Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Тамыз, 2022

«АЙМАҚТА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ»

Бүгінгі сұхбаттасымыз Заңғар Санай жас та болса есімі елімізге танылып қалған әріптесіміз. Республикалық «Астана» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі. Осы жылдың наурыз айынан бері халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облысындағы филиалына басшы болып бекітілді. Ой-өрісі кең, ұлтжанды да парасатты азамат қысқа мерзім ішінде бірқатар жобаларды  қолға алып, алда тұрған келелі міндеттерді жауапкершілікпен атқарып жатыр. Біз оған арнайы жолығып, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, басқа да көкейде жүрген сауалдарымызды қойып, әңгімелескен едік. 

-Заңғар бауырым, қазақ тілді журналистер қашан да ана тіліміздің жанашыры, ұлттық идеологиямыздың нағыз жауынгері екендігі белгілі. Дегенмен де биылдан бастап өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік ету сеніп тапсырылды. Ұйымдастыру жұмысын қандай маңызды мәселелерден бастадың? 

- Өзіме осы міндет жүктелгелі бері  барынша жандандыруға талпыныс жасаудамын. Осы күнге дейін  облыста Рудный, Арқалық қалалары мен Жітіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында жергілікті филиалдар құрылып, олар ресми тіркелді.

Төраға болып бекітілген күннен бастап алқа мүшелерінің көмегіне сүйеніп келемін. Олар маған үнемі қолдау көрсетіп, жанымнан табылып, ортақ мүдде жолында біліктілік пен іскерлік танытуда. Олардың арасында есімі елімізге танымал ақын-жазушылар, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, аузы дуалы, сөзі уәлі зиялы қауым өкілдері бар. Мәселен, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстанның құрметті журналистері Жанұзақ Аязбеков, Күлтай Әбдірахманова, танымал қаламгерлер Әбутәліп Әбдіхалықов, Абылай Мауданов және басқа да  азаматтардың орны ерекше. Облыстық мәдениет және білім басқармаларының басшылары Ерлан Қалмақов пен Зәуре Бәйменовалардың тарапынан да мемлекеттік тілге деген жанашырлықты сезініп келемін.

-Естуімше, өздерің бірқатар мемлекеттік мекеме және ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу жолында меморандумға қол қойыпсыңдар..

–Осы күнге дейін облыс орталығындағы бірқатар мемлекеттік мекемелер, жоғары оқу орындары, кәсіпкерлер палаталары және басқа да ұйымдармен меморандум жасадық. Мұндағы мақсат-бәрімізді  толғандырып жүрген мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны барынша жандандыра түсу. Олардың басшылары бұл бағытта аянып қалмайтындығы сөзсіз.

-Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы «Қазақ мектебі» жобасын қолға алғанына әрбір ұлтжанды бауырымыз қуанып жатқаны белгілі. Бұл мәселе Қостанайда қалай жүзеге асып жатыр? 

- Қазіргі таңда өңірімізде сөз болған жоба бойынша нақтылы істер жалғасып жатыр. Біз зиялы қауым өкілдерімен бірге облыстағы бірқатар аралас және орыс мектептерінде болып, ата-аналармен кездестік. Өз пікірімізді ортаға салып, олардың сөздеріне де ден қойдық. Мұндағы мақсатымыз-қазақ балаларын ана тіліндегі білім ордаларында оқуға тарту және оларға ұлттық рухта толыққанды тәлім-тәрбие беру екендігі айтпаса да түсінікті болса керек. Қанша адам болса, сонша пікір болатындығы белгілі. Жасыратын ештеңесі жоқ, қайсыбір ата-аналар әлі де болса өздерінің қарақан басын ғана ойлайды. Перзенттерінің келешегіне жеткілікті мән бермейді. Сол баяғы намыс жетіспейді. Мысалы, өңірдегі бір орыс мектебінде білім алып жатқан оқушылардың 90 пайызы өзіміздің ұлтымыздың ұл-қыздары. Соны естігенде, еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Сонда олардың ата-аналары қайда қарап отыр деген терең ойда қаласыз.

Іштей риза болатынымыз, кейбір аралас мектептерді басқаратын қазақ басшылар қолға алынған жобаға айрықша қолдау білдіріп: «Қиындықсыз ештеңе болмайды, бәрі де еңбекте, ана тілін білуге деген шынайы ниет пен талпыныста. Егер қажет болса, қосымша сабақ өткізуге де дайынбыз» деп жанашырлық танытты.

- Жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр мен құндылықтарымызды сіңіруге де айрықша назар аударатындықтарыңды байқатып қалдың. 

-Сайып келгенде, еліміздің алдына қойған мақсаты-ұл-қыздарымызды білімді де білікті азамат етіп қалыптастырумен бірге оларға ұлттық рухта тәлім-тәрбие беру емес пе? Жалпы, көптеген ғибратты да, құнды әдет-ғұрпымыздан айырылып қала жаздадық. Бізге бұрынғы аталарымыз бен әжелеріміздің баға жетпес мектебін қайта жандандыру керек секілді. Қазіргі жас келіндер «Бесік жыры», «Әже әлдиі» секілді мән-маңызы ерекше жайларды мүлде ұмытты. Аталардың ақ батасын алған азаматтардың жаман болғанын көрген де, естіген де емеспін.

-Жаңа бір сөзіңде болашақта «Аналар клубын» құрсақ деген ойыңды айтып қалдың. Соның мақсатын да тілге тиек етсең?  

-Қазақ «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді емес пе. Демек, қазақ әйелінің біздің өмірімізде алатын орны қашан да ерекше. Біз келешекте «Аналар клубын» дүниеге әкелетін болсақ, оның тигізер ықпалы мен маңызы ауыз толтырып айтарлықтай. Өйткені, осы клубтың мүшелері қалалар мен аудандардағы, кенттер мен елдімекендердегі балабақшаларды аралап, ұл-қыздарын тәрбиелеп жатқан жас аналармен бетпе-бет жүздесіп, оларға қаншама ғұмырлық тәлім боларлық әңгімелер айтар еді.

- Өзің «Атқа мін, Алаш ұрпағы» деген жобаны да қолға алмақ ниетте екендігіңді білдік. Осы жайлы да аз-кем тоқталып өтсең? 

-Бұл жобаны да жүзеге асырсақ деген ой мені көптен бері мазалап жүргені рас. Жоба жүзеге асырылса, болашақ ел қорғаны болатын жастар жүйрік тұлпарды мініп, ат әбзелдерінің сырын терең ұғынып, ат баптауды ғана үйреніп қоймайды. Сонымен қатар жігіттерді ептілікке, ширақтыққа баулитын көкпар тартуға, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ойындарымызға әбден қанықтырар еді. Бұл орайда жастарға өмірі үлгі-өнеге боларлық қайратты азаматтар арамызда баршылық. Соның бірі-әке жолын қуған, көкпардан республика чемпионы Бақдәулет Оразқожаұлы. Ол өңірдегі көкпар федерациясын басқарады. Осынау қандасымыздың кейінгілерге үйретері мен тағлымы мол.  Мұндағы көздегеніміз өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, олардың бойына батыр бабалардың елжандылық, өжеттік, тұлғалық қасиеттерін сіңіру.

-Ресейдің Қорған, Түмен және Челябі облыстарында қандастарымыз тұрады. Олармен қарым-қатынастарың жөнінде не айтар едің? 

- Біз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына қарайтын болғандықтан жоғарыда аталған облыстардағы бауырларымызбен тығыз байланысты жалғастырып, барыс-келісті нығайта түсеміз. Ондағы мәдени орталықтар және диаспоралармен бұрыннан қалыптасқан сыйластықты барынша жандандырамыз. Өңірдегі мәдениет басқармасындағы қызметкерлермен бірге іс сапарларға шығып, қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдерге көмек көрсетеміз. Олардың рухани жан-дүниелерін байытуға лайықты үлесімізді қосатынымыз даусыз. Қазақ қайда жүрсе де, қазаққа қажет.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен 

Оразалы ЖАҚСАНОВ
"Ана тілі" газеті

1505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз