- Біздің сұхбат
- 14 Қаңтар, 2015
«Музыка – менің өмірім»

Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақстанның Еңбек Ері:
Өмірі өнермен өрнектелген, скрипка ханшайымы – Айман Мұсақожаеваның есімі қазақ жұртына ғана емес, әлемге мәлім. Музыка саласындағы жоғары жетiстiктерi үшiн оған Қазақстан Республикасының халық артисi, Халықаралық шығармашылық академиясының академигi атағы, ЮНЕСКО-ның шешiмiмен «Әлем артисi» құрметтi атағы берiлдi. 2000 жылы Мемлекеттiк сыйлыққа ие болды. Қазақстан меценаттар клубы «Платиндi Тарлан» сыйлығымен марапаттады. Шығыс әуенінің нәзіктігін, сезімталдығын Еуропаның музыкалық мәдениетінің көпқырлығымен үндестіріп, ұлттық өнерді әлем халқына танытқан Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева талай талантты жастарды тәрбиелеп келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Айман Қожабекқызымен жүздесіп, әңгіме өрбітудің де сәті түсті. – Скрипканың түп атасы – қобыз деген бар. Осы екі аспап арасындағы рухани байланыс туралы не айтасыз? – Қазақ қобызы барлық ішекті аспаптардың түпнұсқасы екенін этномузыкатану ғылымы да дәлелдеген. Мысалы, бұл туралы белгілі неміс ғалымы В.Бахман өз еңбектерінде жазып кеткен. Ғалымдар бұндай тұжырымға көптеген халықтардың аспаптарын органологиялық құрылым жағынан салыстырмалы зерттеудің негізінде көз жеткізген. Қобыздың түпнұсқасы Орталық Азияда пайда болып кейін бүкіл әлемге тарап кеткен. Әр халық оған өзгертулер енгізіп, өзінің мәдениетіне лайықтап қолданған. Нәтижесінде қазір біз ішекті-ысқышты аспаптардың көптеген түрлерін кездестіре аламыз. Солардың ішінде халық аспаптарымен қатар еуропалық классикалық аспаптарды да атауға болады. Қобыз бен скрипканың көне байланысы туралы олардың түпнұсқасының ортақтастығын атауға болады... – Айман Қожабекқызы, елімізде алған атақ-даңқтар өз алдына, ЮНЕСКО-ның «Артистер бейбітшілік үшін» құрметті атағын алып, есіміңіз Кембридж университеті жыл сайын жариялайтын «ХХ ғасырдың 2000 атақты музыканты» атты бүкіләлемдік беделді тізімге енді. Осындай жетістіктерді еншілегенде қандай сезімде болдыңыз? – Адамды адам қылатын, тұлға қылатын – еңбек. «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген екен ата-бабамыз. Осы қағиданы өмірлік жолымда мықтап ұстанғанмын. Сонымен қатар өнер жолында маған батасын берген атақты композитор Арам Хачатурян: «Сен атақты музыкант боласың. Есіңде болсын, соған жетудің үш-ақ жолы бар, олар – еңбек, дарындылық және шыдамдылық» деген еді. Бүгінгі бар менің жетістігім сол төзімділік пен қажырлы еңбектіңкелген әр атақ-даңқтың өз несібесі бар деп білемін. Кезінде ЮНЕСКО-ның «Артистер бейбітшілік үшін» құрметті атағын алғанымда қатты қуандым. Бірақ өзім үшін емес, өз өнерім арқылы көк туы желбіреген тәуелсіз тұғырлы еліміздің атын әлемге таныта білгеніме қуандым. Әр келген атақ-даңқтың өз қуанышы, өз қызығы болады екен. Менің әр жеткен жетістігім, тек халқымның ыстық ықыласы мен ақ ниетінің арқасында деп білемін. Сондықтан да менің жетістігім, халқымның жемісі, халқымның мерейі болып табылады. – Өнер жолы оңай жол емес екені анық. Ата-анаңыздың өмір жолын таңдаудағы ықпалы қандай болды? Бүгіндері немереңіз де скрипкада ойнайды, оның болашағынан қандай үміт күтесіз? – Алматы қаласында дүниеге келдім. Асқар тау әкем де, аяулы анам да өнерден кенде болмаған жандар. Жұмыстан кейін кешкісін әкем қолына сырнайын алып, небір әсем әуендерді үй ішінде әуелететін. Өздері өнерді ұлықтағаннан болар, қызғалдақтай жайқалып келе жатқан төрт қызын да өнер жолына баулыды. Ата-ананың өнерге деген құштарлығынан ба, әйтеуір апалы-сіңлілі төртеуіміз де таңдаған аспабымызды жетік меңгеріп әкеттік. Солай балалық шағым музыка өнеріндегі биік белестерді бағындырумен басталды. Аспабыңның қыр-сырын түсініп, оның құлағында ойнап, онымен біртұтас әлемге айналу үшін ұстаздар берген тәлім аздық етеді. Сабақтан кейін де өздігіңнен 3-4 сағаттық дайындық қажет. Сол себепті де балалықтың армансыз, ессіз асыр салып ойнауы менде болған жоқ. Мен К.Байсейітова атындағы музыкалық мектептегі Н.М.Патрушеваның скрипка сыныбына түстім. Жеті жасымнан бастап концерттерге қатыса бастадым. Он үш жасымда алғаш рет оркестрмен К.Сен-Санстың «Интродукция және Рондо каприччиозо» атты шығармасын жеке орындадым. Нина Михайловна көзі көрінген бұлақты міндетті түрде ашатын атақты ұстаз, менің де болашағыма жол ашқан асыл жан. Кәсіби музыкант ретінде әрі қарай қалыптасуым П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында әйгілі скрипкашы, Ресейдің Халық артисі, П.Чайковский атындағы байқаудың бірінші жүлдесінің иесі профессор Валерий Климовтың сыныбында өз жалғасын тапты. Мен үшін музыка – менің өмірім. Сенерсіз, музыкасыз өмірдің мәні жоқтай көрінеді маған. Иә, менің немерем де қазір өнер жолында. Ол мұны өмірлік ісі ретінде таңдаған емес. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді» деген екен М.Әуезов. Сол рухани байып, өнерді сезініп, өнерді түсіне білу мақсатында немерем алғашында скрипкада ойнаған, қазір флейта аспабын меңгеріп жүр. – Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрсіз. Жалпы Қазақстанды, соның ішінде қазақ өнерін өзіңіз барып жүрген шет мемлекеттер қалай бағалайды? – Шетелдердегі концерттерде Евгений Брусиловский, Ғазиза Жұбанова, Тiлес Қажығалиев, Еркеғали Рахмадиев тәрізді отандық композиторлардың шығармаларын жиі орындаймын. «Музыка тілі ортақ тіл» деп тегін айтылмаса керек-ті. Сондықтан да шетелде біздің музыканы ыстық ықыласпен қабыл алады. Әр концертімізде халықтың толассыз қошеметіне бөленеміз. – Скрипканың түп атасы – қобыз деген бар. Осы екі аспап арасындағы рухани байланыс туралы не айтасыз? – Қазақ қобызы барлық ішекті аспаптардың түпнұсқасы екенін этномузыкатану ғылымы да дәлелдеген. Мысалы, бұл туралы белгілі неміс ғалымы В.Бахман өз еңбектерінде жазып кеткен. Ғалымдар бұндай тұжырымға көптеген халықтардың аспаптарын органологиялық құрылым жағынан салыстырмалы зерттеудің негізінде көз жеткізген. Қобыздың түпнұсқасы Орталық Азияда пайда болып кейін бүкіл әлемге тарап кеткен. Әр халық оған өзгертулер енгізіп, өзінің мәдениетіне лайықтап қолданған. Нәтижесінде қазір біз ішекті-ысқышты аспаптардың көптеген түрлерін кездестіре аламыз. Солардың ішінде халық аспаптарымен қатар еуропалық классикалық аспаптарды да атауға болады. Қобыз бен скрипканың көне байланысы туралы олардың түпнұсқасының ортақтастығын атауға болады. Бұл аспаптардың нағыз өзара байланыстары ХХ ғасырда басталып қазіргі кезде өз жалғасын тауып жүр. Бұл байланыстар аспаптық-музыкалық шығармашылықтың барлық жақтарын қамтиды.
Әңгімелескен Ақбота ИСЛӘМБЕК

2330 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *