Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Қыркүйек, 2015

Ринат Кертаев, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері:Көрерменді таңдандыратын тосынсыйлар көп

Ринат– Ринат Думанұлы, жаңа маусымда «Хабар» арнасының телекөрермендерін қандай тосынсыйлар күтіп тұр? – Жаңа маусымда телекөрермендерге әзірлеген біршама жарқын жобалар бар. Солардың ішіндегі ерекше атап өтерлігі – «Жанды дауыс» музыкалық шоуы. Бұл жоба қазірдің өзінде көрермендер та­рапынан үлкен қызығушылық туды­рып отыр. Бағдарламаның алғашқы саны 11-қыркүйекте эфирге шығады. Қа­зақ­стан­дағы ең мықты әрі танымал продюсер­лер Баян Есентаева мен Ринат Гайсин жас дарындылар арасынан қыздар мен жі­гіттерден құралған үздік топтарды анық­тайды. Жобаның іріктеу кезеңінде мыңдаған өнерпаз қатысып, бақ сынады. Тек 10 команда ғана келесі турға жолдама алып, олардың әрқайсысына тәлімгерлер бекітілді. Бұдан өзге, өткен жылы көпшіліктің көзайымына айналып, жоғары рейтинг жинаған тағы бір музыкалық бағдарлама қазан айынан бастап көрерменге қайта жол тартады. Әрине, жаңа леппен, жаңа тыныспен. Өнер адамдарының шығармашылығымен толық әрі жан-жақты танысуға мүмкіндік берген «Бенефис шоу» бағдарламасында елге танымал өнер иелері қонақ болады. Хабардың тізгіні әдеттегідей – Қыдырәлі мен Қарақатта. Сондай-ақ «Ду-думан» әзіл-сықақ бағдарламасының үшінші маусымы әзірленіп жатыр. Бағдарламаның екі маусымы тартысты өткен болатын. Бұл жолы да сатира сардарлары қатысатын өнер бәсекесі сенбінің әр кешін күлкі думанға айналдыратынына сенемін. Қазан айында тағы бір үлкен танымдық жоба эфирге жол ашады. Оның дәл қандай бағдарлама болатыны әзірге құпия бола тұрсын. – Ал кішкентай телекөрермендерге ар­налған қандай хабарлар бар? – Біз әрдайым балалардың танымдық көзқарасын арттыруға үлес қосуды ұмытқан емеспіз. Биылғы маусымда кішкентай көрермендерімізге арналған «Я – чемпион» атты ойын-сауықтық бағдарлама жарық көргелі отыр. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе жасап жатқан хабар балақайларды серпілтіп, олардың спортқа деген қызығушылығын оятары анық. – Шоу-бағдарламалардан бөлек, сарапта­малық немесе деректі хабарлар көре аламыз ба? – Ел ішінде болып жатқан негізгі оқи­ғаларды өзек етіп, қоғамдық-саяси мәселелерге де үн қосып жүрген «Жекпе-жек», «Біздің үй» ток-шоулары, «Орталық Хабар» мен «Арнайы хабар» бағдарламалары журналистік зерттеу жанрын күшейтіп жатыр. Яғни көптің назарынан тыс қалған мәселелер нысанаға алынады. Халыққа танымал, белгілі бір көзқарасы бар, пікір айта алатын сарапшы қонақтарды шақырып, аптаның айтулы оқиғалары тақырыпқа арқау болады. Сондай-ақ білікті заңгер Ирак Елекеев ағамыз жүргізетін «Көзқарас» бағдарламасын енді сағат 23.10-да көре аласыздар. Ол нағыз салмақты пікір, оралымды ой айтылатын түнгі интеллектуалды хабар болмақ. – Қай бағдарламаны рейтингісі жоғары болады деп күтіп отырсыз және қандай бағдарлама прайм-тайм уақытта көрсетіледі? – «Хабар» арнасы әрқашан өз көрер­мендеріне тек қызықты және тың жоба­ларын ұсынып келеді.Жақында көрерменге жол тартатын «Жанды дауыс» шоуы, жоғарыда айтып өткен «Арнайы хабар», «Бюро расследований» бағдарламалары жаңа форматта, тың ізденіспен прайм- тайм уақытта эфирге шығады. Тұңғыш рет түркітілдес елдер арасында 8 бен 13 жас аралығындағы жас өнерпаздардың қатысуымен халықаралық «Бала turkvision» балалар ән байқауы өткелі жатыр. Арнамыздан бір жарым ай бойы «Бала turkvision» күнделіктері беріліп, көрермен аймақтағы іріктеу сындарының қалай өткеніне қанықты. Енді Астана қаласында 19-20 қыркүйек күндері жартылай финал мен ақтық кезеңнің тікелей көрсетілімін «Хабар» арнасы назарларыңызға ұсынбақ. Күзде өтетін «Turkvision-2015» байқауын да өнерсүйер қауым тек біздің арнадан тамашалай алады. Бұдан өзге, биыл «Хабар» арнасы 20 жылдығын атап өткелі отыр. Мерейлі датаға орай көптеген танымдық хабарлар ұсынатын боламыз. Көрерменге ой салатын, мән-мағынасы жоғары телесериалдарды да ұмыт қалдырмадық. Жаңа маусымда сегіз сериал жарық көретін болса, соның тек екеуі ғана қос тілде. Ал қалған телехикаялар таза қазақ тілінде болмақ. «Махаббатым жүрегімде» сериалының жалғасы, «Көршілер» комедиясы, «Хабар» арнасы мен ресейлік мамандар бірлесіп түсірген «Ничего личного» сынды сапалы телехикаяларды тамашалай аласыздар. Ұлы Абайдың қара сөздеріне арналып жасалған сериал «Хабар» арнасының жаңа маусымындағы айрықша сыйы деп білемін. 12 бөлімнен тұратын деректі сериал елімізде тұңғыш рет біздің арнадан берілгелі отыр. Бұл – біздің жаңа маусымға деп әзірлеген тың дүниелеріміздің бір парасы ғана. Көрермендерді таңғалдыратын тосынсыйлар көп. Тек «Хабар» арнасы қосулы болса, болғаны. – Әңгімеңізге рақмет!

С.БАЗАРБАЙ

1076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз