Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Маусым, 2015

Сергей КУЛАГИН, Ақмола облысының әкімі: Абайдың қара сөздерін оқимын

Кулагин1.«Ана тілі» газетін оқисыз ба? Ондағы көтеріліп жүрген мәселелерге қанықсыз ба? Көкейіңізден шыққан қандай мақалаларды айта алар едіңіз? 2.Ақмола облысының әкімдігінде, қала және аудан әкімдіктерінде, мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу қалай болып отыр? Кей жерлерде қазақ тілінің аударма тіл (құжат алдымен орыс тілінде дайындалады, содан кейін қазақ тіліне аударылады) күйінде қалып отырғаны байқалады. Бұл жөніндегі пікіріңіз қандай? 3.Облыс әкімдігі аппаратының қызметкерлері «Ана тілін» және басқа да қазақтілді басылымдарды оқып тұра ма? 4.Қызметке қабылдарда болашақ әкімдік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейі ескеріле ме? 5.Бірқатар облыстарда арнайы сериямен жергілікті жердегі қаламгерлердің көркем, публицистикалық шығармалары шығарылып жүр. Сіздерде бұл іс қолға алынған ба? Өңірдегі әдебиет, өнер өкілдерімен, журналистерімен кездесу өткізіп тұрасыз ба? 6.Облыстағы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының құзіретін күшейту үшін қандай ойларыңыз бар? Тіл басқармасының Тіл комитетімен, «Қазақ тілі» ұйымдарымен байланысы жөнінде не айтар едіңіз? 7.Тіліміздің өз топырағында кеңірек қанат жаюына елдегі қазақ тіліндегі басылымдардың көптеп таралуының да ықпалы зор. Өңірде «Ана тілінің» бүгінгі таралуы Сізді қанағаттандыра ма?  8.Соңғы уақытта қандай қазақ жазушыларының кітаптарын оқыдыңыз? 1. 25 жылдық тарихы бар «Ана тілі» ұлт газеті республикадағы егемен елдің еркін дауысына айналған басылым. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бергі тіл, әдебиет, өнер саласы хақындағы көкейкесті мәселелер газет бетінен түскен емес. Басылымның әрбір нөмірі оқырмандарын рухани бай­лыққа, адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп жұртшылық көңілінен шығып келеді. Әсіресе қазақ тілінің еліміз егемен ел болғаннан бері мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуы мен абыройынын асқақтауына да «Ана тілінің» сіңірген еңбегі зор. Мен үшін «Ана тілі» шын мәнінде елдің тағдырымен бірге жасап келе жатқан халықтық басылым. 2.Мемлекеттік органдарда мемле­кет­тік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Қазіргі уақытта барлық құжаттар мен іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу жолға қойылған. Атап айтқанда, Ақмола облысы бойынша 33 департамент, 24 басқарма мен 17 аудандық және Көкшетау, Степногор қалаларымен қатар облыс әкімдігінің аппарат құжаттарының мемлекеттік тілде іс-жүргізу мониторингі Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасында сарапталып келеді. Осы орайда бұл көрсеткіш 2011 жылы 86%, 2012 жылы 90% болса, 2013 жылы 92%-ға көтеріліп, 2014 жылдың қорытындысы бойынша 95%-дық межеге жетті. 2015 жылдың мамыр айында 93%-ды көрсетті. Облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның беделін нығайтуға жыл сайын өзіндік үлесін қосып келеді. Сонымен бірге жергілікті басқармалар мен департаменттерде шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде ресімделуі 100% -дық көрсеткішке жеткенін қуана хабарлаймыз. 3. Әр газеттің өзінің тұрақты оқыр­ман­­дары бар. Облыс әкімдігі аппара­­тының қызметкерлері «Егемен Қазақ­стан», «Ана тілі», «Айқын» «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Қазақ­стан-Заман», «Түркістан» сияқты респуб­ли­калық газеттер мен «Арқа ажары», «Көк­шетау» сынды облыс­тық газеттерге үнемі жазылып отырады. 4. Әкімшілік мемлекеттік қызметке түсу барысында әрбір үміткер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Уәкілетті органда тестілеу сынағынан өтеді. Байқаудың кезеңі әңгімелесу барысында үміткердің мемлекеттік тілді білу-білмеу деңгейі анықталады. Жалпы біз тіл мәселесіне түсіністікпен қараймыз, бірақ жұмысқа қабылдау барысында үміткердің қос тілді меңгеруі, оның ішінде мемлекеттік тілді өз лауазымы деңгейінде білуі ескеріледі. Бүгінде облыстың мемлекеттік мекемелері мен басқармаларында қазақ тілінде іс қағаздарды еркін жүргізе алатын өзге ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл да уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Өйткені бүгінде мемлекеттік қызметте қазақ тілін білмей жұмыс істеу қиын екенін барша жұрт біледі. 5. Арнайы сериямен жергілікті ақын-жазушылардың еңбекте­рінің топтамасын шығару жоспарымызда бар. Әзірге, олардың еңбектері жеке-дара кітап болып басылып жүр. Облыста ай сайын қоғамдық-саяси әлеуметтік, әдеби «Жер шоқтығы», «Көкшетау» журналдары жарық көреді. Белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы, ақын Төлеген Қажыбайдың және белгілі жазушы, журналист Қайырбай Төреғожаның басшылығымен шығарылатын журнал­дарға жергілікті қаламгерлер өз ең­бектерін жариялап, жас таланттарымыз тырнақалды туындыларын ұсынып жүр. Біз осы басылымдарға мемлекеттік ақ­параттық тапсырысты жүзеге асыру арқылы көмек көрсетудеміз. Жазушы-тілші қауымымен олардың кәсіби мерекесі – журналистер күні қарсаңында кездесіп құттықтау, жыл соңындағы мерекелі күндерге қарсы БАҚ өкілдері арасындағы түрлі жарияланған байқау қорытындыларын шығару облысымызда дәстүрге айналды. Бұл дәстүрдің жылдан-жылға маңызы артып келеді. Қазақстандық журналистиканың және аймақтық БАҚ-тың дамуын қолдау мақсатында жыл сайын облыс әкімінің сыйақысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында 20 аталым бойынша «Алтын қалам» байқауы өткізіледі. Одан басқа облыстың ішкі саясат басқармасының жанында бас редакторлар кеңесі жұмыс істейді. Бұл жиынға да облыстық басылымдардың редакторлары мен журналистері үлкен қызығушылық танытып отырады. Мұндай жұмыстарды ұйымдастыру барысында халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылардың, ҚР Президентінің жанындағы ОКҚ, «Казконтент» АҚ және республикалық БАҚ-тардың басшылығымен облыстық және аймақтық медиа-ресурстардың журналистері үшін тренингтер ұйымдастырылады. 6. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның құзіреттілігін арттыру бүгінгі күннің басты мәселесі десек артық болмас. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Тіл басқармасы осы орайда бірлесе жұмыс атқарып келеді. Тіл мәдениетін көтерумен қатар көркем әдебиетті де насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Ақмола облысында тіл саясаты Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Аталмыш бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл сайын облыс деңгейіндегі «Абай оқулары», «Ой-сан», «Тілдарын», «Тіл – тұнық ойдың кәусары», «Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы» және т.б. байқаулар өткізіліп келеді. Бұндай шаралар өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді құрметтеп, Отанын, елін, жерін сыйлауға шақыратыны анық. Облыс жастары осындай мүшәйраларға белсенді қатысып, жүлделі орындармен оралуда. Облыста Мейрамбек Қиықұлы төрағалық ететін «Қазақ тілі мәдениеті» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестік мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушылары арасында рухани-мәдени шаралар өткізіп отырады. Бұл шаралар облыстың білім, мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларымен бірлесе ұйымдастырылады. Тілдің қолданыс аясын кеңейту мектепке дейінгі бүлдіршіндерден басталатыны анық. Бұл жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлкен мүмкіндіктер ашады. Меніңше, осындай мәдени шаралардың мемлекеттік тілдің құзыретін арттыруда маңызы зор. 7. Қазақтілді басылымдардың ішінде ұлт газеті «Ана тілі» газетінің алатын орны ерекше. Облыста бұл басылымның тұрақты оқырмандары қалыптасқан. Білім ошақтары, кітапханалар, мекемелер де тұрақты жазылады. Әрине, бүгінгі күні қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында басылым оқырмандарының саны артқаны бізге де тиімді болмақ, біз ол үшін барлық жағдайды жасаудамыз. 8. Қазақ, орыс және шетел клас­сик­терінің туындыларын ерекше қызы­ғушылықпен оқимын. Әсіресе, Абайдың қара сөздерін қайта-қайта оқи бергім келеді. Орыс, қытай, француз, т.б. көп­теген әлем тілдеріне аударылған бұл философиялық ілімде бүгінгі күннің барлық көкейкесті мәселелері қозғалған. Оның құдіретін қарасаңыз, XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында ұлы данамыз өз ойларын қағазға түсіргенімен, данышпан ақынның айтқандары дәл бүгінгі күні де құнын жойған жоқ. Бұл кітап үнемі менің көз алдымда, жұмыс үстелімнің үстінде жатады. Одан басқа дүние жүзінің 30 тіліне аударылып, әлемнің классикалық шығармаларының қатарынан орын алатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясын оқыдым. Тарихы жоқ халық та болмайды. Сондықтан осындай қазақ тіліндегі тарихи кітаптарды оқу тәуелсіздікті аңсап өткен бабалар рухы алдында тағзым етуімізбен пара-пар.

1613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз