Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Наурыз, 2023

Мектепте қазақ тілін үйрету жүйесі дұрыс емес

2009 жылғы мәлімет бойынша, қазақстандықтардың 62%-ы қазақ тілін білетіні көрсетілген. Ал 2017 жылғы көрсеткішке сүйенсек, халықтың 83%-ы қазақ тілінде сөйлейді екен. Әртүрлі болжам бойынша, 2023 жылы қазақ тілін білетіндердің, үйренгісі келетіндердің саны артады деген мәлімет бар. Қазір қазақ тілін үйрететін тегін орталықтар да ашылып жатыр. Сондай орталықтың бірі – «Сөйле» клубы. «Сөйле» клубының оқытушысы Алина Кан бізге қазақ тілін үйренушілер мен тіл білудің мүмкіндіктері туралы айтып берді.

– Ең алдымен, өзіңіздің қазақ тілін қалай меңгергеніңізді айтып берсеңіз. 

– Қазақ тілін кішкентай кезімнен бері білемін. Нұршат, Абай деген көршілерім болатын. Үшеуіміз құрдаспыз. Қазақша сөйлеуді осы екі досымнан үйрендім. Олармен бірге ойнағанда ештеңе түсінбейтінмін, бірақ олар не айтса, соны қайталап жүретінмін. Мектепке барам дегенше қазақша сөздік қорым қалыптасты. Мектепке барғаннан кейін қазақ тілінің грамматикасын меңгеріп, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатыстым. Мектепті бітірген соң Қазақ көлік және коммуникациялар ака-демиясына оқуға түстім. Оқу орнында толық қазақ тілінде, қазақ тобында оқыдым. 

– Өзіңіз жұмыс істейтін «Сөйле» қазақ тілін үйрету клубы жайлы айтсаңыз...

– Елімізде «Менің тілім» деген арнайы қозғалыс бар. Бұл қозғалыс «Сөйле» деген жобаны ойлап тапты. Мен осы клубта қазақша үйренгісі келген адамдарға қазақ тілін тегін үйретемін. 

– Дәл қазір қанша адамға қазақ тілін үйретіп жүрсіз? 

– «Сөйле» клубына қатысушылардың ең көбі 85 болды. Қазір 50 адамға қазақ тілін үйретіп жүрмін. 

– Клубқа келушілердің ұлты, жас ерекшелігі қандай?  

– Клуб қатысушыларының жартысы қазақтар, қалған жартысы басқа ұлт өкілдері. Әсіресе, корей, орыс, дүнген ұлты жиі келеді. Одан бөлек, Ресейден көшіп келген орыстар да қазір біздің орталықта қазақ тілін үйреніп жүр. Жас ерекшелігіне келер болсам, 12 жастан 85 жасқа дейін. Көп ата-ана бала-сын «қазақша үйренсін» деп әке-леді, жасы келген әжелерді де кездестіруге болады. 

– Отбасыңызда сіз сияқты қазақша еркін сөйлейтін адамдар бар ма? 

– Менің отбасымда тек мен ғана қазақша білемін. Үйде менен басқасы орысша сөйлейді. 

– Бұрын қазақ тіліне айтарлықтай көп сұраныс болған жоқ. Ал қазір қазақ тілін үйренушілердің саны көбейді. Неліктен деп ойлайсыз? 

– Иә, бұрын қазақ тіліне сұраныс көп болмады. Қазір қазақ тілін үйренуге талпынатындар саны артты. Себебі, қазір көп жерде жұмысқа орналасу үшін қазақ тілін білу міндетті. Жұмысқа алмас бұрын қазақ тілі деңгейін міндетті түрде сұрайды. Сол себепті адамдар қазақ тілін үйренуді қолға алды. Екіншіден, қазір халық өте еркін әрі белсенді. «Қазақ тілі – біздің ана тіліміз, оны бәрі білуге міндетті, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек» деген секілді патриоттық ой да қалыптасты. Талап күшейді. Сондықтан оның нәтижесін де көріп жатырмыз. Клубқа келген әрбір адамнан «Қазақ тілін не үшін үйренгіңіз келеді?» деп сұраймын. Кейбірі жұмыс үшін десе, кейбірі адамдармен еркін сөйлесу үшін дейді, кейбірі «Қазақстанда тұрып жатқандықтан білуге міндеттімін» деп жауап береді. 

– Қазақ тілін үйрене алмай, клубтан кетіп қалған адамдар болды ма? 

– «Сөйле» клубының құрыл-ғанына небәрі екі ай болды. Бірақ нәтижесі қуантады. Клуб ашылғанда тіркелген кісілер әлі күнге дейін бізден сабақ алып жүр. Әзірге үйрене алмай кетіп қалған адам кездеспеді. Қазақ тілін тез үйреніп кету адамның өзіне байланысты. Біздің сабақтардан кейін басқа адамдармен сөйлесіп, тәжірибе жүзінде қолданса, тез үйреніп кетеді. 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

– Мақсатым – қазақ тілінің дамуына үлес қосу, жаңа бағдарлама ойлап табу, мектептегі бағдарламаны ауыстыру. Біздің мектептерде қазақ тілін үйрету жүйесі дұрыс қалыптаспаған деп ойлаймын. Барлығы мектепте қазақ тілі сабағын оқиды, бірақ ешкім 100% сөйлеп шықпайды. Неге? Өйткені, үйрету әдісі, бағдарламасы дұрыс емес. Сол бағдарламаның жүйесін құрастырып, жүзеге асырғым келеді. Қазір Еуропаға елік-тейтіндер көп. Сол секілді біздің Қазақстанның тіліне, дәстүріне, мәдениетіне өзгелер ұқсауға тырысса екен деп тілеймін. 

– Қазақ тілін толық білу адамдарға қандай мүмкіндік береді?

– Қазақ тілін білу – үлкен мүмкіндік. Дүкенге барсаңыз да, спортпен шұғылдансаңыз да, сізге қазақ тілі қажет. Қазақ тілін білу Отаныңды құрметтеуді, өзіңді құрметтеуді білдіреді. Көп ақпарат жинауға, жаңа достар табуға, жақсы жұмыс табуға қазақ тілі көмектесетініне сенімдімін.

Айдана ШАЛҚАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ҚазҰУ-дың 
4-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №9
28 ақпан 2023 жыл

1430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз