Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Қараша, 2022

Медет Ермекқалиұлы: «Құрманғазы» оркестріне халықтың қошеметі өте жоғары

Ұлт тарихын сырлы шегіне күй қылып қондырған домбыра мен сонау Қорқыттың заманынан бірге келе жатқан қобыз бүгінде қазақтың абыройы мен рухын бірге көтеріп, асқақтатып жүргендей. Осы ретте талмай, тынбай еңбек етіп жүрген  қазақ өнерінің шаңырағы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі биылғы 89-концерттік маусымын бастады. Ал алдағы жылы оркестрдің  90 жылдық мерейтойы  өте кең көлемде тойланбақ. Бір ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасының үлкен тойға дайындығы қалай, басқа қандай жаңалықтары бар? Бұл туралы  оркестрдің директоры Медет Ермекқалиұлымен болған сұхбатта кеңінен әңгіме еттік.

– Медет Ермекқалиұлы, алдымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің биылғы 89-концерттік маусымының ашылуымен құттықтаймыз. Құрманғазы оркестрінде үлкен жаңалықтар болғалы жатыр екен. Оның бірі – алдағы жылғы 90 жылдық мерейтойларыңыздың келуі. Дайындық басталып кеткен шығар...
– Иә, оркестрдің 90 жылдық мерейтойы қазақ өнеріне ортақ той. Себебі Құрманғазы оркестрі қазақтың музыка мәдениетіндегі алғашқы оркестр. Мерейтойға дайындық қазірден басталып кетті. Алға қойылған жоспардың барлығы тікелей Мәдениет және спорт министрлігімен бекітіледі. Жалпы ата оркестрдің 90 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлағымыз келеді. Яғни Ұлы Дала өркениетінің үздік жауһарларын әлемдік аренада кеңінен көрсетіп, ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеуді көздеп отырмыз. Есіңізде болса, Қазақстан 2011 жылы ЮНЕСКО-ның рухани мәдени мұраларды қорғау конвенциясына қосылды. Осы кезеңнен бері Қазақстанның 10 рухани мұрасы жалпыадамзаттық құндылық ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.  Оның бірі – «Қазақтың дәстүрлі күй өнері». Сондықтан ұлттық оркестр, ұлттық брендіміздің ғасыр тойы әлемдік аренада насихатталса, еліміз үшін бұл да бір мәртебе. Оркестрдің бұған дейінгі жеткен жетістіктері өте көп. Әлемнің тоқсаннан астам мемлекетін аралап, күй өнерін, классика жауһарларын орындаған бірегей ұжым. Қазіргі құрам осы тоқсан жыл ішінде жасап жатқан алтыншы құрам және осыған дейін 11 бас дирижер қызмет етті. Бүгінде оркестр тізгіні Тәуелсіздіктің төл құр­дасы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығының лауреаты – Абылай Тілепбергенде. 
Құрманғазы оркестрін 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов филар­мо­нияның ішінен 11 адамнан тұратын шағын құраммен бастаған. Осы алғашқы құрамның өзінің қазір 120 жылдығы тойланып жатыр. Атап айтқанда домбырашы, Қазақ КСР-інің халық артисі, ұзақ жылдар оркестр домбырашыларының концертмейстері болған – Қали Жантілеуов. Одан кейін ұжымды 42 жыл басқарған, қазақтан шыққан кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиев. Ол кісінің туғанына биыл 95 жыл. Алғашқы 11 адамнан құралған құрамда қызмет еткен қылқобызшы Жаппас Қаламбаевтың қызы Құндыз Қаламбаеваның қазір бізде еңбек еткеніне 40 жылдан астам уақыт болды. 
– Сіздерді Қазақстандағы нөмірі бірінші оркестр десек артық айтпағандық болар. Музыканттарды қалай қабыл­дай­сыздар? Қойылар талап та жоғары шығар...
– Ең біріншіден кәсіби білімі бар – музыкант болу керек. Қазақстандағы ең жоғары музыкалық білім беретін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі болуы шарт. Одан соң жеткен жетістіктері: бірнеше конкурстарға қатысқан дипломат, лауреат болғаны дұрыс. Бұл тек директордың шешімімен жүзеге аспайды. Ол жерде үлкен көркемдік кеңес болады, талапкердің ноталарды бірден оқып, айна-қатесіз тануы, күйді қалай орындауы ескеріліп міндетті түрде сынақ мерзімімен алынады. Біз бір орынға конкурс жариялаған кезде бірден 6-7 домбырашы таласқа түседі, қобызшылар да солай. 
– Оркестрде домбыра мен қобыздан өзге қандай аспаптар ойналады?
– Қазір оркестрде 16 түрлі аспап қолданып жүрміз. Оның ішінде домбыра, прима қобыз, шертер, баян, бас домбыра, флейта, контрабас, альтқобыз, қылқобыз, ұрмалы аспаптар т.б. бар. Болашақта бұл қатарға нарқобызды қосып көрсек деген ой  бар. 
– Алдағы мерейтойға басқа қандай ірі шаралар ұйымдастырылуда? 
– Ең бастыларының бірі – сол ЮНЕСКО көлемінде тойлау. Одан соң Қазақстан көлемінде турне жасап, ел ішін гастрольдік сапармен аралау. Және өздеріңіз білетін әлемге танымал, қазақтан шыққан, Лондондағы корольдік филармониясы оркестрінің бірінші үздік скрипкашысы болған Марат Бисенғалиевпен бірге үлкен арнайы жоба болады. Ол ерекше жоба «Оркестр түні» деп аталады. Елімізде осыған ұқсас «Музей түні» сияқты жобалар бар. Ал «Оркестр түні» жобасы Құрманғазы оркестрінің ұйымдастыруымен алғаш рет өтеді. Міне, осы жобаға арнайы Марат Бисенғалиев шақырылып отыр. Ол кісі былтырғы жылы оркестрдің 88-маусымының ашылуына да келді. Сол оркестр түнінде әлемдік композитор Карл Дженкинстің «Полладио» шығармасы орындалады. К.Дженкинс қазір Абайдың әндеріне, симфонияға арнап жазып жүр. Ал арнайы қазақ оркестріне арнап жазған шығармасы жоқ. Бірақ сол симфониясын алып біз қазір оркестрге өңдеп, ойнап жүрміз. Жалпы айтқым келгені, біз М.Бейсенғалиевпен Қазақстан бойынша турне өткізуді жоспарлаудамыз. Концерт бағдарламасы екі бөлімнен тұрады деп ойлап отырмыз. Біріншіс бөлімде К.Дженкинстің қазақ әндеріне жазған шығармалары қамтылса, екінші бөлімде өзіміздің арынды да рухты күй­леріміз орындалады. Жалпы күйден де басқа саунтрек концерттер беріп жүрміз. Оркестрдің басты құндылығы – күй­ден ауытқымай, сол күйлерді жаңа өңдеуде, жаңа форматта халыққа жеткізу.
– Құрманғазы оркестрінің қоржы­нын­да шамамен неше күй бар? Репертуар­ларыңызды қаншалықты жаңар­тып отырасыздар? 
– Құрманғазы оркестрінің кітап­ханасында 4000-дай шығарма бар. Жыл сайын репертуар қорына жаңа шығармалар қосылып тұрады. 
– Ал мерейтойдан тыс, ел бойынша гастроль­дік сапарларды жиі ұйымдас­тырасыздар ма? 
– Біз әдеткі уақыттарда Қазақ­стан­ның ішіндегі ірі қалалар мен моно қалаларға жылына екі рет гастрольдік сапар жоспарлаймыз. Шет мемлекетке де концерттер белгіленеді. Сонымен қатар мемлекеттік дейгейдегі арнайы концерттер де бар. «Құрманғазы» оркестріне халықтың қошеметі бөлек. «Сапарлатып барған жерлерімізде адамдар концертке келмей қалады, зал толмай қалады» деген ешбір қорқыныш болмайды. Барлығы өте жақсы қабылдайды. Біздің гастрольдік сапарларымыз тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асады. Ал осы 2022 жылғы гастрольдік сапар Шығыс Қазақстан облысында «Алатаудан – өр Алтайға» деген атаумен өтті. Одан соң Қызылорда облысында болдық. Онда «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Роза Бағланованың 100 жылды­ғына арналған концерт болды. Жалпы 1 жылда 100 концерт ұйымдас­ты­ры­лады. Оның ішінде гастрольдік сапарлар, мерейтойлық іс-шаралар, қайырымдылық концерттері, жаңа жобалар бар.
– Шетелдіктердің «Құрманғазы» оркестріне көзқарастары қандай? 
 – Біз шетелдіктерді, әсіресе ұлттық аспаптарымыз – домбырамен, қобызбен таңғалдырамыз. Шет мемлекеттер тарапынан шақыртулар болып тұрады. Өкінішке қарай, 2019 жылдан бері оркестр пандемияға байланысты шетелге шықпады. Сол кезде Италияға бару керек еді, бірақ жағдайға байланысты кейінге шегерілді. Жалпы алдағы 2025 жылға дейінгі жоспарда бірнеше шет мемлекет бар. Алдағы жазда Франция, Италия, Лондон болса, 2024 Малайзияға бару көзделіп отыр. 
 – «Құрманғазы» оркестрін әлемге танытқан дирижер Шамғон Қажығалиев қой... 
– Шамғон Қажығалиев – тұңғыш кәсіби дирижер. 1953 жылы Құрманғазы оркестрі сол кісінің жетекшілік етуімен Румянияның Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде алтын медаль алды. Дирижерлік мамандықты Мәскеуде оқыған, елге келгеннен кейін Ахмет Жұбанов оркестрді сол кісіге тапсырады. Ш.Қажығалиевтің ұлттық ұжымды басқарған 42 жылындағы еңбегі айтарлықтай зор. Оркестрде ойналатын аспаптар мен орындаушылардың ретімен отырғызылуына дейін қалыптастырып кетті. Ш.Қажығалиевтің құрметіне орай осыған дейін ел көлемінде, туған жерінде екі рет дирижерлар конкурсы болып өтті. Желтоқсан айында Құрманғазы оркестрі дирижердің Алматыда тұрған үйіне және оның ұлы, профессор, пианист, композитор Тілес Қажығалиевтің тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатады. Қазір оркестрде Шамғон Қажығалиевтің көзі, ұлы, консерваторияны бітірген маман, пианист, дирижер – Нарын Қажығалиев және жұбайы қобызшы Жаңылсын Қажығалиева жасайды. Сол кісінің жеке кешін өткіземіз. Сол кеште Ш.Қажығалиевтің оркестрге арнап жазған, өңдеген шығармалары толық орындалады. 
– «Құрманғазы» оркестрінде белсенді жастар мен дарындылар көп шығар...
– Пандемия уақытында оркестр офлайн жұмысқа шықпай, қашықтан жұмыс істеді. Сол кезде біздің ұжым топ-тобымен болсын, жекелей болсын тоқтамастан 40-қа жуық онлайн концерт берді. Біздің әрбір артист қай конкурсқа қатысса да лауреат болатынына сенемін. Оған музыканттарымыздың кәсіби біліктілігі жетеді. Оны мақтанышпен айта аламыз. Соның ішінде алда жүр­ген, пандемияның кезінде өткен шетелдік онлайн конкурстарда топ жарған солистіміз Әсел Рақым­жанды атап өткім келеді. Ол бірнеше рес­пуб­ликалық және халықаралық кон­курстардың лауреаты атанды. Сонымен бірге оркестріміздің бас кон­церт­мейестері орта буын Батыржан Мық­тыбаев, бас дирижері Абылай Тілепбергенді мақтанышпен айта аламыз. 
– Жақын күндері шертпе күйден конкурс өткізгелі жатыр екенсіздер. Сайыс­ неше кезеңнен тұрады, қанша адам қатысады деп күтілуде?
– Республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі Құр­манғазы оркестрінің базасында алғаш рет өткелі отыр. Конкурс Мә­дениет және спорт министрлігінің қол­дауымен, Құрманғазы оркестрінің ұйымдастыруымен өтеді. 
Қазақ халқының есте жоқ ескі замандардан тамыр тартқан, ең асыл, ең аяулы мұрасының бірі – күй. Қазақпен тағдырлас, тамырлас өрбіп, бүгінге жеткен күй өнерінің қос қанаты – төкпе күй мен шертпе күй. Қазақтың лирикалық күй үрдісі Тәттімбет күйлерінен бастау алады. Арқа күйшілік мектебіне өзіндік үн, айрықша бояуымен өрнек салған дарынды күйшілер легі  Айдос, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Аққыз, Әшімтай, Дайрабай болса, Қаратау күйшілігінің басында тұрған ірі тұлға – қазақтың аспаптық өнерінде өшпес із қалдырған күйші Сүгір атамыз. Қаратау дәстүрінің енді бір айтулы өкілі – дәулескер күйші Төлеген Момбеков. Шертпе күйдің тағы бір мектебі – Жетісу дәстүрі. Аты аңызға айналған Байжігіт күйші ең ірі өкілі болып саналатын Шығыс Қазақстан күйшілік мектебімен өзектес болып келеді.
«Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі аясында 16-35 жас аралығындағы домбырашылар арасында конкурс өтеді. Мақсаты –байырғы музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілікке кеңінен танымал ету, дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандырып, құрмет көрсету. ­Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, дарынды музыканттарды анықтап, олардың кәсіби шеберлігін арттыру. Конкурсты Төлеген Момбековтың шығармашылығына арнап отырмыз. Т.Момбеков бүгінгі күнде шертпе күйдің насихаттаушысы. Сайыста ол кісінің атындағы арнайы диплом мен сыйлығы табыс етіледі. Бұл өнер жарысына 60 адам қатысады деп жоспарлануда және екі кезеңнен тұрады. Қазіргі дейін 40-қа жуық өтінім келді.  Қазақстанның түкпір-түкпірінен шертпе күй сайысына қатысатын дарынды жастар шығып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Жеңімпаздар фестивальдің гала-концертінде өнер көрсетеді. Қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуді мұрат тұтатын бұл шара еліміздің мәдени өміріндегі айшықты оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Жүлде қоры – 1 миллион теңге. Төл өнерімізге мемлекет жоғары деңгейде қолдау көрсетуде. Ал мұндай қолдау бар жерде ұлттық өнеріміз әрқашан өз биігінен түспейді деген сенімдемін. 
– Сайысқа кімдер қазылық етеді?
–Қазылар алқасының құрамы дәстүрлі өнер саласындағы қайраткер­лерден құралған. Атап айтқанда Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жанғали Жүзбай, Біләл Ысқақ, Саян Ақмолда, Батыржан Мықтыбаев, Мұрат Әбуғазы.
– Көпшілік арасында бірі білсе, бірі біле бермеуі мүмкін, шертпе күйдің өз ерекшелігіне тоқталып өтіңізші...
– Күй негізінен төкпе күй және шертпе күй деп екіге бөлінеді ғой. Төкпе күйде «Адай», «Балбырауын», «Сарырақа»  сияқты жылдам қарқындағы, рухты, арынды, жалынды күй болса, шертпе күй нәзік, ойға ой қосатын, тыңдап отыра бергің келетіндей сыршыл күйлер. 
– Конкурс жалғасын табатын шығар...
– Иә, шертпе күйден конкурс мұ­нымен тоқтап қалмақ емес. Жыл сайын болады деп айта алмаймын, бәрі уақыт еншісінде.
– Халық төл өнерді жақсы көреді, сағынып отырады. Әдеткі уақыттарда жиі концерт ұйымдастырасыздар ма?
– Жалпы Құрманғазы оркестрі­нің жылдық жоспары 100 концерт екенін айттық. Оның ішінде гастрольдік сапарлар мен оркестрдің ғимаратында өтетін концерттер бар. Оркестрдің арнайы іздеп келе­тін шынайы көрермені бар. Оның ішінде жасөспірім баладан егде тартқан қарт кісілер де бар. Әрине, ұлттық өнердің осындай іздеушілері бар күй өнері мәңгі жасайтыны сөзсіз. Кейде әлеуметтік желілерге өтініш жолдап, хабарласып тұратын көрерменіміз де бар. Олар облысымыздың әр түкпірінде. Осындай көрерменімізді көріп, Құрманғазы оркестрінің әрбір концерті мәдени мұраларымызды сақтап, халықты мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге, өткенді зерделеуге, жастардың бойында тарихи сана қалыптастыруға негіз болғанын көреміз.
– Жиі концерт беретін болғандықтан да костюмдеріңізді жиі жаңалау керек болатын шығар? Оркестрге керекті аспаптар молынан жете ме? 
– Бізде ең бірінші мәселе тудыратын осы костюм мен аспаптар. Көнеден келе жатқан аспаптарымыз бар. Оркестрге костюмдер соңғы рет 2017 жылғы ЭКСПО-да жаңаланып, тігілді. Одан кейін шындығын айту керек, костюм тігілмеді. Бұдан біздің басшыларымыз да, министрлік те хабардар. Алдағы уақытта демеушілердің көмегімен бұл мәселелер өз шешімін табады. Біз оркестрге 20 домбыраға ұсыныс бердік. Ал осыдан бұрын соңғы рет 2006 жылы 20 домбыра жаңаланған. Енді міне, 16 жылдан кейін жаңа домбыралар алуға мүмкіндік туып отыр. 
– Құрманғазы оркестрінің бір домбыра­сының құны қанша?
– «Құрманғазы» оркестріне жасалатын бір домбыраның құны 600 мыңнан кем емес. Елімізде домбыра жасайтын шеберлер өте көп, бірақ сапасы мен ағашы сапалы болуы керек.. Бізге жасалатын домбыралардың барлық ағашы шетелден келеді. Негізінен полисандра, бұйра үйеңкі, қызыл ағаштан жасалады. Біздің домбыраны жасап жатқан, Қазақстандағы бірден бір домбыра жасаудың шебері Жолаушы Тұрдығұлов. Сол кісі біздің 20 домбыраны жасайды. Ол домбыраларды алдағы шертпе күй конкурсы аясында табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз. 
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға көңіліңіз тола ма?
– Жалпы оркестрдің өзі Алматыда болғанымен, тікелей Мәдениет және спорт министрлігіне бағынады. Оркестрдің жеке ғимараты, жеке концерт залы бар. Бұл зал Алматы қаласы бойынша акустикасы ең жақсы концерт залы. Министрлік алдағы уақытта ғимаратымызға үлкен күрделі жөндеу жасап береміз деп уәде етіп отыр. Мұның барлығы төл өнерімізге көрсетілген қолдау. Бірден-бір айта кететін жағдай, 2020 жылы 20-желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен оркестр «Ұлттық» мәр­тебесін алды. Енді сол абыройлы мәр­тебеге сай ұжым мақсатты түрде қызмет етіп жатыр. Және де сол ұлттық мәр­тебеге сай біздің еңбекақымыз да 1,75 коэффициентке өсті. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы деген сөз. 
– Сонда қазір сіздерде жалақы деңгейі қандай?
– Біздің оркестрге жаңадан келген, жалақы алатын жас буын өкілдері  220 мыңнан кем алмайды. Ал тәжірибелі дегендерінің алды 450-500 мыңдай алады. Жаңадан келген жастарымызды «тәжірибемен, уақыты келгенде сіздер де сондай жалақы аласыздар, сіздер де осы атаққа келесіздер» деп жігерлендіріп отырамыз. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Э.ӘЗІРЖАНОВА

565 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Joellen Massey

21 Қараша, 2022

Hi, This AI content writer is less than $90 one time payment for lifetime usage. You can write engaging articles, product descriptions, social media posts, emails, company bio, stories, ads, and 57 other content categories in minutes. It is trained by Jasper AI data and 100M articles and scientific journals and uses the same tech (GPT3): https://appsumo.8odi.net/Ao4BDo