Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Ақпан, 2022

Гүлзахира Абдезова , аспаз: Әлеуметтік желіні қолға алуыма карантин әсер етті

Гүлзахира Абдезова – Тараз қаласының тумасы. Елу жастағы аспаз қазір өз қаласында ғана емес, бүкіл ел көлемінде танымал. Беделді, сұраныстағы аспаздардың бірі. Жастайынан бергі қызығушылығы мен  қарым-қабілетінің арқасында сүйікті ісінің жұлдызына айналған кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолы жайында баяндап берді.

– Мектеп бітіргеннен бастап аспаздық саласында жұмыс істеп келе жатырмын. Бұған дейін мейрамханаларда бас аспаз болып  жұмыс істегенмін. Карантин басталғаннан бері тапсырыс алып, Инстаграмда парақшамды ашып, кәсібімді бастадым. Одан бері де екі жыл болды. Мектеп бітіргеннен кейін аспаздың оқуын оқыдым. Бастапқыда есепші боламын деп ойлағанмын. Әкем қыз бала үшін ең жақсы мамандық аспаз екенін айтты. Анам өзбектермен жұмыс істейтін. Олардың істеген барлық тамағын ұната-тын. Әкемнің бағыт сілтеуімен аспаз мамандығында оқыдым. Ең алғаш «Сәлем» деген кафеде жұмыс істедім. Сол жердегі бас аспаздан көп нәрсені үйрендім.

Арнайы оқу орындарында аспаз мамандығын бітіріп, алайда сол алған білімінен нәтиже шығара алмай жүргендер де бар. Өзі межелеген табысқа қол жеткізбей, әзірлеген тағамдары елдің назарына ілінбей қалатын кездері болады. Ал бүгінде кәсібіңізде сұраныс көзін арттырудың бірден-бір жолы – өзіміз күнделікті қолданып жүрген телефонмен жұмыс істеу. Оқырманға сапалы контент ұсынып, белгілі бір аудитория қалыптастыру. Көп жағдайда қыз-келіншектер осы жағын толыққанды меңгере алмағандықтан, жұмысын көпшілікке ұсына алмайды. Содан да табысы артпайды. Аспаздың әлеуметтік желіні дұрыс қолдана білуі туралы да Гүлзахира ханымның айтары бар.

– Дұрыс айтасыз. Қазіргі ахуалға байланысты біраз жұмыс онлайн форматқа көшіп жатыр. Мен Инстаграм парақшама сурет саламын. Постымды көрген оқырмандарым тапсырыс беріп, шақыра бастайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Өзбекстан, Қырғызстан, Дағыстан елдерінен оқырмандарым бар. Істеген жұмыстарыма бағасын беріп, жылы лебізін білдіріп отырады. Аспаздық саласына келген кейбір қыз-келіншектер әлеуметтік желіні дұрыс қолдана алмағандықтан, кәсібін де әрі қарай жалғастыра алмайды. Мен онлайн курстарымды оқытқан кезде vip пакет алған қыздарға Инстаграмды қалай жүргізу керек екенін, калькуляцияны қалай шығару керегін, тұтынушылармен қалай мәміле орната білу керек екенін айтамын. Мәселен, бір тапсырыс берушіге қағазды толтырып жазып берсеңіз, келесі жолы ол сізді шақырғысы келмей қалады. Себебі қазір азық-түлік бағасы қымбат, шығын көп... 

Аспаз ең бірінші тағамдарын дәмді әрі ұқыпты істей білуі керек. Сосын дайындаған тағамыңызды әзірлеп, дастарқан басына әрлеп орналастыру да маңызды. Сапасын ескере отырып суретке түсіріп, оны оқырманға ұсыну, істеген жұмысыңызды көрсету керек. Менің әлеуметтік желідегі парақшамды қолға алуыма карантин әсер етті. Мейрамха-нада қаншама жыл аспаз болып қызмет істедім.

Жұмыс тоқтап қалды. Дәл осы уақытта қыздарым бірінен соң бірі тұрмыс құрды. Ал менде жұмыс жоқ, қаражат жоқ. Қарап отыра алмаймын ғой, сондықтан кәсіп бастап, жұмыс істеуім керек болды. Инстаграмда парақша ашып, таныс адамдарымның бәріне жіберіп, жарнама жасаттым. Барлық қыз-келіншек үйінде дастарқан жасайды. Мейрамханалар жабылып қалса да, ешкім қызын ұзатпай отырмайды. Кішігірім отырыс ұйымдастырып, келген қонақтарды үйінде күтіп жатты. Сол себепті мен де қарап отырмай жұмыс істейін, ақша табайын деген мақсатта әлеуметтік желіде жұмысымды бастадым.

Ұзақ жыл бойы тәжірибесі қалыптасқан аспаздардың тұтынушы жиі сұрайтын, оқырманнан лайықты бағасын алған рецепт түрлері болары анық. Аспаздың қолынан шыққан қандай тағамдары жиі сұраныста екен?

– Оқырмандар арасында ең жоғары сұранысқа ие болған рецептер – салқын тіскебасарлар. Дәмді, дастар-қанға қойғанға тиімді. Қазір біздің халық та бұған үйренді. Үстелде тұрған зат әдемі болып көрініп қана қоймай, дәмі тіл үйіретіндей болуы керек. Соңында дастарқанда қалып қоятын, саны бар сапасы жоқ тағамдардан гөрі, келген қонақтың бәрі қызыға отырып дәм тататын тағам болғаны дұрыс.

Аспаз – дәмді тағамдарды пісіріп, қонақтың алдына ұсынып қоя салатын маман емес. Тағамның дастарқанға қойылу үлгісін, ыдыстардың лайықты таңдалуын қамтамасыз ететін маман иесі. Осы тұрғыда дастарқан этикасы да маңызды рөл атқарады. Гүлзахира ханым сұқбат барысында тағам дайындауда және қонақ алдына ұсынғанда неге көбірек мән беретіні жөнінде айтып өтті:

– Қазақта мерекелік дастарқандар көбіне құдалық секілді үлкен жиындарда жасалады. Әрбір қыз-келіншек әзірлеген тағамдарының көзге тартымды болғанын қалайды. Мен осы нәрсеге баса назар аударамын. Азық-түліктер дұрыс болса, жасаған заттарымыз да әдемі болып шығады. Тапсырыс берушілерге қажетті заттар тізімін жазып бергенде де үнемі ескертіп айтып отырамын. Жақсы азық-түлік әкелсе, біздің де әзірлеген тағамымыз дәмді болып шығады. Сондай-ақ үстел үстінде өзіне сәйкес келетін ыдыстарда әрленіп жасалғанын жақсы көремін.

Гүлзахира ханым – жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибесі мен табысы мол аспаздың бірі. Аспаздық парақ-шасын бақылап отырып әзірлеген тағамдары мен дәмі тіл үйіретін тағамға толы сәнді дастарқанды көріп сүйсіндік. Осыншама жыл бойы  төккен тер кейіпкеріміз үшін нәтижесін берді. Әлі де берері анық.

– Аспаздық саласы менің біраз жетістікті бағындыруыма себеп болды. Осы саланың арқасында танымал кісілермен таныстым. Осындай жандармен  бірге бір ортада болып, үлкен кісілердің батасын алдым. Одан бөлек сыйлықтарын беріп, ризашылықтарын білдіргенде, үйге жақсы көңіл-күймен қайтасыз. Аспаздық саласы бойынша республикалық конкурстан 1-орынды жеңіп алдым. Алматы қаласында өткен марапаттау рәсімінде диплом табыстады. Одан кейін қаншама газетке жариялап, телеарналарға қонақ ретінде шақырды. Мұның барлығы осы күнге дейінгі еңбегімнің жемісі деп білемін.

– Еліміздегі, әлемдегі аспаз-дардан кімнің рецептерін, YouTube каналдарын жиі қарайсыз?

– Джейми Оливердің рецептерін жиі қараймын. Сондай-ақ өзге де аспаздардың парақшасында жарияланған рецептерін бақылап отырамын.

Гүлзахира ханым Инстаграм желісінде қыз-келіншектерге арнап «Онлайн аспаздық курсын» өткізеді. Үнемі ізденісте жүретін, жаңа өзгерістің болуын қалайтын кейіпкеріміз бұл курсты алдағы күндері офлайн форматқа көшіруді жоспарлап жүр екен.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз