Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 20 Ақпан, 2024

Несіп Жүнісбаев: Головкин ұжымдық тәртіптің дәмін татпаған жігіт

Бүгінде ел ішінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті лауазымына ұсынылғаны  және оның Комитетке басшы болып келуі бек мүмкін екендігі туралы әңгіме тарап жатыр.
 Головкиннің  кәсіпқой рингтағы жетістігі мақтауға тұрарлық болғанымен, осынау аса жауапты  шаруаны оған қаншалықты сеніп тапсыруға болады деген мәселе қоғамда үлкен пікірталас туғызуда. 

"Еліміздің Ұлттық Олимпиадалық құрамасын әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға бастап баратын тұлғаның тек спорттағы жетістігі аздық етеді. Одан бөлек, Халықаралық кеңістікте ұжым басқарып жүре алатын тәжірибелі маман керек" деген пікірді ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбаев өзінің  фейсбук парақшасында жазды.
"Головкиннің спорттағы табыстарын бір адамдай-ақ білемін.  Оның сонау 2004 жылы Афина Олимпиадасының финалында шайқасқанын түбінде отырып көргенмін, одан бөлек, Әмрикада небір керемет жекпе-жектер өткізгенде үш рет өз қаржыммен ұшып барып, сол жерден елге репортаж жүргізгенмін!  Бұл - менің Геннадийді ғаламат спортшы деп тануымның белгісі.  
   Ұмытпауымыз керек: Ел Ұлттық Олимпиадалық Комитетіне басшы сайлау аса жауапты мемлекеттік шаруа.  Әрине, ол Қоғамдық ұйым, бірақ біздің елде биліктің араласпайтын жері жоқ.  Егер дәл солай боп жатпаса, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық құрамасын әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға бастап баратын жанды мың ойланып, бір-ақ шешу керек", - дейді ардагер журналист.

Сондай-ақ, Несіп Жүнісбаев Комитет басшылығына лайықты елімізде басқа да азаматтар аз емес екенін айта келе, өз тарапынан Дәулет Тұрлыхановтың кандидатурасын ұсынды.
"Рас, соңғы жылдарға дейін Головкин кәсіпқой рингте жарқылдап көрінді.  Біз сол жарқылға алданып отырмыз.  Ал осыдан көп жылдар бұрын одан да асқан жарқылды керемет балуан Дәулет Тұрлыханов көрсетіп еді ғой!  Головкин бір Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, Дәулет екі Олимпиаданың жүлдегері, үшінші Олимпиадада төртінші орын алған саңлақ емес пе?!  Бүгінгі әлемдік күрес өнерінде Дәулетті құдайдай сыйлайтын жан жетерлік. Кеше ғана Дәулет Тұлыханов еліміздің спорт министрі болды ғой, айналайындар-ау!  Бүгінде бүкіл Азия құрылығының күрес өнерін басқарып отырған аймүйізді маман, әлем күрес өнері ұйымының Алқа мүшесі, одан асқан кім бар бізде?!  Ғаламат спортшылығына қоса ел көлемі мен Халықаралық кеңістікте ұжым басқарып жүре алатын жан емес пе?!  Ал Головкин бүгінге дейін бір адам да басқарып, ысылмаған, ұжымдық тәртіптің дәмін татпаған жігіт қой!  Ол жанға бір елдің тұтас Ұлттық Олимпиадалық Комитетін қалайша сеніп бере салуға болады, ә?   Ойланайық та аз-кем", - деп жазды ардагер журналист.

Еске салсақ, бұған дейін Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада Комитетінің құрметті президенті қызметін босатқан болатын.

314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз