Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қазан, 2022

Тамыры терең өнер...

Өнер – ерекше ұғым. Өнерді шынайы сезінетін, бағалайтын, ұғынатын адамдар саусақпен санарлық. Есіңізге түсіріңізші, соңғы рет қашан көрмеге бардыңыз? Көрме – өнердің бір бөлшегі, үлкен бір саласы. Ойыңызды жинақтай алмай, күнделікті күйбең тіршіліктен шаршап, психологиялық демалыс керек болса, көрмеге ойланбастан жол тартыңыз. Әрбір сурет, әрбір мүсін тілсіз сөйлеп тұрады, жаныңыз бен миыңызға ерекше тыныс, тыныштық сыйлайды. Бір суреттің өзі сіздің моральдық күйіңіздің өзгеруіне әсер етуі ғажап емес. Әрбір сурет, әрбір мүсін мән-мағынаға толы. Бір сәтке өзіңді ойла, өзіңді жақсы көр, өзіңді сезін, бар жұмысыңды жайына қалдырып, мұражайға жол тарт.

Алматы – көптеген ғажайып көрменің отаны секілді. Жақында Алматыда Көркемөнер академиясының 15 жылдығына арналған көрме өтті. Көрменің ашылуында қаншама қазақтың белгілі өнер саңлақтары, сән-сурет шеберлері, зергерлер, мүсіншілер мен сәулетшілер қонақ болды. Көрменің атмосферасы тым бөлек. Көптеген археологиялық қазба жұмысының жемісін көріп, тамашаладық.

Көркемөнер академиясының басты мақсаты – қазақ мәдениетін көркейту, ұлттық нақыштағы туындыларды насихаттау, таныту және де оны мемлекеттік және халықаралық деңгейде жандандыру. Бұл көрменің негізгі идеясын ұсынған – ҚР Көркемөнер академиясының негізін салушылардың бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті суретші Амандос Ақанаев. Оның туындылары әлемнің ең ірі мұражайларының коллекциясында сақтаулы. Атап айтар болсақ, әйгілі Третьяков галереясында, Мәскеу қаласындағы Шығыс мұражайында, Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Астанадағы Президенттің мәдениет орталығында, АҚШ-тағы Балтимор өнер мұражайының коллекциясында сақталған.

Көркемөнер академиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде көптің жанарын жаулаған туындының бірі – Үржар абызының мүсіні. Көптеген археологиялық қазба жұмысын жүргізу нәтижесінде табылған мүсінді қазақстандық танымал суретші, мүсіндерді қайта қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков жаңғыртып, ерекше өнер туындысына айналдырды. 

Сонымен қатар, көрерменнің қызығушылығын арттырған туындының бірі – қазақстандық мүсінші, кескіндеуші Ақан Оймауытовтың еңбегі. Мүсіншінің мұражай көрмесіне қойылған «Атамның портреті», «Кәрілік», «Сақ қызы» деген ағаштан жасалған көркем туындылары өнерсүйер қауымның назарынан тыс қалмады. Мүсінші Ақан Оймауытовтан ағаштан қалай мүсін жасауға болатынын, бұл туындыларының мәнін толығырақ сұрап білдік. 

Ақан Оймауытов, мүсінші, суретші:

– Өзім Жаркент өңірінен боламын. Графика факультетін бітіргенмін. Кейінгі он жылда ағаш мүсін жасаумен айналысып келемін. Бұл – менің Көркемөнер академияның 15 жылдығына арнап жасаған жұмысым, тартуым. Табиғи өсіп тұрған ағаштарға қарап түрлі бейнелерді іздеймін. Кез келген бейнені жасауға тырысам. Ең бастысы – қырағылық пен ізденіс. Кейде ағаштардың өзі бір дүниеге, затқа ұқсап, пішіні келісіп тұрады. Оны байқап қалу керек. Табиғаттың әрбір деталіне мән беріп, іздену керек. Сонда ғажайып бір дүниенің авторы болып шығуың ғажап емес.

Мүсінді жасап шығуға да көп уақыт кетеді. Ағашты өңдеу, ысқылау, пішінін келтіру оңай жұмыс емес. Ағаш өзінің түсін сақтау керек, жылтырап немесе түсін өзгертсе, дұрыс емес. Ағашты бастапқы қалпында сақтап, мүсін жасау да үлкен өнер! Егер бояп, әрлейтін болсақ, мүсін табиғилығын, әсемдігін жоғалтады. Ондай жағдайда адам мен табиғаттың арасында байланыс үзіліп қалады. Бір мүсінді жасаудың өзіне бірнеше ай уақытым кететін сәттер болады. Салғырт қарап, тез жасап шығуға болады, әрине. Бірақ ондай сәтте мүсіннің мәні, мағынасы болмайды. Адам бейнесін жасайтын болсақ, оның бетіндегі әрбір меңі, дағы, жылтыры көрінуге тиіс. Сол себепті мұқият жасауға ұзақ уақыт кетеді. Бүгінгі жұмыстарым үш түрлі адамның образын ашып тұр. Менің атам 100 жыл ғұмыр кешіп, бақытты кәрілікті бастан өткерді. «Атамның портреті» туындысын атамның құрметіне арнадым. «Кәрілік» туындысына келер болсақ, барлық адам қарттық кезеңді бастан өткереді. Кәрілік жетіп, арқасы бүкірейіп, бетіне әжім түсе бастайды. Міне, адамның сол бір шағын осы мүсін арқылы жеткізгім келді. «Сақ қызы» мүсіні ерте заманда түркі жұртының, отбасының ұйытқысы болған сақ қыздарының бейнесін көрсетеді. Көркемөнер тек қана суреттен ғана емес, түрлі мүсіндерден, кескіндерден тұратынын ұмытпауымыз керек.

Сондай-ақ, көрмеге Көркемөнер академиясының алғашқы президенті болған Амандос Ақанаевтың жұбайы Оразбекова Лаура Сәйкенқызының жұмыстары да қойылған. Лаура ханым 2017 жылы қайтыс болған. Дегенмен күні бүгінге дейін оның өнері мен еңбегі өшпегенін осы көрме дәлелдеді. Лаура Сәйкенқызы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық конгрестердің белгілі қатысушысы, КСРО Суретшілер одағының мүшесі болған. Оның өнер туындылары Лондон, Мәскеу, Париж, Тбилиси қалаларының мұражайларында әлі күнге дейін сақтаулы.  

Ағаш мүсіндер мен суреттерден бөлек ерекше көзге түскен өнер туындыларының бірі – гобелен. Гобелен туралы естуіңіз бар ма? Гобелен – түрлі жіптердің көмегімен тоқылған өрнек. Орта ғасырларда гобеленді тек қана жібекті пайдалана отырып тоқыған. Ал қазір синтетика жіптермен тоқиды. Бұл өнер түрін құрметтейтін жандар гобеленді үйіне интерьер ретінде қолданады. Көрмеде «Бақыт құсы», «Ғарышқа» деген секілді атаулармен көркем гобелендер ұсынылды. Көрме қонақтары арасында егде жастағы адамдармен қоса жасөспірімдер де болды. Балалар мен жасөспірімдердің өнерді түсініп, сезіне білгені неткен ғажап! Бос уақытымызды осындай өнер орталықтарында өткізуді әдетке айналдырайық! 

Айдана ШАЛҚАРОВА, 
«Ұланның» жас тілшісі.

880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз