Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Наурыз, 2015

Береке басы – бірлік

Бибигул – Бибігүл Ахметқызы, Сіз үшін Нау­рыз мейрамының мәні мен маңызы неде? – Наурыз мерекесі – қайсымыз үшін де қуанышты мереке. Адам баласына қуаныш, бақыт сыйлап, көңіліңді көтереді. Наурыздың өзі жаңа тіршіліктің бастауы ғой. Айнала көгеріп, шуақты леп еседі. Дала жайнап, керемет бір ғажайып күйге енесің. Кешігіп келсе де Тәуелсіздігімізбен енген Наурыз мерекесін бәріміз жақсы көреміз. Бүкіл ел, бүкіл халық болып тойлап, мерекелеп жатамыз. Жер-жерде концерт ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық ойындары ойналады. «Алтыбақанда» тербелген қыз-жігіттер, «Ақ сүйек», т.б. ойындарды қызығып, сыртынан талай рет тамашаладық. Қазіргі жастар бақытты. Солар қуанса біз де қуанамыз. Біздің кезімізде Нау­рыз мерекесі тойланған жоқ. Сауық-сайран құрып, ойын ойнауға бізде мүмкіншілік болмады. Ал қазір осы қуаныштарымызды дос-жаранмен, туған-туысқанмен бөлісіп, мәре-сәре боламыз. Бір үлкен қазаннан нау­рыз көже ішіп, мереке-той болып жатқанның өзі бір ғанибет дүние. Осы жақсылықтардың барлығы Елбасының арқасында келді. Ұмытылып қалған салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, халықты қуанышқа бөлеп отырған Елбасына рақмет айтуымыз керек. Наурызды тек қазақ халқы ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қуана қарсы алады. Құдайым, бізді осы жақсылықтан айырмасын деп, шүкіршілік етіп, тәубе дейміз. – Өзіңіз Наурыз көже пісіріп көрдіңіз бе? – Наурыз көжені өз басым қазақтың үлкен дәрежелі тағамының бірі деп санаймын. Бала кезімде анам көже пісіретін. Ол қиын кезең еді ғой. Бүгінде баршылық заманы, жеті түрлі тағам салады деп жатады. Ол кезде көженің ішіне май, ет салып, сосын айран қосатын. Соның өзін біз көже-көже деп, таласа-тармаса, рақаттанып ішетінбіз. Еміс-еміс есімде қалғаны, әжелеріміз бен аналарымыз наурыз көже іштік, тәтті екен деп айтып отыратын. Сонымен қатар көктем келді, көже ішіңдер, бақытты болыңдар, осы наурыз көже құт-береке әкелсін, көк көп болып, тоқшылық заман болсын деп айтатын. Орыстың арасында туып-өскеннен кейін бе, бала кезімізде соның мән-мағынасына көңіл аудармаппыз. Әйтеуір, көже деп іше береміз. Көженің бір жақсы жері ыстық күндері шөліңді қандырады. Шөл басу деген адамның денсаулығына жақсы әсер етеді ғой. Енді өз басыма келсем, өзім наурыз көже жасап көрмеппін. Бірақ Құдайға шүкір, анамның жасағанын, басқа да жер-жерден талай наурыз көженің дәмін таттым. Соған шүкіршілік етемін. – Наурыз мерекесі Сіз үшін Жаңа жыл секілді отбасылық мерекеге айнала алды ма? – Әрине. Айналаңның көгеріп, көктеп жатқанының өзі үлкен жаңалық қой. Наурыздан тек жақсы жаңалықтар күтеміз. Алла Тағала ақпен бірге бақ-берекесін, ырыс-несібесін ала келсін деп тілек тілейміз. Жеріміз көгеріп, аспанымызда тыныштық болып, елімізде бақытты өмір сүрейік дейміз. Адам баласы қашанда өзінің тілектерін айтып, жақсылықтан күдер үзбей, үміттенеді. Барлық арман-тілектеріміз орындалып, бір мақсат, бір мүддеде, ынтымақ пен ауызбіршілікте өмір сүргенге не жетсін. – Биыл елімізде бірқатар мерейтойларды атап өту жоспарланып отыр. Осыған орай өз пікіріңізбен бөліссеңіз... – Мерекенің өзі – үлкен қуаныш. Жыл өткен сайын қуанышты хабарлар, жақсылықтар көп болып, елімізді қуантып жатыр, бұдан әрі де лайым осындай қуаныштан жазбасын. Қазақ хандығына 550 жыл толғанын атап өту ел мерейін өсіреді. Бұл қазақ халқының, өз ұлтымыздың тарихының тамыры тереңде жатқанын дәлелдейді. Осындай қазақтың ғасырлар қойнауындағы тарихының, салт-дәстүрінің жас ұрпақ қадір-қасиетін түсінетіндей кең ауқымды жұмыстар атқаруымыз керек. Осы орайда Наурыз мерекесінің орны ерекше. Әлде де ізденіп, ұлттық құндылықтарымызды тек Наурызда ғана емес, үнемі насихаттап отыру – біздің парызымыз болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ұлттар арасындағы достық, бірлік пен ынтымақ туралы сөз қозғады. «Ырыс қайда барасың?» дегенде Ырыс: «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген екен. Ырысымыз таси берсін. Қазақстан өзге елдерге үлгі болып отырған, ынтымағы жарасқан ел. Елбасы айтқан нұрлы жолмен жүріп, рухы биік, жаны таза, ұлтжанды өрендер барда Қазақстанның беделі әлемде арта беретініне мен толық сенемін! Биылғы үлкен жаңалық – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастауымен кезектен тыс өтейін деп жатқан Президент сайлауы. Бұл еліміз үшін де, мемлекетіміз үшін де маңызды. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау, үміткерлерге қолдау көрсету – әр азаматтың парызы болуы тиіс. Ешкім қалыс қалмай, болашаққа нық сеніммен қадам басып, өз елінің ұлтжанды азаматы болған кезде ғана біз биік шыңдардан көрініп, Қазақстанды әлем алдында таныта аламыз. Біздің басты ұстанымымыз – береке-бірлік пен ынтымақ. Ашық аспан астында, бейбіт заманда, ынтымағы жарасқан ел ғана зор жетістерге жетері анық. Ендеше, біз өз тарапымыздан Қазақ Елінің дамуы, оның болашағы мен ұстанымдары үшін, бірауыздан Президент сайлауын қолдап, оған белсене қатысуымыз қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Бағдагүл Балаубаева

1431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз