Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Мамыр, 2022

Интернетте «көкіп» жүр талай қазақ баласы...

Еліміздегі әлеуметтік желі «жұлдыздарының» үнемі айтатын арызы бар. Ол – «парақшам ұнамаса, шығып кетіңіз!» Расында, сол адамның парақшасына тіркеліп алып, бос сөз жазып отыратындар аз емес.  Мысалы, бүгін ғана бір әнші парақшасына Қадыр Мырза Әлидің:
Түрлі адамдар түрліше күн көреді,
Біреулер су, біреулер у береді.
Сен өмірге келіп те үлгермейсің,
Біреу сені жамандап үлгереді, – деген өлеңін жариялады.

Бекер емес. Бұл әдет оқушылардың да арасында өршіп тұр. Бір-бірінің желідегі суретін мазақ қылу, агрессия олар үшін қалыпты дүниеге айналғандай. Өкінішке қарай, «Ақ желкенге» хат жазушы оқырмандарымыздың арасында да мұндай жағдай жиі кездеседі. «Мақалам қашан шығады?», «Телефонға неге жауап бермейсіздер?», «Биыл оқу бітіремін. Журналист болғым келеді. Мына мақаланы осы апта шығарып беріңіз» деген секілді тапсынған сөздерді күнде еститін болдық. Әлбетте, мұның бәрі қарым-қатынас мәдениетіне жат. Неге осындаймыз? Бір сәт өзімізге, сөзімізге назар аударып көрдік пе? Осы сұрақ төңірегінде мамандармен тілдесіп көрдік.

Нәзипа ЖАНӘДІЛҚЫЗЫ, психолог:

ҚОҒАМДЫҚ ОРТАҒА КІРУДІҢ ЖОЛЫ БҰЛ ЕМЕС

– Жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі дөрекілігі отбасындағы жағдайларға байланысты ма? Тағы қандай себептер болуы мүмкін?

– Иә, отбасылық жағдай да тікелей әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, жасөспірімнің жасын өтпелі кезең деп атаймыз. Яғни олар әлеуметтік желіде өзін осылай көрсету арқылы есейгенін білдіргісі келеді. Тағы бір себеп – әке-шешенің балаған айтатын сыны, пікірі негатив болуы мүмкін. Сол үшін бала желіде өзін осылай көрсетеді. Өйткені желі – оған қауіпсіз орта, еркін сөйлей алады, ешкім жазаламайды. Олар көбіне фейк парақшалар ашып алады.

– Бала бейпіл сөзге үйір болудан, оны желіде пікір етуден ләззат ала ма? Не үшін құмар болады?

– Былапыт сөздерді жазу арқылы ләззат алуы да мүмкін. Кез келген адам өзінің жасөспірімдік кезеңін еске түсіретін болса, өзіне тыйым салынған нәрселер туралы ойлар еді. Демек, бала тыйым салынған нәрселерге үйір болады. Жасөспірімдер өз арасында бейпіл сөздерді айтуға қайткенде де құмар. Оған соншалықты тыйым салудың, күресудің керегі жоқ, меніңше. Бала өсе келе оның дұрыс еместігін түсініп, доғарады. Жасөспірім мұндай кезеңнен міндетті түрде өтуі керек. Ол – баланың дамуы. Бұл – балалардың осындай болуын қолдаймын деген сөз емес, ата-аналар мұндай кезеңнің қалыпты екенін түсінсе деймін. 

– Баланы мұндай дөрекіліктен қалай арылтуға болады?

– Жасөспірім өз шағында ата-ананы идеал қылып өседі. Сосын олар бұл кезде ата-анадан бөлектеніп, қоғамдық ортаға кіруге бейімделеді. Бұлай сөйлеп, осылай пікірлер жазу – соған енудің бір амалы деп ойлауы мүмкін. Ересек адамдар сияқты балалар да әртүрлі. Баланың бойындағы барлық қасиет ата-анадан сіңеді. Сондықтан ата-ана дөрекі болмаса, бала да ондай болмайды. Ата-ана балаға керек мәдениетті ісімен көрсетуге тиіс. Ата-анадан жоғарғы мәдениетті, білімді үйренген бала мұндай болмайды. 

– Бірақ әлеуметтік желіде ойына келгенді жазу оны оқыған адамға әсер етеді ғой. Кибербуллинг осыдан басталады деуге бола ма?

– Кибербуллинг осыдан басталуы әбден мүмкін. Мынадай тыйым салынса, бала дөрекі болмайды деген дайын рецепт жоқ. Сондықтан баланың әлеуметтік желіден тыс күнделікті өмірде психологиялық жай-күйі, ішкі жан дүниесі, эмоцияларын ашық көрсете алуы, отбасымен, достарымен қарым-қатынасы қалыпты болуы керек. Әлеуметтік желі де – қарым-қатынастың бір түрі. Сол үшін шынайы өмірдегі қарым-қатынасты реттеу арқылы ғана түзеуге болады. Баланы өнерге баулу, өзі қызығатын үйірмелерге қатыстыру арқылы тәртіпке келтіруге болады.

2011 жылы 16 жасқа дейінгі балалардың интернетті пайдалану үлесі 55,8% болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 91,5%-ға жеткен. Демек елдегі оқушылардың бәріне интернет қолжетімді. Кибербуллинг туралы бекер сөз қозғамадық. Былтыр Білім министрі Асхат Аймағамбетов былай деді: «Буллинг мектептерде де, колледждерде де бар проблема. Бұл мәселені шешу керек. Мектеп психологтарының біліктілігін көтеруіміз қажет. Оларға әдістемелік қолдау жетіспейді. Сондықтан «2020-2025 жылдарға арналған ғылым мен білімді дамыту» мемлекеттік бағдарламасында біз әлеуметтік-психологиялық қызметті күшейтуге баса назар аудардық. Жалпы, буллинг тек мектептің немесе мұғалімдердің күшімен шешілетін мәселе емес. Бұл – қоғамдық проблема. Ата-аналар да жауапкершілік сезінуге тиіс». Әлеуметтанушының да пікірі алыс кетпейді.

Мадияр НҰРЛЫБАЙ, әлеуметтанушы:

ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ БОЛСА, ЖЕЛІДЕ СОНДАЙ

– Әлеуметтік желі мәдениетінің қалыптасып үлгермеуі біздің мемлекетіміздің жастығынан деуге бола ма? Яғни дамыған елдерде ондай емес, бізде мұндай болуы заңды дей аламыз ба? Әлде басқалай әлеуметтік себептері бар ма?

– Бұл жерде тарихи контекст емес, адам мінез-құлық психологиясы маңызды рөл атқарады. Себебі, батыс елдеріне (тіпті технологиялық жағынан ең дамыған елдер де) келетін болсақ, әлеуметтік сауалнамалар виртуал кеңістікте шиеленістер мен дөрекіліктің жоғары деңгейде қалып отыратындығын көрсетеді. Біздің контекстімізбен салыстырғанда, батыс елдерінде әлеуметтік желілердегі дөрекілік сенситивті мәселелерді (мысалы, нәсілшілдік немесе жыныстық бағдарлық) қамтиды.

Ал жалпы жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік желідегі дөрекіліктің факторларына тоқталатын болсақ, бірінші фактор – бұл виртуал кеңістіктегі кеңістіктік алшақтық пен анонимдік дәрежесі болуы мүмкін. Егер күнделікті өмірде бізде өрескел мінез-құлық үшін қатаң санкцияларға тап болу мүмкіндігіне ие болса, виртуал кеңістікте бұл мүмкіндік жоғарыда аталған факторға байланысты болмауы мүмкін. Яғни әлеуметтік желі пайдаланушылары қатаң санкцияларға тап болмай, өздерінің жағымсыз эмоцияларын еркін көрсете алатынын білдіреді. Дегенмен виртуал кеңістіктің де өзіндік санкциялары бар (мысалы, пайдаланушыны белгілі бір мерзімге шеттеу. Былайша айтқанда, бан). 

Келесі фактор ұжымдық мінез-құлыққа байланысты болуы мүмкін. Бұл құбылыс 19 ғасырдан бастап зерттеліп келе жатыр. Бұл бойынша, әлеуметтік топтар (соның ішінде виртуал кеңістіктегі топтар) ішкі бейресми мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға бейім. Бұған коммуникациялық мінез-құлық та жатады. Бұл жағдайда дөрекілік коммуникацияның ерекше түрі болып көрінуі мүмкін.Әрине, тұлғаның әлеуметтену факторы туралы ұмытпау да маңызды. Егер жасөспірім шынайы өмірде дөрекі болса, онда бұл оның виртуал кеңістіктегі мінез-құлқында да көрініс табады деуге болады.

– Біздің алдымызда желі мәдениетін қалыптастыратын буын болмады. Бәлкім, мұның да себебі бар шығар. Әлде мұны жалпыхалықтық мәдениеттің бір көрінісі деп бағалауға бола ма?

– Шынында да, виртуал кеңістікте белгілі бір рухани және мәдени құндылықтардың жақсы үйлесім таппауы виртуал кеңістіктің мүлде басқа механизмдер бойынша реттелуіне байланысты болса керек. Егер шынайы өмірде біздің мінез-құлқымызға белгілі бір түзетулер енгізетін нақты әлеуметтік агенттер (ата-ана, мектеп және т.б.) болса, әлеуметтік желілерде нақты әлеуметтік агент жоқ, ол жерде біз тек өзімізге ғана тиесіліміз және коммуникация стратегиясын негізінен өзіміз анықтаймыз. Ал болашақта біздің әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас мінез-құлқымызды қалыптастыратын және сол арқылы виртуал кеңістіктегі әлеуметтік ортаны жақсартатын күшті әлеуметтік агент бола ма, жоқ па – ол уақыт талабы. Бірақ қазірдің өзінде әртүрлі институттар аясында әлеуметтік желілердегі дөрекілікті қалай жоюға болатыны туралы алдын алу шаралары қабылданып жатыр. Ол әсіресе буллингке қатысты. Сайып келгенде, мамандар пікірі бір жерден шықты. Балаға ата-анадан артық ұстаз жоқ екені қай тақырыпты қозғасақ та алдымыздан шыға бермек.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

1618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз