әй, Капитан, бері кел. Әкең ақжарқын жақсы адам еді. Сен неге үлкен кісілерге амандаспайсың?» деп жанына шақырды. Мен амал жоқ, сол кісілерге барып амандасып, «Кешіріңіздер, ойламаған жерден кездестік. Қолайсыз киімімнен ыңғайсызданып едім» деп жатырмын. «Әмзебек, естіп жатырмын. «Бірлікте» жап-жақсы жұмыс істеп жүр екенсің. Бастығың Бұлантаев па? Сен маған жұмыс күні келші. Маған жолығып кетші» деді. Үлкен кісілер осылай нақты, қысқа сөйлейді ғой. Оны кейіннен әр уақытта сезіндік. Жол бойы «Маған кел дегені несі? Бірінші хатшыға баратындай не бүлдіріп қойдым» деп ойланумен болдым. Анама жағдайды айтсам, ол кісі де: «Жұмысың дұрыс па? Ештеңе бүлдірген жоқ па едің?» деп уайымдап қалды. Ондайда адам жаман жағын ойлап тұрады ғой алдымен. «Жоқ, апа, жұмысымда бәрі дұрыс» деп анамды сабасына түсіріп жатырмын.

Жұмыс күні Жүнісәлиевтың қабылдауына бардым. Әнекең отбасымды, анамды, бауырларымды сұрап, еркін әңгімелесті. Жұмысымды сұрады. Жұмысым бірқалыпты екенін, өзіме ұнайтынын айттым. Әлден уақытта: «Сені біз жастар жұмысына пайдаланғалы отырмыз. Бұлантаевқа өзім айтамын» деді. Аудан басшысына не дейсің? Бірақ, мектепте де, институтта да комсомол ұйымдарын басқарып көргенмін. Сонымен, бірер күннен соң аудандық комсомол комитетінің конференциясы өтті де, мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым.         

– « Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы болар. Жүнісәлиев сіздің ізгі армандарыңызға жол ашқан екен...

– Оныңыз рас. Әкемдей қамқор болған кісілер аз емес. Жүнісәлиев солардың бастауында тұрады. Дәл сол уақыттан бастап аудандық партия комитетінің бюро мүшесінің қатарына өттім. Менің лауазымымдағы кісі міндетті түрде бюро мүшесі болады екен. Осы қызметте 5 жыл 6 ай жүрдім. Еңбегім еленбей қалған жоқ. Бүкілодақтық комсомол съезіне делегат болып қатыстым. Ол уақытта ауданның бірінші хатшысы екі рет ауысты. Ахметбек Әспетов бірер жыл басқарып, онан соң Нұрғали Торғаев келді. Екеуі де жүргізілген еңбекті бағалай білетін жақсы кісілер еді. Торғаев келе сала: «Комсомол жұмысында жүріп сақалың шығатын болыпты ғой. Аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігін тапсырамын» деді. Сонымен Торғаевпен бірге ұзақ жыл бірге қызмет атқардым. Сөйтіп жүргенімде Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Әнуарбек Жақыпов деген кісі келді. Ол кісі Шу ауданына жұмыс сапарымен келгенде аудан басшыларымен қатар жас буынның да жұмысына назар аударып жүреді екен. Арада екі жыл өткенде облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып, қызметім өсті. Мұны Торғаевқа айтудың өзі жеңіл болған жоқ. Қысқартып айтқанда әуелі тулап-тулап барып, ол кісі де түсініп, жолыма сәттілік тіледі. Арада бірнеше ай өткенде Жақыпов өзі шақырып алып, мені Шу ауданына егіннің күзгі жиын-терініне 45 күнге қадағалаушы өкіл етіп жіберді. Бұл жағдайды да Торғаев жөнді түсіне алмай: «Әмзебек, сен сонда мені тексеретін болып кеттің бе?» – деп қалжыңдағаны бар. Жақыпов өзі жұмыс істеген ауданда ысылсын, тәжірибе жинасын деп ойлаған көрінеді. Көп ұзамай бөлім меңгерушінің орынбасарлығына өсіп, арада екі жыл өткенде облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқардым. Ол кезде осылай сатыдан өткізіп, жоғарылату бар болатын. 

– Сіз үлкен қызметтерде жүрдіңіз. Қызмет бабында көзінің тірісінде Алатауға айналған алып тұлға Димаш Ахметұлын көрдіңіз бе?

– Әрине. Шу аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып жүргенімде Қонаев ақсақалды алғаш рет көргенім бар. Кейіннен Байзақ ауданында екінші хатшы болып жүргенімде екінші рет жүздестім. Ол былай болды. Үлкен кісі облысқа келген сапарында Байзақ ауданының шаруашылықтарын да аралайтын болып, қарсы алуға ауданның бірінші хатшысы мен аудандық атқару комитетінің төрағасы кетті. Мен жұмыстың тәртібіне сәйкес кеңседе қалдым. Бір кезде телефоным шырылдап қоя берді. Үлкен кісіні қарсы алу іс-шарасына мен де шақырылдым. Шақырған Жақыпов екен. «Димаш Ахметұлы, бұл жігіт Байзақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Әмзебек Жолшыбеков. Осындай жас азаматтарды тәрбиелеп жатырмыз» – деп таныстырды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы «Жолшыбеков те келсін. Үлкен кісіні көріп, тани берсін» деген жанашырлық екенін сезіндік. Арада қанша жылдар өтсе де, сол кездесулер көңілімізде әдемі естелік болып қалды.

Көп ұзамай Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне баруым, бір жарым жылдан кейін Қазақстан компартиясы Орталық комитеті ұйымдастыру бөліміне қызметке ауысуым – жақсы ағалардың қолдауы мен құрметі, Қонаев ақсақалдың да батасы мен шапағаты деп білемін. Жамбыл облысын Сәбит Байжанов басқарып тұрған кезде өзім өскен өңірде облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін де атқардым. Қысқасы, партияның сарбазы болып, бұйырған қызметтердің қызығы мен қиындығын қатар көрдік. Оның барлығы мен үшін үйрену, шыңдалу мектебі болғаны анық.

– Сөйтіп, әкеңіздей қамқор болған партия да бір-ақ күнде тарады. Сол кезде қандай көңіл-күйде болдыңыз? Басқа жүйе келді. Дайын болдыңыз ба?

– Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Өмірбек Байгелдиев болатын. Партия тараған соң, облыстық кеңестің төрағасы қызметінде қалды. Ұзамай әкімшілік жүйе келді. Өмекең Жамбыл облысының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Сондай -ақ, облысқа бағынышты 4 қала, 10 ауданның тұңғыш әкімдерін өзі тағайындады. Маған да аудан әкімі қызметін ұсынған. Келісімімді бермедім. Көп ұзамай сол кездегі «Жүнді алғашқы өңдеу» (Пош) фабрикасына (қазіргі «Тараз –Пош –Тараз» ЖШС) президенті болуға келістім. Бір қызығы мен келіскенмен, аталған компанияның ұжым мүшелері маған қарсылық танытып, әрең қабылдады. Бірақ, олар кейіннен жасаған әрекеттерінің қате екенін түсінді. Кейіннен нарық талабына сай аталған фабриканы «Тұлпар» акционерлік қоғамына айналдырдық. Аталған кәсіпорынды екі жыл басқарып, бірнеше дамыған шет мемлекеттермен байланысты нығайтып, жұмысты жолға қойдық. Біз ол кезде валюта өндірдік. Биязы жүн алтынмен тең болды. Оңтүстік Корея, Англия және Еуропаның басқа да мемлекеттерімен байланысты жолға қойдық. Оңтүстік Кореяға жол ашып берген ҚР Президентінің кеңесшісі болған Доктор Бэнг деген кісі. Тағдыры ауыр болды. Бір апат кезінде әйелі мен баласы бірдей қайтыс болған. Бэнг мырзаның қазаққа жасаған еңбегі зор. «Тұлпар» АҚ президенті қызметіне әуелі мені қабылдағысы келмегендер екі жылдан соң кетерімде қимай-қимай қоштасты. Мен Меркі ауданына әкім болып кеттім.

– Сіз Меркі ауданы тарихындағы екінші әкім саналасыз. Сол кезде жағдай қандай еді?

– Ең алдымен есте қалғаны ауданның бюджеті өте аз, болар-болмас еді. Өте қиын жылдар. Жұмысшылар айлығын, ата-апалар зейнатақысын 6-7 ай ала алмай дағдарған кез. Тұрғындар ауданның орталық алаңына келіп, жалақы берілуін, мәселені шешуімізді талап ететін. Жекешелендіру басталған. Кейбір кісілер: «Жолдас әкім! Сонда бөліну, жекеменшік деген не? Техниканың әр бөлшегін бөліп-бөліп аламыз ба?» деп сұрайтын. Бір шаруашылық директорын қызметке қоюға барсам, тұрғындар: «Біз өзіміз лайықты адамды сайлап аламыз» деді. Осындай қиыншылықты аудан әкімі ретінде сезіндім. Осы қызметтен ҚР Президенті аппаратына ұйымдастыру - бақылау бөлімінің инспекторы болып кеттім. Бұл өте жауапты, үлкен қызмет. Осындай лауазымға барғанда жергілікті жердегі жағдайды бағдарлап отыруыма аудан әкімі болуым көп көмектесті. Меркі – маған үлкен мектеп болды.

– Президент аппаратында қызмет істеу    –   үлкен сенім, өте жауапты қызмет. Оның маңыздылығын тарқатып айта аласыз ба?

– Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің инспекторы болғандықтан, кадр мәселесін іріктеуде маңызды рөл атқардық. Мәселен, республикаға бағынышты Алматы қаласы мен барлық облыстар бойынша әкім болуға лайықты кадрларды назарда ұстап, Орталық аппараттағы азаматтардың да, жергілікті жігіттердің де жұмысына бақылау жасап отырдық. Бірде Елбасы – Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен Ақтөбеге, содан кейін Атырауға бірге ұшқаным бар. Аталған облыстардың жаңа әкімдерін тағайындауға барған едік. Ақтөбе облысының басшысы ретінде таңдау облыстық салық департаментінің бастығына түсті. Яғни, біз таңдаған сол азамат салық департаменті бастығынан облыс әкімі болып барды. Осындай жағдай есімде. Сонда ұшақта отырғанда Нұрсұлтан Әбішұлы менен қай облыста қандай лайықты кадрлар бар-жоғын сұрап шықты. Барлық облыс бойынша ойларымды айтып шықтым. Тек Павлодар облысы бойынша тосылып қалған едім. Елбасы: «Әмзебек, бұл саған минус. Басқа облыстарды жақсы айттың. Бірақ, Павлодарға неге тосылдың? Ал аяқ астынан аталған облыстың әкімін тағайындауымыз керек болса ше? Кімді ұсынар едіңіздер? Облыс әкімдері де кадр таңдауда өз ойларымен жұмыс істейді. Ал аппараттағы сендер, басқаша көзқараста болуларың керек. Сендердің де ұсынатын азаматтарың болғаны жөн» – деп ескерту жасады. «Мына жігіт туралы не айтасың?» деді Ақтөбеге ұсынылған жаңа әкім туралы. «Бұл жігіттің бір артықшылығы бар» дедім. «Қандай?» деді Президент назар аударып. «Бұл азамат салық департаментінің бастығынан облыс әкіміне тағайындалуда. Жетім өсіп, жетіліпті. Өзінің адалдығы мен еңбегінің арқасында. Бұл басқа азаматтарға үлгі болады. Осылай адал еңбек етсе, үлкен шыңға жетуге болатынын ұғына түседі» дедім. Үлкен кісі үндемеді. Бірақ, жадырағанынан мені іштей құптап отырғанын аңғардым.

Мен Елбасын ешқашан өтірік мақтаған емеспін. Ол кісінің көргенділігін көп таныдым. Қараңызшы! Ұшақта бір облыстың әкімін тағайындауға келе жатып, бүкіл облыстардың жағдайын ойлағаны – кемеңгерліктің көрінісі емес пе? Тәуелсіздік жылдардағы ауырлықты біз Президент аппаратының қатардағы инспекторы ретінде сезіндік. Ал Тәуелсіз мемлекетіміздің Президентіне қаншалықты салмақ түскенін өздеріңіз бағалай беріңіздер. Сол ауыр жолдан да Тұңғыш Президентіміз бізді тамаша табыстармен алып шықты ғой. Әлемдік аренада беделіміз артты. Еліміздің Тұңғыш Президентін «Елбасы» деп атау туралы ұсыныс айтқан үш депутаттың біреуі –мен. Сол үшін алғыс та естідім, қарғыс та естідім. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлының жанында қызмет еткен маман ретінде, ол кісінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кемеңгерлік саясатын, қазақ үшін мың толғанып, қиналған сәтін көрген азамат ретінде мен сол көзқарасымда қала беремін.

– Біраз жыл Астана қаласында тұрдыңыз? Еліміздің бас қаласы жайлы не айтасыз? Тәуелсіздік жылдарында Астана қалай өзгерді?

– Елбасының Астананы ауыстыру туралы шешімі көп талқыланды ғой. Бірақ, дұрыс таңдау болғанын уақыт өзі дәлелдеді. 1997 жылы мамыр айында Алматыдан бір топ мемлекеттік қызметшілер Ақмолаға бардық. Біз ең бірінші ұшақта қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласын аңғардық. Бас қалаға қонғанда байқағанымыз кішкентай ғана қала. Қаланың ортасын қамыс басып жатыр. Қазіргі «Самал» деп аталатын шағын ауданның ол кезде ізі де, іргетасы да жоқ. Арнайы мамандар: «Мынау жерде Президент әкімшілігі болады. Ал мұнда министрлер үйі» деп түсіндіріп жүрді. Сол кезде алдағы уақытта «Астана керемет өркендейді, мынандай-мынандай ғимараттары болады. Тұрғындары бір миллионнан асады» дегенге ешкім сенбейтін еді. Сол жылдың 6 қарашасы күні біз Президент аппаратының қызметкерлері Астанаға жіберілдік. Оралбай Әбдікәрімов бізді бастап барды. Сондағы көрген жағдайымыз әлі естен кетпейді Ұшақтан түсерде қар аралас жаңбыр тоқтамай жауып тұрды. Көп қызметкерлер: «Ойпырм-ай, қалай болады» десті. Арқаның аязына шыдамай Президент аппаратының да талай қызметкері қызметтен кетті. Біз алғашқы барғандар өз орнымызды өзіміз дайындап, қандай қиындыққа да шыдап, қалып қойдық. Астана туралы аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан бұл сұраққа жауапты осы жерден түйіндейін. Біреу жақтырар, біреу жақтырмас, бірақ, Астананың Астана болуында Елбасымыздың еңбегі ұшан-теңіз! Оны біз ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттері де бағалап, мойындап жатыр. Қазір жұртқа керегі шындық болып тұрса, бұл да – тасқа басылған тарихи шындық.

– Талай шет мемлекеттерде бол­ғаныңызды айттыңыз. Тіпті Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы мінберінен сөйлеу құрметіне де ие болдыңыз. Бұл Парламентіміздің беделін білдіреді емес пе?

 – Жоғарыда айтқанымдай, ҚР Парламенті Мәжілісінде комитет басқарып жүргенімде сырт елдерге талай рет делегация басқарып та бардым. Мұны әрине, мемлекетімнің маған деген сенімі, үлкен құрметі деп бағалаймын. Соның бірі 2011 жылы 24 ақпанда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы оты­рысына қатысуым. Ол жиын Австрияның Вена қаласында өтті. Онда аталған ұйымның түрлі жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, Белоруссия мен Қырғыз еліндегі, Жерорта теңізі аймағындағы қазіргі жағдайларды талқыладық. Сонымен қатар мен сол Ассамблея мінберінен Қазақстанның көші-қон саясатының негізгі бағыттары жөнінде сөз сөйледім. Ол жиын барысында мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен маңызды кездесулер ұйымдастырылды. Мен ТМД мемлекеттік Парламенті Ассамблеясының халықаралық істер жөніндегі комитетіне 7 жыл төраға болдым. Парламенттік делагацияны бастап, әлемнің 50-ге жуық мемлекетін араладық. Страсбург қаласында өткен Еуропалық Парламент мінберінен сөз сөйледім. Сол жылдары 11 жылдан бері өтпеген ЕҚЫҰ-ның форумын өткіздік.

2004 жылдары халықтың дауыс беруі арқылы Мәжіліс депутаттығына сайланар алдында сайлаушыларға: «Маған дауыс берсеңіздер. Қай есіктен кіріп, қайда баруды білемін. Осы жолда еліміздің мүддесі үшін күш жігерімді жұмсаймын» деп уәде бергенмін. Қашанда осы уәде үдесінен шықтым деп ойлаймын. КИМЭП-те білім алып жүрген Әлібек деген немерем бар. Сол немерем: «Ата, сенің істеген ісіңнің бір бөлшегін істей алсам мақсаттарымның орындалғаны» дейді. Мені мақтан етеді. Сырт елдегі кездесуімді, лауазымды кісілермен түскен суреттерімді жинап жүреді. Мен оның мені мақтағанына емес, атасының қасиетін түсінгеніне риза боламын.

– Немереңіздің құрметіне риза бола отырып, не нәрсеге алаңдайсыз? Ақсақал жасына келгенде сізді қинайтын жағдай бар ма?

– Ең әуелі қинайтыны – жүріп жатқан індет. Бірақ, бұл ауыртпалықтан білімді басшы, білікті дәрігерлердің еңбегімен шығатынымыз анық. Онан соң – жастар мәселесі. Кеңес Одағы кезінде (өткен шақты аңсау емес) сәби дүниеге келе сала мемлекеттің қам­қорлығында болатын. Оларды октябрят, пионерге қабылдап, үнемі назарда болатын. Ал қазір жастардың назары – ғаламторда. Төрт жасар немерем бар. Ұялы телефоннан ойын ойнамаса, ас батпайды. Ал, ұрыс, соғыс, төбелес, анайылықтың бәрі осы әлеуметтік желіде емес пе? Оны кім қадағалайды? Мұны мемлекет болып қолға алмасақ, адами және қазақи қасиетімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Өркендеген Оңтүстік Кореяда талай іссапарда болдық. Сол елде танысқан орташа миллионер кісі: «Батысқа бала оқытып жатырмыз. Білім үшін. Бірақ, ұлттық болмысымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Ол жақта бала оқытуды доғару керек» дегені бар. Ой салады адамға.

Тағы алаңдайтыным – жемқорлық мәселесі. Біздегі жемқорлықпен күрес жұ­мыс­тарына көңіл тола қоюы мүмкін емес. Басылымдардың бірінен: «Мұғалімге гүл берген жемқорлық па?» дегенді оқығаным бар. Сыйлыққа гүл емес, піл беріп жатқан қаншама жағдайлар бар. Түйені түгімен, кәсіпорындарды жүгімен жұтқандардың шекесіне ештеңе тиіп жатқан жоқ. Израильді көркейткен қайраткерлердің бірі Голда Меир: «Жемқорларды Отанын сатқан сатқынға теңеу керек. Жеті атасына дейін. Мемлекет мықты болсын десең – ұстазға, дәрігерге, әскери салаға көңіл бөл» деген. Мен мұны жемқорлықтан саналы түрде аулақ болсақ деп айтып отырмын. Қырғыз елінің заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Адам баласына ең үлкен сын   –  күнде адам болып қалу» деген сөзін алғаш естігенде түсінбей, көп ойланып қалып едім. Сөйтсем, күнде адам болып қалу, күнде адал, арлы болу қиын екен. Бес облысты басқарған Бердібек Сапарбаевтың адамдық, қарапайым қалпын сақтағаны – биік қасиет.

– Қазір облыстық қоғамдық кеңесті басқарып жүрсіз. Негізгі бағыты қандай?

– Аты айтып тұрғандай, бұл қоғамдық кеңеске облыстағы зиялы, танымал азаматтар мүше. Облыс аумағындағы шиеленісе бастаған мәселелерді кеңес отырысында қарап, жөнге салып отырамыз. Кейбір басқармалар мен ұйым, мекемелердің теріс кеткен тұстары болса, оң бағыт беріп, жөнін айтып отырамыз. Облыс әкімінің жұмысының алға басуына, халық алдындағы құрметінің артуына біздің қоғамдық кеңестің де белгілі дәрежеде үлесі бар деп есептеймін.

Құдайға шүкір, еліміз өркендеп, ұрпақ­тарымыз өсіп жатыр. Тәуелсіздіктің әр таңына тәуба деймін.

 – Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Есет Досалы

1669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз