Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Желтоқсан, 2021

Ұстаздарымыз жанашырлықты үйретті

Істеген ісі таудай, ал тұлғасы ерекше, халықпен бірге ғұмыр кешіп жүрген қарапайым адамдар болады. Мұндай жандар өмірде көп кездеспейді. Сондай ерекше жанның бірі – балаларға «Айдос ата» атанып кеткен танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Айдос Бектеміров десек қателеспеймін. Адамгершілік қасиетін ел аузынан талай естіген едім. Айдос атамен кездескен сәттен атамыздың ерекше жаратылысын өз көзіммен көрдім, әр сөзінен сезіндім. Достар, бір қызық болған дүниені айтайыншы. Кездесуге кешігіп бара жатырмын. Қаланың бір шетінен, «Жұлдыз» ықшамауданынан қалаға жету оңай соқпады. Сұқбат кейіпкері тілшіні емес, тілші кейіпкерді іздеуші еді. Бірақ Айдос атам маған хабарласты. «Келіп қалдың ба, театрға дейін келмей-ақ қой, алдыңнан өзім шығайын», – деді. Мен қатты ұялып кеттім. Аялдамадан түсіп алып, театрға қарай жүгірдім. Ақымақпын ғой сондай. Театр қызметкерлерінің кірер есігі театрдың оң жағында орналасқан екен. Мен сол жағынан бастап, бүкіл есіктің тұтқасын ұстап, айналып шықтым. Мен үшін бұл ұят нәрсе болды. (Бірақ оны ешкім байқамаған сияқты). Осылайша оң жақтағы шеткі есікке жүгіріп келгенімде, Айдос атам аяңдап, маған қарай келе жатыр екен. Айдос атаның жүзін көргенде, өз атамды көргендей анау жерден атаға қарай жүгіре жөнеліппін. Ол кісі: «Жұлдыздан келсең, мен сол жаққа баратын ем, сен жаққа бара салатын едім ғой», – деп, алыстан келгенімнің өзін түсініп, маған жылы шырай танытты. Осындай да қарапайым адам болады екен ғой деп ішімнен сүйсініп тұрмын. Атамыздың қызметтік кабинетіне барып, әңгімемізді жалғастырдық.

– Өнер адамы үшін әр туындысы, әр рөлі өз баласындай емес пе? Дегенмен «Сталинге хат» спектакліндегі Тұрар образы сіз үшін ыстық болғаны рас. Бәлкім көрген боларсыз, жақында «Қызыл жебе» атты жаңа телехикая көрерменге жол тартты. Театр және кино актері ретінде Тұрар бейнесін сомдаған әртістерге қалай баға берер едіңіз?

Айдос ата: Мен бұл фильмді әлі көрмеген екенмін.

–  Онда сізден бір дүниені сұрағым келіп отыр. Тұрар образын анау-мынау актер ойнамайды ғой. Тұрарды сомдау үшін актер қандай болуы керек?

Айдос ата: Әрине, Тұрар үлкен қайраткер ғой. Образ жасау үшін ол адамды білу керек, зерттеу керек. Фильмдегі актер оны зерттеді ме, зерттемеді ме, ол жағын білмеймін. Бірақ өзім Тұрар ағамыздың жолдасы Әзиза апамыздың үйінде болып, біраз сөйлескен едім. Тұрар аға туралы көп әңгімені сол кісінің аузынан естідім. Әрине, оқысаңыздар, Тұрар тағдырын бәріңіз де білесіздер. Жетім өскен. Әкесі, «Қараш-қараштағы» атақты Бақтығұл баласын орыс зиялысы Александрға тапсырып, итжеккенге кетеді. Қайраткер болу үшін көп нәрсені көру керек, қиындықты бастан өткеру керек. Менің ойымша, соның бәрін көріп өскен адам халыққа жақын болады. Елдің бәрі бақытты емес қой, адам болғаннан кейін түрлі жағдай болады, қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек, соның бәрін жеңіп шығу керек. Ел билеу үшін осындай қасиеттер болуы керек. Француздың «Парижские тайны» атты фильмін көргенмін. Сол фильмде Франция королі үстіне жұпыны киім киіп алып, «халық мен туралы не деп ойлайды екен, не деп жатыр екен?» деп ел арасына барып жүреді. Көрдіңіз бе, халыққа қызмет ету оңай емес, ол үшін халықты білу керек, халықтың қандай мәселесі бар, соны шешу керек, жәрдемдесу керек.

ДИНОЗАВРДЫҢ АР ЖАҒЫНДА БИОЛОГИЯ, АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕН ДҮНИЕ ТҰР МА ЕКЕН?

– Бірінші Аллаға, екінші Абайға бас иесіз. Әр әңгімеңіз-де Абайдың өлеңі мен қара сөздері тұнып тұр. Абай ілімін бала бойына қалай сіңіру керек?

Айдос ата: Қалибек Қуанышбаев атамыз түнде жатарда, жастығының астына Абайдың кітабын қойып, жастанып жатады екен. Бұл – Абайға деген құрмет. Абай деген үлкен құдірет қой. Шынын айтқанда, біз Абайды әлі зерттеп біте алмай жатырмыз. Бұл үлкен философ, ғалым адам екен. Неміс ақыны Гетенің өлеңін М.Лермонтов аударған. Одан Абай аударған. Германияда тақтатасқа сол өлеңнің астына Абайдың да атын жазып қойыпты. Қандай құрмет?! Себебі Абай аудармасының мағынасы өте жоғары болған. Бір жағынан таңғаламын. Бұл бір табиғи құбылыс болу керек. Әйтпесе елдің бәрі Абай болып кетпей ме? Бәрі ақын, бәрі философ болып кетпей ме?

Жаратылыстың табиғаттан келетін сондай бір құбылысы болса керек. Соны біздің Алаш азаматтарымыз дер кезінде білген ғой. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп кеткен. Ол кісілер Абайдың қадір-қасиетін, Абай шығармасының қаншалықты терең екенін білген. Әрине, Абайды мектепте де оқыдық, былай да оқыдық. Ол кездерде аса мән бермеппіз. Жаспыз, баламыз ғой. Кейін келе Жастар театрында ойнап жүргенде Абайды сомдадым. Райымбек Сейтметов деген ағамыз «Абайды» сахналады. Төрт түрлі Абай бейнесі болды. Маған қарт Абайды берді. Мен ойнаған рөлдерімде бір ерекше, жақсы сөздер болса, әдемі, мағыналы сөздер болса, сол менің жадымда сақталып қалады. Содан ба, білмеймін, Абайдың сөздерін, өлеңдерін оқып, тыңдап, содан тұщынып, өзіме бір рақат, жақсы дүние таптым. Абайдың өлеңдерін оқығанда, рақаттанамын. Өткенде бір сөзімде айтқан ем, америкалықтардың бет-бейнесі – талантты  актер Марлон Брандо. Мысалы, түріктерде Тюркан Шорай дейтін керемет актрисасы бар. Сондай сұлу кісі  болған. Сол секілді елдің өзінің бір бет-бейнесі, тұлғасы болады.  Менің ойымша, сол қазақта Абай деп санаймын. Жұрт Абайды көргенде, қазақ, Қазақстан деп, қазақты көргенде, Абай деп жатса екен деймін. 

– Өзіңіз айтқандай, мектеп қабырғасында оқушылар Абай өлеңінің тереңіне бармай, зуылдатып жаттап, бағамды алсам болды деп қана қарайтын секілді. Мұны түсіндіруге ата-ананың рөлі басым болар?

Айдос ата: Әрине, әрине, Абайды әрбір қазақ білуі керек. Маған осы бір сөз ұнайды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөз бар. Шынында, біз аз халықпыз ғой. Бір-біріміздің  қадір-қасиетімізді біліп, бір-бірімізді сақтап жүруіміз керек. Мысалы, Абайдың өзінің тәрбиесін алайын. Билер бас қосқанда, небір тартыстарда Құнанбай Абайды жанына отырғыздырып қояды. Үлкен адамдардың әңгімесін бала тыңдап отырып, баланың да өресі тез өседі. Балалық ойынды емес, үлкен айтыс-тартыстарды тыңдап, қайсы дұрыс, қайсы бұрыс, кім өтірік айтты, осының бәрін аңғарып білетін болады. Осыны көріп ерте есейетін болады. Мұның бәрі әке-шешеге байланысты. Баланың бірінші ұстазы – әкесі мен шешесі. Тәрбие үйден басталады. Кішкентай кезінен баланы ыңғайлау керек. Біз былай деп айтамыз: «Ойбай, бала өссін, ертең он жетіге келгенде оқуға барады, ненің дұрыс-бұрыс екенін түсінеді», – деп. Ол кезде бәрі кеш болады. 

– Бала тәрбиесі деп жатырмыз ғой, өзіңіз де бала тәрбиеледіңіз. Қыздарыңыздың сабағына өте қатал болған екенсіз. Ал өзіңіздің бала кезде үлгеріміңіз қандай еді? Оқығыңыз келмейтін, ұнат-пайтын сабағыңыз болды ма?

Айдос ата: Ол кезде білмейміз ғой. Бәрін оқу керек дейді. Ұнатсаң да оқисың, ұнатпасаң да оқисың. Кеңестің кезінде тәртіп солай болды. Бірақ сол кездегі оқуға бір риза болатыным – жан-жақты білім беретін. География, тарих, химия ма, бәрін жан-жақты үйрететін. Қазір арнайы біржақты ғана оқытатын мектептер бар, басқасын керек емес деп оқытпайды. Кейде шетелге шыққанда, жұрттар біздерге бәрін қалай білесің деп таңғалады. Ол кезде бізге бәрін оқытты. Бұл жақсы деп ойлаймын. Осы жүйені қалдыру керек. Тарихты, басқа сабақтарды бөлуге болмайды. Керек дүниені оқыту керек. Одан бала зиян шекпейді. Оның дүниеге деген көзқарасы, ойлау қабілеті одан сайын кеңейіп, арта түседі. Әрине, бала бір мамандықты жақсы көре ме, сол бір саламен айналысу керек. Сонда ғана одан бір нәтиже шығады. Оны ұнатпаса, қиналып жүрсе, содан артық бейнет, бақытсыздық жоқ шығар.

–  Мамандық таңдау кезінде ата-ана қалай бағыт бергені абзал?

Айдос ата: Жаңа айтқаным-дай, бала нені жақсы көрсе, соған беру керек. Біздікі олай емес. Жоқ, ол сот болады, ол прокурор болады, заңгерлікті оқыту керек дейді. Ол балаға қызық емес, істегісі келмейді. Міне, осыдан ертең трагедия басталады. Адам ауыл шаруашылығымен айналысса да, соны жақсы көріп істеуі керек. Содан бақыт табады. Кейбір ата-аналар мен актер болсам, ертең менің балаларым да актер болуы керек деп ойлайды. Біреу дәрігер болса, балам да дәрігер болуы керек, жолымды жалғастыру керек дейді. Бұл да дұрыс дүние емес. Бүгінде әлемде өмір сүріп жатқан халық жеті миллиардтан асып кетті. Сонда бір адам бір адамға ұқсамайды ғой, білесіз бе?! Мысалы, менің отбасымда аға-інім, қарындастарым бір ата-анадан тудық қой. Бірақ бәріміз түрлі-түрліміз. Неге? Бір анадан туған соң неге бірдей болмаймыз? Алланың құдіретінің кереметтігі ғой. Сондықтан да болсаң боласың, болмасаң да боласың, менің ізім деп қинауға әсте болмайды. Өйтіп балаға обал жасайды. Бұлай тәрбиелеуге болмайды ғой.

– Қатарластарымнан байқап жүрмін. Мектепте он бір жыл оқыса да, не таңдарын өзі білмей жүрген жастар бар. Нені жақсы көретінін өзі білмейді. Бұған да ата-ана жауапты ғой?

Айдос ата: Бұл да дұрыс емес. Үйден бастап баланы тәрбиелеу керек. Бала нені жақсы көреді, соны байқау керек. Менің немерем динозаврды жақсы көрем дейді. Бүкіл динозаврдың коллекциясын жинайды. Ол балаға не дейсің енді? Динозаврдың ар жағында биология, археология деген дүниелер тұр ма екен? Сондай дүниені ата-ана байқап, аңғарғаны жөн. Сосын бір ата-аналар кітап, домбыра, ақша сияқты заттарды қойып, қайсын таңдайсың деп қызық көреді. Бұл да дұрыс емес. Бала өзі ыңғайлануы керек. Сен мынаның үшеуінің біреуін ал, басқа жоқ деуге болмайды ғой. Ал мүмкін ол бала ғарышқа  ұшқысы келетін шығар.

Өтірік мақтау – біздің трагедиямыз

–  Алғаш Алматыға қадам басып, оқуға келгеніңізде жас болдыңыз, көп дүниені көрмеген кезіңіз.

Айдос ата: Иә, ол кезде он жетіде болдым.

– Сол кездегі бастан кешкен қызық бір оқиғалардан айтып берсеңіз...

Айдос ата: Өмірде қызықты жайт көп болды ғой. Әрине, оның бәрі есте тұра бермейді, ойланып, еске түсірмесе... Жас кезімде әкемнің жанында жүріп, асауды қолға үйреттім. Алматыда, эстрада студиясында оқығанымда, шешем әкемізге ренжіп: «Оқуда жүрген бала аттан құлап, бір жерін мертіктіріп алса, бір жерін сындырып алса қайтесің?» деп сөйлейді. Ана, шіркін, қандай сонда? Әкем болса тыңдамайды. Талай рет аттан құладым. Кейде ойлап отырсам, соның астарында бір үлкен қайсарлық жатыр. Жылқының қылынан өрген арқаннан қолың ысып кетеді, осып кетеді. Қолың қанайды. Қанды көріп, асауға қайта мініп, қайта құлап беріспейсің. Асау көнбейді ғой. Ол да жас мал, көнбейді, секіреді, мөңкиді, құлайды, шабады. Енді қарап отырсам, сол кезде әкем балам кішкене ширақ болсын, өмірдің түрлі қиындығында төмен құлап кетпесін, берілмесін, өзін-өзі ұстай алатындай болса екен деп ойлады ма деймін. Әртүрлі жұмыс істедік. Ауылдың тірлігі ғой. Шөп шабу, шөп түсіру, өгіз арбамен шөп тасу дегендей. Қолмен бәрін істейсің. Біраз тірлікті көрдік қой. Мұны неге айтып отырмын, осының бәрін көріп түсіну керек. Кейде біздің қазақтың киноларына қарап таңғаламын. Бір керегені қойып қояды да, қазақтың үйі дейді. Сонда анау ағаш керегеде адам тұра ма? Оның сыртын орайтын киізі бар, ішінде түскиізі бар. Ағаштан тарта салған бірдеңені үй дейді. Нағыз киіз үйді түріктердің фильмінен көрдім. Аппақ киізбен ораған, аппақ жүннен тоқыған, жылы, әдемі! Ол деген таза қолдың еңбегі ғой. Біздікілер мұны білмейді. Бірденені оқып алады да, киіз үй деген мынау дейді. Киіз үй деген ол емес! Қоңыр киізден жасалған, қойшылардың күркесі секілді төрт қанат үйді қазақтың киіз үйі дейді. Киіз үй деген – үй! Үлкен, еңселі болады. Алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат дегендері болады. Кең, рақат, биік болады! Оның ішіне ас бөлмесін, ошағын шығарады. Қазақта көп бөлмелі, әдемі үйлер болған. Оны бүгін де білмейді, білмеген соң айтпайды, айналып келіп, қойшының күркесін киіз үй деп көрсетеді.  Оны режиссерлер жақсы білуі керек. 

– Режиссура демекші, жақында сахналанған «Бөрте» қойылымы жайлы не дейсіз?

Айдос ата: Бөртені қазақ қана емес, бүкіл дүниежүзі біледі. Бірақ оны қазақ екенін біле ме, білмей ме, бұл енді күмәнді... Бірақ ол қоңыраттан шыққан қазақтың қызы. Шыңғыс ханның шешесі де – қоңырат. Әйелі де – қоңырат. Шыңғыс ханның балаларының бәрі қоңыраттың қызынан тарап отыр. Әкесін біреу түрік дейді, біреу моңғол дейді. Оны енді түсінбейсің. Бірақ әйелінің қазақ екені хақ. Сондықтан да мен мақтанамын. Қазақтың қыздары қандай болған? Менің бір жеке пікірім бар. Менің қателесуім де мүмкін. Шыңғыс ханның фильмін түсіру үшін Моңғолияны білу керек, Моңғолияның жерін, табиғатын, даласын, даланың аң-құсын, суығын, күз-қысын, ыстығын білу керек. Аңызақ жел ұрып тұратынын білу керек. Мысалы, Африка мен Азияның табиғаты, климаты екі түрлі. Адамдары да әр түрлі болады. Сондықтан «Шыңғыс ханды» түсіру үшін оны білетін адам керек. Біреу Еуропадан келіп алып, Шыңғыс ханды түсірсе, ол сонда не біледі? Ол жазылған Шыңғыс ханды түсіріп шығады. Сол секілді Тұрар да сондай. Оның қайдан шыққанын, жетімдікті көргенін, басқа ұлттың ішінде өскенін, қандай қиындық көргенін – бәрін білу керек қой. 

– Эстрада студиясында оқығаныңызда, Ыдырыс Ноғайбаев ұстазыңыз болды. Сіз бағалайтын Ыдырыс ағаның ерекше қасиеті қандай еді?

Айдос ата: Ол кісінің бір қасиеті – жаратылысынан таза адам еді ғой, турашыл адам. Содан кейін ол кісі де Мәскеуде білім алған. Қазағымды жамандағаным емес, өзімнің түйгенімді айтамын. Бізде де Жүргенов академиясы бар, театр институты бар. Бірақ орыс пен қазақтікі жер мен көктей. Екеуінің оқытатыны бір. Бірақ олардікі басқа, біздікі басқа. Алысқа бармай-ақ, біздің Әуезов театрын алайық. Әуезов театрының гүлденген кезі – Әзірбайжан Мәмбетовтың кезі. Әзірбайжан Мәмбетов Мәскеуде оқыған. Хадиша Бөкеева Мәскеуде оқыған. Ыдырыс Ноғайбаев Мәскеуде оқыған. Ылғи да мықтылардың бәрі Мәскеуде оқыған. Бізден неге ондай мықтылар шықпайды? Бәленбай студент оқып жатыр. Неге жоқ? Ноғайбаев қайда? Әзірбайжан Мәмбетов қайда? Жоқ. Өйткені оқуда жатыр. Соны дұрыс қабылдамағандық тұр. «Ура, ура, сен керемет, мен керемет, ойбай, сен талант, сен сұмдық!» дейміз. Өтірік мақтау түбімізге жетеді. Шынында, мен керемет екенмін деп актер солай тоқтайды. Ол ізденбейді, әрі қарай оқымайды, оған қызық та емес. Өтірік мақтау көп. Сол – біздің трагедиямыз!

– Актер де ұстазға қарап өседі емес пе?

Айдос ата: Мен оқып жүрген кез – Кеңес өкіметінің кезі ғой. Жоқшылық. Сонда ұстаз-профессорларымыз  бір бутерброд нанды алып, соған сыр, колбаса салып, целлофанға орап, төс қалтасына тығып алып келеді. Сабақ ортасында түскі ас болады. Профессор барады да, бір стақан шай алады, сосын жаңағы бутербродын шығарады. Оның жартысын бізге береді. Міне, мұғалім! Сендер студентсіңдер! Сендер аш жүресіңдер, жассыңдар, ақшаларыңды құртып қоясыңдар деп бір бутербродтың жартысын кесіп береді. Біз керек емес, керек емес дейміз. Анаған қарасаң, жейтін түк жоқ. Сонда ойлап қарасам, біз одан бір тойып қалмаймыз ғой. Анадан мен де тойып кетпеймін. Ол да тойып қалмайды. Сонда олар жанашырлықты үйренсін, біреуге жаны ашысын, өзінікін бөліп берсін деп үйретеді екен ғой. Соны әдейі істеген екен ғой деп қазір ойлаймын. Міне, тәрбие! Актер сондай жаны ашығыш болуы керек деп тәрбиелеген екен. Төлеген Айбергеновтың бір өлеңі бар. «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», – дейді. Жараның беті секілді сыздап тұрады ғой. Бірдеңе тиіп кетсе, ашитын. Актер, міне, сондай болуы керек! Ол барлық нәрсеге реакция жасап отыруы керек. Барлық дүниені елден бұрын сезіну керек. Сонда ол мықты актер болады. 

– Өзгеріске толы білім жүйесіне көзқарасыңыз қандай?

Айдос ата: Қанша рет оқулықтарды ауыстырдық. «Әліппені» алып тастап, оны қайта әкелдік. Жоғарыда отырған адамдардың ішінде біреуі «Ей, бұл баяғыдан бері, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бері келе жатқан әліппеміз! Қалай мұны алып тастаймыз? Ертең біз не оқимыз?» деп айтпайды ғой, ойланбайды ғой! Басқа елдің бәрінде өз әліппесі бар. Ал бізде «ойбай, алып тастаңдар» дейді. Ертең тарих жоқ. Өзіңді-өзің жоқ қыласың! Мен осыған таңғаламын. Не деген өзінің тарихына деген өштік, не деген жауыздық? Ананы да құрту керек, мынаны да құрту керек. Бір кезде Абайдың өзін талай жерге апарып тастады. Ал жарайды, Абай жоқ, жаман дейік. Сонда кім қалды? Ешкім жоқ. Сонда сен кімсің? Ұлт емессің, халық емессің. Жақсың болмаған соң сен нөлсің! Соны ойлап күйінемін. Бәрі оқымаған болсын. Бірен-саран адам болсын тоқтау салып, өзгелер не істеп жатыр екен деп айналасына қарауы керек емес пе? Басқа елдердің тәжірибесіне де көңіл аударып, байқап көру керек қой? 

– Екі кезеңді де көрдіңіз? Бүгінде жастардың бойында не жетіспейді?

Айдос ата: Жастарда ғылымға, білімге қызығу аз. Ал негізінде, қандай ұлттың болсын болашағы – білім мен ғылымда. Бәрі бизнеске ауысып кетті, ақшаға ауысып кетті. Бүгінде мына жаман аурудан адамдар қырылып жатыр. Дәрігер қайда? Дәрі қайда? Жұрттар космосқа барып жатыр, Айдан, Шолпаннан тіршілік іздеп жүр. Ал мұнда халық қырылып жатыр. Оны таппайды, жоқ дейді. Ішім ашып отыр. Мен ұлтымды жақсы көрген соң айтамын. Әр қазақ аман жүрсе екен деймін. 

– Уақыт бөліп, шынайы әңгіме құрғаныңызға көп рақмет! Газетіміздің оқырмандарына айтар аталық ақыл-кеңесіңіз болса?

Айдос ата: Ұлан деген енді жастар ғой. Құнанбайдың мынадай сөзі бар: «Еліңе, жеріңе, тіліңе, діліңе ие бол». Бітті. Осы төрт нәрсеңе, Алланың берген сыйыңа ие бол. Ие бола білу керек. Кім көрінген әкетпеу керек. Кім көрінген бөліп алмауы керек. Бұл да үлкен ақылды талап етеді. Үлкен парасат керек оған да. Ұрсатын жерде ұрсу керек, төбелесетін жерде төбелесу керек. Иә, иә, сенікі дұрыс, ләппай дей беретін болсаң, онда құлсың! Мен жастарға осыны айтамын. Қазақ өлмесе екен, мәңгі ел болса екен, ұлы ел болса екен деймін! Алла бәрін де берген, байлықты да, жерді де берген, астын да, үстін де қоса берген. Тек соны игілікке жарат, бітті. Бақытты заман болады сонда. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады сонда. Соны Алла нәсіп етсін! 

–  Әумин! Айтқаныңыз келсін! Аман болыңыз!

Сұқбаттасқан 
Айсұлу СЪЕЗХАН

«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *