Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Ақпан, 2024

Бакалавр, магистратура, докторантураның бір-бірінен айырмашылығы...

Алыс-жақын шетелде оқып, ол жақта «Қазақ елінің баласы» деген атты абыройлы алып жүрген жастардың қатары мол. Солардың қатарында Әли Нәби Ғаббасұлы да бар. Университет қабырғасында жүріп-ақ ғылыми зерттеумен айналысып, қазақ даласында шыққан алғашқы газеттер туралы диплом жұмысын қорғаған Әлидің жасаған еңбегі көп жасқа үлгі. Ізденімпаз, аспирантурада оқып жүрген жерлесімнен сұқбат алып, оның әңгімесін «ұландық» достарыма жеткізуді жөн крдім.

– Магистратураны Башқұртстанның Уфа қаласында бітіріпсіз. Аспирантураны Татарстанның Қазан қаласында жалғастырып жатырсыз. Ол жақтағы оқудың ерекшелігі қандай?

– Шет елде қазір көптеген отандасымыз білім алып жатыр. Неге өз елімізде білім алмайды, Қазақстанда білім сапасы төмен бе дегендей сұрақтар болуы мүмкін. Қазақстанның білім сапасы артық болмаса, кем емес. Ал шетте білім алудың әртүрлі себебі бар. Башқұрт та, татар да – қазақпен туыстас ұлт. Тіліміз бен тарихымыз, діліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен өнеріміз де ортақ болған. Уфа мен Қазан қалаларында қазақ халқының көптеген зиялы азаматы білім алған. Уфа қаласында М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогика университетінде лингвомәдениеттану мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. Университетте білім беру бағдарламалары жолға қойылған, көп жылдық тәжірибесі бар білім жүйесімен жұмыс істейді. Жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы қалыптасқан. Магистратурада оқып жүргенде Қазан федералды университетіне халықаралық ғылыми конференцияға барып, тарихи университеттің базасын көріп, магистратура бітіргесін аспирантураға түсу арманым болды. Магистратураны аяқтағаннан кейін Орал қаласында Батыс Қазақстан инновациялықтехнологиялық университетінде үш жыл жұмыс істедім. 2021 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне жұмысқа орналастым. Университет ректоры Н.Серғалиевтің бастамасымен кадр тапшылығының алдын алу мақсатында жас мамандарды Қазақстанның үлкен қалалары мен Ресейге докторантураға білім алуға жіберіп жатты. Мен де университет атынан Қазан федералды университетіне аспирантурада оқуға мүмкіндік алдым.

Қазан федералды университеті – Ресейдегі алдыңғы қатарлы 10 федералды университеттің бірі. 1804 жылы негізі қаланған тарихы мол білім ордасы. Федералды университет дегеніміз – құрамына бірнеше университет, институт, академия кіретін, оқу процесі, ғылымизерттеу және технологиялық дамуы жоғары деңгейдегі оқу орны. Университет құрамында педагогика, гуманитарлық сала, геология, экономика, медицина, т.б. салалардан тұратын 16 институт және басқа қалаларда орналасқан, Өзбекстан астанасы Ташкентте орналасқан филиалдары бар.

45 мыңға жуық білім алушы, 3500-ден астам профессороқытушы бар. Университеттің 220 жылдық ғылыми әлеуеті мен маман даярлауда мол тәжірбиесі бар. Математик Н.И.Лобачевский, лингвист И.А.Бодуэн де Куртене, астроном И.М.Симонов қызмет етіп, орыс жазушылары, саяси тұлғалар Л.Н.Толстой, В.И.Ленин, С.Т.Аксаков, татар ақыны Ғ.Тоқай, қазақтың зиялы-дәрігерлері М.Қарабаев, М.Шомбалов, Ә.Алдияров, құқық магистрлері Ә.А.Қуатов, Ж.Сейдалин, тағы басқалар білім алған. Жәңгір хан Қазан университетінің құрметті профессоры атанған. Қазан университеті негізінде Бөкей ордада қазақ балаларына арнап мектеп ашқан. Қазір университеттің студенттерге жайлы, жаңа жатақханалар орналасқан қалашығы бар. Оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған.

– Магистратура мен аспирантураның айырмашылығы қандай? Докторлық қорғаған соң елге келіп қызмет істейсіз бе?

– Магистратура мен докторантура – академиялық деңгей, жоғары білімнен кейінгі білім алу кезеңі. Университетте 4 жыл оқыған соң бакалавр дәрежесін алып шығасыздар. Бұл негізгі кезеңде базалық білім болып есептеледі. Одан кейінгі кезең – магистратура. Магистратурада белгілі білім саласы бойынша теориялық білімін тереңдетіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айна-лысып, аналитика, зерттеу бағытта білім беріледі. Оқу кезеңі – 2 жыл. Ғылыми зерттеу жұмысы бойынша магистрлік диссертация жазып қорғау арқылы ғылым магистрі атағын аласыз. Докторантура – магистратурадан кейінгі академиялық деңгей. Белгілі білім бағдарламасы бойынша ғылыми, педагогикалық немесе кәсіптік қызмет үшін кадрларды даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Докторантураны тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орындарында, инситуттар мен ғылыми зерттеу орталықтарында жұмыс істеуге болады. Докторантурада жоғары оқу орнында білім беруге арналған сабақтар болады. Негізінен ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми конференцияларға қатысып, монография, диссертация, кітап шығару бағытында еңбектенеді. Ғылым докторы – белгілі білім бағдарламасының бір шыңын бағындырған маман.

Мен Ресейде аспирантурада оқып жүрмін. Аспирантура кеңестік білім жүйесінде докторантураға даярлық болып есептелгенімен, қазір докторантурамен бір деңгей болып есептеледі. Кандидаттық зерттеу жұмысымды сәтті қорғаған соң міндетті түрде елге келіп, М.Өтемісов атындағы БҚУ-де жұмыс істеймін.

ТУЫСҚАН ТАТАРЛАР ҚАНДАЙ ХАЛЫҚ?

– Шеттен барған адам бәріне салыстырып қарайтыны белгілі. Татарстанның мәдениеті, экономикалық дамуы, ондағы туризмнің қанат жаюы қай деңгейде?

– Татарстан – Ресей Федерациясының құрамындағы автономиялық республиканың бірі. Халқының саны – 3-4 миллион. Татарстанның негізгі халқы – татар ұлты. Татар тілі қазақ тілімен туыстас қыпшақ бөлімінен тараған. 70-80% ұқсастық бар. Мәдениеті жоғары, экономикасы тұрақты ел. Қазан қаласы Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербургтен кейінгі бейресми үшінші астанасы. Олай деуіміздің себебі, Қазан қаласында халықаралық дәрежедегі мәдени-спорттық сауықтыру шаралары өткен. Атап айтар болсақ, 2013 жылы 27-ші Бүкіләлемдік жазғы универсиада, 2018 жылы футболдан әлем чемпионаты, WorldSkills 2019, басқа да көптеген форум, саммиттер өткен.

Татарстанда туризм өте жақсы дамыған. Қазан қаласынан басқа аймақтарына шығып көрген жоқпын. Қазан қаласының өзі архитектуралық ескерткіштерге бай. Мұнда ақ таспен өрілген Кремль және қаланың басты мешіті – «Құл-Шариф» бар. Оның ішкі безендірілуі таңғалдырады. Түрлі-түсті оюланған ескі татар үйлері және фермерлердің барокко сарайы назар аудартады. Ертегі сарайларына ұқсас «Эмият» қуыршақ театры және «Шамиль үйі», «Татар Пушкині» атанған Ғабдолла Тоқай мұражайы қызық.

Жаяу серуендеуге арналған танымал орынның бірі – туристер көп білетін Бауман көшесі. Қабан көлі жағалауындағы мыңжылдық саябағы. Демалыс саябақтары, театрлар, спорт кешендері, мұражайлар, сауықтыру орындары, аквапарк, басқа да мәдени орындар жетерлік. Қала өте таза, қала мәдениеті қалыптасқан. Тазалықтан тұрғындар мәдениетін байқауға болады.

Татар ұлттық асханасын да сақтап қалған. Қаланың әр бұрышынан ұлттық асхананы таба аласыз. Ұлттық тағамдары – чак-чак, эчпочмак, элеш, кыстыбый, шурпа. Өте дәмді. «Кыстыбый KSTB» заманауи фастфуд желілерін, «Түбетей» ұлттық асханасын бренд ретінде қалыптастырған. Элеш – Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарында «кісенан», «бөрек нан» деп аталып кеткен тағам. Жәңгір ханның әйелі, татар қызы Фатима Тоташ қазақ даласына апарып таратқан деген деректерді естігенмін. Ауылдағы анамның кісенанын сағынғанда элешті жеп тұрамын. Бірақ, бәрібір анамның кісенанына жетпейді.

– Біздегі білім беру жүйесіне ол жақтың қандай әдіс-тәсілдерін алған жөн деп ойлайсыз?

– Ресейдің білім сапасы жоғары, білім беру жүйесі бір жолға қойылған. Мектеп пен мектептен кейінгі оқу орындары арасында байланыс бар. Бізде алшақтық байқалады. 2023-2024 оқу жылынан бастап Ресей мектептерінде кәсіптік бағдар пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді. 6–11-сыныптарға аптасына бір рет бейсенбі күні болады. Кәсіптік бағдар беру – мектеп оқушыларының болашақта мамандық таңдап, сапалы білім беретін жоғары оқу орнын таңдауына үлкен үлес қосатын негізгі бағыт. Кәсіптік бағдар беру сабақтарының мазмұны оқушылардың әртүрлі жас ерекшелігіне бейімделген. 6-7-сыныптарда балаларды әртүрлі мамандықпен таныстырады, олармен еңбектің маңызы туралы сөйлеседі. 8-9-сыныптарда оқушылар сұранысқа ие мамандықтармен жақынырақ танысады, ал 10-11-сыныптарда түлектерге одан әрі оқу үшін бағыт таңдауға, емтихан тапсыру үшін таңдау пәні туралы шешім қабылдауға, университетке түсуге және қызметте алғашқы қадам жасауға көмектеседі. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бөлек бағдарламалар бар. Бұл өте маңызды мәселе. Қазақстанға осы әдісті енгізсе, қоғамдағы көптеген мәселенің алдын алар бірден-бір шешім болар еді. Таңдау пәні бойынша қандай мамандыққа түсетінін білмейтін, ата-анасы жұрттан қалмай университетте оқысын деп, кейін ол дипломын алып, басқа салада жұмыс істеп жүретін адамдар азаяр еді, бәлкім. Саннан сапаға мән беретін кез келді.

Оқушы, студент, мұғалім қандай болуы керек?

– Қазір оқушыларды емтихандарға дайындайтын түрлі курстар, ақылы негіздегі мектептің түр-түрі шығып жатыр. 10-11-сынып оқушыларына қандай кеңес берер едіңіз? Емтихандарға қалай дайындалған дұрыс?

– Емтиханға дайындыққа режим қойып, уақытын тиімді пайдаланудан бастап, өзіне мотивация қалыптастыра білу қажет. Әлеуметтік желілерді бір сүзгіден өткізіп, қызығатын саласы бойынша контент жүргізетін адамдардың парақшасына жазылып, жеңіл ақша әкелетін немесе арзан ойын-сауық көрсететін парақшаларға жазылмау керек. YouTube желісінде ҰБТ-ға дайындық бойынша қосымша көптеген сабақ бар. Қаржылай мүмкіндігі жетсе, қосымша курстардан білім алу артық етпейді. Қатемен жұмыс істеп, ҰБТ-ға дайындайтын пән мұғалімдерінен түсінбеген сұрақтарын сұрап, үнемі ақылдасып отыру қажет. Бұл – тек дайындыққа кеңестерім. Ең бастысы, өмір сүруді ұмытпай, оқи беріп миға ауырлық түсірмей, арасында сүйікті ісімен, спортпен айналысып, өзін еркін, салқынқанды ұстағаны абзал. Жаяу серуендеуге арналған танымал орынның бірі – туристер көп білетін Бауман көшесі. Қабан көлі жағалауындағы мыңжылдық саябағы. Демалыс саябақтары, театрлар, спорт кешендері, мұражайлар, сауықтыру орындары, аквапарк, басқа да мәдени орындар жетерлік. Қала өте таза, қала мәдениеті қалыптасқан. Тазалықтан тұрғындар мәдениетін байқауға болады. Татар ұлттық асханасын да сақтап қалған. Қаланың әр бұрышынан ұлттық асхананы таба аласыз. Ұлттық тағамдары – чак-чак, эчпочмак, элеш, кыстыбый, шурпа. Өте дәмді. «Кыстыбый KSTB» заманауи фастфуд желілерін, «Түбетей» ұлттық асханасын бренд ретінде қалыптастырған. Элеш – Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарында «кісенан», «бөрек нан» деп аталып кеткен тағам. Жәңгір ханның әйелі, татар қызы Фатима Тоташ қазақ даласына апарып таратқан деген деректерді естігенмін. Ауылдағы анамның кісенанын сағынғанда элешті жеп тұрамын. Бірақ, бәрібір анамның кісенанына жетпейді.

– Құндылықтар ауысқан алмағайып заманда түрлі мамандық нарыққа шығып жатыр. Мобилография деген жаңа мамандық пайда болды. Өзіңіз де бұл саладан алыс емес секілдісіз. Осы мамандықтың болашағына қатысты не айтасыз?

– Заман көшінен қалмау керек. «Кейбір адамдар ішсем, жесем деп дүниеге келеді, ал кейбіреулері білсем, көрсем деп келеді» деген Абай атамыздың сөзі бар. Сол секілді білсем, көрсем деп кеткен уақыттың қадірі мен ақшаның берекесі болады. Білімге жұмсаған қаражат еселеп қайтады. Оқушылардың мобилографияны оқуын қолдаймын. Бұны біз қосымша білім деп санаймыз. Қосымша білім алып, өзін тауып жатқан адамдар қаншама. Мобилография қосымша білім болып басталып, қазір мамандыққа айналды. Заман талабына сай барлық салада ісі алға басып, кәсібі ілгерілеуі үшін жұмысын әлеуметтік желілерге мобилограф арқылы сапалы насихаттайды. Оқушылардың мобилографиямен айналысуы ең алдымен шығармашылық қабілетін арттырады. Бірақ қызығушылығы болмай, мобилограф боламын деп ата-анасына қымбат телефон алдырып, өз-өзін алдап жүретін балаларға қарсымын. Жанжақты, мобильді болу қажет. Жасанды интеллект, Chat GPT секілді қазіргі жаңашылдықты дұрыс бағытта қолданып, мүмкіндіктер есігін ашу керек.

– Алдағы жоспарыңызды айта отырсаңыз. Осы межені бағындырған соң қай бағытта білім алмақсыз?

– Алла сәтін салып, келер жылы оқуды аяқтап, кандидаттық диссертацияны сәтті қорғау – ең басты міндет. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде еңбек жолымды жалғастырамын. Ғылым-білім – шексіз теңіз секілді, оқып-білген сайын өзіңнің дым білмейтініңді түсіне бересің. Тіл білімін көбі ақынжазушылардың шығармаларын зерттеу, қатып қалған ережелерді қайталай беру деп түсінуі мүмкін. Сөз өнері болмаса, ешбір ғылым болмас еді. Тіл үнемі дамып отырады. Кейбір сөздер қолданыстан шығып, жаңа сөздер орнын басып, үнемі процесс жүріп отырады. Болашақта компьютерлік лингвистика бойынша білімімді жетілдіргім келеді. Өйткені қазір технология заманы. Жасанды интеллект тілін меңгеріп, қазақ тілі ғылым тіліне айналуы үшін жұмыс істегім келеді.

– Жаңа Қазақстанның мұғалімін қалай елестетесіз?

– Жаңа Қазақстанның мұғалімі білімді, тәрбиелі, парасатты, жан-жақты, креатив, ізденімпаз, технология тілін меңгерген, ең бастысы өзі білім беретін пәнінің фанаты, шынайы маманы болса, өте жақсы мұғалім болады деп ойлаймын.

– Мектеп оқушыларына және студенттерге айтар кеңесіңіз болса...

– Еңбектеніңіздер! Еңбек бәрін жеңеді. Оқушылар мен студенттердің басты ісі – білім алу. ХХІ ғасыр – ой жарыстыратын заман. Өздеріңіз таңдаған мамандық бойынша білгір маман болыңыздар. Ел ертеңі сіз бен біздің қолымызда. Жастық максимализммен жалғанның жетегінде адаспай жол табу, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыра білу үшін мол білім керек. Рухани бай, терең білімді, адамгершілігі мол, дүниетанымы кең және жылы жүректі, ыстық қайратты, нұрлы ақылды тең ұстаған кемел адам болыңыздар!

– Шынайы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы

Жаңақала ауданы

«Ұлан» газеті, №3
23 қаңтар 2024 жыл

1631 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз