Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Қыркүйек, 2022

Әдеби ортаны өзіміз жасауымыз керек

Алтынай Егемберді – ТикТок желісінде қазақша контенттің, сондай-ақ қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген жас әдебиетші. Ол әдебиеттегі шығармалардан үзінді келтіре отырып, кейіпкерлер тағдырын ерекше әсерлі жеткізе біледі. Қырық мыңнан астам оқырманы бар Алтынайдың аудиториясы күннен-күнге артып келеді. Оқырмандардың басым көпшілігі – жастар, яғни жастар арасында бұл контентке сұраныс бар деген сөз. Оқырман пікіріне көз жүгіртсем, Алтынайдың бейнежазбаларынан кейін кітап оқуға құмартқандар қатары көп екен. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін өте тиімді пайдалана білген Алтынаймен сұқбат құрғанды жөн санадым.

– Алтынай, өзіңді «Ұланның» оқырмандарына таныстырып өтсең…

– Мен 2002 жылы Түркістан облысының Жетісай қаласында дүниеге келдім. Қазір Түркістандағы ХҚТУ-дың 2-курсында оқимын. Мамандығым – қазақ филологиясы.

– Қазақ әдебиетіндегі қандай шығармаларды оқығанды ұнатасың? 

– Тарихпен байланысты шығармаларды оқығанды құп көремін. XX ғасыр ұлттық идеология үшін нағыз күрес жүргізілген уақыт болғандықтан, Кеңес үкіметі тұсындағы кезеңді қамтитын кітаптар ұнайды. Сол кездегі шиеленіскен мүдделерді зерттеу қызық.

– Қазақша романдар жастар арасында ерекше сұранысқа ие. Жастарды бұл көркем шығармалар қай жағынан баурап алады? 

– Тәуелсіздік алғаннан соң тілімізге көп көңіл бөлінді. Қазір әлемдік классиканы қазақша оқи аламыз. Мені бұл қуантады. Қай кезде болсын жастар арасында махаббат тақырыбындағы романдар өзекті. Қазақша романдар қазақы нақышымен ғана ұрпақты баурай алады. Қазіргі жазушылар барынша қазақтың әдеби көркем сөздерін қоса отырып, туындыларын жазар болса, оқитын оқырман қашанда табылады. 

– Оқығанда ерекше әсер сыйлаған, кейіпкерлерімен есте қалатын сүйікті кітабың қандай?

– Сұрақты сүйікті жазушы деп емес, сүйікті кітап деп қойғаныңыз қандай жақсы болды. Менің жақсы көретін кітабым – «Қызыл жебе». Бала Тұрардың келешектен күткен үмітімен, түркі Тұрардың дербестікке ұмтылған ұранымен, тұлға Тұрардың тамұқтағы ерте сөнген өмірзаясымен толығымен таныстым. Елінің нар тұлғасын мына жалғанға қайта тірілткен Шерхан Мұртаза атама мың алғыс айтамын.

– ТикТокта небір қызықты контент түсіруге болады. Әдебиеттегі шығармалардан үзінді келтіре отырып, желі қолданушыларын кітап оқуға ынталандыру идеясы қайдан келді?

– Әдебиет пен тарих тақырыбында контент жасайтын жалғыз мен емес. Маған дейінгі идеялас жандар болды. Сол кісілерден шабыт алып, мен де әлеуметтік желідегі жастарды кітап оқуға қызықтырайын деп шештім. Оның үстіне өзімнің таңдап отырған мамандығыммен байланысты болған соң, еш ойланбастан бастап кеттім. Қазір оқырман ұзақ романнан гөрі қысқа әңгімелер оқиды екен. Осы заман жазушыларына обал деп ойлаймын. Біз әдеби ортаны өзіміз жасауымыз керек. Әдебиет жоқ жерде мәдениет жайлы сөз де бола алмайды. Тіліміз де, ұлтымыздың рухани құндылықтары да әдебиетпен астасып жатыр.

Жалпы айтқанда, қазақ болып қалғымыз келсе, әдебиетті жерде қалдырмауымыз қажет. Жазушыларға да жағдай жасап, қолдау білдіру өте маңызды. Жастар кітап оқымайды дегенді аға буыннан көп естиміз. Бұның себебі, қазақша кітаптарды дұрыс насихаттай алмауымызда деп білемін. Жастарға кітапты күштеп оқыта алмаймыз. Олардың қызығушылығын тек заманауи тілде, әлеуметтік желілер арқылы аша аламыз.

– Бұндай креатив ойларды жүзеге асыру үшін көп кітап оқу керек. Бір кітапты шамамен қанша уақытта аяқтайсың?

– Кітап оқуда нақты қалыптасқан жүйем бар деп айта алмаймын. Кейде трилогияларды үш-ақ күнде оқып тастаған кездер болды. Кітап тілінің ауырлығына да байланысты. Бірақ кітап оқуға уақытым болмай қалған сәттерде ең болмағанда отыз бет оқуға тырысамын.

– Кітап оқысы келетін, бірақ қай кітаптан бастау керектігін білмей жүрген жандарға қандай кеңес бересің? 

– Қазақша кітаптар әлеміне енді аяқ басқандарға «Абай жолынан» бастаған дұрыс дер едім. Мұхтар Әуезовті оқыған оқырманның кітапқа деген талғамы қалыптасады. Шығармаларға сыни көзқараспен қарауды үйренеді. Мен үшін қазақ әдеби классикасының атасы – «Абай жолы». Бұл кітаптан соң оқырман кез келген туындыны оқи алады. 

– Сұқбат бергеніңе рақмет!

P.S. Алтынайдың бейнежазбаларын қарап, кітап оқуға шабытыңды ашқың келсе, ТикТок парақшасы – @sezimtal.qyz.

Айнұр АҢЛАМАСОВА, 
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №36
6 қыркүйек  2022 жыл

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз