Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Ақпан, 2015

Әнге құштарлық бала күнімнен басталды

ЖанарЖанар ДҰғалова, әнші:

Қазақ қыздары ықылым заманнан инабаттылығымен, парасаттылығымен, батылдығымен, жібектей мінезімен көзге түскен. Ал бүгінгі күндері өнерімен, ибалылығымен, қайсарлығымен елді тәнті етіп жүрген қазақ қыздары аз емес. Әнші Жанар Дұғалованың бойынан осындай абзал қасиеттермен қатар, «Мен қазақпын» деген өршіл рухты, елге, Отанға деген махаббатты аңғару қиын емес. Біз әңгіме етіп отырған Жанар Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Turkvision-2014» ән байқауында ел намысын қорғап, жеңімпаз атанды. Күллі түркі жұртшылығы қазақ қызының өнеріне тәнті болды. Ел мерейін тасытқан әншімен жүздесіп, әңгіме өрбітудің сәті түсті.  Қалың жұртшылық Жанарды «Ғашық жүрек-2», «Махаббатым жүре­гімде» сынды фильмдерінен таниды. Ол бұған қоса сазгерлік қырымен де белгілі. Сондықтан біз Жанарды дарын иесі ретінде ғана емес, еңбекқор, ізденімпаз жандар қатарына жатқызамыз. «Әнге деген құштарлық бала күнімнен басталды. 5-6 жасымнан бастап түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрдім. Он жасымда «­Айналайын» фестиваліне қатысып, әнші Роза Рымбаевамен бірге сахнада өнер көрсету бақытына ие болдым. Міне, сол сәт бала арманына қанат бітірді, бойыма шабыт қосты» деп Жанар алдымен балалық шағын еске алады. Жанардың анасы да әнші. Бүгіндері Павлодар қаласында хор дирижері. Сондықтан өнерге деген махаббат ана сүтімен дарыған десек жаңсақтық болмас. Сөйтіп, ол бала кезінен қалалық, республикалық байқауларда топ жарып жүрді. 14 жасында «Жас қанат» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Жанар бұл байқаудың бұған дейінгілерден орны бөлек болғанын айтады. Себебі мұнда ол жас болса да, үлкен өнерде белгілі, тәжірибесі мол әншілермен бақ сынасты. Бірақ соған қарамастан, қайтсе де бас жүлдені еншілеуді мақсат тұтқан жас қыз еңбек пен ынтаның арқасында дегеніне жетті. Бұндай өршіл рух пен жігерлі мінез Жанардың бойынан бүгін де байқалады. Міне, осылайша жас өрен үлкен өнерге алғашқы қадамдарын жасады. Содан білімін Павлодар музыкалық колледжінде, кейін Алматыда жалғастырады. Оның бойындағы табиғи ұмтылыс алар асуы алда екенін ұқтырып, ол Мәскеудегі ГИТИС-ке оқуға тапсыруға бел буды. «Бұл шешімім аяқасты қабылданған еді. Десек те, ата-анам да, жақындарым да мені қолдады. Ата-анамның «өзіңе сенімді болсаң, мақсатыңа жетуге ұмтыл» дегені маған өмір бойы демеу болды» деп әнші ата-анасына деген ризашылығын білдірді. Сөйтіп ол актер мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдайды. Үлкен сахнада белгілі продюссер Баян Есентаеваның «Кеш Үоu» тобының әншісі ретінде танылды. Жалпы Жанардың Баян­мен кездесуінің өзі кездейсоқ оқиға болды. Павлодар қаласына билет алып, жолға шығуға дайындалып жатқанда продюссер Бағым Мұхитденовадан шақырту алады. «Өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайтынына сенемін. Аяқасты Баян Есентаевадан мені үлкен екі жобада «Кеш Үоu» тобында және жеке әнші ретінде ұсыныс түсті» деп, мұны шығармашылық жолындағы бір белес деп ұғынып, келісімін бергенін айтады. Turkvision-2014 Түрлі байқаулар, концерттер бала күнінен өнерсіз өмірін елестете алмайтын Жанарды шыңдады, шығармашылық тұлға ретінде қалыптастырды. Өнер жолы оңай жол емес екені анық. Бұл турасында Жанар «Біреулер тума талант иесі болса, тағы біреулер көпшілікті өзіне тарта алатындай қасиетімен сахнаға шығып жатады. Қазір жас­тар арасында тез танымал болсам екен деген елес кезіп жүргені рас. Ол дұрыс емес. Меніңше, ең әуелі, сахнаға деген махаббат болуы керек. Содан кейін әнші боламын деген адам сахна алдындағы жауапкершілікті ұғына білгені абзал. Ал үлкен жетістіктерге жету тек адал еңбектің арқасы екенін ұмытпайық» дейді. Расында, өнер жолын таңдаған әрбір жан халықтың ықыласына бөленуі үшін көп тер төгуі керек екені белгілі. Өнер жолын таңдаған адам, бүкіл ғұмырын өнерге арнап қана қоймай, өнерді сүйе білу керек. Біз білетін Жанар Дұғалова осындай. Ал «Turkvision-2014» ән бай­қауында жеңімпаз атанған соң Жанарды барша Қазақстан, әлем жұртшылығы ауызға ала бастады. Ол жайында сұрағанымызда «Жеңіске жетіп, Қазақ елінің атын барша жұртқа әйгілегенімді үлкен бақыт деп санаймын. Бұл байқауға қатысу үшін қаншама үміткерлердің арасынан суырылып шықтым. Менің жолым болды десе болады. Байқаудан оралған соң, тіпті көшеде де мені танып, «Рахмет, айналайын, ел мерейін өсірдің» деген үлкен кісілердің ризашылығын естіп жатырмын. Ел үмітін ақтап, халқымның ықыласына бөленгеніме шексіз қуаныштымын» дейді бұл жөнінде. Қандай жетістікке жетсе де, өзін қарапайым ұстайтын Жанар «Өнер адамы жан-жақты болуы керек» дейді. Әншілік пен актерлікті қатар алып жүрген жас қыз шығармашылық адамы жетістігіне тоқмейілсімей, үнемі еңбек етсе, халықтың талғамын зерттей білсе өз тыңдарманын да, көрер­менін де қалыптастыра білетініне сенімді. Жанар өзін арманшыл жандар қатарына жатқызады. Сондықтан бар сырды, тіпті мұң мен қуанышын жеткізуде оның өмірінде әннің орны айрықша екен. Бос уақытында жаңа әнді өмірге әкелгісі келеді. Мәселен, орындап жүрген әндері­нің авторы өзі. Отандық өнер жұлдыздары да оған ән жаздырады. «Адам өзінің орнын таба білуі керек. Сол үшін үнемі өзіне үлкен мақсаттар мен талаптар қойып, тіпті бос уақытын да тиімді өткізу керек» деген Жанар жазушылыққа да бейімі бар екенін жасырмады. Жастар қауымының жеңіл дүниеге әуестігіне қынжылысын айтып, оларды кітап оқуға, рухани баюға үндейтінін білдірді. Жанармен әңгіме барысында расында оның ән айтып, өлең тудырып, музыка жазу үшін жаралған жан екенін ұққандай болдық. Оның өнерге деген махаббаты, ұлттық өнерді танытып, Қазақ елінің беделін асқақтату жайлы ойлары сүйсіндірді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жас Тұлпар» сыйлығын иеленді. Жуықта Жанардың әнші Қайрат Нұртаспен бірге орындаған туындысының бейнебаяны шықпақ. Ал наурыз айында оның қатысуымен өткен «Рэкэтир-2» фильмінің тұсауы кесіледі. Қазандағы байқаудан оралған соң, Жанарға киноға түсу жөнінде ұсыныстар көп түскен. Сондықтан алдағы уақытта Жанарды жаңа фильмдерден де көріп қалатынымыз анық.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

1849 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз