Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Сәуір, 2024

ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған Фараби форумы өтті

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90-жылдық мерейтойына арналған III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ  ФОРУМЫ аясында «ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,  Философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы, Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Әл-Фараби орталығы, Түрік халықтары Философия қоғамының Қазақ комитеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық форуды салтанатты түрде ашып берген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев: «Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әбу Насыр Әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен деңгейдегі ғұлама ғалым. Ел ғалымдарының іргелі зерттеулері мен ізденіс жұмыстарының арқасында Әбунасыр әл-Фараби есімі мәдени символымызға, ойшыл мұрасы түркі мәдениеті мен руханиятынан бастау алатын қазақ мәдениетінің қайнары ретінде ұлттық мақтанышымызға айналды», - деп тарихымыздағы ұлы ойшылдың  орнын атап өтті.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан Ақжан Машани, Ағын Қасымжанов, Мұқаш Бурабаев, Әнуар Әлімжанов, Музаффар Хайруллаев, Ауданбек Көбесов, Артур Сагадеев, Құбығұл Жарықбаев, Тұран топырағының перзенті, Екінші мұғалім Әбунасыр әл-Фарабидің мирасы мен мұрасын зерттеп-зерделеу, насихаттау ісіне ұшан-теңіз үлес қосты.

Ғалымдардың ұйытқы болуымен өткен халықаралық деңгейдегі симпозиумдар, конгрестер, форумдар, конференциялар осының айғағы. Олардың ғылыми зерттеулері мен ізденістері, атқарған жұмыстары әл-Фараби есімінің қоғамдық санада берік орнығуына да мол септігін тигізді», - деп фарабитануға үлес қосқан отандық ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарын баяндап берді.

Әлемдік ғылым мен мәдениет тарихындағы ұлы ойшыл, философ-энциклопедист Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби әт-Түркидің (870-950) алатын орны ерекше. Әл-Фарабидің аса бай ғылыми-философиялық мұрасы қазіргі Қазақстанның және әлем өркениетінің де асыл қазынасы, осы заманғы ғылым, білім мен мәдениеттің бірегей қайнар көзі. Сондықтан да әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті Халықаралық Фараби Форумы арқылы адамзаттың ұлы ойшылы, бүтін түрік дүниесінің ортақ тұлғасы әл-Фарабидің мұрасы мен мирасын зерттеу, тарату, насихаттауды және күллі дүниенің фарабитанушылары бас қосатын, кеңесетін, талқы жасайтын ғылыми алаңды қалыптастыруды  отандық ғылым саласының, еліміздің бүгіні мен келешегі үшін аса маңызды іс деп есептейді.

Халықаралық Фараби Форумының негізгі мақсаты – әл-Фарабидің бай мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін түсіндіру, ойшыл мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіру, әлемнің жетекші ғалымдары арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың жаңа алаңын құру.

Форумға қатысушылар ғылым мен білімнің интеграциясына, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және тұлға мәдениетін жетілдіруге қатысты кең ауқымды өзекті мәселелерді талқылауда. Секциялар жұмысында әл-Фараби мұрасы және фарабитанудың өзекті мәселелері, түрік ғұламаларының мұрасындағы ізгі адам мәселесі және т.б. әлеуметтік-гуманитарлық ғылымының өзекті мәселелелері қарастырылуда. Форум барысында әл-Фарабидің философиясы мен қазақ халқының рухани мұрасы зерделеніп, руханиятты танудағы дискурстың әртүрлі формалары анықталып жатыр.

Форумда сөз алған философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының Философия орталығының директоры Серік Нұрмұратов әл-Фараби мен Абай философиясының құндылықтық үйлестігі туралы баяндама жасады. Философтың айтуынша: «Әл-Фараби мен Абай өздерінің терең дүниетанымдық ұстанымдарындағы адамгершілік қағидаттарын өзектендірген түркі философтары. Олардың философиялық көзқарастары тек қақана логикалық қисынды ғана емес, сонымен қатар негізінен бір-біріне сәйкес келіп жататыны байқалды. Бүкіл түркі философиясы әлемдік философия тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы керек. Қазақ рухани мәдениетінің қайнар бұлағына айналған түркі ойшылдарының мұраларына бет бұру, оны бүгінгі күн шындығы тұрғысынан зерделеу қазіргі қазақ қоғамының рухани жаңғыруына септігін тигізері сөзсіз. Қазіргі әлемдегі рухани дағдарыс жағдайында Орталық Азия халықтары тарихи тұлғалар қалыптастырған түркілік этикалық, моральдық және эстетикалық нормалардың әлеуетін пайдалануды қажет етеді», - дейді.

Форум аясында Түрік халықтары Философия қоғамы Қазақ комитетінің алғашқы отырысының өткізіліп, университетіміздің бір топ ғалымдарының бастамасымен «Дарын» баспасынан жарық көрген көптомдық «Түрік философиясының антологиясының» 1-4 томдарының тұсаукесері өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының ғалымдары университетіміздің мерейтойы қарсаңында бірқатар құнды еңбектерді жарыққа шығарып, 90 жылдыққа тарту етті. Кітапты философия кафедрасының ғалымдары әзірлеген. Бұл еңбек авторлардың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген шығармашылық ізденістерінің заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Кейінгі уақытта Философия және саясаттану факультетінің бір топ ғалымдары осы бағытқа ден қойып, ізденістерін тереңдетіп келеді. Олардың қатарында профессор-оқытушылар Тұрсын Ғабитов, Жақыпбек Алтаев, Ғазиз Телебаев, Бекжан Мейірбаев, Абай Қабақбаев, Гүлжиһан Нұрышева, Сәния Еділбаева, Айнұр Құрманәлиева, Әсет Құранбек, Мира Балтымова, Зейінәбіл Айдарбеков, Берік Аташ, доцент-оқытушылар Қазыбек Дәуітәлиев, Ерболат Қошқарбаев, Елдос Өсербаев және т.б. бар.  Зерттеу алаңына докторанттар мен магистранттар да тартылып, түрік философиясының белгілі бір тақырыптарына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Философия және этика» білім беру бағдарламасының үш деңгейінде де түрік-қазақ философиясына қатысты «Түрік философиясы», «Қазақ философиясы», «Абай және Шәкәрім», «Қазіргі заманғы қазақ философиясы» секілді пәндер кеңінен қамтылған. Бұл заңды үдеріс. Сондай-ақ аталған еңбектің жазылып шығуы түрік әлемінің интеграциялық рухани сұраныстарына сәйкес келеді деп тұжырымдауымызға болады.

Антологияға Ұлы Даланы көне заманнан бері мекендеп келген түрік халықтары мен ұлыстарының философиялық және діни-мифологиялық дүниетанымына қатысты мәтіндер мен оларға берілген ғылыми талдаулар енгізілді. Серияның Халықаралық Ғылыми Кеңесінің төрағасы, Бас редакторы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Кеңес орынбасары – Философия және саясаттану факультетінің деканы - Бекжан Мейірбаев, Ғылыми редакторлары және құрастырушылары – профессорлар Тұрсын Ғабитов пен Жақыпбек Алтаев.

«Исламға дейінгі түрік философиясы» деген 1-томда түрік философиясы хақындағы дискурстан бастап, исламға дейінгі түрік ойының тарихы қамтылып, мифология мен наным-сенімдердің табиғаты зерделенген. Орхон жазбаларындағы дүниетанымдық бағдарлар, Тәңірлік дәуір философиясы, дүниенің түркілік суреттемелері  туралы  философиялық пайымдар ой алаңына алынған.

Әл-Фараби философиясына арналған 2-томда әл-Фараби еңбектерінің топтамасы беріліп, адамзат ойшылы өмір сүрген дәуірдегі Түрік өркениетінің рухани болмысы байыпталған. Ғұлама ойшылдың түрік мәдениеті мен философиясындағы орны мен рөлі де бағамдалған.

Түрік-ислам философиясына арналған 3-томда Түрік-ислам философиясының көрнекті өкілдеріне арналған.

4-том Түрік халықтарының тарих философиясы баяндалған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы, Әл-Фараби орталығы және «Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитетінің» бастамасымен жарық көрген Профессор Тұрсын Ғабитовтың «Ұлттану философиясы» профессор Жақыпбек Алтаевтың «Әл-Фараби және түрік-мұсылман философиясының алтын ғасыры», «Түрік өркениетіндегі әл-Фараби», «Әл-Фараби ислам философиясының бастауы» еңбектері де осы орайдағы зерттеулерді толықтыра түседі. «Ислам әлемі ойшылдары» сериясымен жарық көрген әл-Кинди, Ибн Сина, әл-Ғазали, әт-Туси, Қожа Ахмет Ясауи т.б. ойшылдар мұрасы пайымдалған брошюлар да айтулы датаға құнды тарту болып отыр.

Халықаралық Фараби Форумы жұмысының негізгі бағыттары: Әл-Фараби мұрасы және фарабитанудың өзекті мәселелері; Әбу Насыр әл-Фараби іліміндегі тіл философиясы мен философия тілі; Әл-Фараби мен түрік ғұламаларының мұрасындағы «Кемел адам»; Әл-Фараби және қазақ өркениеті, Әл-Фарабидің математикалық, жаратылыстанулық және педагогикалық мұрасы. 

Сонымен бірге Форум аясында «Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасы және әлемдегі психологиялық ғылымның дамуы», «Әл-Фарабидің тәрбие тілі: мәдениетаралық қарым-қатынас және ұлттық болмыс контексіндегі тұлға», «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс: білім беру мен зерттеулердегі жаңа көзқарас», «Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселелері: алдын алу мен шешу жолдары», «Қазіргі қазақ философиясындағы прагматизм және руханият», «Бақыт туралы философиялық дискурс», «Қазақ тіліндегі философиялық терминологияның қалыптасуы», «Тәуелсіз Қазақстанда саясаттану ғылымының қалыптасуы мен дамуы» Пікірталас алаңдары,  «Өмірмәнділік ой толғамдар» эссе байқауы,  «Қазақ философиясының өзектілігі» бейнероликтер байқауы; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай және Кіші Фараби академиясының 30 жыл толуына орай «Рухани әңгіме» атты сұхбат алаңдары жұмыс істеп, байқаулар өтті.

Форумға алыс және жақын шетелдерден, АҚШ, Ресей, Италия, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сирия, Мысыр, Иран мемлекеттері ЖОО-ның ғалымдары онлайн және оффлайн форматта қатысты.

Форум аясында ғалымдардың ғылыми баяндамалары мен зерттеулерінің жинағы жарық көреді.

Әсет Құранбек,

Досжан Балабекұлы,

Философия кафедрасы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз