Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 16 Тамыз, 2022

Ғылыми жинақтарды құрастыру – үлкен жауапкершілік!

Әр шаруа қажыр-қайратты талап етеді. Данышпан Абай атамыз «білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез...» депті. Әсіресе, гуманитарлық ғылымдар саласында еңбек етіп жүргендер  аз емес. Соның ішінде өмірін, білімін арнаған, ынтасымен кіріскен жандар жетерлік. Бүгінгі қазақ ғылымының деңгейі, қызметтің хал-ахуалы, ішкі сипаты көпке беймәлімдеу. Сондықтан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, фольклортанушы Нұржұма Елесбаймен сұхбаттасуды жөн көрген  болатынбыз.

– Қазір көп адамдар ғылым десе белгіленген бетке мақала жазып беру деп түсінеді. Ғылымның қара жұмысы, материал іздеу, саралап, сараптау қалай жүреді? Тарқатып айтсаңыз.

– Бұл дұрыс түсінік емес. Ғылым дегеніміздің өзі инемен құдық қазғандай ұзақ уақытты, мол тәжірибені, материалдық қорды, рухани тазалық пен сабырлықты қажет ететін дүние. Оның қиындығы мен машақатын білмеген адамға, әрине, оңай көрінер. Ғылым нақты дәлелдемелерді қажет етеді. Мәселен, бір ғылыми мақала жазу үшін не істеу керек? Ең бірінші, сіздің зерттегелі отырған тақырыбыңыз жайында бұрынғы зерттеушілер не айтты, қандай пікір білдірді, қандай ғылыми еңбектер жазылды? Міне, соны оқып, білу керек. Сосын барып сіз қайсы пікірді дұрыс, қайсысын бұрыс деп есептейсіз, оған қандай ғылыми дәлелдер келтіресіз, сосын барып өзіңіздің ғылыми тұжырымыңызды, айтпақшы болған ойыңызды түйіндейсіз. Бұл бір жағынан, өзге ғалымдарға деген құрмет болса, екінші жағынан, ғылыми этиканы сақтау деп түсінген жөн.

Ғылымның қара жұмысы дегенде, әрине, ғылымның түрі көп қой. Мен тек өз саламыз, анығын айтқанда әдебиет саласы, оның ішінде қолжазбатану, текстология (мәтінтану) жөнінен айтайын. Ұлтымыздың рухани қазынасы саналатын қолжазбалар елімізде санаулы ғана ғылыми мекемелерде сақталған. Соның ең қомақты қоры деп «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорын атауға болады. Бұл қолжазбалар XIX ғасырдың орта шенінен бастап, халық мұрасын қастер тұтқан жекелеген жинаушылар отбасылық мұрағаттарында сақталса, Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі уақыттарда еліміздің әр облыстарына кең көлемде ұйымдастырылған арнайы ғылыми экспедициялар негізінде қолжазбалардың мол қоры топтастырылды. Шындығында, қазақ әдебиетінің, әдебиет тарихының, әдебиет ғылымының дамуына, өркендеп-өсуіне қолжазба қорының маңызы айырықша болды.

Бүгінде кешегі Кеңес өкіметі кезінде саяси жүйенің ыңғайына бейімделген қазақ әдебиеті енді жаңаша көзқараспен, азат оймен қайта қаралуда. Осы барыста мемлекеттік ауқымды жобалар атқарылды. Мәселен, «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасы, 16 томдық «Дала фольклорының антологиясы» – соның бір дәлелі. Мұны айтудағы себебім, ғылымның қара жұмысы дедіңіз ғой, мәселен, іргелі зерттеу, ұжымдық монографиялардың тарау-ын жазу, ғылыми мақалалар әзірлеу сияқты жұмыстарды айтпағанда, осындай ғылыми жинақтарды құрастыру жұмыстары ауырдың ауыры деп айтуға болар. Көбі ойлайды, жинақ құрастыру тек кітаптан кітап құрастыру деп. Кітаптан кітап құрастыратындар бар шығар, алайда, ғылыми басылым, академиялық жинақ – мүлде басқа нәрсе.

– Қандай ғылыми еңбек немесе жинақты ерекше құлшыныспен орындадыңыз? Қайсысы жақын болды?

– Жұмысқа қабылданған 2009 жылдан бастап, осы «Бабалар сөзі» жинақтарын баспаға дайындау (62, 66, 69, 83, 88, 89, 96-томдар) істеріне белсене кірістім. Сондай-ақ, әр жылдарда институттың ғылыми жобаларына «Тәуелсіздік идеясын жырлайтын қазақ эпостарының қолжазба нұсқалары: сақтау, жүйелеу, жариялау мәселелері» (2009–2011 ж.ж.); «Қолжазба мұралар: жинау, сақтау, жүйелеу, зерттеу, жариялау мәселелері» (2012–2014 ж.ж.); «Қазақ текстологиясы: эпостық жырларды мерзімдеу (датировка) мәселелері» (2015–2017 ж.ж.); «Қолжазба мұраларды ұлттық, мәдени, әдеби құндылық ретінде сақтаудың өзекті мәселелері» (2015–2017); Ортағасырлық парсы деректеріндегі қазақ тарихы: Қожамқұли Бек Балхи «Қыпшақ тарихына» белсене қатысып, ұжымдық монографиялардың тарауларын жаздым. Сонымен бірге, қолжазба қорларын, фольклорлық экспедиция материалдарын зерттеу, жүйелеу және Дала фольклоры антологиясының 3-томы (тарихи жырлар) мен 7-томдарын (ертегілер) құрастыру, ғылыми түсініктерін жазу жұмыстарына қатыстым.

– ӘӨИ қолжазба қорында Кенесары ханға байланысты қандай дерек бар? Болса, бір оқиғаны баяндап берсеңіз. Мұны сұрағаным, «Хан Кене» атты деректі фильм-дер, роликтер ғаламторда көп, оған жас-тар жиі қызығады. Сондықтан шежіреден баяндасаңыз...

– Орталық ғылыми кітапхана мен институтымыздың қолжазба қорында бұрынғы өткен хан-сұлтандарға, би-шешендерге, батырларға қатысты аңыз-әңгімелер мол сақталған. Соның бірі – Кенесары-Наурызбай және оның маңайындағы батырлар туралы аңыздар. Кенесарының әкесі Қасым сұлтан, ал атасы атақты Абылай хан болған. Абылай 1742 жылы күзде қалмақ тұтқынынан босап шыққанда, Абылайға қалмақ ханы отаулап қыз берген деседі. Сол қыздан Қасым туған. Қасым туғанда қан шеңгелдеп туған деседі. Абылайдың 30 ұлының ішінде уыттысы, асып туғаны да, тасып туғаны да осы көкжал мінезді Қасым екен. Абылай қайтыс болған соң, хан тағынан үміткер Қасымды басқа ұлдары «хан емессің, қалмақсың» деп шеттеткен көрінеді. Сөйтіп, Абылай ханның үлкен ұлы Уәли әке тағына мұрагер болады. Ал бұл арада Қасымның бөліне көшкенін, кейіннен сарттардың қолынан қаза тапқанын айтсақ ұзақ әңгіме. Тіпті, Кенесарының ержетуін, әке кегін алуын, хан болуы, отаршылдыққа қарсы жорықтарын сөйлессек те таусыла қоймас. Сондықтан Хан Кенеге байланысты бір-екі ғана аңызды әңгімелейін:

Бірде Кенесары кешке жақын балуан күрестіріпті дейді. Сөйтсе, Қалқаман Әжібай батыр бәрін жыға берген көрінеді. Сонда Кененің інісі Наурызбайдың жасөспірім бала күні екен. «Менімен күрес» деп қайта-қайта тап-тап береді. Әжібай: «Жоқ, төре баласымен күреспеймін» деп, екі рет бетін қайтарса керек. Наурызбай үшінші рет «күресемін» деп ұмтылғанда, «шиаяқ бота сияқтанған төренің баласы, бері келші» деп алып ұрыпты. Наурызбай сұп-сұр боп орнынан тұрып кетіпті. Сонан былайғы жерде Әжібай Наурызбай бар жерде сақтанып жүретін болыпты.

Бірде Кенесары Ақмолаға аттанып, Қараөткелде орыс солдатымен соғысады. Сонда солдатты басқарып жүрген өз жақыны, дуанбасы Қоңырқұлжа төре болады. Кенесарының қолы солдатты бекініске қуып тыққанда, солдаттар «берілсек қайтеді, бұлар қоятын емес» депті. Сонда Қоңырқұлжа төре бір мергеніне өзінің «Жезауыз» деген мылтығын беріп, «Қол жақындап келгенде бірер адамын көздеп атып түсір, сонан соң Кененің қолы кейін шегінер» депті. Солдат ең алдымен таянып келген Басығара батырды атып жығады. Кенесары қолы Басығараның сүйегін ап, кері шегінеді. Солдаттар бірталай жерге қуып барады, осы кезде Кенесарының аты оққа ұшады. Сол кезде батырлар Кенесарыны өлген аттың үстінен көтеріп алып кетіп, ер-тоқымын да қалдырмай алып шығып, басқа атқа мінгізіп, солдаттардан құтқарады. Себебі, қандай кескілескен соғыста да Кенесары алған бетінен қайтпайды, ешқашан  жаудан атының басын бұрып шегініп қашпайды екен. Тек батырлардың бірі атының шылбырынан жетектеп, біреулері артынан қорғап алып шығады екен.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттсақан

Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *