Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Ақпан, 2024

Ару піл, Сұлу керік, Сері құлан

Біз өмір сүріп отырған дүние­міздің шегіне, оның алуан түрлі құбылыстары туралы ойласақ, ойдың түбіне еніп кетеміз. Тоқтаусыз даму процесіндегі дүние – біліміміздің сарқылмас көзі. Дүниенің біз білетін және беймәлім көріністері мен құбылыс­тары шексіз болғандықтан, ол ақыл-ой алдына барған сайын күрделі жұмбаққа айнала бастайтындай әсер қалдырады. Бір жұмбақтың жауабын анықтасаң, екіншісі шығады.

Адамзат танымының жолы осы бір ерекшелікке келіп тоғысатындай: білмеуден білуге қарай жұмбақ арқылы жол тартамыз. Сондай жұмбақ дүниені танып білуіміздің бір жолы – хайуанаттар әлемі. Міне, жер бетінде адамзатпен бірге тіршілік ететін сондай ғажайып әлем өкілдері – сүтқоректілер, құс және бауырымен жорғалаушылардың 40 мыңнан астам түрі тіршілік етеді. Ал жалпы табиғатта 2 миллионға жуық түрлері бар. Микроскоп арқылы ғана көрінетін организмнен бастап алып тұлғалы піл, дене тұрқы 90 метрлік кит сияқты хайуанаттар да кездеседі. Осылардың бір бөлігінің ғана табиғатта еркін жүргенін көру үшін барлық континенттерге ұзақ  саяхат шегіп, тропика джунглиіне, Сібір тайгасына, тундраға, таулы өлкелер мен сахараларға, шөлдер мен шөлейттерге, Антарктида мен Арктикаға саяхат жасап, теңіз, мұхит тұңғиығына сүңгуге тура келер еді . Жер ғаламшарында мұндай саяхат жасау мүмкін болғанымен оңай емес. Дегенмен жан-жануарлар әлемі – табиғат-ананың сөзбен айтып жеткізе алмайтын қазынасы іспеттес. Адамның өмірі хайуанаттар әлемімен тығыз байланысты. 
 Сіз бен біз хайуанаттар бағы, зоопарк деп айтып жүргеніміздің ғылыми анықтамасына келетін болсақ, ол – жабайы жануарларды арнайы торда, шарбақ және табиғи жағдайға ұқсас үлкен алаңдарда ұстап, тіршілігін зерттеп, халыққа кеңінен таныстыратын бірден-бір ғылыми-ағарту және демалатын мәдени орталық. 
Сонда «хайуанаттар паркінің мақсат-міндеті не?» деген сұрақ туындауы заңды. Демек, оның ең басты міндеті – жануарлар әлемінің сан алуан түрлерін таныстыру, оны қорғауды насихаттау, өте сирек кездесетін, саны азайып бара жатқан жануарларды зерттеу және оларды өсіріп, тұқымын сақтап қалуға әрекет жасау, жаратылыстану ғылымын одан әрі дамыту.
Көктем мезгілімен бірге табиғат-ана да үстінен ақ жамылғысын алып, жасыл желекті көйлек киіп, айналаны ерекше сезімге бөлеп, жарқын түстерге толады. Тіршілік өзгеше реңкке боялады. Дәл осындай уақытта жан-жануарлар төлдейді. 
Мал төлдеу науқанының мерзімі көктем мезгілінде екені бесенеден белгілі. Бұл көктемнің алғашқы күнінде сіреу боп қатқан мұздар еріп, қыстың қыраулы кезі кетіп, жер бетіне жайдарлы көктемнің жайма-шуақ­­­ нұры шашылып барша тіршілік оянар кез. Көктем уақытында туған жан-жануарларға қойылатын есімдер жайлы Алматы хайуанаттар бағының даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимовадан сұраудың сәті туды. 
«Лаостан келген азиялық піл бар. Оған Лао деген есімді бердік. Екінші бір пілді Ару деп атадық. Негізінен бұл олардың қысқартылған есімдері. Толық аты-жөндері – Кай-Лампошай мен Помпорион. Барлық сүтқоректілердің ішінде ең аз ұйықтайтын керіктерімізге Хан, Сұлу, Сұлтан, Ханзада деген есімдерді таңдық.  Ірі шөпқоректілердің бір өкілі мүйізтұмсықтарымыздың аты – Қуат, Самал, Сезім. Джамбо есімді сусиырымызды зообақ қызметкерлері Жанболат деп өз тілімізге икемдеп алды. Жанболаттың қасында демеу беріп жүретін қосағы бар. Оның есімі – Лотти. Тақтұяқты сүтқоректілердің жылқылар тұқымдасына жататын жабайы Пржеваль жылқыларымызға Бурабай, Жұмагүл, Құрбангүл деген есімдерді қойдық. Құлан тұқымдас аласа жылқы аттары – Ақтабан, Айдана, Сері. «Маң-маң басқан, маң басқан, төрт аяғын тең басқан, шудаларын шаң басқан, өркештерін май басқан» түйелерге Нартай, Нәзік, Ақбота деген сияқты есімдерді қойдық. Бұғының Еуропада кездесетін бір түрі – теңбіл бұғы. Лейлана, Бэмби және Баритон есімді теңбіл бұғыларымыз бар. Дене бітімі келісті және жеңіл кішкентай елігіміздің есімі – Пыш-пыш. 
Теңбіл бұғыларға ұқсас Еуропа кербұғысының арасында Латиф, Қорған, Қадам, Сапфир, Нұрәсем, Агата бар. Айта кетейін, барлығы осы біздің хайуанаттар бағында дүниеге келген. Қазақстанда аюдың екі түрі мекендейді. Оның бірі – Сібір қоңыр аюы, екіншісі – Тянь-Шань тауларында кездесетін қоңыр аю. Алатаудың бөктерінде мекен ететін Тянь-Шань қоңыр аюының есімі – Ақжолтай, Құрманбек және Герда. 
Момын деген мысық тұқымдасына жататын қабыланның әкесінің есімі – Француз, шешесінің есімі – Сара. Момынның Фиона, Леонардо (Лео) деген қабылан достары бар. Момын мен ягуар Васек (жұбы) көп уақыт бойы біршама төлдерді дүниеге әкелді. Қос жұп шимпанзе бар. Еркегінің аты – Паша болса, ұрғашысының аты – Лола. Мамаша және Папаша деп аталатын жапондық макакалар бар». 
Ақжами Рахимова итбалық, жылан, ит-құс, кесірткелерге есімнің қойылмайтынын айта өтті. Хайуанаттар бағындағы кез келген жануарға қазақша ат қойылса екен дейміз. Себебі, хайуанаттар әлеміне қызығатын туристер көп. Бұл орайда жан-жануарларға қазақша қойылған есімдер қазақ тілін жаңғыртып тұрар еді деген ой келеді. 

Бағдат Сұлтанқызы, «Ana tili»

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз