Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 09 Наурыз, 2022

Келбет НҰРҒАЗИНА: Өмірдегі ең күшті кезең спорттағы жылдарым екен

Көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен басталады. Осы ретте спортта да қазақтың қаракөз қыздарының жеткен жетістігі аз емес. Солардың бірі – Келбет Нұрғазина. Дзюдо күресінен 2006 жылғы жазғы Азия ойындарында қола медальға ие болған, самбодан әлемдік бәсекелерде жүлде алған Келбетпен жақында жолығып, емен-жарқын әңгіме құрған едік.

– Келбет, мемлекеттік қызметте жүр екенсіз. Осы туралы толығырақ айтсаңыз...

– Спорттық карьерамды аяқтаған соң, спортқа жақын салада қызмет етсем деген ойым болған. Бұл саладан алыстағым келген жоқ. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінің  Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде, бұқаралық спорт деген басқармада істеп жатырмын. 

– Бейжің Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықтыңыз. Өзіңіз Арқаның тумасысыз. Оңтүстікке келін болу қиынға соқпады ма?

– Қызылорда облысының келінімін. Оңтүстікке дәстүрге қатты мән береді. Келіннің өз орны бар. Ал Арқаның қыздарының мінезі кішкене «шатақтау» келеді. Ол жаққа барып сәлем салуды үйрендім. Қарағанды облысында кездесе бермейтін, ұмтыла бастаған дәстүрлерді Қызылордаға келін болып түскен соң білдім. Алғашында қиындықтар болды. Ата-анам жақсы адамдар, түсіністікпен қарады. Дүниеге сәби әкелген соң, қайта күрестім. Маусым айында босанып, тамызда жаттығуға кірісіп кеттім. Қараша айында Қазақстан чемпионатында күресіп, финалға дейін жеттім. Лондон Олимпиадасына қатысқым келген. Сол мақсатта Ташкенттегі лицензиялық Азия чемпионатына бардым. Жартылай финалға шығатын тұста жарақат алып, содан кейін спорттық карьерамды аяқтауға тура келді. 

– Ал спортқа қалай келген едіңіз?

– 4-сыныпқа дейін Жаңаарқа ауданында оқыдым. Одан кейін Қарағанды қаласына көшіп кеттік. Алғашында спорттық гимнасти-каға барғанмын. Ешкім мені спортқа ертіп апарған жоқ. Өзім қызықтым. Осы күні 4-сыныптың оқушысы өзі спорт үйірмесіне жазылатыны күмәнім бар. Күресті самбодан бастадым. Мені баптаған Жасұлан Байшолақов – атақты ағайынды Байшолақовтардың төртіншісі. Ол кісінің еңбегі зор. Ондай бапкер жоқ шығар. Сенбі-жексенбіге қарамай, мені шақырып алып, жаттығуды жеке жасататын. Осы күні дзюдо құрамасында жүрген Жансай Смағұлов секілді жас балалар қарсылас болып тұратын. Солармен күрестіріп қоятын. Олардың салмағы сол кезде 50-55 келі. Дзюдо екеуін қатар алып жүрдім. Алғашында самбодан Қазақстан чемпионатын ұттым. Одан кейін Азия мен әлем чемпионаттарына бардым. Самбодан жасөспірімдер және жастар арасында әлем чемпионы болдым. Ересектер арасында екі рет қола жүлдегер атандым. Сосын кейін көбінесе дзюдоға мән бере бастадым.

– Сіз дүниеге келген Жаңаарқа ауданы – балуандардың елі. Марқұм Қанат Байшолақовтардан бастап, қаншама атақты спортшы шықты. Алды әлем чемпионы атанған. КСРО кезінде 80-ге жуық спорт шебері болған екен. Бірақ ешбіріне Олимпиадаға қатысу бақыты бұйырмаған. 2008 жылы Бейжіңге жолдама алғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Жаңаарқа ауданы тарихында Олимпиадаға қатысқан алғашқы спортшы екенімді білмеппім. Олимпиада деген – спортшы үшін ең үлкен жарыс. Жолдама алған кезімде толқу да, қуаныш та болды. Жүлде бұйырмағаны өкінішті. Дайындығым жақсы болған. Бейжіңге Талдықорғанда дайындалдық. Ол кезде ұлттық құраманың бапкері Қанат Байшолақов ағайымыз еді. 

Қанат Сайранұлының бір ерекшелігі, қандай жеребе болса да, үнемі маған сенетін. Сол сенімі маған күш беретін. Жеребе анықталған соң, арқамнан қағып, «ештеңе етпейді, ұтасың» деп айтты. Бұл балуанмен Олимпиаданың алдында екі ай бұрын бірге жаттыққанбыз. Испанияның Барселона қаласында оқу-жаттығу жиыны өтті. Қанат ағай сол Фредерик Жоссинемен күрестіре беретін. Мен оған ашуланатынмын. Жасы үлкен, 1975 жылы туған балуан. Денесі әбден қатып қалған. Соның нәтижесі бекер болмапты. Сол жолы «боковой переворот» деген әдісті қолдандым. Ол әдісті осы алып тастаған. Барселонадағы оқу-жаттығу жиыны кезінде де сол әдіспен бір құлатқаным бар еді.

– Одан кейін келесі кезеңде жеңілдіңіз. Барлық эмоция бірінші белдесуде кетіп қалды ма?

– Екінші белдесуде Ханату Уэлого деген Буркино-Фасодан келген қызды жеңдім. Үшінші қарсыласым солтүстіккореялық балуан еді. Одан жеңілемін деп ойламадым. Жақсы көңіл-күймен шыққанмын. Әдіс қолданып жатқанда иығымды ауыртып алып, содан кейін күресім жүрмеді. Әйтпесе, оны да айналып өтуге болар еді. 

– Марқұм Қанат Байшолақовтың бапкер ретінде қандай ерекшеліктеріңіз айта аласыз? 

– Өте сезімтал бапкер еді. Балуандармен қайсымен қалай сөйлесу керегін білетін. Біреуге ұрсып айтатын, біреуге алдап, күліп тұрып түсіндіретін. Қыздар спортының өз ерекшелігі бар. Ұлдар секілді басынан бір қойып, істете алмайсың. Бір қырсығып қалса, қиын. Осы жағынан Қанат ағайымыз дұрыс жол таба білді. 

– Күресте бір салмақтың барлық белдесуі бір күнде өтеді. Осы жағы қиындық тудыра ма?

– Негізі жақсы деп ойлаймын. Самбода күресіп жүргенде кешке қарай салмақ өлшейді де, ертеңінде күреседі. Қазір дзюдода солай. Салмақ өлшегеннен кейін тамақ ішіп, босап қаласың. Бірден салмақ өлшеп күрескен дұрыс. 

– 2008 жылы Олимпиада ойындарына дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасы жеті салмақтың алтауында барыпты. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған...

– Менен бөлек, Шолпан Қалиева, Гүлзат Оралбаева, Жанар Жанзунова, Сағат Әбікеева, Гүлжан Исанова секілді қыздар барды. Сол кездің құрамы мықты болды. Қазір айтсам, мақтанғандай көрінемін. «Алтын құрам» деуге келеді. Сол құрамдағы қыздар көптеген жарыстан жүлделі оралып жүрді. Әлем кубогы, құрлықтық біріншіліктерден жақсы нәтижелер көрсетті.

– Спортқа қайта оралғанда 52 келіде күрестіңіз. Сол кезде Қазақстан құрамасында бәсекелестеріңіз кім еді?

– Мөлдір Болатбекова деген қыз болған. Бірақ ол ұзақ жүрмеді. Сосын Линара Мингазова болды. Ол бірақ 57 келіге ауысып кетті. Кейін мен спорттан кеткен соң, ол қайтып 52 келіге оралды. Жалпы, бір салмақта ұзақ жүрген дұрыс емес. Дер кезінде салмақ ауыстырып тұрған дұрыс. Бейжің Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықпай, жаңа салмақта тағы бір цикл күресуге де болар еді...

– Лондон Олимпиадасына қатты барғыңыз келгенін біле-мін. Бірақ соңғы мүмкіндігіңіз – Ташкенттегі Азия чемпионатында жеңіске жете алмадыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз.
 

– Мен ол кезде 52 келіде күресіп жүрдім. Өзбекстаннан Рима Бердіғұлова деген өз елінің №1 балуаны болатын. Біраз жарыстардан жүлде алып жүрген. Ширек финалда екеуміз күрестік. Римма жақыннан күрескенді жақсы көреді. Оны шыға салып, бірден вазариға тастадым. Сол кезде бір саусағым сынып кетіпті. Оны төреші байқап қалып, дәрігер шақырды. Дәрігер кездесуді әрі қарай жалғастыра алмайтынымды айтты. Сөйтіп, амалсыз жарыстан шығып қалдым. Әйтпесе, жеңіп тұр едім...

– Біраз уақыт күреске қарай алмай кеткен боларсыз?

– Иә, теледидардан да қарамай жүрдім. Алайда адамның ішкі жандүниесі маза бермейді екен. Ол кезде бар-жоғы 26-да екенмін. Мысалы, бокста, еркін күресте ондай түсінік жоқ. Ал дзюдода патриархаттық бар. Қыздарға «не істеп жүрсіңдер, ертерек отбасын құрып, тұрмысқа шығыңдар» деп жиі айтылады.  

– Карьераңыздағы басты жетістіктің бірі 2006 жылғы Азия ойындарындағы қола жүлде болды ғой...

– Дзюдо күресінен ең басты жетістігімнің бірі – Дохадағы Азия ойындарының қола жүлдесі. 2005 жылы Ресейде өткен әлем кубогында жүлде алғанмын. Мәскеудегі Гран-приде күміс жүлде иеленгем. 

– Қазір спортшылар қолдау жақсы екені түсінікті. Ал сіздерде ондай мүмкіндік аз болды ғой...

– Спортшыларға қазір толық жасалған. Мен алғаш карьерамды бастағанда ешқандай жалақы да болған жоқ. Тек жеке бапкерім Жасұлан Байшолақовтың еңбегі зор. Менің потенциалымды көріп, ағаларына, барлығына мені мақтап жүретін. 2003 жылдары өз қалтасынан 100 доллар беріп тұратын. Өйткені витамин, тағы басқа керек-жарақтарды алу үшін ақша қажет еді. 

– Елордаға қоныс аудардыңыз... 

– 2015 жылы осында өткен әлем чемпионатын көруге келдім. Сол кезде бапкерлермен сөйлестім. Әрі жолдасымның қызметі  ауысты. Алғаш қоныс аударғанымда дзюдо федерациясында вице-президент болған Марат Мықтыбеков, Айсұлу Серікқызы қолдау көрсетті. 

– Өткен күндерге сағыныш бола ма?

– Жарыс, оқу-жаттығу жиындарынан спортшы шаршайды ғой. Енді күреспеймін деп қолды бір сілтеп кетіп қалғың келетіндер кездер болады. Сонда Талғат Сайранұлы «өмірдегі ең күшті кезең спорттағы жылдарым ғой» деп еске аласың деп еді. Шынымен де солай екен. Нағыз керемет жылдар спортта өтіпті. Басың бос, тек жарыс пен жаттығудан басқа ештеңе ойламайтын армансыз кездер.

Келбет Нұрғазинадан жас балуандарға кеңес

Бапкер спортшымен жеке жұмыс істеу керек. Мен дзюдоға кеш келдім. 2003 жылы бастадым. Жасұлан Байшолақов 2003-тен 2008 жылға дейін бес жылдың ішінде Олимпиадаға қатысатын деңгейге жеткізді. Сенбі-жексенбіге қарамастан шақырып алып, дайындай беретін. Күн суық, каникул дегенге қарамайтын. Кейін бапкерімнің өзінде аздаған «жұлдыз ауруы» басталды. Өзіне де айтқанмын. 2004-тен бастап барлығын ұта бастадым. Алдымен самбодан жастар арасындағы Қазақстан, Азия, әлем чемпионатында топ жардым. Сосын дзюдоға келдім де, бір жылдың ішінде Мәскеуде Гран-приде екінші орын алдым. Одан кейін жазғы Азия ойындарында қола жүлде еншіледім. Соған тоқмейілсу болып, менімен жеке жаттығу азайды. Оның бәрі алдағы нәтижелерге әсер етті. Кейін Жасұлан ағайым бапкерліктен кетіп қалды. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында әр бапкер әртүрлі ақыл айтады. Ол дұрыс емес. Спортшымен жеке бапкері жұмыс істеуі керек. Елдос Сметовте нәтиже болып жүргені сондықтан. Ғалымжан Жылгелдиев қасынан қалмай, күндіз-түні бірге жаттығады. Қазір құрамада қыздардың нәтижесінің төмен болуына сол да себеп. Олар жаттығу жиындарына барады. Әр бапкер әртүрлі айтады. Содан бастары қатып жүреді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №9
8 наурыз 2022 жыл

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз