Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Қазан, 2015

Жүсіпбек Қорғасбек, «Жас өркен» ЖШС-ның бас директоры:«Ақ желкен» мен «Ұлан» – мерейлі жаста

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕКБиыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналының жарыққа  шыққанына 90 жыл, «Ұлан» газетінің қазақ балаларын тәрбиелеп келе жатқанына 85 жыл толып отыр. Қазан айының 23-24 Алматы қаласында  аталған басы­лым­дар­дың мерейтойы атап өтілмек. Осы орайда біз «Жас өркен» ЖШС-ның бас директоры, белгілі жазушы-публицист Жүсіпбек Қорғасбекпен әңгімелескен едік.   – 90 жылдық тарихы бар «Ақжелкен» журналы, 85 жылдық тарихы бар «Ұлан» газетінің мерейлі белесі қазақ баспасөзі, оның ішінде балалар баспасөзі үшін өте қуанышты күн. Осы орайда басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз. Журналдардың мазмұны, бет-бейнесі, бағыт-бағдары, қозғап жүрген тақырыптары қандай? – Бұл мерейлі күнді неліктен атап өтіп отырмыз деген сұрақ туады. Кейбір адамдар айтуы мүмкін, басылымдардың 90 жылдық, 85 жылдық тарихына қарасақ, кешегі Кеңес заманы жатыр ғой деп. Тап осы әңгіме балалар мен жасөспірімдерге жүрмейді деп есептеймін. Себебі бұл екі басылым үлкен саясаттан аулақ болды. Негізгі мақсаты жастарды, жасөспірімдерді, балаларды отаншылдыққа, адамгершілікке, ең бастысы гуманизмге тәрбиелеу болды. Журналдың өткен сандары мен бүгінгі санын шолып қарап отырсам, жоғарыда аталған гуманизм мәселесі, адамгершілік, имандылық мәселесі бірінші орында тұрған екен. Демек, ол заманда да, бұл заманда да бұл басылымдар балалар мен жасөспірімдердің жандарына жарақат салмай, психологиясына теріс әсер етпей, адамшылыққа тәрбиелеуді басты нысана етіп алған. Біз бүгінгі күнде де осы бағыттан тайған жоқпыз. «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетінде заман талабына да сай көптеген жаңа айдарлар аштық. 00101 – Осы ретте жас толқынның басылым беттерінен нені оқығысы келетіні, талғамы ескеріле ме? – Кезінде қаладағы үлкен көпірлердің астында «Менің кумирім Цой» деген жазулар болатын. Демек, әр уақыттың жастары өзіне белгілі бір дәрежеде кумир іздейді. Сол кумиріне еліктейді. Біз осыны ескеріп, «Менің кумирім деген» айдар аштық. Осы бағытта бүгінгі жастар арасындағы қатарынан оза шапқан, өз саласында жетістікке жеткен азаматтарды таныс­тырып келеміз. Бұл орайда жүз шақты мақала бердік. Егер «Ізінен аңыз ерген», «Менің кумирім» бойынша жарық көрген дүниелерді жеке кітап етіп жариялайтын болсақ, кәдімгідей жап-жақсы мазмұнды кітапқа айналғалы тұр. – «Ақжелкен» журналының, «Ұлан» газетінің редакциясында ақын-жазушы­лармен кездесу ұйымдастыру жақсы дәс­түрге айналғанын білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл да біздің қолға алған жобала­рымыз­дың бірі. Жас оқырмандардың қазақтың белгілі ақын-жазушылары Дулат­ Исабековпен, Есенғали Раушанов, Гүлнәр Салықбаева және тағы да басқа зиялы қауым өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Мұндай кездесулердің өтуі балалар үшін үлгі-өнеге, зор тағылым екені сөзсіз. – Бәрімізге ортақ мәселенің бірі бұл басылымдардың таралымы ғой. Осы мәселе қалай шешімін табуда? – Біздің таралымымыз бірқалыпты деңгейде келе жатыр деп айтуымызға болады. Оқырмандарымыз көбейіп келеді. Бұл – басылымдардың танымалдығының, мазмұнды болуының арқасында екені сөзсіз. Сөз орайында айта кетейін, барша оқырмандарға белгілі талантты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын оқып отырсам екі-үш жерінде «Пионер» газеті туралы айтылады. Бұл қазіргі «Ақжелкен» журналы. Көрдіңіз бе, бұл журнал соның өзімен-ақ тарихқа еніп кеткен. Онымен қоса бұл басылымда қандай тұлғалар еңбек етті десек, қазақтың белгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынова есімізге түседі. Фариза апай кезінде журналдың бас редакторы болып қызмет атқарды. Өмірінің соңғы кездеріне дейін журналмен байланысын үзген жоқ. Редакция алқасының мүшесі болды. Басылымдарда белгілі ақындар Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Қастек Баянбаевтар еңбек етті. Сондықтан бұл барша қазақтың тойы. Дулат Исабековті тойға арнайы шақыра барғанымда ол кісі: «Менің әр күнім, әр сағатым кестеге салынған. Бірақ «Ақжелкен» мен «Ұлан» газетінің кешіне міндетті түрде барамын» деді. Жазушы ағаларымыздың осындай жылы сөздері бізді әрдайым қанаттандырады. – Басылымдардың ұжымдарына келсек, онда қандай азаматтар еңбек етуде? Кешегі белгілі қаламгерлер қызмет жасаған ұжымда дәстүр сабақтастығы қалай сақталуда? – «Ұлан» газетін Жадыра ­Нарма­хано­ва, «Ақжелкен» журналын Балжан Мұратқызы басқарып келеді. «Жас Өркен» ЖШС-на қарасты басылымдарда есімі елге таныс қаламгерлер еңбек етуде. Олар қазақтың белгілі ақыны Байбота Қошым-Ноғай, Құл-Керім Елемес, Серік Үсенұлы, талантты журналист қызымыз Жұлдыз Әбділдә бар. Дүйсен Мағұлұмов басқарып отырған «Балдырған» журналының, Әлімжан Асқаров басқарып отырған «Дружные ребята» басылымдарының да өз оқырмандары бар. Журналистер қатары жастармен толығып жатыр. Құрамымыз қысқарған жоқ. Алда жоспарларымыз көп, соларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Дәуіржан Төлебаев

4812 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз