Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Желтоқсан, 2014

Қанат Тасыбеков: Мен қазақ тілін қалай үйрендім?

Бүгінде қазақ тілін үйретуге бағытталған түрлі әдістемелер мен оқу құралдары көбейіп келеді. Бұған тек қуануға болады. Мәселен, Қанат Тасыбеков сынды азаматтар тіл үйренудегі өз тәжірибесін ортаға сала отырып, «Ситуативный Казахский» атты еңбекті жазып шыққан екен. Ол «Мемлекеттік тілді дамыту үшін алдымен тіл үйретудің әдістемесін дұрыстауымыз керек» деген пікірде. Осы орайда біз авторды әңгімеге тартуды жөн көрдік.

– Сіз «Ситуативный Казахский» деген кітап жазып шықтыңыз. Жазушы емессіз, филолог емессіз, бұл кітапты жазуға не әсер етті? – Мен бұрын соңды өмірімде кітап жазып көрген емеспін. Тіпті ол туралы ойламаппын да. Бірақ «басқа түссе баспақшыл» деген. Жас елуге келгенде бір ой маза бермеді. Бұрын елуге келген адам ел ағасы атанып, жұртқа жол көрсеткен ғой. Мен болсам әлі қазақша дұрыс сөйлей алмаймын. Бір жерге барсаң да «Ооо, Қанекең келді» деп төрге отырғызады. Алдымен сөз береді. Соңынан бата сұрайды. Сондай кездері қазақша ойымды дұрыс жеткізе алмай, қиналып қаламын. Енді орысша бата берген біртүрлі ғой. Расы керек, бұрын байқамаппын. Жас келгенде барып өзімнің орнымды түсіндім. Содан бизнесімді, бар тірлігімді ысырып қойдым да тіл үйренуге көштім. Өзім француз тілін жақсы білемін. Францияда 4 жыл тұрдым. Ұзақ жыл жылқы баптау кәсібімен айналысқан едім. Содан не керек, елуге келген соң, бәрін тастадық. Бала-шаға да өсті. «Әркім өз жолын, өз нанын тауып жер, мен енді ана тілімді меңгеріп алайын» деп ойладым. Содан қолыма қалам алып әр жағдайға қазақша мәтіндер жазып дайындалдым. Жаңағыдай біреу баласының сүндет тойына шақырады, қайтыс болған адамның отбасына көңіл айту керек болады. Соның бәріне қазақша сөйлем құрадым. Мысалы, қаралы үйге барғанда «марқұмның арты қайырлы болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын» деп айту керек. Жазып аламын да, жаттаймын. Барып соны айтып беремін. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп меңгеріп алдым. Кейіннен орыстілді достарым «Қанеке, бізге де қазақша үйрет, сен барған тойға, қаралы үйге біз де барып жатырмыз. Тілекті қазақ тілінде жеткізейік» деп қолқа салды. Жазып, жинаған мәтіндерімді сұраушылар да болды. Сол кезде «осының бәрін жинап, сұрағандарға таратайын» деген ой келді. Қарасам жазған-сызғаным әжептәуір дүниеге айналыпты. Сөйтіп, кітап жазуға тура келді ғой. – Елуге келген адамға қазақ тілін меңгеру кеш емес пе? – Ештен кеш жақсы деген. Тілді үйренудің әдіс­темелерін іздей бастадым. Алдында айттым ғой, бұрын он айда француз тілін үйренгенім бар. Енді ол кезде Мәскеуде оқыдық. 1990-1991 жылдары болатын. Ол уақытта кеңестік әдістеменің мықты кезі. Он айда ішінде французды ана тіліңдей сайратып қояды. Мен тіл үйрету әдістемесіне сүйенгенім жоқ. Себебі, алдымен мектептің тіл үйрету әдістемесін қарадым. Орыс балаларымен сөйлестім. Олар қазақша жөнді білмейді. Маған «мектептің әдістемесі жарамайды. Егер жақсы болса, мына орыс баласы мүдірмей сөйлеуі керек қой» деп ойладым. Сосын үлкендерге арналған әдістеме іздедім. Оны таппадым. Сол кезде ба­рып, қазақ тілін үйрету баяу екенін түсіндім. Бізде қазақ тілін үйрету әдістемесі нашар екен. Себебі ме­нің жай жазған кітабымды жұрт әдістеме ретінде қа­былдады. Таралымы – 15 мыңға жетті. Әлі де сұраныс көп. Қазір соның жалғасы ретінде екінші кі­­тапты шығарайын деп жатырмын. Георльд Белгер ақ­­сақалымыз бұл кітапты көргенде жоғары бағалап, «мұ­ны «мир казахов» деп атау керек еді» деді. Қазір сол ақсақалымыздың айтуымен бірінші кітапты «Ситу­а­тив­ный казахский – мир казахов», ал екіншісін «Ситуативный казахский – диалоги» деп атадым. – Үшінші кітап жазу ойыңызда жоқ па? – Ер кезегі үшке дейін деген ғой. Оны сөздік ретінде ұсынамын. Атауын «Ситуативный казахский – словарь» деп белгіледім. Соған материал жинап, дайындалып жатырмын. – Тіл үйренуге қатысты дәрістер, шеберлік-сыныптар өткізіп көрмедіңіз бе? – Кітап шыққалы бері, дәріс оқуға шақырушылар көп. Бәрі қазақ тілін үйренгісі келеді. Оларға барып, шеберлік сыныбын өткіземін, тәжірибемді айтамын. Көп адамды «ситуативный казахский» кітабының жазылу тарихы қызықтырады. Өз араларында әдістеме ретінде қолданады екен. – Қазақ тілін үйрену қиын шығар... – Әрине, оңай емес. Кәдімгідей қажыр-қайрат керек. Мысалы, қазір сенің алдыңда қазақша жаңылмай сөйлеп отырмын. Демек, бұл үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін. – Қазақ тілін үйретуге арналған әдісте­мелерге неге көңіліңіз толмады? – Бұл менің жеке ойым. Орыс тілді қазақтарға мемлекеттік тілді оқыт­қан­да жеке әдістеме жасалу керек. Жалпыға арналған әдістемемен үйреткен дұрыс емес. Себебі қазақ пен орыстың немесе немістің таным-түсінігі бөлек. – Неге бұлай ойлайсыз? – Себебі әр ұлттың өзіне тән гені болады. Келісесіз ғой. Мысалы, мен елу жыл орыс тілінде сөйлеп, түбінде өзімнің ана тіліме, дәстүріме қайтып келдім. Менің тіл үйренуіме мемлекеттік қызмет немесе қандай да бір мансап мәжбүр еткен жоқ қой. Екіншіден, мен қазақ тілін өте тез үйрендім. Фонетикалық акустикамның өлшемі қазақ тілінің заңдылығына дәл келеді. Егер өзге ұлттың адамы менімен қатар тіл үйреніп бастағанда, оған «ғ», «қ» дыбыстарын шығару қиынға соғар еді. Мен тез меңгеріп кеттім. Осыған қарап, «мемлекеттік тілді үйреткенде әр ұлтқа арнап бөлек әдістеме әзірлеу керек екен» деген ой түйдім. Әрине, жаппай әдістеме жасау қате. Екінші айтарым, сөздік пен ереже жаттатып,тіл үйрету дегенге онша сенбеймін. Себебі мектептің бәрінде қазақ тілінің ережесін үйретеді, сөз жаттатады. Бірақ неге оқушылар қазақша сайрап кетпейді? Адам тілді кез келген жағдайға түскенде қажеттіліктен үйренеді. Яғни тәжірибе керек. Бұл өзімнің басымнан өткесін айтып отырмын. Мәселен, тек қазақ тілін қажет ететін кейбір жағдайлар бар. Қазақтың беташары, құда күту тойы, шілдеханасы, тұсаукесері деген сияқты. Ондай жерге барғанда орысша сөйлей алмайсыз, өзінен-өзі қазақ тілін талап етіп тұрады. Осындай жағдайда амалсыз қазақ тілін үйренуге тура келеді. – Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз туралы айта кетсеңіз... – Ақмола облысында, Ақкөл ауылында тудым. Сонда мектепке бардым, сыныпта жалғыз қазақ болдым, қалғаны татар, неміс, орыс ұлтының балалары еді. Солардың орта­сында төртінші сыныпқа дейін оқыдым. Көп балалы отбасында өстік. Үйдегі алтыншы баламын. Өзің білесің, көп ағайынды отбасында баланың үлкені кішісін бағады емес пе?! Үйдегі ағаларым қазақша біледі. Әке-шешем де қазақ. Бірақ мен қазақша жөнді білмеймін. Бір күні ағамнан: «менің тілім кішкене кезімде қазақша шыққан ба, әлде орысша ма? Неге қазақша білмеймін?» деп сұрадым. Ағам: «Сенің тілің орысша шыққан. Себебі  біз мектепті, институтты орысша оқып едік. Сен 2-3 жасқа келгенде, біз үйде орысша сөйлей бастадық. Сенің тілің де орысша шығып кеткен» деді. Негізі адамның туған тілін білмей өсуіне әртүрлі жағдай әсер етеді. Оған «сатқын», «намысы жоқ», «қазақ тілін білмейді» деп тиісіп, жалған патриоттыққа салыну дұрыс емес. Адамның басы Алланың добы деген. Өмірде әртүрлі жағдай болды. Сондықтан ондай себепті адамның өзінен емес, алдымен болмысынан, туып-өскен ортасынан іздеу керек. – Сіздің тіл үйрену тәжірибеңізге қызығушылық танытып жатқандар бар ма? – Әрине, өте көп. Әсіресе, әлеуметтік желілер көбірек хабарласады. Білмегенін сұрайды. Сосын облыстарда, қалаларда семинар-тренинг өткізуге шақырады. Олардан барынша қалмауға тырысамын. – Бізде қазақ тілін енді үйреніп жүргендерге емін-еркін пікір алмасуға, сөйлеуге мүмкіндік беретін орталықтар бар ма? Мәселен, «английский уголок» деген сияқты. – Бұл өте орынды әрі маңызды сұрақ. Бір қызық айтайын, қазақ тілін үйреніп жатқан кезде тәжірибемді сынайтын орта таппадым. Ондай орталық жоқ екен. Бір жағдайға арналған сөздерді жаттап аламын да, сыртқа шығып қолданып көргім келеді. Бірақ Алматының барлық тұрғыны өзің сияқты тіл үйреніп жүрген жоқ қой. Бәрі асығыс, үйренген сөзіңді ежіктеп айтып тұрғанда қолын бір сілтейді де кетіп қалады. Сосын амал жоқ, «Азамат» деген дебаттық клубқа бардым. Онда негізінен жастар жиналады емес пе?! Бір тақырыпты алып, талқылап жатады. Мен сол тақырыпқа ойша, қазақ тілінде дайындалып барамын. Көрермендердің пікірін сұраған кезде, орнымнан тұрып, ежіктеп болса да қазақ тілінде ойымды жеткіземін. Осылай тәжірибе жинақтадым. Егер арнайы сұхбат орталығы болса, бүйтіп жастардың арасында жүрмес едім. – Қазақ тілінің қолданыс аясын қалай кеңітуге болады? – Бірде менен: «қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ала ма?» деп біреудің сұрағаны бар. Мен: «ондай сенім болмаса, мен қазақша үйренбес едім» деп жауап бердім. Қазақ тілі – киелі. Ол бұрын да болған, қазірде бар, болашақта да болады. Егер қасиетті болмаса Күлтеген тастарында ойылып жазылмас еді. Тарихтың соқпағынан өтіп бізге жетпес еді. Бізде қазақ тілін дұрыс насихаттау жетіспейді. Бір мысал айтайын, негізі өзге халықты үлгі етіп көрсетуді ұнатпайтын едім. Бірақ айтпасқа тағы болмайды. Еврейлер Иерусалимге қоныс аударғанға дейін өз тілін жоғалтып алған халық. Көне қолжазбалар мен мәтіндер арқылы ирвит тілін қайта тірілтіп алды. Жастары өз араларында ивритше сөйлеуді дағдыға айналдырды. «Ирвит тілі – пайғамбарлар тілі» деп ұрандап, тілдің мәртебесін көтерді. Бізге де сол тәжірибелерді қарап, қолдану керек сияқты. Мәселен, «қазақ тілі –Бумын, Күлтегін, Елтеріс қағанның тілі, Тоныкөктің үні» немесе «нағыз түркінің рухы –қазақ тілінде»деген сияқты ұрандар тастап, мемлекеттік тілді жастардың арасында дағдыға айналдыру керек. Сонау Орхон-Енисей жазуларынан тарқатып, дәріптеу керек деп ойлаймын. – Абай атамыз орыс тілін меңгергенде еуропаның есігін аштым деген. Қазақ тілін үйрену санаңызға қандай да бір серпіліс әкелді ме? – Әрине. Бұрын қазақ тілі мен үшін жабық есік болатын. Қазақша кітаптарды көргенде «мұнда не жазылыпты» немесе «айтыста не айтып жатыр екен» деген қы­зығушылық болатын. Бірақ қол қысқа еді. Енді бір ғана «Ситуативный казахскийді» жазу барысында қаншама дәстүрді, жыр-толғауларды, мақал-мәтелдерді бәрін-бәрін қоса меңгеріп шыға келдім. – Мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау бойынша біршама келелі істер атқарып келе жатқан «Дегдар» қоғамдық қорының атынан бір сұрақ қойсам деймін. «Қазақ тілі ғылым, индустрия тілі болуға қабілетсіз» деген пікір бар. Келіспейін десек, көп ғылыми еңбектердің қазақша тәржімасы сәтсіз шыққан. Осы жайында не айтасыз? – Орыс тілі ХІХ ғасырда, Ломоносовтың кезінде медицина, физика саласына қолдануға жарамсыз еді. Тіпті ағылшын, неміс тіліндегі аудармаларды көріп жұрт күлетін. Кейін қалай болды? Технология, индустрия, экономика барлық сала орыс тілінде сөйлеп тұр. Егер қазақ тілінде де ғылыми еңбектерді батыл аудара берсек, жиырма-отыз жылдан кейін терминология қалпына келеді. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айбек Нәби

3771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз